//

“Ұлтаралық араздық” үшін екі жыл: Жансұлу Дархамбаеваның босанғаны белгілі болды

140 рет қаралды
Фото: әлеуметтік желі

Жүкті әйел Жансұлу Дархамбаева ұлтаралық араздық қоздырды деген айыппен екі жылға сотталған еді. Кеше оның босанғаны туралы ақпарат тарады.

Солтүстік Қазақстан облысында Жансұлу Дархамбаева Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша – “ұлтаралық араздық қоздыру” айыбымен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланып жатыр.

TikTok-тағы жазбалар айыптауға себеп болды

Жергілікті және тәуелсіз басылымдардың жазуынша, Жансұлу Дархамбаева TikTok әлеуметтік желісінде жариялаған видеолары арқылы ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінген. Ол өз үндеулерінде Алтай, Орынбор, Астрахан, Курск, Том, Қорған, Саратов және Новосібір облыстары жөнінде «жүз жылдық жал мерзімі аяқталды» деген пікір білдірген. Бұл мәлімдемелер құқық қорғау органдарының назарын аударып, қылмыстық іс қозғауға себеп болған. Нақты қандай видеолар екені көрсетілмесе де, Shyn-ar.kz және Sadaq.kz порталдары ақпаратты Ertenmedia-ға сілтеме жасай отырып таратты.

Сот үкімі

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот 35 жастағы Дархамбаеваны кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша тағайындалды. Бұл бап қоғамда “пікір айту бостандығына қысым жасау” ретінде жиі сынға ұшырайды.

Жүктілік пен босану

Сот процесі кезінде Жансұлу жүкті болған. 12 маусым күні ол босанып, қыз баланы дүниеге әкелді. Алайда жаза заң жүзінде күшінде қалып отыр. Қазіргі таңда босанған ана қай мекемеде отырғаны немесе жазаны өтеу мерзімі қандай жағдайда өтелетіні туралы ресми мәліметтер берілген жоқ.

Қоғам белсенділері не дейді?

Бұл іс әлеуметтік желілер мен медиада қызу пікірталас тудырды. Кейбір белсенділер бұл жайтты пікір айту еркіндігіне жасалған шектеу деп санайды. Ал құқық қорғау органдары ұлтаралық келісімді бұзатын әрекеттерге заң аясында тосқауыл қойылып жатқанын алға тартуда.

Қоғам белсендісі, өңірге қазақтарды көшірумен айналысатын “Tauekel” ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, сәби мен ананың жағдайы жақсы, Жансұлу перзентханада жатыр.

Белсендінің мәліметінше, бұл іс облыс басшылығының бақылауына алынған, алдағы уақытта апелляциялық сотта қайта қаралып, оң шешім шығуы мүмкін деген үміт бар.

Сонымен қатар, белсенді Руслан Түсіпбеков та Жансұлудың жағдайына назар аударып, оның жазасын жеңілдетуге қоғам үн қосуы тиіс екенін айтты. Ол Жансұлу ісін басқа ұқсас істермен салыстырып, “қос стандарт” мәселесін көтерді. Мәселен, белгілі тұлға Сычуговқа қатысты іс “қылмыс құрамы жоқ” деп жабылса, басқа өңірде 174-баппен айыпталған зейнеткерге тек шартты жаза берілген.

“Ол алғаш рет жауапқа тартылып отыр, әрі жүкті болды. Ал Сычугов екі бап бойынша кінәлі бола тұра, бостандықта жүр. Бұл қалай?” – дейді Түсіпбеков.

Қазір қоғамда бұл іске қатысты пікір екіге жарылған. Бірі – ұлттық қауіпсіздік пен заңды сақтау керек десе, енді бірі – бұл жағдай әйел құқығы мен әділет принциптері тұрғысынан алаңдатарлық белгі деп есептейді. Жазасын жеңілдету туралы өтініштер мен үндеулер желіде таралуда.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар