//

Руслан Курбанов семсерлеуден Колумбиядағы Гран-при турнирінде күміс жүлдегер атанды  

134 рет қаралды

Колумбия астанасы Боготада семсерлесуден өткен әлемдік Гран-при турнирінде қазақстандық шпагашы Руслан Курбанов күміс медаль иеленді.

Осылайша ол әлемдік рейтиңдегі шпагашылар арасында үздік ондыққа енді.

Жарысқа 55 елден 190-ға жуық спортшы қатысты. Курбанов турнирді әлемдік рейтиңдегі 16-орыннан бастады. Десе де финалға дейін сенімді жетті.

1/32 финалда Канада спортшысы Фин Фафардты 15:12 есебімен, 1/16 финалда Олег Кнышты — 15:10, 1/8 финалда атақты француз Александр Барденетті — 15:12, ширек финалда Нидерланд спортшысы Тристан Тюленді — 15:10, жартылай финалда бұрын Ресей құрамасында өнер көрсеткен, қазір Өзбекстанның намысын қорғап жүрген Вадим Анохинмен кездесіп, шешуші шабуылдың арқасында 15:14 есебімен жеңіске жетті.

Ал финалда Руслан жапондық Акира Коматамен күш сынасты. Ол Париж Олимпиадасында командалық сында күміс жүлде алған тәжірибелі спортшы. Оның үстіне әлемдік рейтиңде 15-орында. Аса тартысты өткен жекпе-жек  10:15 есебімен жапондықтың пайдасына аяқталды. Финалда барын салғанымен Русланға бұйырғаны күміс медаль болды.

Жарыстан соң ұлттық семсерлесу федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Руслан бұл медаль оған оңай келмегенін атап өтті.

– Мұндай жарыстарда ештеңе де оңай болмайды.  Барлық қарсылас  атақты, тәжірибелі әрі мықты. Жекпе-жектің тағдыры кейде миллисекундтармен шешіледі. Әр семсерлесушінің, әсіресе әлемде ең бәсекелі спорт түрі саналатын шпагада, өзіне тән жекпе-жек стилі бар. Жеңіске жетудің басты жолы – әр қарсыласты жеңудің оңтайлы жолын табу.  Мен үшін бұл — үлкен жеңіс. Осы кезге дейін әлем кубоктары, Азия чемпионаты, Азия ойындары, Әлем чемпионатынан медальдарын жеңіп алғаныммен гран-при турнирінде жеңіс тұғырына көтерілмеген едім. Енді сол олқылықтың орнын толтырдым. Жартылай финал мен ақтық сындағы кездесулерді өте қиын болды.  Жалпы алғанда, бұл мен үшін өте маңызды әрі қажетті нәтиже. Миландағы Әлем чемпионатында қола алған  соң, жеке көрсеткіштерім көңіл қуантқан жоқ. Осы уақыт ішінде басты назар командалық өнер көрсетуге бағытталды. Жаңа бапкеріміз Александр Горбачук келгелі біз техникалық арсеналымызды күшейтіп, жаттығу процесін түбегейлі өзгерттік. Бұл өзгерістер нәтижесін беріп жатыр. Жұмысты жалғастырып, нәтижені жақсарта береміз, – деді Руслан Курбанов.

Сондай-ақ өткен Гран-при турнирінде Ерлік Сертай да өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол тәжірибелі француз спортшысы Луиджи Миделтонмен болған кездесуде ұтылып,  жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады.

Алда Қазақстан құрамасы Франциядағы әлем кубогі, Индонезияда өтетін Азия чемпионаты және Грузия астанасы Тбилисиде өтетін әлем чемпионаты сынды маңызды жарыстарда бақ сынайды.

Түгелбай Бисен

Фотолар: FIE (International Fencing Federation)

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар