///

Үзіліп бара жатқан үміт жібі: Жүрек трансплантациясы мен мәйіт донорлығы қандай деңгейде?

55 рет қаралды
фото: ЖИ

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам жүрек қан-тамыры ауруларынан қайтыс болады. Алматы қаласында 2023 жылдан бері 8 мыңнан асқан, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға жоғары көрсеткіш. Жүрек ауруының кең таралуы мен асқынуы көптеген адамды ауыр жағдайға жеткізіп, соңғы мүмкіндік ретінде жүрек трансплантациясына жүгінуге мәжбүрлеп отыр. Алайда мұндай мүмкіндік бәріне бірдей бұйыра бермейді. Елімізде 2012 жылдан бері 101 жүрек трансплантациясы жасалса, ағзаны күту парағында тұрғандардың саны 140-тан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда трансплантаттауды күту парағында 4113 адам (95-і бала) бар, оның 3672-сі – бүйрегін, 184-і – бауырын және 138 адам жүрек органын трансплантаттауды қажет етеді. Сарапшылардың дерегінше, жүрек трансплантациясын жасаудағы басты түйткіл мәйіттік донордың тапшылығынан туындап отыр.

 «ҚАН ҚЫСЫМЫМ КӨТЕРІЛДІ»

«2023 жылдың қақаған қысы. 22 ақпанда бір жағынан соғыс өршіп жатса, бір жағынан мен Алматыдағы кардиология институтында жүрек қолқасының қақпақшасына жасалған трансплантацияны басымнан өткеріп жаттым. Ота жасалғаннан кейін өмірімді екі есе қадірлей бастадым, денсаулығыма аманатпен қарап, дер кезінде дәрігерге қаралудың маңызын тағы бір мәрте ұғындым…», – деп бастады әңгімесін қан қысымының жиі көтерілгенін байқай бастаған 79 жастағы Қанат Құдайберген (аты-жөні өзгертілді – ред.).

Алғашында қан қысымы көтеріліп, енді бірде басылғандай болған. Ол ауруға аса мән бермей, өздігінен қойып кетер деп немқұрайдық танытқан. Ем-домын алғанымен, артериялық қысымының қайта өршуінен сезіктенгеннен кейін ғана, егде тартқан адам араға ұзақ уақыт салмай дерттің себебіне үңілуді жөн деп тапқан.

«Қан қысымым көтеріле берген соң, дәрігерге қаралдым. Дәрігердің қағазға жазып берген дәрісін алып ішкен соң, жағдайым жақсарғандай-ақ болған. Бірақ көп ұзамай қайтадан көтеріле бастады. Бұл жолы дәрігер мәселенің тереңде жатқанын байқағаннан болар, мені Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына жіберді», – дейді өткенді қобалжи есіне алған Қанат Құдайберген.

«Өзімді дені сау адамдай сезініп жүре бердім, еш жерім ауырмады» деген кейіпкердің  институтта жүргізілген тексеру нәтижесінде жүрек қолқа қақпашасының қызметінде кінәрат бары анықталады. Ол институтта істейтін дәрігердің мәлімдемесіне сене алмай, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына барған. Бұл медициналық қызмет көрсету орнында да дәрігерлер сол кілтипанның барын  растаған.

«ЖҮРЕГІМДЕ КІНАРАТ БАРЫ РАСТАЛДЫ»

«Басыма жай түскендей болды. Оның алдында үйдегілер «жамандық шақырмаңыз, сізден асқан дені сау адам жоқ» деген еді. Расында сөздерінің жаны бар. Бірақ, «ауру айтып келмейді…» деген қазақ. Өмір мен өлімнің арасында қалғандай күй кештім», – дейді Қанат Құдайберген.

Кейіпкер Кардиология институты директорының қабылдауында болған оқиғаның мән-жайын ортаға салды.

«Директор маған қарап: — Аға, кейбір аурудың бар-жоғы білінбей ауырсынусыз өтеді, ақырында ол ауру сау адамды сал қылады, соңында өлімге жетелейді. Сіздегі ауырып тұрғаны — жай ғана қақпақша емес, бүкіл денеге қан тарататын маңызды қолқа қақпақшасы, – деді байсалды ғана үнмен».

«Басында жүрегіме трансплантация жасау қажеттілігі туындады ма деп сасқанмын. Оның себебі, жүрек ағзасына қол жеткізу өмірді ұтқанмен тең дейді дәрігерлер. Дегенмен, менің де кешкен отам соның ар жақ, бер жағы», – дейді ол.

Ақыры дәрігер Қанат Құдайбергенге жүрек қолқасының қақпақшасына трансплантация жасауға кеңес береді. Директор оған қолқа қақпақшасының тозатынын және толығымен тозған соң жүректің тоқтап қалатынын түсіндіріп, дереу емделу керегін айтқан.

«ҰЙҚЫДА ЖАТЫП КӨЗ ЖҰМАТЫНДАР»

«Аурудың анықталғанын естігенде мең-зең болдым. Қойылып тұрған диагноздан тірі жан қаша алмайды екен. Біз жаңалықтардан жиі еститін «ұйықтап жатып, көз жұмды» дейтін жаман оқиғаның артында осы дәл менікіндей жағдай жатады екен. Бас дәрігер: «Адам ұйықтағанда денесі тынығады, бірақ жүрек жұмысын тоқтатпайды. Ұйқы бірнеше кезеңнен тұрады. Осы фазалар ауысқанда жүрекке салмақ түседі. Егер адамның жүрегі ауырып жүрсе, дәл осы сәтте инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның кенеттен өліп кетуі сондықтан» деп жауап берді, – дейді іштей ақтарыла сөйлеген Қанат Құдайберген.

79 жастағы кейіпкерге дәрігер өзіндей жастағы жанның көп келетінін, бірақ олардың отадан бас тартатыны туралы айтқан: «бірі отаның сәтті өтетініне сенімсіз болса, енді бірі жүрексінеді».

«Бірнеше күннен кейін маған Жаңасібірден Қазақстанда шеберлік сағатын өткізу үшін кардиолог дәрігердің келе жатқаны туралы хабар берді. Оның аспирантураны Ресейде тамамдаған білікті маман екенін білдім. Ағзаны алмастыру, орналастыруды жүзеге асыратын жаңа технологияларды көрсету мақсатында келетінін естідім», – дейді кейіпкер. Қанат Құдайбергеннің айтуынша, шетелдік кардиохирург бастапқыда 1 қаңтарда келуге тиіс болған. Алайда Қаңтар оқиғасына байланысты оның сапары кейінге шегеріліп, дәрігер ақыры 20 ақпанда келетін болған. Ол осы күннің жадына мәңгі сақталғанын айтады.

 «МЕНДЕГІСІ – ШОШҚАДАН ЕМЕС, ӨГІЗДЕН ЖАСАЛҒАН ҚОЛҚА ҚАҚПАҚШАСЫ»

Дәрігер ота жасар алдында кейіпкердің жүрек қан-тамырларын толығымен шолып, тексеріп шыққан. «Денсаулығымның отаға дайын екенін анықтаған соң, дәрігер ертеңгі күні ота жасайтынын мәлімдеді. Сол түскі уақыттан тамақ ішпей, организмімді ертеңгі күнге дайындадым», – дейді ол.  Қанат Құдайбергенге 2023 жылғы 22 ақпанда Алматыдағы Республикалық ғылыми кардиология және ішкі аурулар институтында жүрекке күрделі ота жасалды. Ота алты сағатқа созылған: кешкі сағат 17:00-де басталып, түнгі 23:00-де аяқталған.  «Таңертең оянғанда өзімді жақсы, сергек сезіндім. Әдетте шаршап тұратын басым алғаш рет тыңайып тұрғандай әсерде болдым. Таңғы асты тойып ішіп алдым. Дәрігерлер кеудемді ортасынан тіккенін, біраздан кейін ашып қарағанда бірақ аңғардым. Ертесі түсте менің жағдайым жақсарды, реанимацияға бір күн де жатпадым. Бірден палатаға ауыстырды. Сол күні-ақ аяғыма тұрдым. Мұны өз басым медицинаның жетістігі деп бағаладым», – деп сөзін жалғады ол.  Кейіпкер бұрын соқырішекке жасалған отадан кейін 18 күн бойы реанимацияда жатып, өлім аузынан аман қалғанын, ал бұл жолы бар болғаны бір күнде аяғына тұрып, өзін жақсы сезінгенін алға тартады.

«Кейінірек, дәрігерден неліктен ауырсыну сезбегенімді сұрадым. Дәрігердің жауабы таң қалдырғаны рас. Ол «сіз бізге дерт асқынбай тұрып, сау күйіңізде келдіңіз, көп адам ауруын елемей, соңында асқындырып барып бірақ қаралады. Ондай ағза отаға шыдамайды» деп жауабын қайырды. Жақсысы сол, биологиялық қақпақшалардың бір артықшылығы қанды сұйылтатын дәрілерді өмір бойы қабылдаудың қажеті болмайды екен», – дейді жымия жауап берген Қанат Құдайберген.

Дәрігер кейіпкерге дүниежүзінде биологиялық қақпашаның кең тарағанын, бірақ Орта Азия және кей артта қалған елдердің әлі күнге дейін жасанды қақпақшаларды қолданатыны туралы сөз қозғаған.

«Дәрігер адам ағзасына ең үйлесімдісі шошқаның қолқа қақпақшасы екенін, алайда мұсылмандардың таңдауы бойынша шошқадан жасалған қақпақшаның орнына өгіздің қақпақшасы салынатынын айтты. Сөйте келе, Қазақстанда алғаш рет жүректегі қолқа қақпақшасына өгіздің биологиялық қақпақшасын салдырған науқас мен болдым», – дейді 79 жасқа аяқ басқан Қанат Құдайберген.

Кейіпкер отадан кейін екі-үш рет жоспар бойынша тексерістен өтіп тұрады.

«2 айда бір тексерістен өтіп тұрады екенбіз. Жыл бойы қаралып тұрдым. 1 жылға жетпей, өгіздің жүрек қақпақшасы ағзама оңтайлы сіңіскен болып шықты. Содан бері 2 жылдың жүзі өткен, жағдайым әжептәуір жақсы», – дей келе сол кездегі жағдайын еске алып, ол қиындықты да еңсергенін сабырлы әрі қуанышты қалыпта баяндап берді.

«Ал жүректің өзін ауыстыратындардың жанын ойлап, кәдімгідей ауырып қалғаным бар», – деді ол сөзінің соңына қарай.

«ЖҮРЕК ҚАН-ТАМЫРЛАР АУРУЫ ЖҮРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫНА АЛЫП КЕЛЕДІ»

Кардиолог дәрігер Күнқұяш Ұзақбайқызы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, аурудың алғашқы белгілерін елеусіз қалдырмауға шақырады.

«Жүрек-қан тамырлары аурулары – жүрек трансплантациясына алып келетін басты себептердің бірі. Егер ауру дер кезінде емделмесе, жүрек қызметі күрт әлсіреп, дәрі-дәрмек пен өзге терапиялық әдістер нәтиже әкелмеген жағдайда, науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы – жүрек трансплантациясы», – дейді Күнқұяш Ұзақбайқызы.

Дәрігердің айтуынша, көп жағдайда науқастар алғашқы белгілерге мән бермей, ауруды өз бетімен басуға тырысады.

«Кеуде тұсы кенеттен ауырып, жүрек қатты қысылғанда, көбісі ауырсынуды уақытша басатын дәрі немесе нитроглицерин ішіп, жеңілдеп қалса, бәрі өтті деп ойлайды. Жедел жәрдем шақырудың орнына, бір-екі күн күтеді. Үшінші күні жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға ауыр халде түседі. Өкінішке қарай, мұндай кезде көмек көрсету қиынға соғады», – дейді маман.

Осындай сәтті басынан өткерген Қанат Құдайберген де бұл ескертуге толықтай қосылады. «Отадан кейін өмірім бір сәтте өзгеріп кеткендей болды. Саламатты өмір салтын ұстанамын. Дәрігерлер өмірімді аман сақтап қалды. Енді өмір сүру ұзақтығы ары қарай тек өз қолымда екенін сол кезде терең түсіндім», – дейді ол.

«Ең алдымен, өзімді жеңуге тура келді… Дастарқан басына отырсам, баяғы әдетпен көзім қазы-қартаға, қуырдаққа, ыстық бауырсаққа бірден түсетін. «Тағы бір рет жей салайыншы» деп өз-өзімді алдарқататынмын. Бірақ отадан кейін «осы астан-ақ ажалым келмесін» деп, ерік-жігерімді жинап, майлы, асқазанға ауыр тиетін тағамдардан біржолата бас тарттым. Енді таңғы астың жеңіл, барынша құнарлы болуына мән беремін. Маған қазір жеміс-жидектің, сұйық көжетің, кішкентай қара нанның өзі де жеткілікті. Тұз мөлшерін азайттым. Алғашқы күндері дәмсіз көрініп, тамақ ішкім келмейтін. Бірақ уақыт өте келе бойыма бір жеңілдік пайда болғанын сездім», – дейді жүрек қолқасының қақпақшасына трансплантация жасаған Қанат Құдайберген.

Күнқұяш Ұзақбайқызының сөзінше, көңіл-күйдің денсаулыққа айтарлықтай әсері зор. Ол жағымсыз эмоциялардың ми арқылы ағзаға әсер етіп, қан айналымына, ішкі органдар және гормондардың теңгерімінің бұзылуына әкелетінін айтады.

«Бұл жүрек соғысының, қан қысымының көтерілуіне, инсульт немесе инфаркт сияқты ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Ер адамдар, әсіресе 50-55 жасқа дейін, жүрек қан-тамыры ауруларына жиі шалдығады. Алдын алуға болатын қауіпті факторлар: жоғары холестерин, гипертония, темекі шегу, қант диабеті, семіздік және күйзелістер», – деді ол.

«ӨҢІРЛІК ҮЙЛЕСТІРУШІЛЕРГЕ АРТЫЛҒАН АУЫР ЖАУАПКЕРШІЛІК»

Мәйіттік донорлық бойынша жасалған оталар саны Қазақстанда ең соңғы деңгейде қалып отыр. Кардиолог Меруерт Қуандыққызы донорлар саны мен науқастар саны арасындағы айырмашылық турасында: «Бұл мәселе, ең алдымен, қоғамның орган донорлығына деген көзқарасымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда орган трансплантациясына қажетті донорлық ағзалар мен реципиенттер арасында үлкен алшақтық бар. Мысалы, 4100-ден астам реципиенттің әртүрлі ағзаларға мұқтаждығы болса, донорлардың саны айтарлықтай аз», – деп жауап берді.

Маман қайтыс болған адамдардан орган алу үдерісін Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы органдары мен өңірлік үйлестіруші органдар атқаратынын айтады. Оның сөзінше, мәйіттік донорлықтың жүзеге асырылуы қиын өтеді.

«Мәйіттік донор негізінде жасалатын отаның алдында шығаратын шешімдерді қабылдауға көбінесе өңірлік координаторлар мен медициналық орталықтар жауапты. Өкінішке қарай, туған-туысының көбісі мәйіттік донорлыққа қарсы болғандықтан, бұл үдеріс өте қиын әрі ұзаққа созылады», – деді ол.

 «МӘЙІТТІК ДОНОР АНЫҚТАЛҒАН КЕЗДЕ ТУҒАН-ТУЫСҚАНДАРЫНАН РҰҚСАТ СҰРАЙМЫЗ»

…Жүрек ауырса, адам тек денсаулығынан емес, үмітінен де айырыла жаздайды екен. Қанат Құдайберген секілді жүрек дертіне шалдыққан талай адам уақытында көмек алмаса, өмірімен қош айтысып кете барады. Мұндай тағдырлар еліміздегі жүрек трансплантациясының қазіргі ахуалына назар аудартпай қоймайды.

Осы ретте UMC трансплантация орталығының үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанова еліміздегі жүрек трансплантациясының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы айтып берді.

«Қазақстанда 2012 жылдан бастап осы күнге дейін 101 жүрек трансплантациясы жасалды. Алғашқы донорлық жүрек трансплантациясы UMC Жүрек Орталығында 2012 жылғы 8 тамызда клиниканың негізін қалаушы Юрий Пя мен Чехиядан келген кардиохирург Ян Пирктің жетекшілігімен жасалды. Ол кезде донорлық стационарда әлеуетті донорға ми өлімі диагнозы қойылды. Содан кейін донордың туыстарынан рұқсат алғаннан кейін , жүрек трансплантациясы мүмкін болды. Қазіргі таңда осы жүрек транпслантациясы жасалған тұңғыш реципиент отбасымен саламатты әрі белсенді өмір сүріп жатыр», – деді ол.  Сәуле Шайсұлтанованың айтуынша, биыл 4 ақпанға қараған түні UMC медициналық командасы республика бойынша 100-ші донорлық жүрек трансплантациясын сәтті өткізді. Донор 62 жастағы ер адам, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болды, дәрігерлер оның инсульт салдарынан ми өлімін тіркеген. «Медициналық мамандармен және трансплантация үйлестірушісімен сөйлескеннен кейін, ер адамның туыстары ағзалардың донорлығына келісім берді», – деп жауап берді маман.  Маман еліміздегі 2012 жылдан бастап осы күнге дейін жасалған 101 жүрек трансплантациясы салыстырмалы түрде аз көрсеткіш екенін алға тартады.   «Елімізде трансплантация орталықтары мен білікті мамандар жеткілікті болғанымен, «күту парағында» тұрған барлық науқасты донорлық жүрекпен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Қазіргі таңда ең өзекті әрі күрделі мәселе — жүрек донорлығының тапшылығы», – дейді UMC трансплантация орталығының үйлестіруші маманы.

79 жастағы Қанат Құдайберген жүрегінің қолқа қақпақшасын ауыстырған күнін еске алғанда, жанын шымырлатқан сол бір ауыр сәттердің әлі де көз алдында тұрғанын айтады.

«Дәрігерлер өмірімді аман сақтап қалды. Мен өмірге жай ғана оралып қойған жоқпын, дүниеге есін қайта ашқандай күй кештім. Қазір аттың сабындай ғана қысқа өмірде әр күнімді қадірлеймін, әр таңымды шүкіршілікпен қарсы аламын. Біреулер үшін жүрек – жай ғана ағза, ал ағза ауыстыруды қажет ететін бізге ол – өмір сүруге берілген екінші мүмкіндік. Ағзасын ауыстыруды күтіп отырған талай жан осындай бір мүмкіндікке зар болып отыр», – дейді Қанат Құдайберген көзіне жас алып.

«Мәйіттік донор анықталған кезде, ең алдымен туған-туысқандарынан рұқсат сұраймыз, өйткені әрбір кәмелетке толған азаматтар ЕGov порталы арқылы өзінің қолтаңбасымен келісімін бере алады немесе одан бас тарту туралы да шешім қабылдай алады. Порталға адамдар тікелей тіркелмегендіктен, әлеуетті донор табылған кезде оның туған-туысқанымен сөйлесіп, келісімін алуға мәжбүр боламыз. Көпшілігі 95-98 пайыз донорлықтан бас тартады. Жүрек трансплантациясына мұқтаж адамдарды жүрекпен қамтамасыз ету деңгейі тұралап тұрғаны сондықтан», – деп түсіндірді маман.

«96 БАЛА АҒЗАСЫН АУЫСТЫРУҒА МӘЖБҮР »

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанда ағзаларды транспланттау бойынша 1005 ота жасалды, онда трансплантациялардың 92,1%-ы тірі адамдардың ағзаларының, 7,9%-ы кадаврлардан жасалған. Дүниежүзінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуда Испания алдыңғы қатарда тұр. Ол мемлекетте 1 миллион адамға шаққандағы көрсеткіш – 49,38 пайыз. Бұл көрсеткіш Беларусь республикасында – 25,26 пайыз болса, Иранда (мұсылман мемлекеті) 12,57 пайыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жаһандық Қорының есептеулері бойынша, бұл көрсеткіш Қазақстанда не бары 0,36 пайыз.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, трансплантаттау бағдарламасы басталғаннан бері 2012 жылдан бастап Қазақстанда донорлық ағзаларды трансплантаттау бойынша 2800 ота жасалды. Олардың ішінде ағза:

  • 2353 операция (84%) — тірі донордан;
  • 447 операция (16%) — мәйіттік донор негізінде алынды.

Қандай ағзалар трансплантатталды?

  • Бүйрек — 2078, бауыр – 541, жүрек – 98, өкпе – 22, ұйқы безі – 2, мөлдірқабық – 59 рет трансплантаци жасалған.

Ислам дінінде ағзаны трансплантациялауға байланысты не делінген?

Мүфтият, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі бұл қан донорлығына ұқсас деп тауып, шариғат тұрғысынан рұқсат берді. Себебі бұл әрекет Алланың қасиетті Құранда айтылған «Ізгі істерде және тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәйда» сүресі, 2-аят)  және «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» («Мәйда» сүресі, 32-аят) деген қағидаларына сәйкес келеді.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар