///

Ұқсайсың менімен бір туғанға

916 рет қаралды
1

Жуықта Алматыда ақын һәм жырау Жәркен Бөдешұлының 80 жасы тойланды. Ел аузында, ақындар арасында, бүгінгі заманда жырау атанған жалғыз адам осы Жәркен. «Мен ақын емеспін, менің тағдырым ақын» деп сөз саптайтын жырау өз есімін халықтың көкейінен орын алған, мәңгілік айтылып жүретін өшпес жырларымен  тарих парағына жазды. Жәркеннің мені Жәркеннің қазағы еді. Жәркеннің тағдыры қазақтың тағдыры еді.  Жыраудың мерекелік тойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Журналистика факультетінде ғылыми конференциямен басталып, Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясы мен Қыздар Педагогикалық ҰУ жалғасты. Онда ақынның өлең-жырлары қазақтың елімізге белгілі әдебиетші ғалымдары тарапынан зерттеліп, зерделеніп, талданған еңбектерін ортаға салды.

Ары қарай ақын-жыраудың Алматыдағы Құлагер шағын ауданындағы тұрған үйіне аты-жөні, атағы жазылып, суреті ойып басылған Ескерткіш тақтаны Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы жазушы Мереке Әбдешұлы Құлкенов пен ақынның жары Күлшәт Бөдешова лентасын қиып, ашты. Осы салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов,  Ғалым Қалибек және ақынның үзенгілес жолдасы, ғалым Әлімғазы Дәуітхандар ақжарма тілек, құттықтау сөзін арнады.

Ақынның мерей тойы сол күні кешкісін Алатау Дәстүрлі өнер театрында «Ұқсайсың менімен бір туғанға» әдеби-сазды салтанатты кешке ұласты. Кеш Мереке Әбдешұлы мырзаның Жәркен жырларына жан-жақты баға бере толғана сөйлеген шабытты, шалқар сөзімен ашылып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын Ғалым Жайлыбай “Заманның ызғарын, тірліктің мұз қарын кешіп, жанарын жас жуып, табанын тас тілген тағдырлы талант, ғажайып ақын” деп тебірене төгілген  “Жәркеннің жалғызы” атты  баяндамасын жасады.

Салтанатты кешті бастан аяқ “Ақжауын” камералық оркестірі ойлы күйлерімен көңіл толқытып, көркем безендіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер Акедемиясының шәкірттері ақын өлеңдерін айшығын асыра орындап, талантты әнші-сазгер Жақсыбек Қалелбек майда қоңыр даусымен ақын өлеңіне жазылған “Сағыныш” әнін жүректерге жеткізді. Және де тағы басқа өнерпаздардың әуелетте шырқаған ән-әуендері көрермен көңілінен шықты.

Сөйтіп, Алматы қаласының әкімшілігі, Қазақстан Жазушылар Одағы мен ақынының мерей тойын ұйымдастырушы алқасы ат салысқан ақын-жырау Жәркен Бөдешұлының 80 жылдық мерей тойы мәресіне жетті.

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Поэзия кешін демеп және жылқы жығып, мерейтойлық салтанатты дастарқан жайған Қайрат Нәби, Серік Тілеухан, Толқын Тұрсын, Мерей Сылам, Нұртай Нұрсапа, Дәурен Халмет, Толқын Ақан, Толқын Бақтұр, Алмас Ахметбекұлы қатарлы азамтар болғанын ескерткім келеді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар