///

 «Онкология диагнозы — бәрі бітті деген сөз емес». Онколог-дәрігермен сұхбат

44 рет қаралды
фото: жеке мұрағаттан

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар саны жыл сайын 5-6 пайызға өсіп келеді. Қатерлі ісіктің көбеюіне қандай факторлар әсер етеді? Қазақстандықтар неліктен шетелден ем іздейді? Дерттен сауығатын науқастардың көрсеткіші қандай? Онколог-дәрігер, химиотерапевт Сымбат Бейсенбаевамен осы тақырыпта әңгімелестік.

«Солтүстік және Шығыс Қазақстанда бас және мойын ісіктері, ал Оңтүстікте ішек пен асқазан обыры көп»

– Жыл сайын елдегі онкология анықталатын науқастардың саны 5-6 пайызға өсіп келеді. 236 мыңнан астам науқас бақылауда. Елімізде онкологияның көбеюіне әсер ететін негізгі факторлар қандай?

– Онкологиялық ауруларға кешенді түрде қарау қажет. Себебі оған әсер ететін факторлар өте көп. Мысалы, адам өмір салтының дұрыс болмауы — темекі шегу, ішімдік ішу, дұрыс тамақтанбау, ұйқы режимінің бұзылуы, экологиялық жағдай, генетикалық бейімділік пен ДНК-дағы өзгерістер де аурудың дамуына ықпал етеді. Негізі онкологиялық ауру бұрын да болған, алайда ол кезде скрининг тексерулер аз жүргізілген және жүйелі түрде ұйымдастырылмағандықтан, көптеген адам өз дертін ерте сатыда анықтай алмады. Ал қазір скрининг бағдарламалары дамып келеді. Скринингтің кеңеюі мен тұрғындардың қаралуы нәтижесінде адам ауруын ерте анықтап, арнайы базаға тіркеледі. Сондықтан онкологияға шалдыққан науқастардың саны бұрынғыдан көп сияқты көрінеді.

– Республика бойынша обыр ауруы ең көп тіркелген аймақ – Шығыс Қазақстан облысы. Онда 100 мың адамға шаққандағы обыр көрсеткіші – 349,4, Қарағанды облысында – 353,5, Қостанай облысында – 352,7.  Бұл аймақтарда онкология көрсеткіші неліктен жоғары?

– Онкологиялық аурулардың барлық аймақтарда көрсеткіштері шамалас, бірақ Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде бас және мойын ісіктері жиі байқалады. Мұның басты себебі – өнеркәсіп аймақтарында ауаға бөлінетін түтін мен зиянды газдардың көп болуы. Ал Шығыс Қазақстандағы экологиялық ахуалдың нашарлығы ядролық жарылыспен байланысты. Сонымен қатар Солтүстік пен Шығыс аймақтарда жеміс пен көкөніс аз болғандықтан, ағзаға антиоксиданттар жеткіліксіз түседі. Бұл да ісік ауруының жиілеуіне әсер етеді. Ал Оңтүстік өңірде ішек пен асқазан аурулары жиі тіркеледі. Бұл – тұрғындардың етті шамадан тыс тұтынуы мен жеміс-көкөністі аз жеуінен болады. Ұзақ уақыт бойы іш қату, тағамның дұрыс қорытылмауы ішекте улы қалдықтардың жиналуына, соның салдарынан онкологиялық аурулардың дамуына алып келеді.

– Ғалымдар онкологияның басты себебін өмір салтымен, дұрыс тамақтанбаумен және антибиотиктерді шамадан тыс қолданудан туындаған ішек микрофлорасының бұзылуымен байланыстырады. Сіз дәрігер ретінде бұл тенденцияны тоқтату үшін ең алдымен не өзгеруі керек деп ойлайсыз?

– Дұрыс тамақтану мен спорт – ағзаны сау ұстаудың негізгі жолдары. Спортпен шұғылданғанда ағзадағы зиянды қалдықтар сыртқа шығып, иммунитет күшейеді. Көп су ішу, дұрыс ұйықтау да маңызды. Әсіресе түнгі сағат 10-нан кейін бөлінетін мелатонин гормоны ағзаны ісіктен қорғайды. Бастысы, стрестен аулақ болу, тәттіні азайту. Мен әр адамның талдау нәтижесіне қарап, жеке-дара тәсіл қолданамын: егер ағзасында ақуыз төмен болса, ферменттерді қосамын: дәрумен жетіспесе, аз мөлшерде толықтырамын. Өз тәжірибемде бір науқасымның гомоцистеин деңгейі өте жоғары болды. Ол бас миының ісігіне шалдыққандықтан, оған кейбір дәрумендерді қабылдауға болмайтын еді. Мен оған жасыл түсті өнімдерді көбірек тұтынуды ұсындым. Бірнеше айдан кейін оның талдау көрсеткіштері жақсарды.

Науқастар не үшін шетелге барып емделеді?

– Елімізде онкологиялық орталықтар мен мамандар бар, бірақ соған қарамастан, науқастар Түркия, Корея, Израиль, Германия сияқты елдерге емделуге жиі барады. Сіздің ойыңызша, мұның себебі неде?

– Науқастардың шетелге ем іздеп кетуінің басты себебі – медициналық қызметтің сапасы. Онда қызмет көрсету жоғары деңгейде, психологиялық қолдау жақсы ұйымдастырылған. Анализдер тез дайындалып, уақыт үнемделеді. Сонымен қатар заманауи аппараттар мен технологиялардың көптігі де науқастарға үміт береді. Көпшілігі “шетелге барсам, жазылып кетемін” деген сеніммен барады. Сондай-ақ кейбір науқастар шетелге екінші дәрігердің пікірін алу үшін барады. Олар басқа мамандардың пікірін естіп, диагноздың дұрыс қойылғанына көз жеткізіп, ең қолайлы ем түрін таңдауға тырысады.

– Жоғарыда айтып өткеніңіздей, шетелде онкологияны емдеу ең алдымен психологиялық көмектен басталады. Ал елімізде науқастарға онкопсихологиялық қолдау жеткілікті ме?

– Онкологиялық науқастар үшін психологиялық көмек өте маңызды. Өкінішке қарай, елімізде онкопсихология саласында мамандар мен орталықтар жеткіліксіз. Онкология ауыр диагноз болғандықтан, әр науқасқа жеке психологиялық қолдау қажет. Кейбір науқастардың өтініші бойынша бірнеше онкопсихологпен байланыстым, бірақ олардың қызметі науқастардың көңілінен шықпады. Сондықтан бұл бағытта бізге әлі де көп жұмыс істеу керек.

– Онкологиялық ем тек физикалық емес, рухани күресті де талап етеді. Сіздің тәжірибеңізде, науқастың ішкі сенімі ем нәтижесіне қаншалық әсер етеді?

–  Бір науқастың оқиғасы есіме түсіп отыр. Оның сүт безіндегі ісігі өте агрессивті формада болды, бірінші безден екіншісіне рецидив берген еді. Ол апта сайын химиотерапия алды, ем өте ауыр өтті. Соған қарамастан әр келген сайын «мен өзімнің сиқырлы дәріме келдім» деп жақсы көңіл күймен келетін. Медитациямен айналысты, өзіне сенді. Қазір ол кісі ремиссияда. Сондықтан менің тәжірибемде науқастың ішкі сенімі мен позитивті ойлау қабілеті емнің нәтижесіне тікелей әсер етеді деп айта аламын. Адам өз жағдайына сеніммен қараса, ағза да сол күйге жауап береді.

– Онкологияға қатысты стигма бар: оған шалдыққандарға бірден өмірімен жақында қоштасатын адам ретінде қарайды. Бірақ, шын мәнінде, одан айығатындар, ремиссияға жететіндер баршылық. Сіздің тәжірибеңізде науқастардың сауығу көрсеткіші қандай деңгейде?

– Ремиссияда жүрген науқастар менің тәжірибемде көбірек. Аурудың 4-сатысында жүріп, дер кезінде операция не химия-сәулелік ем алған, сонымен қатар өзінің дертін қабылдаған науқастар қазір ремиссияда жүр. Онкология диагнозы – бәрі бітті деген сөз емес. Мен әрқашан пациенттеріме: «Біз бұл дертті бірге жеңеміз, тек бір-бірімізге көмектесуіміз керек» деймін. Науқастың сауығуына жақындарының моральдық қолдауы, дұрыс тамақтану және поззитивті көзқарас үлкен әсер етеді. Әрине, кейбір ісік өте агрессивті болып, емге көнбейді, бірақ ерте анықтау мен сенімнің рөлі зор.

“Вакцинация – жатыр мойны обырын алдын алудың тиімді әдісі”

– Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусы (АПВ) жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу басталған. Бұл екпе жатыр мойны ісігінің алдын алуда қаншалықты тиімді? Оның жанама әсерлері бар ма?

фото: жеке мұрағаттан

АПВ – жыныстық жолмен берілетін инфекция. Бұл вирус қатерлі ісікке, әсіресе жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Әйелдердің шамамен 95 пайызында жатыр мойны ісігінің себебі – осы вирус. Сонымен қатар АПВ әйелдерде қынап обырына, ал ер адамдарда ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің ісігіне себеп болуы мүмкін. Вакцинация – қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді әдістерінің бірі. Вакцинаның ауыр жанама әсері жоқ, тек екпе салған жерде аздап қызару, ісіну немесе қысқа мерзімді дене қызуы болуы ықтимал.

– Жасанды интеллект медициналық суреттерде, биопсияларда және талдауларда дәрігер байқамайтын заңдылықтарды анықтай алады. Ол ісіктің қалай дамитынын, қандай емге жауап беретінін және қашан қайталануы мүмкін екенін болжай алады”,- дейді медицина профессоры Алмаз Шарман. Ал сіз жасанды интеллект онкология саласындағы диагностика мен емдеудің сапасын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?

Жасанды интеллект медицинаға жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Ол дәрігерді алмастыра алмайды, бірақ көмекші құрал ретінде пайдалы. Мысалы, УДЗ мен КТ аппараттарында ЖИ арқылы ісіктің нақты өлшемін, құрылымын көруге болады. Олар кейде дәрігердің көзіне көрінбей қалатын өте кішкентай ісіктерді де анық көрсетіп бере алады. Мысалы, кейде бір сантиметрге жетпейтін күмәнді учаскелер болады, оны адам көзі байқамайды, ал ЖИ соны мынау қатерлі ісік деп нақты анықтай алады. Бұл диагнозды дәлірек қоюға көмектеседі. Бірақ бізде ондай аппараттар әлі көп емес. Мүмкін, кейбір орталықтарда бар шығар, бірақ өз тәжірибемде көрмедім.

– Шетелде операцияларды киберпышақ сияқты роботтар жасайды. Бізде ол неге әлі жоқ?
– Бізде бұл технология әлі қолданылмайды, себебі құрылғы қымбат, арнайы дайындалған мамандар қажет және көбінесе ісіктің бастапқы сатысында ғана тиімді. Ал бізге келетін науқастардың көбінде ісік кеш анықталады, яғни ауру бастапқы сатыда емес, орта немесе жоғары сатыда кездеседі.

– Онкологиялық аурудың алдын алу үшін мемлекет пен қоғам не істеуі керек деп ойлайсыз?

Елімізде мемлекет тарапынан тегін скрининг жүйесі бар, бірақ адамдардың оған барғысы келмейді. Скрининг көп ауруды бастапқы сатысында анықтайды. Егер ісік ерте табылса, адам толық айығып кетуі, ремиссияға өтуі мүмкін. Бірақ кейбір адамдар «сәуле зиян» деп рентгеннен бас тартады, ал сол рентген менің тәжірибемде бір науқастың өкпе обырын анықтаған. Қазір ремиссияда, жағдайы жақсы. Адам тегін скринингтен уақытылы өтіп тұрса, ісіктің асқынған түрлері азаяр еді, ал емнің нәтижесі әлдеқайда жақсы болар еді.

Болат Жаннұр,

Зухра Қилымғалиева,

Есимхан Жасмин,

Нұржігіт Нұрила

СДУ Журналистика мектебінің 2-курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар