Фото: freepik.com
Соңғы жылдары интернеттегі алаяқтар балалар мен жасөспірімдердің аңғал мінезі мен желідегі белсенділігін пайдаланып, оларды жиі алдап соғуда. Сондықтан ата-аналардың дер кезінде балаларына цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі аса маңызды екенін айтады ҚР ІІМ.
Алаяқтар ойындардағы виртуалды тауарларды — кейіпкерлерді, киім-кешектерді, әртүрлі заттарды сату үшін жалған сайттар жасайды. Егер мұндай сайттарға банк картасының деректері немесе аккаунттың құпиясөзі енгізілсе, олар бірден қылмыскерлердің қолына түседі.
Балаларды қорғаудың жолдары:
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- бөгде сайттарға картаның деректерін немесе құпиясөздерді енгізбеу;
- виртуалды тауарларды тек ресми қосымшалар арқылы сатып алу;
- әлеуметтік желілердегі боттар арқылы төлем жасамау.
Алаяқтар балаларға пікір немесе шолу жазғаны үшін ақша ұсынуы мүмкін. Бірақ ақшаны шығару үшін алдын ала комиссия төлеуді талап етеді. Осылайша картаның деректері ұрланады.
Маңыздысы: балаға “жеңіл ақша” болмайтынын түсіндіру қажет. Егер оған қандай да бір затқа қаржы керек болса, ақшаны қалай жинауға болатынын немесе арнайы жинақ шотын ашу жолдарын бірге талқылаған дұрыс.
Кейбір алаяқтар жасөспірімдерге бөгде ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынады. Алайда бұл — қылмыстық схеманың бір бөлігі. Мұндай жағдайда оқушының картасы ұрланған қаржыны өткізу үшін пайдаланылады.
Есте сақтаңыз:
- картаны және оның деректерін ешкімге беруге болмайды;
- есепшотқа қате ақша түскен жағдайда, оларды аударуға болмайды — дереу банкке хабарласу қажет;
- дропперлікке қатысу — қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Алаяқтар әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, достарына ақша сұраған хабарлама жібереді немесе зиянды сілтемелер таратады.
Кибергигиена ережелері:
- “досқа” көмектеспес бұрын, алдымен оған жеке қоңырау шалыңыз;
- антивирустық бағдарламаларды орнатып, уақытылы жаңартып отырыңыз;
- кішкентай балалар үшін ата-ана бақылау қосымшаларын қолданыңыз.
Полиция ата-аналарды балалардың цифрлық сауаттылығына баса назар аударуға, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін жиі талқылап отыруға шақырады.
Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Бала кез келген қателігін, біреудің алдап кеткенін немесе қорқытып жатқанын жасырмай айтуға қорықпауы тиіс.
Балаларыңызға алаяқтардың негізгі айла-тәсілдерін түсіндіріп, интернеттен бір нәрсе сатып алмас бұрын, банк картасының деректерін енгізбестен бұрын, бейтаныс адамды достыққа қоспастан бұрын немесе онлайн жұмысқа жүгінбестен бұрын сізбен ақылдасу қажеттігін үйретіңіз.
Парақшамызға жазылыңыз