/////

Таңбалы тасқа барғанда тасыған ой     

11101 рет қаралды

Тамыздың 20-сы күні (20.08.2023ж) Алматы облысының Алматы қаласынан 100 шақырым жердегі Іле өзені бойындағы Қапшағай Таңбалы тас тарихи орынына барып, жалама жартас бетіне қашалып жазылған ескі-көне жазу, сурет, белгілерді тамашалап, серуендеп тау-тасқа шығып, өзен бойлап қыдырып, табиғаттың тұмса тамашасын сонырқалап, бойға қуат, жанға дәру алдық…

 Қаладан қия бассаң жол азабына тап боламыз. Бұл біз үшін ет үйренген, үйреншікті жағдай. А3 – Алматы-Өскемен трассасы. Қапшағай көпірінен өте сала тұп-тура терістік бағытқа бұрылып, Балқаш көліне апарар қара жолға түстік. Карта бойынша жол көрсеткіш, жасыл  жолағын жыланша ирелеңдетіп «20 шақырымнан соң солға, Таңбалы тас кешеніне бұрыласыз» деп саңқылдайды. «Әй, өркениет-ай!». Жиырма шақырым жүргеннен кейін сабаудың басына қаққан қалақшадағы өшкін жазуды зорға ажыратып табиғи жолға түскеніміз сол еді мына шөлейт дала біткен айғыз-айғыз қырық тарам жол болып кетті. Таңбалы тасқа дейін тағы да он шақырым. Аспан ашық. Күн ыстық. Бағыт батыс. Алда Іле. Іле дариясы болуға тиіс.

Ойпыл-тойпыл, мың тарам жолмен әупірімдеп жүріп келеміз. Жер құрғақ болғандықтан бірде оңға, бірде солға бұрып, ойылған, құм басқан шұңқырларды айнала қашып жылжып келеміз. Жаңбыр болса мына жолмен жер талғамайтын көлігің де зорға жүретіні орылған іздерден байқалады. Көлігіміз асты аласа Тойото 50. Қайраңдап қалмасақ екен деп те қоямыз. Үстіртпен ұштыртып келіп қырқаға шықтық. Төменде тау. Көсіліп көлдей болып жатқан Іле. Қиралаңдап, ирелеңдеп, орғытып-секіртіп саймен құлдадық. Алдымыздан біз Найза төбе атаған төбешікке жеткенде жол екіге айырылды. Бір діңгектің ұшына кардонға қара сиямен қолмен «Таңбалы тас …» деп жазған «бағдар көрсеткіш» арқылы солға,  тау бөктерлеп, сырғыма құм кешіп отырып қызыл жартастар етегіндегі «қосқа», қорық үйшігіне жеттік. Үйшіктен бір жігіт шығып, кіру  бес теңге, бірақ мұнда интернет желі жоқ, бұл жер Қопа бекетінің күншығысындағы Үлкен Таңбалы тастың филалы екенін таныстырды. Мемлекет қамқорлығына алынған бұл ежелгі мұра-жәдігерлер күтімді күтіп-ақ тұр екен.

Жоғарыда аталған үлкен үстіртің жиегі қызыл гранит жарастармен көпкерілген табиғи байлық. Осы Қызыл жартастардың 18-інің күнбетіне  б.з.б. ІІ ғасыр мен б.з. ХІІІ ғасырлары аралығында суреттер мен жазулар ойып салынған делінеді.  Олардың негізгі бөлігі – ежелгі тибет жазулары екен. Сондай-ақ бірде ұйғыр, бірде тіпті найман жазуы  деп аталып жүрген көне түркінің жөргем  жазулармен жазылған мәтіндер де бар екен. Шамасы олар бертіңгі XVII-XVIII ғасырдағы қалмақ шапқыншылығының іздері болса керек.

Анау найза шыңның алқымына Крест белгісін алтын түсті темірден жасап қадап тастапты. Бұл әрине әбден мұндағы әлдекімнің өз білмермендігімен істелген көтен зорлығы болса керек. Күн түс ауғанда шағылысып, ерекше нұр шашып жарқырайды екен. Сол шыңның жоғары басына неге Ай орнатып тастамады екен деген де ой келеді. Мүмкін бір жінтікті жігіт оны да жасар! 

Қырық рудың таңбасы қашалып, ел аузында Тамбалы тас атанған Қызыл жартастың бір шетіне ырымдап құстаспен өз қолыммен қол таңбамды қалдырдым. Тасқа менің де бойымдағы энергиямның бір бөлшегі сіңген болар, мен де мол қуат алған шығармын Табиғат Анадан! Бұл иелі де, киелі орынға Тәу етіп, басымды идім!

Сонда менің ойыма осыдан отыз екі жыл бұрын «Ендігі тағдырым сенімен болсын!» ата жұртқа оралғаным, осыдан жиырма жыл бұрын Өр Рухпен армандап жазған мына бір өлеңімнің шумақтары оралды. Сол ниет, арман-мұрат бүгін орындалып тұрғандай өзімді ерекше әсерлі сезіндім. Ал сол өлеңнің бір шумағын Есенгүл Кәпқызы Таңбалы тастың түбінде тұрып, құлашын кең жайып, тебірене оқып жібергенде еріксіз көзге жас үйірілді. Тәубә дедік!

Өшпесе де көкейден табынғаны,

Тұста бітер тартылып тамыр қаны.

Қандай жақсы:

Қайт дейтін, Жерің бары,

Елің бары, қарсы алар қабырғалы.

Шерімді, енді зарымды шегеремін.

Қажет десе, өртенем, егер Елім!

Бойда қалған бабамның Рухымен,

Тағдырымды тасыңа шегеледім!

Тағдырымды тасыңа шегеледім!

                             Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар