2019 жылдың күзі. Алматылық студент кітап дүкендерінің табалдырығын тоздырғалы қашан. Оның іздегені — әлемдік бестселлерлердің қазақша нұсқасы. Дүкендегі кітаптың көбінен көз сүрінеді, дегенмен онда қазақ тіліндегі аударма жоқ. Сөрелерде әлем әдебиетінің орысша нұсқасы ғана тұр. “Ол кезде менің таңдауым шектеулі болды — орысша оқимын ба, әлде ағылшынша, әлде мүлде оқымаймын ба”, — деп еске алады қазіргі магистрант Мадина. Бұл – бір ғана студенттің басынан өткен оқиға емес, сол кездегі тұтас бір буынның ортақ мәселесі.
Мәселе бар еді…
ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Статистика және кітап нарығына мониторинг жасау» бөлімінің басшысы Алтын Абдрахманованың айтуы бойынша кітап палатасы жыл сайын таралымы бойынша, атау саны бойынша ең көп кітап шығарған алдыңғы қатарлы он баспаны анықтап отырады. 2018 жылы осы қатарда «Атамұра», «Фолиант», «Алматыкітап» , «Мектеп» т.б. баспалар енген. 2019 жылы бізге 236 баспадан 4 307 кітап келіп түскен. Оның 52,1 пайызы – қазақ тілінде, 39,9 пайызы – орыс тілінде, қалғаны – әртүрлі тілдердің еншісінде. Негізі өзін-өзі жетілдіру, тұлғалық даму бағытындағы кітаптар сұранысқа ие, – дейді «Статистика және кітап нарығына мониторинг жасау» бөлімінің басшысы Алтын Абдрахманова.
«Қазына» кітап дүкенінің қызметкерінің айтуы бойынша дүкен статистикасында 2019 жылы тек қана қазақ тілінде 112 951 кітап сатылған, ал орыс тіліндегі кітаптар бұдан 2-3 есе артық. Кітапқа деген сұраныс бойынша Батыс өңірлер көш бастап тұр. Атап айтқанда, Орал, Ақтөбе, Ақтау қалалары. Одан кейін Солтүстік Қазақстан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында кітап көп өтті.
Steppe & World — батыл шешім, жүйелі редактура
Ол – әлем әдебиетін қазақ даласына әкелген дара тұлға. Қазақ балалары, әсіресе өз балалары туған тілінде сапалы әдебиет оқи алуы үшін алғашқы жарыққа шығарған кітабын балаларға арнады. Бұл — Steppe & World баспасының негізін қалаған, қазақ кітап нарығында ерекше қолтаңбасын қалдырып келе жатқан Раиса Кадердің өміріндегі маңызды бетбұрыс еді. Аудио.
– Мен бала кезімнен Хәрри Поттердің барлық бөлімдерін қайталап көруден жалықпайтынмын. Қағаз бетіне түскен нұсқасын да оқып көрдім, тек орыс тілінде. Кейіннен 2020 жылы атышулы кітап Хәрри Поттер деп қазақшаланып, басылып шықты. Алғашқылардың бірі болып кітапқа қолым жетті. Сыртындағы мұқабасының, ішіндегі қаріпінің, суреттерінің барлығында сиқыр сезіліп тұрды. Бұл менің бала күнгі қазақ тілінде оқысам екен деген арманымның орындалған шағы еді, – дейді Мадина. Аудио.
– Бұл әлемдік бестселлердің Хәрри Поттер деген қазақтілді нұсқасын аяқтаған соң менің миымда Гермионаның аты Хәрмиона, Хагридтің есімі Хәгри, ал Гарри Хәрри болып жатталып қалды. Тіпті бұл кітап әу бастан-ақ қазақша жазылған сияқты. Қазір маған кімде-кім осы кітапты оқығалы жатырмын деп айтса, бірден қазақша нұсқасын оқуға кеңес беремін.
Раиса ханымның айтуы бойынша бұл кітап енді ғана шығып бастағанда біршама жағымсыз пікір айтылған. Ең алғаш инстаграм желісіне бұл кітаптың бірінші бөлімінің мұқабасын жариялағанда атауына байланысты, философская камень деген сөзді пәлсапа тас деп аударғанға қатысты өте көп нашар пікірлер кездескен. Алайда соның барлығына қарамасан осы кітапты бастан-аяқ оқып шыққан оқырмандардың көзқарасы мүлде басқа болған көрінеді. Аудармаға қатысты көптеген жылы хаттар, ыстық лебіздер алдым. Осыған қарағанда бұл кітапты шығаруға атсалысқан аудармашыларымыз, редакторлар, барша ұжым өте жақсы жұмыс істеген болуы керек, –дейді Раиса Кадер.
Бұл баспа үйінен тұсауы кесілгеннен бері 150-ден астам кітап басылып шыққан екен. Ал кейіннен Меломан кітап дүкенімен келісімшартқа отырған соң Хәрри Поттер осы дүкеннің ең көп сатылған бестселлерлер қатарына кірген. Баспа үйіне атақты да, қаржыны да әкелген осы кітап болса керек.
Тек аударма емес, бейімдеу де маңызды
Әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару – жай сөзбе-сөз аударма жасау емес, бұл – көркемдік пен мазмұнды сақтай отырып, оны қазақ оқырманының танымына бейімдеу процесі. Аудармашының басты міндеті – түпнұсқадағы рухты, стильді, автордың ойын жеткізе отырып, оны қазақтың тілі мен мәдениетіне етене жақын етіп беру. Себебі кейде шығарма ағылшын тілінде бір мағынада оқылса, қазақ тіліне тікелей аударылғанда сол әсер жоғалуы немесе мүлде басқаша қабылдануы мүмкін. Сондықтан бейімдеу – бұл аударманың ең жауапты, ең шеберлік талап ететін тұсы. Әсіресе балаларға арналған әдебиетті аударғанда бұл тіпті маңызды. Себебі бала тілі — күрделі емес, бірақ сезімтал. Егер шығарма дұрыс бейімделмесе, мәтін балаға қызықсыз әрі түсініксіз болып қалуы мүмкін. Осы тұста аудармашының рөлі тек тілмаштықпен шектелмей, ол әрі жазушы, әрі педагогқа айналады. Осы мәселеге қатысты редактор Ырысбек Дәбей өз тәжірибесімен бөлісті.
– Жан–Клөд Муғлөваның “Теріс аққан өзен” деген шығармасын Раушан деген қарындасымыз аударды. Сол жерде бір сөзді “мәңгілік өмір сыйлайтын су” деп аударды. Ол сөзді қазақта “әбілхаят” деп айтады. Содан соң мен сол сөзді аудармашыға осы нұсқада ұсындым, ол қабыл алды. Осындай архаизмге айналып бара жатқан сөздерді біз қолданысқа енгізуіміз керек. Сол кітапта тағы бір қызық көркем образ – ұмыттыратын орман бар. Аудармашы оны “ұмыту орманы” деп берген. Бұл да мағыналық жағынан түсінікті, бірақ қазақ дүниетанымында “ұмыту” сөзінің баламасы ретінде қолдануға болатын символикалық мәні терең сөз – «мұт» бар. Осыны негізге алып, мен Шәкәрімнің “Атымды қойдым – Мұтылған” деген өлең жолын еске түсіріп, “Мұт орманы” деп атауды ұсындым. Бұл нұсқа да қабылданып, мәтінде қолданылды. Осындай ұлттық
болмысқа жақын, терең мағыналы сөздерді қайта тірілту – бүгінгі аударма мәдениетінің маңызды бағыттарының бірі.
Балаларға арналған көркем аударма: «Kitapal»-дың басты бағыты
2018 жылдан бері жұмыс істейтін «Kitapal» баспа үйі бүгінде қазақстандық кітап нарығында өзіндік орны бар маңызды әдеби орталыққа айналды. Құрамына «Таным», «Самға» және балалар әдебиетіне маманданған «Алтынсақа» секілді бірнеше баспа кіреді.
Платформа қазақ оқырманына сапалы контент ұсыну мақсатында әлем әдебиетін аударып қана қоймай, оны мәдени тұрғыда бейімдеуге де ерекше мән береді. Әсіресе балаларға арналған кітаптардағы тілдің көркемдігі мен түсініктілігі басты назарда. Шет тілдерінен тәржімаланған 50-ге жуық көлемді туынды мен ондаған шағын форматтағы кітаптар осы бағыттағы еңбектің жемісі.
Редактор, аудармашы Жібек Зинелова баспалардың тақырыптық жағынан сараланып, сапаға басымдық беріп келе жатқанын айтады:
«Соңғы кездері баспалар жекелеген сала, тақырып бойынша дамып келеді. 2023 жылы «Kitapal» осы бағытта 248 кітап шығарса, оның 100-ден астамы балаларға арналған. Сонымен қатар 50-ге жуық үлкен, 40-50 шағын кітап шет тілдерінен қазақ тіліне аударылды», – дейді ол.
«Kitapal» — қазақ оқырманына ойлы, сапалы әдебиетті қолжетімді етуді мақсат еткен жаңа буын баспагерлер ортасы.
“Қазақ тілінің мазмұнын бай болсын десек, біз сияқты жүздеген баспалар қажет”
2018 жылы негізі қаланған «Мазмұндама» қоғамдық қоры — қазіргі қазақ баспа кеңістігіндегі заманауи бағытта дамып келе жатқан ерекше жобалардың бірі. Бұл қордың басты мақсаты — әлемде ең көп оқылатын, мазмұны терең, идеясы өзектілігін жоғалтпаған кітаптарды қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына өзінің ана тілінде жаһан әдебиетін тануға мүмкіндік беру. Сонымен қатар, қор қазақ қоғамында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды да көздейді.
Қор директоры Теңіз Сейілханның айтуынша, «Мазмұндама» 2023 жылы әлемнің әр түкпірінен жинақталған 140-тан астам озық туындыны қазақшаға аударып, көпшілікке қолжетімді еткен. Бұл кітаптар тек әдеби шығармалар ғана емес, сонымен қатар іскерлік әдебиет, тұлғалық даму, қаржылық сауат, кәсіпкерлік сынды өмірлік өзекті бағыттарды да қамтиды. Соңғы жылдары қазақтілді оқырмандар арасында өзін-өзі дамытуға арналған мотивациялық және практикалық мазмұндағы еңбектерге деген сұраныс айтарлықтай артқан.
Оқырмандар көбіне көлемі үлкен, күрделі құрылымды шығармаларға уақыт таба бермейтіні үшін кітаптың қысқаша мазмұнын жүйелі түрде түсіндіретін саммари форматындағы кітаптар да кең таралып жатыр. Мұндай кітаптар бір қарағанда оқу процесін жеңілдетіп, басты идеяларды тез қабылдауға көмектеседі. Қазіргі таңда «Мазмұндама» ұсынған кітаптардың ішінде ең жиі сұранысқа ие болған авторлар қатарына Луиза Хей, Дейл Карнеги, Джеймс Клир, Ник Вуйчич, Робин Шарма сияқты әлемге танымал мотивациялық жазушылар кіреді.
Теңіз Сейілхан технология мен уақыт тығыздығы дәуірінде кітап оқу азайды деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, бүгінде оқырман жай ғана қағаз кітаппен шектелмейді. Көптеген адам кітапты электронды нұсқада оқуды, болмаса жолда келе жатып немесе үй жұмысын істей жүріп аудионұсқасын тыңдауды жөн көреді. Бұл — кітап оқу мәдениеті жоғалып бара жатқан жоқ, керісінше жаңа форматқа ауысып жатыр деген сөз.
Сонымен бірге ол қазіргі Қазақстандағы баспалардың жағдайына да тоқталды. «Елімізде алғашқылардың бірі болып заманауи баспаны 2018 жылы құрдық, қазіргі таңда жаңа баспалардың саны қатты артты деп айта алмаймын, қазақ тілінің мазмұнын бай болсын десек, біз сияқты жүздеген баспалар қажет», — дейді Теңіз Сейілхан.
Оның пікірінше, қазақ тіліне сапалы контент керек. Ол контент бір күнде пайда болмайды. Жақсы аударма, сауатты редактура, оқырманға қолайлы әрі тартымды формат — мұның барлығы жүйелі жұмыс пен көзқарастың нәтижесі.
“Аудармашы негізі жартылай жазушы да бола білу керек”
2020 жылы Қарағанды қаласында негізі қаланған Qasym баспасы аз уақыт ішінде еліміздегі танымал әрі беделді баспалардың қатарына енді. Үш жыл ішінде баспа 99 кітап жарыққа шығарса, соның 47-сі – әлем әдебиетінен қазақ тіліне аударылған. Бұл туындылар бүгінгі таңда оқырман ықыласына бөленіп, «Меломан» дүкендер желісіндегі үздік 50 кітаптың қатарынан көрініп жүр.
Баспаның даму жолы туралы Qasym баспа дүкенінің сатушысы былай дейді:
“Баспа бізде 2019 жылы Қарағанды қаласында құрылған. Негізін салған Ерлан Әшім. Одан кейін 2023 жылы осы Алматы қаласынан дүкеніміз ашылды. Одан бөлек, Астана, Түркістан, Шымкент, Қарағанды қалаларында филиалдарымыз бар. Біз Мұхтар Мағауинмен тығыз байланыстамыз, оның толық авторлық құқығы да бізде бар. Оның “Дети одного отца”, “Гибель борзого”, “Голубое марево”, “Смутное время”, “Судьба скакуна” деген бес шығармасын қазақ тілінен орыс тіліне аудардық. Яғни, қазақ әдебиеті шығармаларын тек қазақтілді қауым емес, әлем руханияты да танығанын қалаймыз.”
Qasym баспасы әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару ісіне де ерекше көңіл бөледі. Алайда бұл салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Осы орайда сатушы:
“Шетел әдебиеті бойынша аудармашы табу өте қиын, бізде олар жиі ауысады. Аудармашы негізі жартылай жазушы да бола білу керек. Сол жағына да мән береміз. Оқырмандар аудармалар бойынша Джек Лондонның, Лев Толстойдың, Агата Кристидің, Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын жиі сұрайды”, – деп бөлісті.
Qasym баспасының бұл ұстанымы – әдебиеттің шекарасы жоқ екенін дәлелдейтін бағыт. Қазақ оқырманына сапалы аударма ұсыну, өз әдебиетімізді өзге тілге лайықты жеткізу – осы баспаның басты ұстанымы болып отыр.
Қорытынды
Бүгінде қазақша аударма кітаптар нарығы жаңа белеске көтерілді. Бұрын дүкен сөрелерінен қазақша нұсқаларды таппай, өзге тілдерге жүгінуге мәжбүр болған оқырман енді таңдау жасай алатындай жағдайға жетті. Бұл – Steppe & World, Kitapal, Мазмұндама сынды баспалардың жүйелі жұмысының, жауапты редактура мен кәсіби аударманың нәтижесі. Әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліне көркем әрі мағыналық бейімделіп аударылуы — ұлттық рухани кеңістікті байытудың маңызды қадамына айналды. Аудармашылар мен редакторлардың ұлт болмысына жақын образдар мен сөздерді қайта тірілтуге деген ұмтылысы аударма сапасын арттырып қана қоймай, тіліміздің әлеуетін де көрсетіп отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы даму әлі де қарқын алуы тиіс — қазақ тілінің мазмұны бай, ал әдебиеті қолжетімді болу үшін жүздеген жаңа буын баспа қажет. Демек, қазақша кітап оқу сән емес, қажеттілікке айналған сәт туды. Ендігі кезек — осы қарқынды сақтап, кітап оқу мәдениетін тұрақты дамыту.
Амина Мелдебек,
Аруза Жанарбекқызы,
Ернар Айтқали