///

Есенгүл Кәпқызы: Сағат Әшімбаевтың машинкасы (естелік-эссе)

51 рет қаралды
photo: AI

“Шалқар” газетіне жұмысқа орналасқаннан көп ұзамады, Алматыға анам қыдырып келді. Әдеттегідей редакцияларға қонаққа барып, өзінің жазған материалдарын ұсынды. Осы сапарында біз “Шалқар” газетінен бір қабат жоғарыда орналасқан “Қазақстан әйелдері” журналына көтерілдік. Бізді Шәрбану Бейсенова апай өте жылы қарсы алды. Маған сондай зиялы, мейрімді болып көрінді.

Осы кездесуден кейін Шәрбану апайға жиі соғатын болдым. Апай мені журналистикаға баулиды. Жиі тапсырмалар береді. “Шалқар” газетінде бір жыл корректорлық қызмет атқарғаннан кейін, бесінші курстың соңғы айларында мен тілші қызметіне ауыстым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді. Енді қате теріп, редакцияда отырмаймын, тілшілік қызметпен ары-бері жолға шығамын.

“Шалқар” газетінің сыртында, “Қазақстан әйелдері” журналына да жаза бастадым. Сондай күндердің бірінде Шәрбану апай мені Қазақстанда кітапхана ісін қалыптастырушылардың бірі болған Нәзира Дәулетова апаймен сұхбаттасуға жұмсады. Сол кезде зейнет жасындағы Нәзира апай мені үйіне шақырды. Ол кісі Мариям Хакімжанованың келіні болған адам екен. Маған төте араб жазуымен жазылған бір бет қолжазбаны беріп, оқып беруімді өтінді. Мариям апамыздың өзінің өмірбаянынан бір үзік екен. Өзінің жолдасына да, туысқандарына да, балаларына да айтпаған сыры көрінеді. Мен оқып беріп едім, Нәзира апамыз қатты айран-асыр болды. Сол Нәзира Дәулетовамен сұхбатым “Қазақстан әйелдері” журналына басылды.

Осындай бір кездесуімізде Шәрбану апай:

– Бір жақсы жұмыс бар. Біраз уақытты алатын жұмыс, дайын жүрерсің, – деді.

Сондай күн туды-ау деймін, бір күні Шәрбану апай маған келді де, “дайынсың ба? Кеттік” деді. Біз N9 троллейбусқа отырдық-ау деймін, ұмытпасам. Өйткені біздің барған мекеніміз Мәуленов және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Масанчи көшесі аялдамасына түсіп, аталған қиылыстағы особнякқа келіп, есік қақтық. Есікті Фарида атты Әбділда Тәжібаевтың жиені ашты. Әбділда атамыз екінші қабатта әлдекіммен шахмат ойнап отыр екен. Біз ойынның аяқталуын күтіп біраз отырдық. Сәлден кейін Әбділда ақсақал бізге мойын бұрды.

Шәрбану апай мені таныстырып жатыр:

– Өзі ақын, өзі журналист, төте жазуды жақсы біледі. Сонымен бірге машинка да баса алады.

Әбділда ата маған өзінің бір қолжазбаларын ұсынып, оқуымды өтінді. Әрине төте жазуға төселіп қалғанмын, дегенмен қолжазбаларды бірден шығарып оқу әлі де қиынға соғатын. Аздап кідірістен кейін, оқи бастадым, кей жерлерінде атамыз өзі көмектесіп отырды. Зырылдатып оқып отырмасам да, жазуды білетінімді аңғарды. Бәлкім содан маған бұл жұмысты сеніп тапсыратын болды. Бірақ маған қолжазбаны алып кетуге рұқсат жоқ. Күніне қай уақытта мүмкіндігім болады, сол кезде барып тұрамын.

Сол кезде жазу машинкасы қазіргінің ноутбуктері секілді ғой. Бірақ, қазір ноутбук екінің бірінің қолында жүрсе, ол заманда қолы жеткеннің  ғана жазу машинкасы бар еді. Менің қиналған жерім осы болды. Біраз адамның машинкасын сұрап пайдаланған кездерім де болды. Сондай күндердің бірінде ауылдан келіп жатқан анама біздің жатақханада тұратын жазушы Жақсылық Сәмитұлының машинкасын сұраттым. Анам қатты ренжіді, “сондай абыройлы адаммен танысып үлгермей жатып, машинкасын сұрағаным қалай болады” деп, қатты налыды.

Машинка күнделікті жазу жазатын адамға ауадай қажет дүние ғой, Жақсылық ағаның машинкасын бір-екі сағаттан кейін қайтарып беруге мәжбүр болдым. Жұмыстағы машинканы арасында сұрап басамын. Бірақ ол да мәселемді шешпеді.

Сондай күндердің бірінде Шәрбану апайға жолығып қалдым. Апай жұмысымның қалай жүріп жатқаны жайлы сұрады. Мен машинканың қинап жүргенін айтып қалдым. Апай үйде Сағат ағайдың (Әшімбаев) машинкасы барын айтып, соны алып кетуге үйіне шақырды.

Апайдың үйі Достық көшесінің өр жағында, “Алатау” санаторийі жақта екен. Ертесінде апайдың айтқан уақытында Сағат ағамыздың үйіне бардым. Шәрбану апай үйде жалғыз екен, қолынан дәм таттым. Ағайдың шағын ғана жазу машинкасы бар  екен. Қазіргі макбуктың көлеміндей болды. Сөйтіп сол күннен бастап машинка іздеп сабылмайтын болдым. Күнделікті Әбділда атамыздың үйіне Сағат Әшімбаевтың шағын машинкасын көтеріп барамын.

Әбділда атамыздың үйіне жорығым шамамен үш айға жалғасты. Жұмысты бітірдім. Әбділда атамыздың ұлы Рүстем аға қабылдап, ақысын төледі. Ол кезде ақшаның құнды кезі еді ғой. Атамыздың өлеңдерінің әрбір бетін төте жазудан кириллицаға түсіргенім үшін 15 теңге, машинкаға басқаным үшін 5 теңге аламын. Бұл маған әжептәуір көмек болды. Әбділда ата:

– Менің кітабымның редакторы бол, – дейді. Бұл әбден жасы келіп қартайғанда жазған өлеңдері ме, әлде, білмедім, әйтеуір менің көңілімнен шыға қоймады. Сол себепті де редактор бол деген ұсынысқа да елп ете түспедім. Сөйтіп өлеңдерді кириллицаға аударып, машинкаға басып бергеннен кейін, ол кісілермен жылы қоштастым.

Бұл машинканың шапағатын көруім бір бұл ғана емес еді. Сонымен қатар қосымша қаржы табу үшін университеттің соңғы курсындағы студенттердің дипломдарын бастым. Біраз уақыт өткеннен кейін машинканы қайтару қажет болды. Қарасам машинканың біраз әріптері ұшып кеткен екен. Енді сол әріптерді орнына қояйын десем, машинка жөндейтін орталықтар жоқтың қасы еді. “Көк базар” жақтан ба, нақты есімде жоқ, әйтеуір біреуін таптым. Машинканың ұшып кеткен әріптерін орнына қойдырдым. Сөйтіп Шәрбану апайдың үйіне алып келдім. Бұл жолы мені келіні қарсы алды. Машинканы тапсырып, рахметімді айтып, қоштастым.

Шәрбану апай мені “Қазақстан әйелдеріне” жұмысқа тартқысы келді. 1997, әлде 1998 жыл болуы керек, апай ұлы Мәулен Әшімбаевтың Астанаға ауысуына орай, “Қазақстан әйелдері” журналынан кететін болды. Сол кезде мені журналдың бас редакторы Алтыншаш Жағанова ханымға ертіп әкеліп, өз орнына ұсынды. Алайда Алтыншаш апамыз мені Шәрбану апайдың орнына жұмысқа қабылдауға құлықты болмады. Сол кезде неге екенін мен үшін газеттен гөрі журналдың бәсі биік секілді көрінетін. Оның үстіне бала күнімнен жастанып оқыған “Қазақстан әйелдері” журналына жұмыс істеу қызық секілді көрінген.

Бірақ, журналда жұмыс істеуді Алла нәсіп етпепті. Бірақ кейін “Түркістан” газетінде рухани тұрғыдан ұстазым болған Дидахмет (Әшімханұлы) ағамыз журналдан гөрі қоғамдық проблемаларды жиі қозғайтын, өткір проблемаларды көтере білетін газетті журналға айырбастамағанымның дұрыс болғанын айтқан еді.

Сөйтіп, Сағат ағамыздың өзін көрмесем де, ол кісінің көзі ретінде машинкасының шапағатын көрген едім. Содан бері отыздай жыл өтсе де, күні кешегідей көз алдымда тұрады. Биыл Сағат ағамыздың туғанына 75 жыл болған екен. Сол кісінің арқасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының көп кадрлары жасырын түсіріліп, мұрағатқа сақталып қалғандығы жиі сөз болады. Бүгінде осындай қайраткер тұлғалардың, басын бәйгіге тігіп, бүгін емес ертең үшін еңбек ететін жандардың азайып бара жатқаны өкінішті.

Менің қолымның табы тиген сол кішкентай машинка бүгінде Сағат Әшімбаевтың музей үйінде сақтаулы болар деп ойлаймын.

Жалғасы. Басын мына жерден оқыңыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар