ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде елімізде 4,1 млн оқушы оқитын 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 3 мыңы – бір ауысымды, 4,7 мыңы – екі ауысымды, ал 61 мектеп үш ауысымда оқытады. Үш ауысымды мектептердің басты мәселесі – бала санының шамадан тыс көптігі. MNU Newsroom тілшісі бұл мәселе баланың білім сапасына, денсаулығына, құқығының қорғалуына қалай әсер ететінін анықтап көрді.
Біз бірнеше ата-анадан сұқбат алдық. Алайда олар баласына зияны тиіп кетпес үшін аты-жөнін өзгертіп беруімізді сұрады. Алғаш болып сұқбат берген Аяжанның баласы басында №104 Абай атындағы мектеп-гимназиясында оқыған. Оның сөзінше, әрбір сыныпта 35-40 баладан болыпты және мектеп үш ауысымды болған. 7 сыныптың өзінде 9 сынып бар. Сабақ уақыты қысқармаған, алайда қоңырау уақыты азайған.
“Сыныпта бала саны көп болса, мұғалімге баланы игеру қиын. БЖБ, ТЖБ енгізілгелі бері балалар үй тапсырмасын орындау қорытынды бағаға әсер етпейтінін және БЖБ мен ТЖБ-ны жақсы жазса бағаның жақсы шығатынын біліп алған. Мұғалімнің ол үй тапсырмасын сұрап үлгермейтінін де біледі. Сондықтан да үйдегі қадағалаусыз бала оқымайды,”– дейді ата-ана.
Қазір оның баласы екінші ауысымда оқиды. Сабағы сағат 14:00-де басталып, сағат 19:00-те бітеді. Алайда ата-ана баласының денсаулығына қатысты уайымын білдірді:
“Баламыздың денсаулығына қазіргі кезде уақыттың ауысуы кері әсерін тигізіп жатыр.Балам ешқандай қосымша секцияларға барып үлгермейді. Барып келген жағдайда баланың ұйқысы келіп отырады. Уақытылы ұйықтамағаннан кейін денсаулығы да дұрыс болмайды.”
Білім сапасына қатысты педагогтардың пікірі қандай?
Үш ауысымды мектептердің білім сапасына қиындық тудыратынын жас мұғалім Ақбөпе Жүсіпова да жақсы біледі. Себебі ол 1 жыл колледжде, 1 жыл мемлекеттік мектепте жұмыс істеген. Қазір жекеменшік мектепте мұғалім болып жүрген Ақбөпе бізге бар шындықты жайып салды.
“Жұмыс істеген мемлекеттік мектебім мектеп-гимназиясы еді. Ол жерде 7-8 сабақтан болды. 1 ауысымның сабағы енді бітейін деп жатқанда, 2 ауысымның балалары есіктен күтіп тұратын немесе сынып сағаты болатын күні соңғы сабақ 20-25 минутқа қысқартылатын. Себебі келесі ауысымның балаларының сабақтары уақытылы басталуы қажет және ол мектепте көбінесе орта буын сыныптарында 30-ға жуық бала бір сыныпта оқитын. Мектеп жанында тағы 3-4 мектеп болса да, барлық мектеп лық толы, балаларды қабылдауға тура келеді,” – дейді.
Ал 10 жылдан аса ұстаздық еткен педагог Құралай Жарқымбайдың
сөзінше, білім саласындағы көптеген зерттеулер Азия және Африка континентінде өтеді. Себебі екі ауысымды, үш ауысымды мектеп жүйесі немесе сабақ уақытын азайту, бірақ бағдарламаны сол күйі қалдыру деген тәжірибе осы аймақтарда көбірек кездеседі.
Құралай Жарқымбай мысал ретінде зерттеуші Виктор Лавидің 2012 жылғы еңбегін ұсынды. Өз зерттеуінде автор “Оқушылардың мектепте өткізетін уақыты олардың академиялық жетістіктеріне әсер ете ме?” деген сауалға жауап іздеген. Ол сабақ уақытының академиялық жетістіктеріне әсерін 50 елдің 2006 жылғы PISA көрсеткіштері негізінде анықтаған.
Нәтижесінде қосымша сабақ уақыты тест нәтижелеріне оң әсер беретінін және дамушы елдерде мұндай уақыт азырақ бөлінетіні жайында айтқан.

“Үш ауысымға көшетін болсақ, біз бес минут немесе он минут болсын сабақ уақытын азайтатын боламыз. Ол білім сапасына әсер етеді. Бізге үш ауысымды мектептердің бағдарламасы ауысады немесе азаяды деп ешкім айтқан жоқ қой. Одан бөлек үш ауысымды мектептерде мұғалім санын көбейтеді, көмекшілері пайда болады деген жаңалықты да естіген жоқпыз. Сондықтан бұрынғы ресурстар, яғни мұғалімдер саны өзгермесе, бағдарлама сол қалпы қалса, мектеп бағдарламаны қуып жетуге тырысады. Онда сапа төмендейді,” – дейді педагог.
Білім сапасының төмендеуінің бірінші себебі – сабақ уақытының қысқаруы болса, ал екіншісі – сыныптағы бала санының көптігі.
Педагог Құралай Жарқымбайдың пікірінше, мектеп үш ауысымды болғаннан кейін сыныпта күнделікті мұғалімнің алдынан өтетін баланың саны да көбейеді. Джон Хэттидің мета анализі бойынша, жоғарғы сапа мен кері байланыстың бір-бірімен байланысы бар.
“Үш ауысымда жұмыс істейтін, алдынан 100 шақты оқушы өтетін мұғалімде “burn out”, яғни күйзеліс болып, балаға жеке назар аудара алмауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде де сапаны жоғалтамыз,”– дейді педагог.
Үш ауысымды мектепте оқитын баланың денсаулығы
32 жылдық тәжірибесі бар педиатр Мейірімхан Жылқыбайқызының айтуынша, сыныпта бала саны көп болса көмірқышқыл газы жылдам жиналады. Салдарынан жабық, оқушы толы сыныпта гипоксия белгілері болуы мүмкін. Ол – бастың ауыруы, шаршағыштық, зейіннің төмендеуі, ұйқышылдыққа алып келеді.
Мейірімхан Жылқыбайқызы осы мәселені шешу үшін мектептерде CO2 датчиктерінің болуы маңызды дейді. Себебі бұл құрылғы сыныптарды қашан желдету керек екенін нақты көрсетеді.
Одан бөлек балалардың жағдайына көбірек әсер ететін маңызды фактор – ұйқының бұзылысы дейді. Оған сабақтардың тым ерте басталуы немесе кеш аяқталуы айтарлықтай әсер етеді.
Педагог Құралай Жарқымбай да баланың ұйықтау режимі оның өсуі үшін маңызды екенін жасырмады.
«Үшінші ауысымнан бала шаршап келеді. Олардың сабақ оқып, уақыт бөлуге мүмкіндігі болмайды. Ұйқылары дұрыс қанбауы мүмкін, сондықтан келесі күні концентрациясы төмен, мазасыздық жоғарылауы мүмкін. Депрессивті симптомдар көбеюі мүмкін және мазасыздық болғаннан кейін агрессия деңгейі де жоғары болуы мүмкін. Жақсы ұйықтамаған баланың өзін эмоционалды реттеуі төмендейді. Оның әсерінен мектеп ішінде буллинг, агрессия жоғарылайды.»
Үш ауысымды мектепте оқитын баланың құқығы
Педагог Құралай Жарқымбайдың сөзінше, жағдайы бар ата-ана ситуацияны көріп, баласын жақсы мектепке алып кетеді. Ал жағдайы жоқ ата-ана амалсыз бұл режимге көнеді. Осы орайда ол үш ауысымды мектептердегі бала құқығына қатысты тағы бірнеше мәселенің басын ашып берді.
«Біріншіден, бала саны өте көп болатын мектептерде әжетхана жиі тазаланбауы мүмкін. Қыз балалар өздерінің менструалды циклі болып жатқан кезінде сабақтан қалуы мүмкін.
Екіншіден, бала ата-анасымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндігі болуы керек. Үшінші ауысымнан кейін кеш келген баланың әке-шешесімен сапалы уақыт өткізуге уақыты болмайды.
Үшіншіден, ауысым ортасында теңсіздік туындауы мүмкін. Бір мектептің ішінде әлеуметтік жағдайы төмен балалар қосымша білімді мемлекеттік мектептерден алады. Ал мемлекеттік мектептер үш ауысымда жұмыс істейтін болса, онда қосымша сабақтар болмайды. Балалар конвенциясында олардың демалысқа құқығы деген бап бар. Сол үшінші ауысымда қалатын балалардың спортқа, психологтан консультация алу уақытына мүмкіндігі болмайды, себебі көп уақыт мектепте қала алмайды», – дейді педагог.
Мәселені шешу үшін не істеу керек?
Сарапшы Құралай Жарқымбайдың пікірінше, мемлекеттік мектептер мемлекеттік жүйенің ішіне кіреді. Шынайы картинаны айтпайды, себебі өздерінің ішкі цензурасы бар. Біздің білім сапамыз төмендеді деп мойындамайды. Әкімдікке мәселесін айтқан мектепте ертең көбірек тексерістер мен мәселелер пайда болуы мүмкін. Ал билік “бізге қосымша ресурс бөлу керек емес, мектептер бейімделіп жатыр” деп сенеді.
Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, билік 2018-2019 жылдары жекеменшік секторды білім саласына инвестиция жасауға шақырған. Соның арқасында елімізде негізі 800-ден астам жекеменшік мектеп бар.
Жекеменшік мектептерді тарту арқылы мәселе шешіледі дегенге оның бастапқыда үміті болған, алайда соңғы жылдары аталмыш білім ордаларының тағдыры қыл үстіне тұр.
“Өйткені бұрынғы қаржы орталығы мен Оқу ағарту министрлігі өздерінің келісім шарттарынан бас тартып, қатаңдату деңгейіне өтіп кетті. Ал жекеменшік сектор қосылмаған жағдайда мемлекеттің өз күшімен мәселені шешуі мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл жерде екі маңызды түйін бар. Бірі – демографиялық өсім. Екіншісі – ішкі миграцияның тұрақсыздығы немесе “жабайы” урбанизацияның кесірінен. Себебі бізде бір мектептерде оқушы жетпей жатыр, ал басқа жерде керісінше, оқушыға мектеп жетпей жатыр,” – дейді сарапшы.
Оның ойынша, «Жайлы мектептер» жобасы мәселені шешу мақсатында жасалмаған.
“Басында 800, сосын 400, қазір қателеспесем 250 мектепке түсті. Жалпы бұл мәселені Жайлы мектеп жобасы шеше алмайды. Мемлекет бір мектепті салуға 5-9 млрд шамасында жұмсаса, ал жекеменшік дәл сондай мектепті ары кетсе 3 млрд-қа салып алады. Бұл жерде бюджет мәселесі бар,”– дейді QAZBILIM GROUP жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы.
Оның ұсынуынша, жекеменшік мектептердің бәсекелестігі артқан кезде біріншіден баға түседі, екіншіден ішінде тегін мектептер де қалыптасады.
“Жекеменшікке қолы жеткен ата-ана баласын әкетсе, есесіне мемлекеттік мектепке салмақ азаяды, онда орын көбейеді. Жан басына қаржыландыру болу керек. Сенде 10 оқушы болса, соның жан басына шаққандағы бюджетін бизнеске беру керек. Қалғанын нарық өзі реттейді,” – дейді ол.
Үкімет мәселені қалай шешіп жатыр?
MNU Newsroom тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінен “Елімізде үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешіледі?” деп сұрап көрді және төмендегідей жауап алды.
“2025-2026 оқу жылында оқушы орындарының тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында жалпы 232 жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 206 мың орындық «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 112 мектеп салынады. Жыл басынан бері 121 мектеп салынды, оның 83-і «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде, ал 38-і басқа қаражат көздер есебінен. Жыл соңына дейін тағы 73 мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп, 44-і басқа қаражат көздер есебінен салу жоспарлануда.”
Алайда министрлік өз жауабында еліміздегі 61 үш ауысымды мектептің нақты қашан шешілетіні жайлы айтпады.
Аятжан Атметжанұлының сөзінше, ресми санақта үш ауысымды мектептер 61 деп айтылғанымен, бейресми одан да көп болуы мүмкін.
“Мысалы, бір мектеп 1200 балаға арналған болуы мүмкін. Сонда екі ауысымда 2400 бала оқиды. Бірақ ол мектепте 2800 бала отыр. Яғни бір сыныпта 24 бала отыру керек болса, онда 30 бала оқып жатыр. Мектеп осылайша үш ауысымның тізіміне қосылмаған болуы мүмкін,” – деді білім сарапшысы.
Педагог Құралай Жарқымбай да «реформалар ұзақ уақытты талап ететіндіктен, мәселемен күресу үшін үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті көмекке тарту қажет», – дейді.
Ал Аятжан Ахметжанұлы мәселенің салдарымен емес, себебіне баса назар аудару керектігін айтады. Оның сөзінше, жекеменшік мектептердің көбірек салынуы ғана үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге көмек береді. Дегенмен жекеменшік мектептерде де ішінара шешілмеген түйін көп.
Мақала авторы: Руслан Базарбаев,
дереккөз: newsroom.mnu.kz
Парақшамызға жазылыңыз
