//////

2022 жыл-балалар жылы: Үржар ауданының Көкөзек ауылының тұрғындары өз күшімен күрес үйірмесін ашты

3639 рет қаралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын білеміз. Президент: «Өскелең ұрпақтың  үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп пікірін білдірген-ді. 2022 жылы өскелең ұрпаққа барлық жағдайды жасау үшін балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі: олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Президент бұл жылды тек ұрандап, немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар керектігін қадап айтты.

Ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлым деген жұрт болмаса, жұртым деген ұл қайдан болсын», – деген ұлағатты сөзінде қаншама тәрбиелік мән жатыр. Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көкөзек ауылының әкімі Жолдахмет Берік Серікұлы мен ауылдағы шаруа қожалықтары иелерінің балалар жылында бірігіп бастаған ізгі ісі туралы айтып беруді жөн көрдік. Ауылдағы бір ата-ананың баласын Үржарға көлікпен тасымалдап күрес үйірмесіне қатыстырып жүргенін білген әкім ата-аналарға бапкерді ауылға шақырып, аптасына 4 рет жаттығу өткізсек, балаңызды күрес үйірмесіне қатыстырасыз ба деп сұрапты. Ұсынысты қуана қабыл алған ата-аналардың қолдауымен, шаруа қожалықтары иелерінің демеушілігімен 8-16 жас аралығындағы балаларды күреске баулу мақсатында үйірме ашылған. Балалар жаттығуларын алаңсыз өткізу үшін бірігіп жағдай жасап, ол үшін қажетті спорттық мұқаммалмен де жабдықтапты. Олар: штанга, турник, ( 2 д), гир 8 кг (2д), груша, жгут (2 д), блины 7,5 (2 д), блины 10 кг (2 д), фитбол (1д), бокс қолғабы бала санына қарай, скакалка (2д), пресске арналған ролик (2 д).

Берік Жолдахмет, ауыл әкімі:

– Үйірмені ашудағы мақсатым балалар жылына орай ауыл балаларына салауатты өмір салтын насихаттай отырып, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, ел ертеңі болашақ жастардың шымыр, мығым болып өсуіне жағдай жасау еді. Балаларға Асылжан Арингазин атты жаттықтырушы аптасына төрт рет жаттығуларын өткізеді. Балалар өте белсенді, барлығы 50 бала қатысады. Дайындықты ақпан айының 16-ынан бастаған еді. Ұлыстың ұлы күні мерекелік іс-шарада балалардың жас ерекшеліктеріне, салмағына қарай сайыс өткізілді. Салмақ санатына қарай жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Осындай игі бастаманың басы-қасында жүрген, үйірмеге қатысатын балалардың ата-аналарынан бұл үйірменің балаларға әсері қандай деген сауал қойғанбыз. Ата-аналар не дейді: біріншіден балаларымыз ұялы телефонмен ойнауға уақыты жоқ, екіншіден, уақытты тиімді пайдалануды түсінді, үшіншіден, денесі ширақ, селқостықтан арыла бастады, – деген пікірлерін білдірді.

Әр ата-ана үйірмеге қатысатын баласы үшін ай сайын 5000 теңгеден төлем төлейді. Осы үйірмені мемлекет тарапынан балалар үшін тегін ұйымдастыру шешілсе нұр үстіне нұр болар еді, – деген тілектерін де жасырмады. Сонымен қатар, бапкердің күрес үйірмесіне қатысатын елу баланың ішіндегі 6 баланың әлеуметтік жағдайына байланысты тегін қатыстырып отырғанын да айтты.

Ауыл әкімінің айтуынша ата-аналардан жиналған қаржы есебінен бапкерге 120 000 теңге көлемінде жалақы төленеді. Ал, одан қалған қаржыдан жинақ жасайды. Жинақты спортшы балдырғандардың сайыстарға қатысуы үшін спорттық формасын алуға, жолақысы мен тамақтану шығындарына бөледі екен.

Алдағы уақытта жергілікті атқару органдары, аудан әкімі, білім және спорт басқармалары сияқты құзырлы ұйымдардың араласуымен үйірме мемлекет тарапынан қаржыландырылса деген ата-аналардың тілегін жеткізгіміз келеді. Бұл үйірмеге қатысуға мүмкіндігі болмай жүрген басқа да жас өрендердің шаршы алаңда күш сынасуына жол ашар еді.

Нұржан Құмар,

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы Көкөзек ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар