///

«Жалақыға – 2,5 миллиард теңге»: “Барыс” хоккейшілерінің жалақысына шектеу қойыла ма?

1477 рет қаралды
фото: hcbarys.kz
Әлеуметтік желілерде “Барыс” хоккей клубы ойыншыларының жалақысы тағы да талқыға түсті. Ресейлік Спорт-Экспресс интернет басылымының мәліметіне сәйкес, отандық клубта ең жоғары жалақы алатын 10 хоккейшінің тоғызы – шетелдік. Клубтың канадалық легионері Эдвард Паскуале бір маусымда 319 миллион теңге жалақы алып отыр. Мұндай қыруар қаржының спортшылардың жалақысына бөлінгені желі қолданушылары арасында наразылық туғызды.

Биыл “ Барыс” хоккей клубы ойыншыларының жалақысына бір маусымға 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Клубтың ең көп жалақы алатын ойыншыларының қатарында Паскуаледен бөлек канадалық тағы екі ойыншы Алекс Грант (284 миллион теңге) пен Нельсон Ножье (171 миллион теңге) бар.

Қарапайым есепке жүгінсек, канадалық қақпашы Паскуаленің маусымдық жалақысын алу үшін (елдегі орташа жалақыны 393 605 теңге деп ескергенде) қазақстандық бір азамат 68 жыл жұмыс істеуі керек екен.

Әлеуметтік желілерде азаматтардың кейбірі бұл “ақылға қонымсыз” үлкен сома екенін айтса, тағы бірі үлкен спорттағы сұраныс соны талап ететінін, бірақ клуб барынша өз шығынын өзі жабуға тырысуы керек екенін айтады. Ал кейбір хоккей жанкүйерлері “Барыс” клубының маусымдағы нәтижесіз ойындарына назар аударуға шақырды.

Соңғы маусым елордалық хоккей клубы тарихында “ең сүреңсіз маусым” ретінде аталып жүр. Құрлықтық Хоккей Лигасының 2023-2024 жылғы маусымының нәтижесіне сәйкес, “Барыс” кезекті рет соңғы орынды иеленіп, плей-оффқа шыға алмады.

Былтыр астаналық клуб 68 матчты 61 ұпаймен аяқтаса, биылғы турнирде 50 ұпаймен шектеліп, өзінің антирекордын жаңартты.

Астаналық “Барыс” хоккей клубы “Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры аясында туризм және спорт индустриясын қолдау қоры арқылы қаржыландырылады. Клуб бұған қоса билеттердің сатылуынан және хоккей лигасынан бөлінетін қаржыдан қосымша табыс табады.

Былтыр Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкімет басшысына сауал жолдап, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу мәселесін көтерген еді. Депутат «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жыл сайын «Самұрық-Қазына» қорынан бөлінетін 65 миллион доллар көлемінде қаржыны “асып-тасу” деп есептейді.

Аралбайұлы таяуда “Барыс” клубы ойыншыларының жалақысына бөлінетін қаржының тым көп деп атап, “2,5 миллиард теңгені тек айлық ретінде хоккейге берудің” қисынсыз екенін айтты.

Спорт-Экспресс тізімінде табысына қарай орта тұста орналасқан қазақстандық хоккейші Кирилл Савицкийдің маусымдық жалақысы 103 миллион теңге. Ал 5 миллион теңгеге жуық жалақы алатын Дінмұхамед Қайыржан тізім соңынан орын алған.

MNU Newsroom тілшісі “Барыс” хоккей клубына ойыншылар жалақысы мен жарыстардағы ойын көрсеткіші жайлы сұрау үшін хабарласқан еді. Бірақ клуб әкімшілігімен сөйлесу мүмкін болмады. Редакция клубтың ресми поштасына да хат жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

“Жақында Қазақстан Премьер-Министрі қаржы министрлігіне және ұлттық экономика министрлігіне қандай қаражатты қысқартуға болатыны жайлы тапсырма берді. Бір аптаның ішінде олар республикалық деңгейдегі қаражатты қарайды. Келесі айда жергілікті атқарушы органдардың қандай салаларға қанша ақша бөліп жатқанын қарастырады”, – деді “Экономикалық зерттеулер институты” АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ерлан Каримов.

Бұл спортқа республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының қысқартылу мүмкіндігін білдіре ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен спортқа, оның ішінде спорттық клубтарға көп қаржы бөлінетіні белгілі. Бұл қоғамда жиі резонанс тудырады. Экономистердің есептеуінше, Қазақстанда футболдың өзіне бапкерлер мен менеджерлердің жалақысын қосқанда жылына 31 млрд теңге бөлінеді екен.

Құрлықтық Хоккей Лигасынан 2022-2023 жылғы маусымының нәтижесіне сәйкес, жиналған ұпайлар ескеріліп, қазақстандық хоккей клубына 92 миллион теңгеге жуық қаражат төленген. Бұл сомма шамамен шабуылшы Роман Старченконың маусымдық жалақысына тең.

“Құрлықтық Хоккей Лигасында бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан “Барыстың” дәл осылай сүрінуі жайдан-жай емес. “Барыс” мүмкін қатты әлсірей қоймаған шығар, жолы болмай жатыр деп қабылдауға болады. Содан кейін қарсыластары да өте мықты. “Барыс” әлі өз бабына енуге тиіс”, – деді спорт комментаторы Рауан Оқас.

“Барыс” клубының негізі 1999 жылы қаланған. 2011-2017 жылдары аралығында ойнаған Брэндон Боченски, Дастин Бойд және Найджел Доус есімді хоккейшілердің кезінде клуб біршама жетістіктерге жетіп, бірнеше рет плей-оффқа шықты.

Оқастың айтуынша, хоккей – бай спорттардың бірі, сондықтан ойыншылардың миллиондық келісімшарттары әлемдік тәжірибе болғандықтан, оған таңғалудың керегі жоқ.

“Егер бюджет қысқаратын болса, “Барыс” мықты легионерлерінен айырылып, тіпті ойнай алмай қалады”, – дейді ол.

Анель Мұхат,

дереккөз: newsroom.mnu.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі