////

Мәжіліс “Масс медиа” туралы заңды І оқылымда қабылдады: Не ескерілмеді?

3960 рет қаралды

Қарашаның 30-ында ҚР Парламентінің Мәжілісінде Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева ханым “Масс медиа” туралы заң жобасын таныстырды. Үкіметтің Парламенттегі сағаты youtube әлеуметтік желісі бойынша тікелей эфирде таратылды.

Министр ханым ұсынған құжаттың жаңалығы не? Бір жылдан астам уақыт медиа қауымдастықпен бірге талқылаған заң жобасы жұмыс тобы мүшелерінің пікір-ұсыныстарын қаншалықты ескерді?

Бұл сұрақтардың жауабын  1 желтоқсанда  баспасөз мәслихатын өткізген жұмыс тобында мүше болған бір топ медиа қауымдастық өкілдері берді десе де болады.

Аида Балаева, Мәдениет және Ақпарат министрі: БІЗ АҚПАРАТТЫ АЛУДЫҢ МЕРЗІМІН ҚЫСҚАРТТЫҚ

Заң жобасын Мәжілісмендер алдында таныстырған Аида Ғалымқызы “Масс медиа туралы” заңның алдыңғы 1999 жылы қабылданған “БАҚ туралы” заңнан мүлдем өзгеше екендігін көлденең тартты. Аида ханым бұл заң “сөз еркіндігін мейлінше сақтайтын, журналистердің кәсіби статусын көтеретін және мемлекеттің ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін заң болады” деп сендірді.

Министр ханым заңның жаңалығы ретінде әуелі “Шағым түсіру мерзімінің үш жылға дейін қысқарғандығын” атап өтті. Екіншісі, журналистердің сауалына берілетін жауап жеті күннен бес күнге дейін қысқарғандығын да аса маңызды шешім деп көрсетті. Үшінші, отандық спутниктік құрылғыларды қолдау, оларға арнайы субсидия бөлу де заңның басты жаңалығы ретінде таныстырылды. Төртінші, мемлекеттің ақпараттық саясатты тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесін енгізу көзделіп отыр екен. Бесіншіден, журналистерді түрлі шараларға автоматты түрде аккредитациялау мақсатында арнайы пресс карта енгізу ұсынылады. Алтыншыдан, электронды БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 60 пайыздан кем болмауы тиіс деген арнайы баптың енгізілгені.

Айдос Сарым, ҚР Мәжілісінің депутаты:

“АМАНАТТЫҚ” ДЕПУТАТТАР ПРЕСС КАРТАНЫҢ ЕНГІЗІЛУІНЕ ҚАРСЫ 

Аталған жиында Аида ханымға бірінші болып сауал қойған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым пресс картаға байланысты медиа қауымдастықтың алаңдаушылығын жеткізді.

«Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал. Журналистер арасында теңсіздік тудырып, құқықтарын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палата өкілдері де «баспасөз картасы» журналистің еркіндігімен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр», – деді депутат.

Ол мәжілістегі «Amanat» фракциясының да бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

«Мұндай құйтырқы форматты шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп есептейміз. Осыған орай, Мәжілістегі «Amanat» фракциясы өз алаңдаушылығын білдіріп, ол норманы алып тастау туралы ұсынысын салыстырмалы кестеге енгізді. Нақты сұрағым: осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай? Журналистер қауымы мен «Amanat» депутаттарының ұстанымын қолдайсыз ба?», – деп сұрады Сарым.

Депутаттың сауалына сырғыта жауап берген Аида Балаева ханым бұл норманы әлі де талқылануы мүмкін екендігін айтты.

Гүлмира Біржанова, “Правовый медиа центр” ұйымының заңгері: БҰЛ ЗАҢНЫҢ ЕШ ЖАҢАЛЫҒЫ ЖОҚ 

Желтоқсанның 1-інде онлайн баспасөз мәслихатын өткізген қазақстандық медиасарапшылар 1,5 жыл бойына заң жобасының жұмыс тобында бекер еңбектендік пе деп алаңдайды.

“Масс-медиа туралы заң жобасын қараңызшы, оны жаңа заң деп айту қиын. Бізде 1999  жылғы “БАҚ туралы” заң бар, оны аздап әрлеп, “Телерадиохабарларын тарату” туралы заң жобасымен біріктіріп, жаңа заң ұсынып отыр. Біз “БАҚ туралы” заң мен қазіргі заң жобасының салыстырмалы анализін жасадық, жаңа заң бұрынғы заңның 82%-ын қайталайды. Жаңа дүние тек қана – пресс карта мен шағым түсіру мерзімі. Қалғаны бұрынғы заңнан алынған”, дейді “Правовый медиа центр” ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.

Ольга Диденко, Интерньюс-Қазақстан ұйымының заңгері: МЕДИА ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ЕНСЕ, ЗАҢ БІРШАМА ЖЕТІЛДІРІЛГЕН БОЛАР ЕДІ

Парламент қабырғасында таныстырылған заң жобасы мен медиа қауымдастық ұсынған түзетулердің салыстырмалы кестесін ұсынған Ольга Диденконың айтуынша егер журналистік қауымдастық ұсынған сегіз ұсыныс қолдау тапса, бұл заңды жаңа деп айтуға болады деген ойда. Олар:

  • Тек пресс-карта «иелеріне» емес, барлық БАҚ өкілдеріне арналған жеңілдетілген аккредитация тәртібі, пресс-картаға қатысты норманы толықтай алып тастау;
  • Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және журналистер құқығын бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту;
  • БАҚ-қа арналған бюджет қаржысын бөлудің ашықтық пен есептілікке құрылуын қамтамасыз ету;
  • Жала жабу туралы істер бойынша ескіру мерзімін бір жылға дейін шектеу;
  • Редакция тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • «Қоғамдық тұлға» және «қоғамдық мүдде» түсінігін енгізу;
  • Ақылы материалдарға белгі қою;
  • журналистердің кәсіби құқығы бұзылған жағдайда Ақпарат министрлігінің әрекет ету міндетін айқындау

“Аталған түзетулер заң жобасынан орын тапса, заң біршама жетілдірілген болар еді. Журналистердің кәсіби әрекетіне әсер етер еді” дейді заңгер.

Халима Тәжіқұл, журналист: МИНИСТРЛІК ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ ТУРАЛЫ ҮКІМЕТ ҚАУЛЫСЫНА ҚАРСЫ ШЫҒЫП ТҰР МА?

Аида Ғалымқызы электронды БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 60 пайыздан кем болмауы тиіс деген арнайы баптың енгізілгені туралы айтқан еді. Министр бұл мәселені ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның депутаттық сауалына жауап беру барысында айтты.

  • Біз депутаттар қазақ тіліндегі телерадиохабарларының үлес салмағы бұрынғыдай елу пайыз емес, жетпіс пайыздан кем болмауын ұсындық. Түзету Үкіметке кеткен, бірақ жауап әлі жоқ. Қазір қазақтілді дүниелерге сұраныс өте жоғары. Қазақ халқының үлес салмағы 70%-дан асып, қазақтілді мектеп бітірушілерге бөлінетін [білім] гранты 70%-ға жетті. Бірақ, қазақша оқымайтын қазақ Үкіметі қазақ тіліне деген сұраныстың жоғары екенін қайдан білсін. Қазақ тіліндегі хабарлардың саны 70%-дан кем болмасын деген талап, тек менің ғана емес, халықтың талабы. Сіз бұл талапқа қалай қарайсыз? Егер қабылданса, механизмі қалай болмақ?

Аида Ғалымқызы бұл сұраққа да сырғытпа жауап бере отырып, 60/40% болуы керек деп пайымдап отырғанын айтты.

Дәл осы мәселе бойынша медиақауымдастық өкілдері де сөз етті. Мәселен, журналист Халима Тәжіқұл бұл норманың №914 үкімет қаулысына қайшы келіп отырғанын сөз етті:

  • 2023-202 жылдарға арналған ҚР тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бар. Ол Үкіметтің 914-ші қаулысымен бекітілген. Яғни аталмыш қаулы да «мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға дейін 84% болады» дейді. Ал «2023 жылы 70% болуы керек» делінген. Алайда министрліктің кешегі ұсынған заң жобасында қазақ/орыс тілдерінде ақпарат тарату 60/40 болуы керек деп жазылған», дейді журналист.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар