//

Масс медиа туралы заң: өткенге қайта оралу ма?

1676 рет қаралды
фото: Ашық дереккөз

ҚР Парламенті Мәжілісінде Масс медиа туралы заң жобасын талқылау әлі жалғасып жатыр. Internews ұйымының заңнама мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесшісі Ольга Диденко бұл заң жобасы алдыңғы БАҚ туралы заңнан несімен ерекшеленетіндігіне жауап іздеп көрген екен. Материал Newreporter сайтында басылған. “Мінбер” оқырмандары үшін бұл шолуды қазақшалап ұсынғанды жөн көрдік. 

«Жаңадан» ұсынылған түзетулер, негізінде Қазақстанның БАҚ туралы заңнамасында бұған дейін де болған. Сондықтан мұндай түзетулерді талқылау бүкіл процестің алға жылжуы емес, өткенге қайта оралуы шығар. Өзіңіз қараңыз…

Журналистердің сауалдарына жауап беру уақыты – бес немесе үш күн?

Мәжіліс депутаттары (бұл үшін оларға көп рахмет!) журналистердің сауалына жауап беру мерзімін үш күнге дейін қысқартуды ұсынды. Қазір бұл мерзім жеті күн, бірақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі заң жобасын әзірлеген орган ретінде бұл мерзімді бес күнге дейін қысқартуды қолдап отыр.

Журналист өз сауалына неғұрлым тез жауап алса, ақпарат БАҚ-та соғұрлым тезірек жарияланады. Ал бұл сәйкесінше, қауесеттер мен жалған ақпараттың азаюына жол ашып, халықтың мемлекеттік органдардың шешіміне сенімсіздік танытуын тоқтатады дегенге келіспеске болмайды. Бұл қазір, интернеттің, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің кең тараған дәуірінде өте анық дүние. Алайда, сонау 2001 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі «БАҚ туралы» Заңына енгізілген өзгертулерде де журналистердің сауалдарына жауап беру мерзімі – «үш күннен кешікпейтіндей» деп белгіленген еді.

Сондықтан, сөзсіз, депутаттардың ұсынысымен журналистік сауалдарға жауап беру уақытының бұрын қолданыста болған “үш күн” мерзіміне қайта оралуы – медиа қауымдастықтың көптен күткен тамаша шешімі. Әрі Қазақстанда қолданылып жүрген сұраныстар мен өтініштерді өңдеуге арналған заманауи цифрлық шешімдер журналистердің сауалдарына тезірек жауап беруге және халықты жедел әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Диффамацияға қатысты істердің ескіру мерзімі үш жыл ма, әлде, бір жыл ма?

Жала жабу істері бойынша арыздану мерзімінің шектелуі де үлкен дау тудырып отыр. Баспасөзге түскен талап-арыздар мен шағымдардың 90 пайызын журналистер мен БАҚ редакторларына қатысты ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы арыздар құрайды. Осы санаттағы шағымдардың сипатына тоқталсақ, басылымның редакциясы (немесе) авторы жарияланған ақпараттың дұрыстығын дәлелдеуге міндетті. Ол үшін журналист (немесе) редакция сотқа құжаттарды, дәлелдерді, аудио-бейне жазбаларды, ақпарат көздерін, сілтемелерді және тағы басқа дәйектерді ұсынуы керек. Жарияланғаннан бері ұзақ уақыт өткен болса, мәселе дәлелдермен шешілмеуі мүмкін: құжаттардың жоғалуы, жойылуы, адамдардың өлімі (ақпарат көздері, авторлар және т.б.). Бұл ретте басылымдардың редакторлары мен авторлары қиын жағдайда қалып отыр – олар таратылған ақпараттың дұрыстығын дәлелдей алмайды. Ал бұл өз кезегінде қате шешім қабылдауға әкеліп, БАҚ-қа кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни банкроттыққа, редакцияның таратылуына және т.б. әкеп соқтырады.

Сондықтан халықаралық стандарттар мен дүние жүзіндегі демократиялық елдер тәжірибесі БАҚ-қа қатысты арнайы жала жабу істері бойынша арыздану мерзімін шектейді. Ал бұл азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарын қорғаумен үйлесім тауып, БАҚ-қа құқықтық кепілдіктер береді.

ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынысты өңдеуші орган ретінде жала жабу туралы істер бойынша ескіру мерзімін 3 жыл етіп белгілеуді ұсынды, бірақ Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (осындай ұстаным үшін көп рахмет!) жала жабу істері үшін ескіру мерзімін бір жыл етіп қалдыру керек деп санайды. Мұны БАҚ редакциялары үшін оң қадам және құқықтық кепілдіктердің бірі ретінде бүкіл медиа қауымдастығы қолдайтыны сөзсіз. Тағы да айта кетейін, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының арнайы нормативтік қаулысымен бір жылдық ескіру мерзімі бұрын да белгіленіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен жазба авторларына жарияланған ақпараттың дұрыстығын сотта дәлелдеуге әрі өздерінің құқығын қорғауға көмектесті.

Журналистердің құқығын бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма, әлде әкімшілік пе?

Журналистердің кәсіби құқығын бұзғаны үшін болатын жауапкершілік туралы ережені қайта қарау қажеттігі көптеген дау тудырып отыр. Қазір мұндай жауапкершілік тек ҚР Қылмыстық кодексінде ғана қарастырылған және бұл мұнда да үлкен мәселелер бар. Айталық, журналистік қызметке кедергі жасау туралы арыздар үнемі қарала бермейді, сот талқылауы мен үкім шығаруға дейін жетпейді. БАҚ журналистердің кәсіби құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қайтаруды ұсынып отыр және мұндай жауапкершілік денсаулығы мен өміріне залал келтіру, зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы көрсету, редакция мүлкі мен құрал-жабдығына елеулі зиян келтірумен байланысты емес жағдайларда қолданылуы мүмкін.

Бұл ҚР Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне 2001 жылы енгізілген толықтырулармен бірге 2015 жылға дейін қолданылды. 2015 жылдан бастап журналистік қызметке кедергі келтіргені үшін тек қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Бірақ біздің жағдайда қылмыстық істі қозғау, кінәлілердің әрекетін дұрыс саралау, оларды анықтау және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді сотқа жеткізу кейде өте қиын.

Сондықтан журналистердің кәсіби құқығын бұзып, олардың қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің екі түрінің болуы ең оңтайлы шешім болмақ. Әрі бұл журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай құқық бұзушылықтар үшін жазасыз қалуды тоқтату жөніндегі елдің халықаралық міндеттемелерін орындауға жасалған қадамы.

Бұл процесті қалай түсінуге болады және болашақта алға жылжу болады ма?

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына ұсынылып отырған түзетулердің жаңалық емес, шын мәнінде, бұрында да қолданыста болып ұмыт қалған ескі құқықтық нормалар екенін қалай түсінуге, қабылдауға болады?

Ал қазір туындайтын ең маңызды сұрақ: Қазақстандағы БАҚ заңнамасын реформалау туралы сөз қозғағанда, өткенге оралумен қатар, болашаққа ілгері қадам бола ма? Бұл, әсіресе, Қазақстанның қазіргі өтпелі кезеңінде, барлық маңызды салаларда – экономикада, саяси жүйеде, құқықтық жүйеде реформалар жүргізіп жатқан тұста маңызды мәселе боп тұр.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға бұрыннан енгізілген өзгерістердің логикасы өте қарапайым. Демократиялық елдерде цифрлық технологиялар мен платформаларды дамытуға, контентті кеңінен және жылдам таратуға, журналистер мен БАҚ-қа, өз еркіндік құқығын жүзеге асыратын әрбір адамға қатысты медиа заңдарының бесінші буыны әлден қабылданып қойған. Сондықтан, БАҚ туралы заңдардың жаңа буынының негізгі ережелері журналистер мен редакциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету (физикалық және киберқауіпсіздік), редакциялық тәуелсіздікті нығайту, SLAPP-қа (Strategic Litigation Against Public Participation, бір журналиске қарсы оны деморализациялау үшін бірнеше ұқсас сот ісін жүргізу) қарсы тұру, медиа этикасы мен медиа сауаттылықты насихаттау, жалған ақпарат пен пропагандаға қарсы тұру боп есептеледі.

Дегенмен, БАҚ және басқа да факторларға қатысты заңдардың арқасында Қазақстан 20 жыл бойы тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі шектелген елдер қатарына жатады (немесе the World Press Freedom Index жаңа әдістемесі бойынша, баспасөз бостандығының деңгейі төмен ел ретінде). Сондықтан үкімет бұл жағдайды өзгертіп, медиа бизнесті дамытуға, журналистердің мәртебесін арттыруға және елдің имиджін нығайтуға ықпал ететін сапалы, жаңа және тиімді заң әзірлегісі келмей ме деген сұрақ туындайды.

Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін жақсартуға септігін тигізері сөзсіз, өйткені Press Freedom Index немесе сөз бостандығына, саяси және азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға құқықтық кепілдіктер келесідей индекстердің құрамдас бөлігі саналады:

Index Public Integrity – елдің сыбайлас жемқорлықпен күресуге дайындығы мен мүмкіндіктерін көрсетеді;

The Rule of Law Index – заң үстемдігінің даму деңгейін, мемлекеттік биліктің ашықтығын және құқықтық реформалардың тиімділігін көрсетеді;

The World Freedom Index – елдегі азаматтық және саяси бостандықтардың жай-күйін, сондай-ақ интернетті реттеу деңгейін көрсетеді;

Anti Money Laundering Index – елдің ақшаны заңсыз жолмен заңдастыруға қарсы күреске дайындығын көрсетеді;

Social Institution and Gender Index – елдегі гендерлік теңдік деңгейін көрсететін әлеуметтік институт және гендерлік индекс және т.б. 

Әзірге Қазақстан барлық жаһандық рейтинг көрсетіп отырғандай, сөз бостандығына қысым жасалған елдер санатында қалып отыр. Ал Масс медиа туралы заң жобасын қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінде талқыланып жатқан түзетулермен  қабылдау жағдайға оң әсерін бермейді. Ахуалды өзгертуге БАҚ заңнамасында елеулі реформалар мен оларды жүзеге асыратын саяси ерік қажет.

Newreporter сайтынан аударып

әзірлеген Данагүл Науқанова



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі