///

Халық бүгін Асанәлісімен қоштасады

98 рет қаралды
фото: pricom.kz

Сөз жоқ, тау тұлға, көзінің тірісінде аңызға айналып үлгерген Асанәлі Әшімов ағамыз да келместің кемесіне кетті. Онымен бірге бір дәуір, қазақ киносының алтын ғасыры да көшіп бара жатқандай. Амал не, ажалға ешкім ара тұра алмайды. Ағамыздың иманы саламат, жатқан жері жайлы болсын.

Қазақтың еркесі Асанәлі ағамен алғаш 2000 жылдардың басында кездесудің сәті түсті. “Қазақ Елі” газеті елдегі экономикалық қиындықтарға төтеп бере алмай 1999 жылы ақыры жабылып тынған соң, жан жақтан жұмыс іздеп кеткен едік. Менің бағыма “Түркістан” газетінен бір орын бұйырды. 1999 жылдың қарашасында әуелі жарты жүктемемен, бір айдан кейін толық жүктемемен жұмысқа орналастым.

2000 жылдың басында М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрдан дау шықты. Сол жылдары театр директоры болған Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз театрдан төрт актрисаны шығарып жатыр. Ол кезде зиялы қауымның газет бетінде айтысуы әлі де сирек еді. Дегенмен, сол айтыс басталды. Марқұм Дидағаң (Дидахмет Әшімханұлы) мені театрға жұмсады. Тұңғышбай ағамыздан сұхбат алып келуге. Ол кезде ондай ірі тұлғалардың алдына әлі барып көрмеген кезім еді. Шынымды айтсам, аздап жүрексіндім. Қазіргідей телефонға жазып ала салатын немесе түсіре салатын заман емес еді ғой, әуелі ұялы телефонымыз да жоқ болатын. Келіссөз мекеменің телефонымен жүргізілді. Сөйтіп келіскен күні М. Әуезов театрына жол тарттым. Ұзын кең, ат шаптырым кабинетте күркіреп Тұңғышбай ағамыз отырды.

Ағамызбен театрдағы жағдай туралы әңгімелестім. Көп кешікпей “Түркістан” газетінде басылып шықты. Сол кездегі бас редакторымыз Шамшиддин Паттеев ағамыз бұның журналистік этикаға қайшы екенін айтып, енді екінші тараптан сұхбат алуымыз қажет деді. Сөйтіп, Асанәлі Әшімовпен сұхбатқа бардым. Ол кісімен сұхбатым “Қазақ фильмде” болды. Жұрттың аузында аңыз болып таралған Асанәлінің өзімен сұхбаттасуды өзіме бір мәртебе санадым. Маған ағай өте ақжарқын, қарапайым көрінді. Тіпті сұхбат жарияланып жатқанда, “Түркістанның” ескі ғимаратына келіп, өзі соңғы нұсқасын оқып берген еді. Бұл дау онымен тынбады, театрдан құқай көріп жатқан актрисалар қазақтың “Қыз Жібегі” атанған Меруерт Өтекешова, тағы басқалары бірігіп газетімізге өз нұсқаларын жазып берді. Сол кезде Асанәлі ағамыз осы актрисаларды қолдаған еді.

Бұдан кейін де Асанәлі ағамызбен бірнеше рет “Қазақфильм” түсірген жаңа фильмдердің жабық көрсетілімдерінде кездесіп жүрдік. Майрасынан, Мәдиінен, Сағиынан мезгілсіз айырылған ағамыз ауыр қайғы арқалап жүрсе де сынбады, қайсар мінезін көрсетті. “Майраның әні” атты кітабын оқып, қазақ тілінің шебері, тіпті актер болмаса атақты жазушы болуы бек кәміл екендігіне көзіміз жетіп еді.

Абай атамыз айтқандай, “бұл қазақтың тірісінде өсектен аманы жоқ, өлгеннен кейін жаманы жоқ” дегендей, бүгін Қазақ киносының алып тұлғасын абызға теңеп жатырмыз. Дегенмен, 1986 жылы алаңға шыққан жастарды айыптаған Асанәліні билік Жаңаөзен оқиғасында да, Қаңтар оқиғасында да пайдаланды. Өзінің сөзін сөйлетті. Тіпті атақты 138-дің хаты төңірегінде де бұл кісінің жалтақтығы байқалды. Яғни, қазақтың зиялылары халықтың сөзін сөйлер кезде не бұғып қалады, не биліктің қол шоқпарына айналып кетеді.

Дегенмен, біз Асанәліні барымен қабылдаймыз, Бекежан, Қасымхан секілді қайталанбас рөлдерімен есімізде мәңгі қалады. Бір кездесуімізде “Қыз Жібек” фильмінде Төлегеннен Бекежанның рөлі басым болып тұр. Ол фильмнің жанды әрі тартымды болғанына менің қосқан үлесім зор” деп еді. Қош, қазақтың майталманы, ардагері.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар