Болат Атабаев қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалардың бірі. Ол тек режиссер ғана емес, сонымен бірге қоғам қайраткері. Қоғамдағы жағдайлар ұлы суреткерді бейжай қалдыра алмады. Болмысы, бітімі бөлек тұлға Болат Атабаев соңғы 2-3 күн Қалқамандағы 7 аурухананың жансақтау бөліміне бүйрегіне суық тиіп түскен екен. Бүгін таңертең дүниеден өтті. Келесі жылы жетпіске келетін режиссер қазақ театрына реформа жасаған қайраткер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Гете медалінің иегері.
2011 жылы Атабаев Жаңаөзендегі биліктің қарапайым халыққа оқ атқанын сынға алып, билікке қарсы келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Атабаевқа “әлеуметтік араздықты қоздырды” деген айып тағып, қылмыстық іс қозғайды. Алайда қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға режиссердің темір торға қамалуына мүмкіндік бермейді. Бұдан кейін режиссер Германияға қоныс аударған болатын. Наурыз айында оның туыстары Болат Атабаевтың денсаулығы сыр бергенін мәлімдеген еді. Осы көктемде режиссер елге оралған еді.
Бүгін қазақ интернеті Болат Атабаев деп күңіреніп тұр. Бәріміз ағаның елден ерек жаралғандығын сөз етудеміз. Солардың бір-екеуін назарларыңызға ұсынсақ:
Жанарбек Әшімжан, депутат:
– Қазақ театр өнеріне тыңнан жол салған, сахна мәдениетін табиғаттан сіңірген даңқты далалық актерлардың көне соқпағы мен жаңа дәуірдің дауысы “қойылған”, студияларда қалыпқа салынған сахнагерлерін сәтімен үйлестірген, ұштастырған, актердің жандүниесі мен көрерменнің көзқарасына төңкеріс жасаған, сөйтіп өзінің дара мектебін қалыптастырған БІРТУАР ТҰЛҒА, бүтін бір дәуір, новатор өтті өмірден…