////

Болашағы бұлыңғыр ауылдар: Сарыкөл мен Ереуілтөбедегі халық ауыл болашағынан әлі үмітті

2604 рет қаралды

Кеген ауылындағы сапарымызды біз Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылындағы аудан әкімінің ауыл халқына есеп беру жиналысынан бастадық. Осы жиналысқа қатысқан ауылдық мектептің мұғалімі Ақтасты ауылындағы мектепке 1971 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігін айтып шағымданды.

Мұғалімнің айтуынша, мектепке жөндеу жұмыстарын жасау туралы өтінішті он бес жылдан бері айтып келе жатса да, аудандық білім бөлімі оған құлақ аспай келеді екен.

Мектеп 200 балаға арналғанымен, онда 73 бала оқиды. Жиын тарағаннан кейін біз ауылдық Мәдениет үйінің жанында тұрған мектепке бас сұққымыз келген еді, мектеп директоры жан-тәнімен қарсы болып, кіргізбеді. Тіпті жиналыста осы мәселені көтерген мұғалімді шақырып алып, қатаң ескертті ме, басында бізге сұхбат беруге келісіп тұрған еді. Мектеп директорымен сөйлескеннен кейін, ол кісі де айни калды. Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселені түртіп алғанын, келесі жылы сметаға енгізуге күш салатынын айтты.

Аудан әкімінің есеп беру жиналысынан

Осы жиын барысында аудандық Білім бөлімінің бастығы Мұратжан Мәсімханов ауданда бала санының жетіспеушілігінен екі бастауыш мектептің жабылуы мүмкін екендігін сөз етті. Бұл мәселе бізді елең еткізді. Өйткені тек соңғы 30 жылда Қазақстанда 1300 ауыл жойылған.

Мектеп жабылды деген сөз, демек бұл ауылдардың болашағы бұлыңғыр деген сөз. Сөйтіп, іргелес жатқан Сарыкөл және Ереуілтөбе ауылдарына атбасын бұруды жөн көрдік.

ЖОЛ ЖОҚ, СУ ЖОҚ. ТІПТІ МЕКТЕПКЕ БАРАТЫН БАЛА ДА ЖОҚ. АЛАЙДА МАЛДЫҢ БАСЫ МЫҢҒА ЖЕТЕДІ

Тасашы ауылдық округіне қарайтын Сарыкөл ауылы Тасашыдан 12 шақырымда екен. Ауыл арасында төселген асфальттің жоқтығынан бұл ауылға жеңіл көлікпен жету оңай болмады. Әсіресе, жаңбыр жауып өткеннен кейін, жолдың ми батпағы көрінеді. Ауыл шетіндегі екі бөлмелі тоқал тамның төбесінде Қазақстан туы желбірейді. Бастабында бұл мекемені әкімшілік ғимаратына балаған едік. Алайда, алдағы күзден есігіне қара құлып салынуы мүмкін мектеп осы екен. Мектеп алдында бізді жастары қырықтарды еңсерген екі ер, бір әйел адам қарсы алды.

Сарыкөл ауылындағы мектеп

Сарыкөл бастауыш мектебінің меңгерушісі Мөлдір Орынтайқызы бұл ауылға көрші Қарқара ауылынан қатынап істейді. Осындағы жұмысын 2017 жылдан бастаған. Мектеп 1-4 сынып оқушыларын оқытады. Соңғы жылдары мектепте 5-6 баладан білім алып келген. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес бастауыш мектептегі бала саны кемінде он бестен кем болмауы керек. Қазір мектепте Мөлдірдің өзін қоса есептегенде екі мұғалім, жеті техперсонал жұмыс істейді. Мектеп қызметкерлері мектеп жабылса да, бұл ауылды тастап кетпейтіндіктерін, ата кәсібі мал бағумен айналысатынын айтады.

Нұрқанат Мамытақыновтың бүкіл өмірі осы ауылда өтіп келеді. Ауылдағы бастауыш мектепте күзетші болып істейді.

Нұрқанат Мамытақынов, мектеп жабылса жұмыссыз қаламын деп налиды

– Егер мектеп жабылса, жиырма жылдан астам істеп келе жатқан жұмысым да қысқарайын деп тұр. Зейнет жасы әлі алыс. Ауылда жұмыс жоқ, малдан басқа еңбек көзі осы мектеп еді. Енді мал өсіруден басқа айналысатын ештеңе болмай тұр, – дейді ол.

Бағдат Кәрімов ақсақал бұл ауылда өткен ғасырдың 70-жылдарынан тұрады, Бәйбішесі екеуінің азын- аулақ малы бар. Балаларының барлығы ауылды тастап, Алматы асқан. Зейнетақысымен қоса, қолындағы малды және мал өнімдерін саудалап күнін көреді.

Бағдат Кәрімов ақсақал суды алыстан хасиды

Бағдат ағайдың айтуынша, кезінде Сарыкөлде 50 отбасы болған екен. Негізінен ірі қара малын өсірумен айналысқан. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай жастар ауылды тастап, көше бастаған.

Ауылда жұмыс жоқ, 12 шақырым Тасашыдан да, сегіз шақырым жердегі Ереуілтөбеден де қатынайтын жол жоқ. Қыста қатынау қиын.

Сарыкөлде су жоқ. Ауыл тұрғындары суды әлі бұлақтан тасымалдап ішеді. 2015 жылы сумен қамтамасыз етеміз деген «Азамат Құрылыс» компаниясына 16 миллион теңге қаражат бөлінген.  Алайда, өкінішке қарай, ауылға су әкелуге су насосының шамасы жетпейді. Әсіресе, суды қыстың көзі қырауда тасымалдау қиын. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аталған компания 2020 жылы ауылға жаңа насос тартамыз деп қазынадан тағы 3 миллион теңге алған көрінеді.

Кеген ауданының бұрынғы әкімдігі “Азаттық рухы” сайтына берген түсініктемесінде мердігер мекеме – «Азамат Құрылыс» ЖШС-інің істі аяғына жеткізбей кеткендігін мойындаған.

«Су бастау арқылы келіп тұр. Мұнарада қазір су сорғысы істеп тұрған жоқ. Қазір толық істен шыққан. Аудан бөлінбей тұрып, Райымбек ауданы кезінде 2015 жылы Сарыкөл ауылының ауыз су жүйесіне 16 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тапсырыс беруші – «Тасашы ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі. Мердігер мекеме – «Азамат Құрылыс» ЖШС. Аудан бөлінген кезде, біз қабылдап алғанда жарамсыз күйде болды. Келесі жылға жаңа жоба әзірлеуіміз мүмкін», – делінген онда.

Өркениет ауылынан алыс жатқан кішкентай Сарыкөлде интернет те, ұялы байланыс та жоқ. Тек кей отбасы уайфай байланысын орнатып алған.

Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаевтың айтуынша, Сарыкөл ауылында он отбасы, елу төрт адам тұрады. Негізгі күнкөріс көзі – мал. 118 ірі қара, 840 бас қой бар екен. Көпшілік зейнет жасында, ал зейнетке жетпегендері өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер.

ЕРЕУІЛТӨБЕНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ ДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ТОҚТАТАР ЕМЕС

Сарыкөл ауылынан кейін көршілес жатқан Ереуілтөбе ауылына жол тарттық. Ереуілтөбе – тарихи мекен. Бұнда 1916 жылы Патшалық Ресейдің бұратана халықтан әскер алу туралы жарлығына қарсы жергілікті халықтың ұлт азаттық көтерілісі болған. Кейін бұл көтеріліс тарихта “Албан көтерілісі” деген атпен қалған.

1926 жылы көтеріліс болған төбеге арнайы атбасын бұрған Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Әубәкір Жүнісов және Қазақ театрының іргесін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қанабек Байсейітов және тб зиялы қауым өкілдері жұрт Айттөбе атап келген бұл тарихи мекенге Ереуілтөбе деп ат беріп, ескерткіш ретінде тас үйген деседі.

1996 жылы осы тарихи орынға ескерткіш орнатылса, 2006 жылы Ұлт азаттық көтерілісінің 90 жылдығы аталып өткен. Жыл сайын Мыңжылқы жайлауында Қымызмұрындық шарасы өтеді. Қарқара жәрмеңкесі өткен Қарқара жайлауы да көрсең көз тоятын әсем жерлер. Өкінішке қарай, шекарада жатқан бұл аумақтарда тұрғын қалмай барады.

Сарыкөл мен Ереуілтөбе арасы 8 шақырым екен. Екі ауыл арасында асфальт жоқтығы себепті жаңбырдан кейін анау-мынау көліктің жетуі екіталай екен. Сол себепті, ауыл тұрғыны Нұрқанат Мамытақыновтың көмегіне жүгіндік.

Ереуілтөбедегі мектеп ғимараты Сарыкөлдегі мектеппен салыстырғанда анағұрлым кеңірек, бөлмелері де көп.

Ереуілтөбедегі мектеп

Ауыл тұрғыны Еркінбек Медеубекұлы ақсақалдың айтуынша Ереуілтөбе ауылы 1980 жылдардың ортасында Сүт фермасы болып құрылған, сиыр өсірген, көрсеткіштері жақсы ауыл болған екен. Сол жылдары ауылда 62 отбасы болыпты. Қазір 12 отбасы бар екен.

1988 жылы Ереуілтөбе бастауыш мектебі 40 балаға арналып салынған. Биыл мектеп 4 баламен оқу жылын аяқтапты. Ереуіл бастауыш мектебінің меңгерушісі Әсем Ұзақбаева 2018 жылдан жұмыс істейді. Қарқара ауылынан қатынайды. Мектептегі балалардың саны әр жылдары әртүрлі болып келген. Дегенмен, он балаға жетпеген. 2023-2024 оқу жылын бес баламен бастап, төрт баламен аяқтаған. Келесі оқу жылына тек үш бала өтініш берген. Мектепте бір мұғалім және алты техперсонал бар екен. Яғни, ауылдағы 12 отбасының алтауының жұмысы мектеппен байланысты.

Ереуілтөбедегі медпункт

Ереуіл ауылы күре жолдың бойында орналасқандықтан, аудан орталығымен де, Қарқара ауылымен де қатынайтын асфальт төселген. Алайда, ауылға 2016 жылы тартылған су құбырлары жиі жарылады екен. Ауыл тұрғындары кезінде мердігер компания қары қалың, қысы қатты бұл өңірдің қатты аязын ескермей, жіңішке құбырлар тартып қойғанын айтады.Бұл ақпаратты Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернат Сатыбалдиев мырза да растап отыр.

– Ауыл тұрғындарының шағымы ескеріліп, біз алдағы жылдары құбырларды жаңалауды жоспарлап отырмыз. Бұл ауылдарға су құбырлары Кеген ауданы Райымбек ауданынан бөлінбей тұрғанда салынған, – дейді ол.

Статистика бойынша, Қарқара ауылдық округіне қарасты Ереуіл ауылында 20 отбасы, 98 адам тіркелген:

– Алайда, қазір ауылдағы отбасылардың саны – 12, 30-ға жуық адам тұрады. Оның 11-і зейнеткер. Дегенмен, шағын ауылдағы мал саны көңілге үміт ұялатады. Мәселен, 1478 бас ірі-қара; 601 бас жылқы; 980 бас қой-ешкі бар. Ауылдық округте ресми  тіркелген “Ақбаз”,” Муталипова”, “Жақсылық”, “Ақылай”4 шаруа қожалығы бар.

Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлының айтуынша, жоғарыдағы аталған ауылдардың мектептерінде келесі оқу жылы жалғасын таба ма, жоқ па, ол тек қыркүйекте белгілі болады. Ал әзірге мектеп әкімшіліктеріне ескертудің жіберілгені рас.

Сонымен қатар, Мұратжан Қожанұлы бұл қызметке 2022 жылы тағайындалғанын, содан бері аудандағы мектептерді кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіп келе жатқандарын айтады. 

– Тасашы ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз, бір ауылдың екі мектебіне бір жылда жөндеу жасай алмаймыз. Сондықтан, біртіндеп жасап келеміз. Ал ауыл мұғалімінің құлақ аспай отыр дегенімен келіспеймін, – дейді ол. 

Кеген ауданының қазіргі әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, Кеген ауданы бойынша 11 ауылда су мәселесі бар. Былтырғы жасаған жобалық-сметалық құжаттың алтауы дайын. Биыл бес ауылдың суын тарту үшін бюджеттен қаржы бөлуге қол жеткізген. Қазіргі сәтте 18 ауылдың жолдары жасалып жатыр.

ҮШ МЫҢ АУЫЛДЫҢ ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУІПІ БАР

Қазақстан жақында Ауыл аумақтарын дамытудың концепциясын қабылдады. Бұл концепция бойынша, тек 3500 елдімекен ғана көмек ала алады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Экономика институтының сарапшысы Фарида Альжанова Қазақстанда жақын күндерде үш мың ауылдың жоғалып кету қауіпі барын айтады. 

Бұл елдімекендерде өзін өзі еңбекпен қамтамасыз ететін халықтың 53%-ы өмір сүретінін ескерсек, ауыл шаруашылығына ерекше қауіп төніп тұрғаны айқын.

Ресми статистика бойынша, соңғы үш жылда Қазақстанның 21  ауылынан барлық тұрғын көшіп кеткен. Қазақстан Республикасының ауылдық аумағын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Концепциясының авторларының пікірі бойынша, 2028 жылға дейін 2,4 мың алыс ауылдарды да осы тағдыр күтіп тұр.

Қазіргі сәтте Қазақстанда 6 295 ауылдық елдімекендерде барлық тұрғынның 38,2% немесе 7,5 млн адам тұрады. Оның ішінде 5  мыңнан жоғары тұрғыны бар ауылдық елдімекендердің үлес салмағы – 4,6%, алайда ол ауылдарда ауыл халқының 40%-дан астамы тұрады. Ауылдықтардың 8%-ы 3,3 мың ауылдық елдімекендерде (жан саны 500 адамнан аспайтын) тұрады.

Ауылдық жерлердегі кедей отбасылардың үлес салмағы қала тұрғындарынан 1,6 есеге көп. Әрбір үшінші ауыл тұрғыны, шамамен 1,2 млн адам, өзін өзі еңбекпен қамтамасыз етеді. Демек, олардың ресми жұмыс орны жоқ.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар