Фото: facebook-тегі жеке парақшасынан
Жұлдыз Сүлейменова кім?
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 1983 жылғы 25 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген.
• Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих мамандығы бойынша бакалавриат бітіріп, кейін философия және саясаттану мамандығы бойынша магистратура мен докторантураны аяқтаған.
• 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін алған.
Өзінің кәсіби және қоғамдық қызметін Жұлдыз Сүлейменова жастар ісі, білім, басқару салаларында бастады:
• 2000-2004 жылдары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Тарих факультеті, «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат;
• 2006-2008 жылдары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша докторантура;
• 2008-2011 жылдары ҚазҰУ докторантурасын «Философия және саясаттану» мамандығы бойынша бітірді. 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алды.
• 2000-2004 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік өзіндік басқарма төрағасы болды.
• 2004-2006 жылдары — Алматы Экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы болды.
• 2006-2007 жылдары — «Отан» Республикалық саяси партиясы филиалының Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, «Жас Отан» Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды.
• 2007-2008 жылдары — Ы. Алтынсарин №159 көпсалалы гимназиясының тарих және құқық пәнінің мұғалімі (Алматы) болды.
• 2010-2011 жылдары — Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректорының орынбасары, жастар әкімшілігінің төрағасы болды.
• 2011 жылы — Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы болды.
• 2011-2012 жылдары — Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғылыми хатшысы болды.
• 2012-2014 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері болды.
• 2014-2017 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары болды.
• 2017-2019 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Даму департаментінің директоры болды.
• 2019-2021 жылдары — Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» директоры болды.
Мектептен Мәжіліске: саясатқа келу траекториясы
2021 жылы Ж.Сүлейменова «AMANAT» партиясының тізімі арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Ол Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
2023 жылдан бастап қайта сайланып, VIII шақырылымда депутат қызметін бүгінге дейін жалғастырды.
Қоғамдық және заңнамалық бастамалары
Жұлдыз Сүлейменова қоғамдағы өткір мәселелерге белсене араласады. Олардың кейбірі:
• Балалар мен жасөспірімдердің психикасы, өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары жайлы алаңдаушылығы туралы жарияланған жазбалары бар.
• Білім саласында: орта білімнің сапасын арттыру, мұғалімдердің мүмкіндіктерін нығайту, әдістемелік жұмыстарды дамыту мәселелерін көтерген.
• Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар: мектептегі бухгалтерлердің заңсыз әрекеттеріне назар аударып, комплаенс қызметін енгізу қажеттігін айту арқылы реформалар ұсынған.
• Әйелдер мен балалар құқығын қорғау заң жобаларын қолдауы: тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нормалар енгізуді насихаттаған.
Жұлдыз Сүлейменова бірнеше мемлекеттік және қоғамдық марапатқа ие:
• «Құрмет» ордені (2021);
• «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі;
• Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі (мектеп және педагогика саласына қосқан үлесі үшін) және тағы басқа.
Кадр саясаты: тұрақсыздықтың символына айналған сала
Қазақстан тәуелсіздігін алған 34 жыл ішінде білім саласының тізгінін ұстаған министрлер саны 16-ға жетті. Орта есеппен әр министрдің қызмет ету мерзімі екі жылға да жетпей аяқталып отырған. Парламент Мәжілісінің депутаты, журналист Ермұрат Бапи мұны «қастандыққа тең чехарда» деп атап, мұндай тұрақсыздықтың түбі білім жүйесінің дамуын тежеп, салаға жүйелі саясат жүргізуге мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың каденциясының өзінде бұл – төртінші министр. Яғни, бір ғана саяси кезеңнің ішінде оқу-ағарту саласы бірнеше мәрте басшылық ауыстырып, түбегейлі өзгерістерге ұшырап келеді. Бапидің айтуынша, мұндай жағдайда білім реформасы түгілі, министрліктің өз бағытының жалғастығы сақталмайды.
Ол сонымен бірге жаңа министр Жұлдыз Сүлейменованың аты соңғы жылдары президент баяндамаларында жиі аталғанын, кандидатураның сырттан таңылмағаны, Тоқаевтың тікелей таңдауы болғанын атап өтті. Бапи екі жыл бұрынғы өзінің жазбасын еске салып, Сүлейменованы «Жаңа Қазақстанды жасайтын білімді, білікті, табанды жастардың алдыңғы қатарынан» деп бағалағанын айтты.
Депутат жаңа министрдің жеке қасиеттеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Сүлейменова тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасының бастамашысы болған кезде әріптестерінің сыни сауалдарына қазақы салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиені алға тарта отырып жауап берген. Бұл оның тек заңға сүйенбей, қоғам құндылықтарын да ескеретінін көрсетеді.
Депутат кезіндегі бастамалары: ұстаз құқығы мен әлеуметтік әділет
Жұлдыз Сүлейменова депутат болған кезде қоғамда кең талқыланған бірнеше мәселеге араласты:
• Семей оқиғасы. 2024 жылғы желтоқсанда Семей қаласында мұғалім Қуат Айтқалиев жаңа жылдық шырша безендіру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Сүлейменова Бас прокурорға сауал жолдап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Ол «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзған шенеуніктердің барлығы жауап беруге тиіс деді.
• Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң. Ол заң жобасының бастамашыларының бірі болды. Бұл құжат қоғамда қызу пікірталас тудырды: бір тарап әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін қажет десе, екінші тарап «қазақы отбасылық құндылықтарға қайшы» деп қарсы шықты.
• Білім сапасы. Орта мектептегі білімнің сапасын көтеру, мұғалімдерге қосымша жүктемені азайту, әдістемелік жүйені жетілдіру мәселелерін көтерді.
• Жемқорлық тәуекелдері. Мектеп бухгалтериясындағы заңсыздықтарға назар аударып, комплаенс қызметін енгізуді ұсынды.
Қоғам реакциясы: қолдау мен күдік
Белгілі ұстаз Аятжан Ахметжан Facebook парақшасында:
Аятжан Ахметжан жазбасында Жұлдыз Сүлейменованың министр болып тағайындалуын қуанышпен қабылдағанын жасырмайды. Ол: «Жұлдыз Досбергенқызы білім саласына бүгін келген есім емес, 2007 жылы жұмысын мектеп мұғалімі ретінде бастаған. 18 жыл осы саланың айналасынан ұзаған емес» деп, жаңа министрдің саладағы ұзақ жолын атап өтеді.
Сондай-ақ ол Сүлейменованың артықшылықтарын нақтылап береді: «Талапшыл, мінезді. Айтқанын жасата алады. Сауатты, саланы ішінен де сыртынан да біледі. Қай тілге де жеттік, болмысы қазақы. Сала маманы ретінде біраз жоспары бар, бұрыннан айтып келе жатқан ойларын іске асырады деп сенемін», – дейді.
Дегенмен жағдайдың оңай емесін де мойындайды: «Қиыны, министрлік шашыраған тұста келді. Шаруа шаш етектен. Ең басты дүние – білім беру бағдарламасы мен оқулықтарды жаңарту. Нақты айтқанда білім мазмұнын реттеу. Бұл кезек күттірмейтін шаруа. Себебі бұл 2016 жылдан бері 9 жыл айта-айта жауыр болды. Бұны Жұлдыз ханым жақсы түсінеді», – деп жазады.
Жазбасының соңында ұстаз министрге сәттілік тілеп, қолдау білдіреді: «Жұлдыз Досбергенқызы, іске сәт! Еліміздің ең маңызды саласының тізгініне келдіңіз! Біз елдің болашағы үшін қуаныштымыз! Шын жүректен құттықтаймын! Қолыңыздан келетін, өзіңіз білетін сала, сәттілік!» – деп қорытындылайды.
Мұғалім әрі тарихшы Өмір Шыныбекұлы Facebook парақшасында кеңес заманындағы ауыл дүкенінің тәртібін мысалға алып, бүгінгі Оқу-ағарту министрлігіндегі жағдайды салыстырды. Оның айтуынша, 60 үйлі ауылдағы шағын дүкеннің өзі дүкенші ауысқан сайын бірнеше күнге жабылып, ревизиядан өтетін. Әрбір тауар мен тиын саналып, артық не кем шықса тергеу басталатын. Артық шықса – сатушы үстінен ақша қосып сатты деген сөз, кем шықса – өзі жеп қойды деген күдік, екеуі де қылмыс саналатын. Шыныбекұлы осы тәртіпті еске алып, жаңа Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған Жұлдыз Сүлейменова да ведомствоны дәл осылай қатаң аудит пен инвентаризациядан өткізіп қабылдауға тиіс дейді. Ол Сүлейменованың депутат кезінде бұрынғы министр Ғани Бейсембаевты форумдарға артық қаржы шашты, санаты бекітілмеген мұғалімдерге заңсыз жалақы төледі, жемқорлыққа жол берді деп айыптағанын еске салды. Егер бұл айыптаулар расталса, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратурасы және Қаржы мониториңі агенттігі араласуы керек деп санайды. Тарихшының пікірінше, Оқу-ағарту министрлігі ауылдың дүкенінен кем түспеуге тиіс, өйткені саладағы әр қаржы мен шешім елдің болашағына тікелей әсер етеді.
Бірақ сын да жоқ емес. Кейбір әлеуметтік желі қолданушысы:
• «Кадр тұрақсыздығы тоқтамай, реформа болмайды» деп алаңдады;
• «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң қазақ ұлтын әлсіретеді» деген пікір айтты;
• «Министрліктердің қаулысы өңірлерде орындалмайды» деген нақты проблемаларды көтерді.
Еркін Рақышев сияқты қоғам қайраткерлері бұл заңның: – «Қазақы отбасылық модел Жаңа министрдің алдында шешімін күткен түйткілдер жетерлік. Біріншіден, оқулықтар мен білім бағдарламасы – соңғы тоғыз жылда қоғамды қажытып келген ең өзекті мәселе. Білім мазмұнын қайта қарау – кезек күттірмейтін міндет. Екіншіден, мұғалім мәртебесі заң жүзінде бекітілгенімен, іс жүзінде жүзеге аспай отыр. Семейдегі мұғалімнің шырша безендіру кезінде ауыр жарақат алуы бұл заңның әлі де қағаз күйінде қалғанын дәлелдеді. Үшіншіден, кадр тұрақсыздығы – саладағы басты дерт. Жаңа министр осы үрдісті жалғастыра ма, әлде ұзақмерзімді реформаға бет бұра ма – уақыттың еншісінде. Төртіншіден, ең маңыздысы – қоғамның сенімі. «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында халық министрдің әрбір қадамын жіті бақылап, нақты нәтиже күтеді», – деп айтты.
Жұлдыз Сүлейменованың тағайындалуы – қоғамда дау тудырған оқиға. Бір жағынан – білім саласын іштен білетін жас, білікті маманға сенім, екінші жағынан – кадр тұрақсыздығы мен реформалардан шаршаған жұрттың күдігі.
Министрлікке қойылатын ең басты талап – құрғақ уәде емес, нақты нәтиже. Жаңа басшы білім мазмұнын жүйелеп, мұғалім мәртебесін тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қорғап шыға алса, қоғам сенімін ақтауға мүмкіндік туады. Ал егер ол да бұрынғыдай «қысқамерзімді министрлердің» қатарына қосылса, білім саласындағы дағдарыс тереңдеп, түйткілден шығу тіпті қиынға соқпақ.
Парақшамызға жазылыңыз