Тарихтың жарасын ұмытпау – рух алдындағы парыз. Бүгін Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш арыстары ұрпақтарымен жүздесу» атты дөңгелек үстел өтті.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең қаралы беттері – 1920–1950 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық. Тарихи деректерге сүйенсек, 1937–1938 жылдары КСРО көлемінде 1,5 миллионнан астам адам жазықсыз сотталса, соның 125 мыңнан астамы атылды. Қазақстан бойынша 100 мыңнан аса адам қуғындалып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Олар – Алаш қайраткерлері, оқыған зиялылар, дін қызметкерлері, малшылар мен мұғалімдер, қарапайым шаруалар болатын (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архив).
Олардың басым көпшілігі «халық жауы», «ұлтшыл», «шпион», «контрреволюционер» деген жала жабылған жалған айыппен жазаланды. Бұл – жекелеген адамдарға ғана қарсы бағытталған әрекет қана емес, бүтін бір халықтың ұлттық сана-сезіміне бағытталған зұлмат саясат еді.
Қазақтың ұлттық элитасы – Алаш қайраткерлері түгел дерлік осы репрессияның құрбанына айналды. 1930–1933 жылдардағы ашаршылық кесірінен Қазақстанда 2,1 миллион адам аштан қырылды, оның ішінде 1,5 миллион қазақ – сол кездегі қазақ халқының 40 пайызға жуығы көз жұмды (тарихшы Әбілсейіт Мұхтар, демограф Мақаш Тәтімов, Алаштанушы Тұрсын Жұртбай деректері).
1997 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде ресми түрде бекітілді. Осы күн – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ұлт санасының серпілісі болды.
Осы тарихи аяда 2025 жылдың 31 мамыр күні Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде тағылымды әрі терең мазмұнды «Алаш арыстары ұрпақтарымен жүздесу» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, әдебиеттанушылар, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиын алдымен Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар ұлт ұстазының рухына тағзым етіп, естелік суретке түсті. Осыдан кейін музей-үйдің ішінде экскурсия жүргізіліп, қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен мұрасына қатысты сирек кездесетін жәдігерлермен танысты.
Дөңгелек үстелдің ресми ашылу салтанаты өтіп, жиынды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері Әділет Ахмет жүргізді.
Алғашқы сөз Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Құдайбергенқызына берілді. Олар қазақ халқы үшін орны толмас зұлмат жылдардың зардабын еске алып, Алаш арыстарының елдік мұрат жолындағы күресін ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Содан соң Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ф.ғ.к., «Тіл–құрал» оқу-әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Имаханбет сөз сөйлеп, Алаш зиялыларының ұлтқа сіңірген еңбегі мен рухани мұрасының бүгінгі ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ екенін жеткізді.
Одан кейін Алмалы ауданының әкімі Арман Нұржанұлы сөз алып, бүгінгі ұрпақтың тарихи әділеттілікке негізделген сананы қалыптастыруы қажет екенін ерекше атап өтті.
Ғылыми бөлім баяндама жасаушылармен жалғасын тапты. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымының докторы Светлана Смағұлова 1928–1937 жылдар аралығындағы қазақ зиялыларына қарсы жасалған қуғын-сүргін әрекеттері туралы архивтік деректер негізінде баяндама жасады. Ол қуғын-сүргіннің себептерін ғылыми тұрғыда ашып көрсетті.
Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымының докторы Гүлжахан Жұмабекқызы Алаш дәуірінің әдеби мұрасындағы қуғын-сүргіннің көркем бейнелену жолдарын талдады.
Сәтбаев университетінің оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Досалы Исаханұлы «Қазақ интеллигенциясының ағартушылық миссиясы» атты тақырыпта баяндама жасап, Алаш қайраткерлерінің ағарту саласындағы қызметін нақты тарихи деректермен дәлелдеді. Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы өз естелігінде отбасы ішінде Алаш рухының қалай сақталғанын, тыйым салынған кезеңдерде атасының есімі қалай құрметпен аталып келгенін айтып, тыңдаушыларды тебірентті.
Алмалы ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ахмедов сөз алып, отбасылық естеліктер негізінде кеңестік қуғын-сүргіннің ел өміріне салған сызатын баяндады. Шаймерденовтер әулеті атынан марқұм Амандық Шаймерденовтің інісі Орал, келіні Базаркүл, қарындасы Роза және қызы Меруерт естелік айтып, әулеттің қуғын-сүргін жылдарында көрген зұлматын жеткізді. Бұл сөздер жиналған қауымның жүрегін елжіретті.
Жиын барысында бағдарламадан тыс бірнеше қатысушы сөз сөйледі. Сәмбетовтер әулетінен шыққан, Талғар ауданындағы Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жұмақыз Әшімбекқызы өз сөзінде 1930 жылы Балқаш (Ақкөл) көтерілісіне қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ағайынды Баймұхамбет (хабарсыз кеткен), Бақтай (1932 жылы 10 жылға сотталған), және Естайдың (1931 жылы Алматыда атылған) өмір жолы туралы мәлімет беріп, олардың есімін ұрпақ санасында жаңғырту қажет екенін атап өтті.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы, Жүргеновтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Бауыржан Сәбитұлы да бағдарламадан тыс сөз сөйлеп, Сәдуақасов пен Жүргеновтің репрессиялық істерін ғылыми тұрғыда зерделеу қажеттігін айтты. Қытай Халық Республикасы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, сыншы Нұрмұқан Жанұзақ сөз сөйлеп, Алаш тақырыбындағы әдебиет пен поэзияны жандандыруға шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, тарихшы Еркін Стамшал да өз көзқарасын білдіріп, музей қорында сақталған сирек құжаттар негізінде тың деректерді ортаға салды.
Ғылым Ордасының PhD ғылыми қызметкері, дінтанушы, имам Құрманбек Қасымханұлы Алаш арыстары мен қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағыштады.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз