///

Қазақ туризмі: 1000 дәретхана мәселенің шешімі бола ала ма?

1237 рет қаралды
photo: ernur.kz

Қазақстанның туристік саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы ашық жүргізілмейді

   2018 жылы Назарбаевтің жолдауы негізінде Қазақстан Республикасының туристік саласын 2019-2025 жылдары дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның ең басты мақсаты – 2025 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ жалпы көлемінде туризм саласының кемінде 8% үлесін қамтамасыз ету болатын.

Бағдарлама негізінде Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігіне  туристік сала ресурстарын дамыту, елде қолайлы туристік ахуал құру,  туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, маркетингтің тиімділігін арттыру және ұлттық туристік брендті ілгерілету, туристік саланы басқару жүйесін жетілдіру міндеттері жүктелді. Бүгінде 2023 жылдың қарсаңында бұл бағдарлама қаншалықты жүзеге асты, бұған дейінгі бөлінген қаражат ақталды ма деген сұрақтарға жауап табуға тырыстық.

ІШКІ ТУРИЗМДІ ҚАНША АДАМ ПАЙДАЛАНАДЫ? 

   DKN World News деректеріне сәйкес 2019 жылы туризмнің жалпы ішкі өнімдегі жалпы пайыздық үлесі 5,6%. Ішкі туризм саласына келер болсақ, шетелге шығатын адам саны 9 миллион болса, ішкі туризм қызметін пайдаланушылар саны 3 миллион 840 мың ғана еді. Айта кететін жайт:  tengrinews.kz ақпараттық медиасының хабарына сенсек 2019 жылы Ұлттық статистика комитетінің деректерінде ішкі туризм қызметін пайдаланушылар саны 3 миллион 840 мың деп көрсетілген екен, ал informburo.kz 6,5 миллион деп хабарлайды. Инвестиция өсімі болса бір жылда көлемі 153,7 млн теңгеге жетіп, ел тарихындағы жаңа рекордтық көрсеткішті белгіледі. Бұл ретте мемлекеттің саланы қаржыландырудағы үлесі 40,2% болды.

   2020 жылы пандемия кезеңінде шекараның жабылуы мен локдаундар салдарынан туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру сегментінде жиналған сыйақылар көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе азайған екен. Нәтижесінде олардың міндетті сақтандыру бойынша сыйақылардан бір жылдағы үлесі 2,3%-дан 0,5%-ға дейін қысқарды деп хабарлайды ranking.kz ақпараттық порталы. Дегенмен, Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесі (WTTC) жариялаған нәтижеге сәйкес, 2020 жылы Қазақстанда туризмнің ЖІӨ жалпы пайыздық үлесі 6,2% өсті деп жариялады Forbes.kz. Бұл ретте 2020 жылы туризм саласына салынған жеке инвестициялар шамамен 2 млрд доллар.

   2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 564 млрд теңгені құрағанын премьер-министр Ералы Тоғжанов айтқан деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сол жылы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Олар: шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау, туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу “туристік жарна” жүйесін енгізу және т.б.

 2022 жылы tengritravel.kz ұсынған ресми мәліметтерде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орналастыру орындары қызмет көрсететін ішкі туристер саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 2,7 миллион адамды құрады. Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында салаға 75,6 млрд теңге тартылды, ал 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 1 трлн теңге болу керек. 2017 жылы құрылған “Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының ресми сайтында 2019-2028 жылдарға арналған даму стратегиясы жарияланды. Бірыңғай үйлестіруші және бренд-менеджер рөлін орындайтын, сондай-ақ Қазақстанның туристік саласын жүйелі және институционалдық дамытуды қамтамасыз ететін “Kazakh Tourism”-нің бұл стратегиясына сәйкес 2028 жылға дейін туристік саланың жобаларына кемінде 39 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ АХУАЛЫ

2019 жылы Қазақ туризмнің ҰК-ны қаржыландыруы үш еседен астам қаражатқа өсті, нақтырақ 1,3 миллиард теңгеден 4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ақпаратты Еуразиялық туристік қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева ұсынды. Ол мемлекеттік сатып алулар порталындағы келісім шарттарға талдау жасай отырып, Kazakh Tourism компаниясының қаржыландыру сомасын өзінің ресми парақшасында жария етті. 132 миллион қаражат сұлулық байқауын өткізуге жұмсалғанын айтып, сұлулық байқауының жеңімпаздарының туризмның дамуына алып келер пайдасы жоқ деп сынға алды. Сондай-ақ, 62 миллионды премияға жұмсағанша туристтік брендті қалыптастырып, сапалы жарнамаға жұмсауы тиіс деген пікір білдірді. Ең қызығы 446 миллион теңге дәретхананы түгендеу және техникалық қызмет көрсету үшін бөлініпті. Осы жерден келесі проблема басталады.

   2019 жылы туристік саланы дамыту жобасына арналған баспасөз конференциясында Қазақстанның сол кездегі Мәдениет және спорт министрі 1000 дәретхана жобасын ұсынады. Ernur.kz медиасының хабарына сүйенсек, жоба арқылы экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 2025 жылға дейін Қазақстандағы дәретхана мәселесі шешіледі деп уәде еткен екен.

1000 ДӘРЕТХАНАНЫҢ ЖЫРЫ

Мәдениет және спорт министрі Қазақстандағы ең әлеуетті 10 туристік орынға неміс технологиялары бойынша 1000 дәретхана салынатынын, жобаға жеке инвесторлар табылғандығын хабарлады. Алайда конференцияда министр жоба толығымен инвестиция арқылы жүзеге асады дегенімен, Рысты Қарабаева тапқан мемлекеттік сатып алуларға қарағанда инвесторлар бұл жобаға аса қызығушылық танытпайтын секілді. Бұл жайлы экономика саласының маманы Алия Есетқызы былай дейді: “Мемлекет әжетхана салудың түрлі жолдарын қарастырып, сатып алулар да жүргізеді, инвестиция тартуға да тырысады. Бірақ дәретхана салу бизнесмендерге пайда әкелмейтін болған соң, бұл мәселеге кәсіпкерлер қызығушылық танытпайды. Бірақ мемлекет әлі күнге дейін дәретхана мәселесін шешу үшін кәсіпкерлерді тартуды доғармайды”.

   Жалпы туристік нысандарда және қоғамдық орындарда орналасқан стандартқа сай дәретханалар бар болса да қолданысқа берілмейді, үнемі жабық тұрады. Бұған қатысты халық шағымы көп және кәсіпкер Марғұлан Сейсембай да Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатында сол шағымды айтып өтеді. Ол  “туристік нысандар, мектеп, ауруханалар, қала берді тас жол бойында жөні түзу дәретхананың болмауы ел үшін ұят, жердегі үңірейген тесікті жөндеу аздық етеді, жаңасын салу керек” деп отыр. Расында да, дәретханалардың салынғаны деген аты ғана болмаса, әсіресе туристік нысандарда адамдар далада тұрған жөнсіз дәретханаға баруға мәжбүр. Бұған қатысты ішкі туризм жанашыры және Bugin Association компаниясының бұрынғы қызметкері Ай-Шолпан Нұрланқызы: “Жақын арада ғана Көлсайға барып келдім, ол жақта жаңа орнатылған дәретхана бар, бірақ оны жауып тастаған. Басқа ескі сасық дәретханаға балшық жолмен баруға тура келді. Өткен жылы барғанымда да солай болған. Сырттан келген қонақтардан ұят кішкене” дейді. Бұл мәселе ішкі туризм саласының қаншалықты ақсаңдап тұрғанының тағы бір дәлелі.

  Туризм саласындағы келесі өзекті мәселе Қазақстан Республикасының туризм брендінің болмауында. Бұл жайлы Қазақстан туристік қауымдастықтар бірлестігінің президенті Рашида Шайкенова informburo.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында: “Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ” деп айтады. Ол Kazakh Tourism компаниясы мемлекеттік сатып алулар порталында жылына миллиардтаған қаржыға келісімшарттар жасап жатқанымен туризмнің сапалы брендін қалыптастыра алмай отырғанына ашынады.

Іnformburo.kz хабарлауынша, “Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру” кіші бағдарламасын орындауға Kazakh Tourism ұлттық компаниясына 1 965 132 мың теңге бөлінген. Неге бренді қалыптаспаған деген сұраққа сарапшымыз Алия Есетқызы: “Себебі туризмді жарнамалау үшін жақсы қаржы бөлініп, өзге елдерге жақсы жарнамаланғанмен, негізі келгенде туризм нысандарының ахуалы жарнамаға сәйкес келмейді ғой. Оны көрген туристер әрине күткенінен өзге нәрсеге тап болады. Бұл брендіміздің дұрыс қалыптаса алмай жатқанына әсер етеді” дейді.

  ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ҮШІН АРНАЙЫ МИНИСТРЛІК КЕРЕК ПЕ?

Ал жалпы алғанда компанияның қаржыландыру сомасы ашық ресурста емес, сол себепті қазіргі таңда нақты бөлінген қаражат қанша және ол қайда кетіп жатқанын білу қиын. Жоғарыда айтып өткенімдей, әр ресми деректерде туризм саласына қатысты сандар әртүрлі берілетін мәселесі де бар. Бұл дегеніміз ашықтықтың жоқтығын дәлелдейді. Бөлінген нақты қаражат қайда жұмсалғанын, не нәтиже бергенін сараптау қиын, ал министрлер конференцияларда әртүрлі дерек ұсынып жатады. Бұл мәселеге қатысты сарапшы Евгений Кожевников informburo.kz-ке берген сұхбатында туристік индустрия өкілдеріне арнап бөлек министрліктің ашылуы тиіс екендігін айтып өтті. Ал туризм министрлігі болмай, оған бөлінген қаражатқа мониторинг жүргізу де мүмкін болмайтынын ашық айтты.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты өзекті мәселелер өте көп және олар әлі күнге дейін шешілмеген. Қарапайым шекарадан өткен туристердің нақты санын біле алмаймыз, себебі әр ресми деректерді шарлап көрсе әртүрлі сан көрсетіледі. Тіпті Қазақстан шекарасынан өткендердің барлығы, келуіне қандай себеп болмасын турист саналып кетеді екен. Сол үшін министрлік сырттан келген турист санын нақты белгілей алмай, әр жерде әртүрлі көрсететін болуы керек. Жалпы бағдарлама мақсаттарына келетін болсақ, 2023 жылдың қарсаңында туристік сала ресурстарын дамыту әлі жүзеге асырылып жатыр, елде қолайлы туристік ахуал жоқ,  туристік саланың инвестициялық тартымдылығы арттырылды десе болады, ал маркетингтің тиімділігін арттыру және ұлттық туристік брендті ілгерілету жүзеге аспады, туристік саланы басқару жүйесін жетілдіру  әлі күнге дейін міндет болып қана қалып отыр.

 Айкерім Жақсыкелдина,

СДУ “Журналистика” мектебінің 4 курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар