//

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұқбаты: инфляция, Қаңтар оқиғасы және реформалар

86 рет қаралды
фото: gov.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұқбаты формасы жағынан жыл қорытындысына ұқсаса да, мазмұны тұрғысынан биліктің алдағы бірнеше жылға арналған саяси-экономикалық бағытын түсіндіруге арналған мәтін деуге келеді. Президент экономикалық өсім мен реформалар туралы айтқанда, жетістікті де, түйткілді де қатар атап өтеді. Алайда сұқбаттың сыни тұрғыдан қарағанда әлсіз тұсы – мойындау бар да, нақты тетік пен мерзімнің жоқтығы.

Президенттің өзі келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстан экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш өңірлік деңгейде жоғары саналады. Дегенмен Мемлекет басшысы осы өсімнің азаматтардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етпей отырғанын ашық айтады.

«Инфляция деңгейінің жоғары болуы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрін текке кетіріп жатыр», – дейді Президент.

Бұл – соңғы жылдардағы президенттік риторикада сирек кездесетін ашық мойындау. Бірақ сұхбатта инфляцияны қашан, қандай құралдармен және қандай деңгейге дейін төмендету көзделіп отырғаны нақтыланбайды. Жауапкершілік Үкімет пен әкімдерге жүктелгенімен, саяси деңгейде нақты индикаторлар айтылмайды. Осы тұста сұқбат есеп беруден гөрі түсіндіру функциясынатқарып тұрғаны байқалады.

Президент өткен жылдың басты нәтижесі ретінде реформалар бағытының «біржола айқындалғанын» атап өтеді. Оның айтуынша, қоғамда түбегейлі өзгерістердің қажеттігін түсіну қалыптасқан. Тұжырым биліктің реформаларды қоғамдық келісім арқылы емес, қажеттілік арқылы негіздеуге ұмтылып отырғанын аңғартады.

«Еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады», – дейді Тоқаев.

Алайда реформалардың әлеуметтік салдары, оларды қоғамдық талқылау деңгейі немесе ықтимал қарсылықтарға биліктің дайындығы сұқбатта ашық қозғалған жоқ. Президент реформалардың ауыр болатынын мойындайды, бірақ бұл ауыртпалықтың кімге және қандай пропорцияда түсетінінақты айтылмайды.

Салық реформасына қатысты жауапта да осы логика сақталған. Президент салық төлеуді «заманауи қоғамдық келісімшарт» деп сипаттайды. Бұл – теориялық тұрғыдан түсінікті ұстаным. Бірақ келісімшарттың екінші жағы –мемлекет тарапынан есептілік, ашықтық және бақылау тетіктері сұқбатта жүйелі түрде талданбайды. Салықты адал төлеу отаншылдықтың үлгісі ретінде ұсынылады, алайда мемлекеттік шығындардың тиімділігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты кепілдіктер бөлек тақырып ретінде қозғалған жоқ.

Сұқбаттың алғашқы бөлігінде Президент өзін реформалардың салдары үшін жеке жауапкершілік алатын көшбасшы ретінде көрсетеді.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын», – дейді ол.

Президент сұқбаттың басында экономикалық өсімді, реформалардың қажеттігін және инфляцияның проблемасын ашық айтады. Бірақ бұл бөлімде билік реформаларды түсіндіруді алға шығарғанымен, нақты мерзімдер, тетіктер және қоғамдық бақылау құралдары екінші планда қалып отыр. Сұқбат реформалардың бағытын айқындайды, алайда олардың іске асу механизмі мен әлеуметтік бағасы әзірге жабық күйінде қалады.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуда мамандандырылған ғылыми-зерттеу университеті ашылады деген жоспар бар екенін айтты:

«Жоғары деңгейде жасанды интеллект туралы заң қабылданды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады».

Жоспар ресми мемлекеттік бастама ретінде жарияланды және салалық реформалар аясында қарастырылып отыр. Мысалы, бұл бағытта:

  • білім саласында AI-Sana бағдарламасы іске қосылған; оның бірінші кезеңінде 650 мыңға жуық адам жасанды интеллект негіздерін оқып, сертификат алған.
  • жасанды интеллект пәндері 90-нан астам университеттің оқу жоспарларына енгізілді, 20 жоғары оқу орын 25 жаңа бағыт ашты.
  • профессор-оқытушылар мен студенттерді терең оқытатын курстар мен акселерация бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Ал ғылыми-зерттеу университетінің ашылуы жалпы мемлекеттік стратегияның бір бөлігі, білім беру мен технологиялық зерттеулерді жүйелі түрде дамытуға бағытталған қадам. Ол жоғары деңгейдегі кадрлар даярлау, инновациялық зерттеу, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы ғылыми жұмыстарды бір орталыққа тоғыстыру сияқты міндеттерді шешуге ықпал етеді.

Айта кету керек, әзірге университеттің қашан, қандай форматта және қайсыбірімен ашылатыны туралы нақты мерзімдер ресми түрде жарияланбаған, бірақ мемлекеттің цифрлық экожүйені дамыту жоспары аясында осындай институт құру жоспарланып отырғаны айқын.

Салық және тариф мәселесі: «баламасыз шешім» және қоғамдық келісім

Сұқбаттың ең даулы әрі сезімтал бөлігі – тариф пен салық реформасы. Президент бұл тақырыпта әлеуметтік әділдік ұғымын қайта анықтауға тырысады:

«Тарифтің төмен болуы қарапайым адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия»

және:

«Салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт», – деп атап өтеді.

Президент логикасы бойынша, арзан тариф –  әлеуметтік әділдік емес, керісінше теңсіздікті күшейтетін құрал. Алайда сұқбатта:

  • тариф өсімінен зардап шегетін азаматтарға өтемақының нақты көлемі;
  • ең әлсіз әлеуметтік топтарға ұзақ мерзімді кепілдіктер;
  • реформалардың қоғамдық бақылау механизмдері

ашық айтылмайды.

Minber тұрғысынан негізгі сұрақ осында туындайды: қоғам бұл «қоғамдық келісімшартты» талқылауға толыққанды қатысып отыр ма?

Қаңтар оқиғасы: ресми интерпретация шегінен шығу бар ма?

Қаңтар оқиғасына қатысты сот процестері туралы сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі мән-жайлар анықталғанын, алайда кейбір істер мен қаңтарда ұрланған қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, сол күндері үш мыңнан астам қару-жарақ қолды болған, қазір олардың басым бөлігі табылған.

«Кейбір сот процестері, сондай-ақ қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр», – деді Президент.

Тоқаев Қаңтар оқиғасын бағалауда эмоцияға берілмеу қажеттігін айтып, тәртіпсіздік бір ғана қалада емес, бір мезетте он екі қалада болғанын атап өтті.

«Бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды», – деді ол.

Президент сол кезеңде ҰҚК мен ІІМ-нің кейбір басшылары кәсіби әлсіздік танытқанын да айтты.

Қаңтардан кейін басталған заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары тоқтамағанын мәлімдеген Мемлекет басшысы, Бас прокуратура дерегінше, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілгенін жеткізді.

«Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті», – деді Президент.

Бұл қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталып жатыр. Комитет атауының Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгеруі активтерді қайтару тақырыбы жабылды дегенді білдірмейді.

«Заңсыз активтерді елге қайтару – саяси науқан емес, бұл мемлекеттің мызғымас ұстанымы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қаңтар оқиғасына берген бағасында бұрынғы ұстанымынан айнымайды:

«Бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды».

Сонымен қатар күштік құрылымдарға қатысты:

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады», – деп мәлімдеді.

Алайда сұқбатта:

  • қаза тапқан бейбіт тұрғындардың өліміне жауапкершілік;
  • күш қолданудың заңдылық шегі;
  • сот процестерінің ашықтығы мен тәуелсіздігі

туралы жеке әрі терең баға берілмейді.

Президент: Кремльдегі әңгімелердің мазмұны маған қызық емес

Ресейде өткен Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі туралы түрлі болжам мен алып-қашпа әңгімеге қатысты сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл басқосулардың бейресми сипатта өтетінін айтты. Оның сөзінше, Кремльдегі кездесулер Қазақстандағы саяси процестерге немесе билік транзитіне қатысы жоқ.

«Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Санкт-Петербургте өткен кездесулердің бірінде Владимир Путин оған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініші бойынша қабылдайтынын алдын ала ескерткен.

«Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Кремльдегі әңгіменің мазмұнына қызығушылық танытпайтынын да атап өтті.

«Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын», – деді ол.

Сонымен қатар Тоқаев Ресей президентінің жеке қарым-қатынас стиліне тоқталып, Путиннің достары мен әріптестерімен байланыс орната білетінін айтты. Оның сөзінше, сенбі күні Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге уақыт бөлуі – Кремльдің ұстанымын емес, Ресей президентінің жеке шешімін көрсетеді.

Ал Қазақстанның Тұңғыш президентіне қатысты өз көзқарасын Мемлекет басшысы бұған дейін бірнеше рет айтқанын еске салды.

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Назарбаевтың мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы, нарықтық экономиканы енгізудегі және жаңа астананы салудағы еңбегін атап өтті. Сонымен бірге ол Қазақстанда әділдік, заң және тәртіп қағидаттары бәріне бірдей қолданылуы тиіс екенін айтты.

«Ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты», – деді Тоқаев.

Президент Кремльдегі кездесулерді бейресми деп сипаттап, оларды Қазақстандағы саяси процестермен байланыстырмады. Сонымен қатар ол Назарбаевтың тарихи рөлін мойындай отырып, қазіргі мемлекеттік ұстанымның әділдік пен заң үстемдігіне негізделетінін атап өтті.

Олигархия және активтер: қатаң саясаттан реттеуге көшу ме?

Президент ірі бизнес пен активтерді қайтару мәселесіне де тоқталады:

«Заңсыз активтерді елге қайтару – бұл мемлекеттің мызғымас ұстанымы», – деді ол.

Сонымен бірге:

«Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті», – деп мәлімдеді.

Бұл сөздер екіұшты сигнал береді. Бір жағынан – саясат жалғасып жатыр, екінші жағынан – оның қарқыны мен форматы өзгергендей.

Армиядағы ахуал мен сарбаздардың өліміне қатысты сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды түбегейлі теріс құбылыс ретінде бағалады. Президенттің айтуынша, бейбіт уақытта әскери борышын өтеп жүрген жастардың жарақат алуы немесе қаза табуы «өркениетті елге жат».

«Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәселені жуырда күштік құрылымдар басшыларымен өткен кеңесте көтергенін айтып, Қорғаныс саласына жауапты басшылықты тәрбие жұмысын тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін сынға алғанын жеткізді. Оның сөзінше, әскер жастарды қолдап, оларды «елдің нағыз азаматы» ретінде тәрбиелеуі керек.

«Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», – деді Тоқаев.

Сонымен бірге Президент армиядағы қайғылы оқиғалар барлық әскери бөлімдерге тән емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, тексеру нәтижелері әскерде тәртіптің қатаң сақталатынын көрсеткен. Бұл тұрғыда ол кейбір блогердің әскердегі жағдайды асыра көрсетуіне де тоқталды.

«Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді», – деді Президент.

Алайда Minber логикасында осы тұста мынадай сұрақ туындайды:

сарбаздардың өлімі жекелеген бөлімдермен ғана шектелсе де, ол оқиғаларға себеп болған жүйелік факторлар қаншалықты анықталып, ашық талданып отыр?

Сұқбатта нақты статистика, жауапты тұлғалардың есімі немесе қоғамдық бақылау тетіктері туралы бөлек мәлімет берілмейді.

Президент армияны тек қауіп көзі ретінде емес, әлеуметтік мүмкіндік алаңы ретінде де сипаттады. Оның айтуынша, әскери борышын өтеп келген жастар тегін білім ала алады, ал келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметшілер әлеуметтік жағынан қорғалған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол әскери шерулер мен халықаралық жаттығуларды армияның дайындығын көрсететін дәлел ретінде келтірді. Президенттің сөзінше, Қазақстанда колледждер мен университеттерді қамтитын ұлттық әскери білім беру жүйесі қалыптасқан.

Айта кетейік, президент Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке Бауыржан Момышұлының есімі берілетінін және облыс орталықтарында осындай мектептер ашу туралы тапсырма бергенін де мәлімдеді.

Сұқбаттың соңғы бөлігінде Қасым-Жомарт Тоқаев жеке болмысы мен мінез-құлқы туралы сұрақтарға жауап берді. Мемлекет басшысы жеке өмірін жария етуден гөрі, кәсіби ұстанымдарына мән беретінін аңғартады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке келгелі жарты ғасырға жуық уақыт өтті, ал алғашқы мамандығы – қытайтанушы. Президент осы кәсіптің өзі табандылық пен ұқыптылықты талап ететінін атап өтті.

«Мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті, әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі», – деді ол.

Президенттің сөзінше, саналы ғұмыры тәртіп пен жауапкершілікке негізделген мемлекеттік қызметте өткен. Бұл оның дүниетанымы мен мінезіне әсер еткен. Осы тұста ол өзін қысқаша ғана сипаттайды:

«Сіз кімсіз?» деген сұрағыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін», – деді Тоқаев.

Денсаулығы туралы сұраққа Президент ашық жауап берді. Оның айтуынша, денсаулығы жақсы, күнделікті йогамен айналысады, аптасына екі рет үстел теннисімен шұғылданады және соңғы уақытта салмақ тастаған.

«Тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым», – деді ол.

Сұқбаттың бұл бөлігінде Мемлекет басшысы өзін көпшілікке эмоция арқылы емес, тәртіпке, еңбекке және мемлекетшілдікке негізделген тұлға ретінде көрсетеді.

Идеология, тәртіп және отаншылдық

Сұқбаттың қорытынды бөлігінде Президент отаншылдық ұғымын моральдық және тәртіптік өлшемдермен байланыстырады. Оның айтуынша:

«Отаншыл болу – туған еліңнің игілігі үшін аянбай еңбек ету»,
«Заң мен тәртіпке бағыну – Қазақстан үшін айрықша маңызды».

Мұнда отаншылдық азаматтың саяси белсенділігімен емес, еңбекке адалдық пен заңға мойынсұнумен өлшенеді. Алайда азаматтық еркіндік, сөз бостандығы, тәуелсіз БАҚ пен бейбіт жиналыстар мәдениеті сұқбатта жеке тақырып ретінде қозғалған жоқ.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Ту — тек мата емес, тағдыр

Фото: sports24.kz Өткен аптада ел журналистері мен әлеуметтік желідегі белсенділер Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның

Олимпиадаға бір ай қалды

Фото: t.me/olympickz Италияның Милан және Кортина д’Ампеццода өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура бір