//

Әуезов театрының мәрмәр қаптамасы неге сыпырылды?

62 рет қаралды
фото: Татьяна Гуржий

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының мәрмәр қаптамасының алынып тасталуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде тараған суреттерде театрдың еңселі келбеті жұтаң тартып, мәрмәр қаптамасы сыпырылып, айналасы қоқыс пен бетон үйіндісіне көміліп қалғаны анық байқалады.

Facebook қолданушысы Роман Панов жариялаған сурет әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай алаңдаушылығын тудырды. Театрдың қазіргі жай-күйін көрсеткен суретті бөліскен автор былай деп жазды:

«ЭТО – не погорелый акимат в январе 2022.

ЭТО – Театр им. Ауэзова.

ЭТО – был кунаевский мрамор.

ЭТО – современный вандализм.

И ЭТО – …………».

Желіде тараған суреттерде Әуезов театрының бұрынғы тарихи мәрмәр қаптамасының толығымен сүрініп алынғаны, ғимараттың қазіргі күйі өрттен кейінгі Алматы әкімдігі ғимаратының келбетін еске түсіретіні айтылып жатыр.

Сәуір айының соңынан бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бұл жағдайға қатысты алматылықтар тарихи құндылығы бар ғимараттың болашағына алаңдаушылық білдіріп, билік өкілдерінен ресми түсініктеме беруді талап етіп жатыр. Facebook және Instagram платформаларында жазылған пікірлередің басым бөлігі бұл әрекетті тарихи мұраға жасалған қиянат әрі «заманауи вандализм» деп бағалап отыр.

Мәрмәрді ауыстыруға екі себеп бар: сейсмика және жылу мәселесі

Мәдениет және ақпарат министрлігі осы жағдайға байланысты ресми жауап берді. Ведомствоның мәліметінше, ғимарат қазір жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабық тұр.

«Техникалық тексеріс барысында ғимараттың мәрмәр қаптамасы қазіргі сейсмикалық қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ, ғимараттың беткі жағының астында жылу оқшаулағыш материалдардың жоқтығы себепті, жылу жоғалту мәселесі туындаған. Сондықтан ескі мәрмәр қаптама алынуға тиіс болды», – деді министрліктің баспасөз қызметі.

«Әуезов театрының сыртқы келбеті өзгермейді, бұрынғы қалпы қайта жаңғырады» – министрліктің мәлімдемесі

Министрлік өкілдері ескі мәрмәрдің орнына түпнұсқаға ұқсас мәрмәр плиталарының қойылатынын мәлімдеді.

«2024 жылғы 25 қарашада мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ғимаратты қайта жаңарту барысында бұрынғы мәрмәр қаптамасы нақ сондай сападағы, бедері мен өрнегі толық сақталған жаңа мәрмәрмен алмастырылады. Ғимарат сәулет ескерткіші болғандықтан, оның сыртқы келбеті толық сақталады», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Жөндеу жұмыстары театрдың түпнұсқалық жоба авторларымен, «Қазқайтажаңарту» мекемесімен және қоғам өкілдерімен келісілген. Жоспар бойынша театрдың қайта жаңарту жұмыстары 2026 жылдың соңында аяқталуға тиіс.

Алматыда Қазмемцирк жаңғырып, музей мен кафе ашылады

Алматы қаласының тағы бір тарихи нысаны – Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратында үлкен өзгерістер күтіледі. Қала әкімдігіне қарасты құрылыс басқармасы цирк ғимаратын қайта жаңғырту және заман талабына сай жабдықтау үшін конкурс жариялады. Жобалық-сметалық құжаттама алдағы алты айдың ішінде дайындалуға тиіс. Жобаға бөлінген қаражат көлемі – 214,5 млн теңге (ҚҚС мөлшері есептелмеген).

1972 жылы бой көтерген әрі тарихи-сәулеттік құндылығы бар ғимаратты қала билігі мәдениет пен туризмді дамыту мақсатында қайта жандандыруды көздеп отыр. Жоспар бойынша, цирк ішінде музей мен кафелер ашылып, заманауи техникалық жабдықтау жүргізіліп, жаңа қоғамдық-мәдени орталыққа айналмақ. Қазіргі таңда ғимаратты жаңғырту жұмыстарының нақты басталу уақыты мен аяқталу мерзімі анықталып жатыр.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар