////

Аққозының ақыры. Соңғы 30 жылда Қазақстанда 1300 ауыл жойылған

2072 рет қаралды
1

Көлікте келеміз. Таңғы сағат 07:00. Ойқыш трассамен біздің межелі нүктеге кем дегенде 6 сағатта жетеміз. Екі жылы бойы бұл жаққа бет бұрудың орайы келмеді. Екі жылда бір рет кеп ата-әжемнің басына уыс топырақ сала алмадым. Осы үшін өзімді біртүрлі кінәлі сезініп келемін.

Осындай ой құрсауынан Барбастаудың саудагерлері бір сәтте-ақ суырып алды. “Алма алсаңыздарш(ы), килосы 240тг”. “Абрикос алыңыз, осы шелекті түгелімен берем(ін), 2мың теңге” деп көлігіміздің жанында шуылдаса қалды. Ауылдағы ағайынға базарлықты қаладан салып алғанбыз. Сондықтан, бұл жерден де ары қарай жылжи беріп, Жымпитыға да жеттік. Түске таман күн шақырайып, төбені тесіп барады. Алыстан ауылымдағы “Ақ баздың” ақ тастары маңғаздана байқалады.

***

Жалпы, менің бала күнім БҚО, Орал қаласы, қасиетті Қаратөбенің, Қоржын округіне қарасты Аққозы батыр туған “Аққозы” ауылында өтті. Қоржын ауылдық округіне төрт ауыл қарайды: Қосбаз (1-ферма), Аққозы (2-ферма), Бесоба (3-ферма) және Қоржын ауылы. Алайда Қоржын ауылын Аққозы деп атап, біздің ауылды “2-ферма” деп қана атап кеткен. Халық саны жөнінен ең азы біздің ауыл. Сонау 2009 жылғы санақ бойынша Аққозыда 47 адам тұрған екен. Қазір ары кетсе 10 адам бар. Біздің ауыл бір қарасаң түк қызық емес көрінеді. Себебі, онда аспанмен таласқан биік таулар да, сыңғырлап ағатын мөлдір бұлақта жоқ, мектеп пен дүкендер туралы айтпай-ақ қойдық.

Ғаламтор желісі де кешкісін тас қораның төбесіне шыққанда ғана ұстайтын. Қазір ауылда 4 үй қалған. Біздің үй ауылдың шетінде жатыр. Содан болар, қалаға жолға шыққан барлық жолаушылар бізге тоқтап, әңгімесін айтып, шәй ішіп кететін. Көктем келсе, су тасып, жұп-жұбымен аққулар жүреді. Су тасыған уақытта ары-бері қатынау қиын. Көліктер батып қалса, ауыл жігіттері трактормен сүйреп әлекке түсетін. Марқұм әжем қызыл орамалын басына байлап ап, үй артындағы қырқада бейне бір бейнебақылау камерасы секілді айналаны бағдарлап отыратыны менің есімде ерекше сақталған-ды. Көліктен шығып, айналаға көз тастап келемін.

Әдетте, мұндағылар түске таман мал суарып, құдық басында шуылдасып жүретін. Қазір айнала тым-тырыс, тірі жан көрінбейді. Естеліктер еске түсіп, ауылымның қазіргі хәліне кімді айыптарымды білмей, іштей тынамын. Ауыл тұрғыны Айсұлу Жексенова осы ауылда туып өскен. 2019 жылға дейін мал ұстап, қазір бауырларымен бірге қалаға көшіп келген. «Інім екеуміз ауылда біраз жыл тұрдық. Бала-шағаны оқытатын мектеп керек боп, барлығы қалада еді. Мал бағу, айдалада тұру оңай емес қой. Бірде ауылдағылардың бәрі көрші ауылға қонаққа кетіп, жалғыз қалып қойғаным бар. Інім қала мен ауылдың арасында қатынап жүретін, кейін бұлай жалғаса бермесін түсініп біз де көштік», – дейді ол.

Кезінде, біздің ауыл 200-ге тарта үйі, 9 жылдық мектебі мен мәдениет үйі бар едәуір үлкен ауыл болыпты. Қазір мұнын ізі де жоқ. Мәдениет үйі ат қораға, мектептер мен үйлердің орны дөмпеге айналған. Алдымен мектеп, артынша ауылдағы басқа да маңызды объектілер жабылып, халықтың бәрі амалсыз көрші ауылға, қалаға үдере көшеді. Рас, қазір ешкімнің ауылға келгісі жоқ. Неге десеңіз, ауылдарды дамытуға қолдау жоқ. Мұнда қалған 4 үйдің байланыстан бастап, қала берді ішерге суы да жоқ. Көрші ауылдан тасып ішеді немесе трактор жалдап 3-4 ай сайын темір бөшкемен ауыз су құйдырып отырады.

***

Кешкісін өрістен келген қойларды бөліп, бүкіл ауыл боп ит-мысығымызбен құдық басында шуылдап жүретін біздің ауылдың қазіргі сыйқы көңілге қаяу салады. Байырғы Аққозының ақыры осы болғаны ма сонда деген сұрақ ойға қадалған күйі қалаға қайтуға жиналдық…

Данагүл Науқанова, 

СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенті

Суреттерді түсірген автор,

Инфографика “Мінбер”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. […] Осы жиын барысында аудандық Білім бөлімінің бастығы Мұратжан Мәсімханов ауданда бала санының жетіспеушілігінен екі бастауыш мектептің жабылуы мүмкін екендігін сөз етті. Бұл мәселе бізді елең еткізді. Өйткені тек соңғы 30 жылда Қазақстанда 1300 ауыл жойылған. […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар