“Мінбер” сайты мен “Oy-Detox” ресурсы жақында өзара меморандум жасап, “Oy-Detox” платформаларында жарық көрген подкастың мәтін нұсқасын “Мінбер” сайтына жариялап тұру туралы келісімге келді. Бұл келісім бойынша “Денсаулық” айдарымен нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың сұхбатын назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Мыңжылқы Бердіқожаев Қазақстандағы жетекші нейрохирургтердің бірі, 8000-нан астам ота жасаған маман. OY-DETOX подкастына берген сұхбатында ол күнделікті өмірі, отаға дайындалу жолдары, адамның миы мен қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері туралы айтып берді.
Осы сұхбат арқылы OY-DETOX подкасының «Денсаулық» айдары аясында шыққан пайдалы әңгімелер легін жариялай бастаймыз. Шығарылымдардың толық нұсқасын OY-DETOX подкастының YouTube арнасынан көріп, подкаст платформалары арқылы тыңдай аласыздар.
ЖАСЫ ҰЛҒАЙҒАН САЙЫН АДАМНЫҢ ЖАҢА АҚПАРАТТЫ ҚАБЫЛДАУ ҚАБІЛЕТІ ТӨМЕНДЕП, МИЫ «ҚАТАЯ» БАСТАЙДЫ
«Нейропластика» деген ұғым бар. Жас адамдарда ми өте икемді болады, яғни ол қоршаған ортадағы өзгерістерге тез бейімделеді, қатып қалған емес. Ал жасы ұлғайған сайын адамның жаңа ақпаратты қабылдау қабілеті төмендеп, миы «қатая» бастайды. Сол үшін кішкентай баланың миын шеміршекке ұқсатуға болады: ол өте икемді, әртүрлі бағытта дамуға бейім. Ал адамның жасы ұлғайған сайын ол өзін түрлі принциптермен «қоршай» бастайды.
Принцип дегеніміз — белгілі бір стандарт сияқты. Мысалы, «мен тек қана жылы су ішемін», «кешкі сағат сегізде ұйықтауым керек», «алтыдан кейін тамақ ішпеймін», «таңғы бес жарымда оянамын» деген секілді. Бұл тәртіп бір жағынан адамды жүйеге үйретеді, бірақ екінші жағынан осы қағидалардан сәл ауытқу болса, күйзеліске түсіп, жүрек қағысы жиілеп, қан қысымы көтерілуі мүмкін. Осылайша адам өзгерістерге бейім болмай қалады.
Әрине, ми өзгерістерді қаншалықты қабылдай алады — бірден бе, әлде уақыт өте ме — бұл адамның бейімделгіштігіне байланысты. Мысалы, шала туған балаларда миға қан кету жиірек кездеседі. Кейде ол кейін томография кезінде ғана анықталады, бірақ бала өмірінде оны байқамауы мүмкін. Сол сияқты инсульт, жарақат, ДЦП секілді жағдайлар да болады. Балалардың миы тіпті жартылай зақымданса да, кейін қайтадан жүруге, қоғамға бейімделуге қабілетті келеді. Ал егер 50 жастан асқан адам инсульт алса, оның миының қайта бейімделуі әлдеқайда қиынырақ болады.
Мидың икемділігін дамыту үшін, әрине, мимен жұмыс істеу қажет:
- дене жаттығулары;
- кітап оқу;
- үстел ойындары (шахмат, тоғызқұмалақ, қытайдың «го» ойыны, теннис сияқты).
МАРКЕТИНГТІҢ ӘСЕРІНЕН АДАМДАР ТАБИҒАТ БЕРГЕНДІ ЕМЕС, ЖАСАНДЫ СТАНДАРТТАРДЫ ӘДЕМІЛІК ДЕП ҚАБЫЛДАП ЖҮР
Табиғатқа қарасақ, ең ұзақ өмір сүретін жануарлардың бірі – тасбақа. Ол көп қимылдамайды, баяу қозғалады, тіпті тамақты да аз жейді. Соған қарамастан тасбақалар 80 жылдан 200 жылға дейін өмір сүреді. Ал керісінше, тез қимылдайтын тышқандар мен қояндар ерте өледі.
Қазір кроссфит, фитнес сияқты ағымдар бар. Бірақ, менің ойымша, бұл көбіне маркетингтің нәтижесі. Бір нәрсені сату үшін одан культ жасалады. Мысалы:
-
- стоматологтар «Голливуд күлкісін» брендке айналдырады;
- пластикалық хирургтар әйелдерге «үлкен төс әдемі» деген түсінікті сатады.
Бірақ маркетингтің әсерінен адамдар табиғат бергенді емес, жасанды стандарттарды әдемілік деп қабылдап жүр. Мысалы, силикон салу (бетке, көздің айналасына, дененің басқа жерлеріне). Ол кейде тамырларды бітеп, тыртық қалдырады. Соның салдарынан әйелдер қайтадан оны алдырып тастап жатады. Бұл да – бизнес. Өнімді қорапқа салып, қымбат бағаға өткізу.
Бұл спортпен айналыспау керек деген сөз емес. Жоқ, спортпен айналысу керек. Бірақ біз спорттың өзімізге лайық түрін қабылдауымыз қажет. Адам денсаулығы сыр бергенде ғана: «Мен денсаулығыма қарамай жүр екенмін ғой, жүруім керек екен, салмақ тастауым керек екен, бассейнге баруым керек екен» деп ойланады.
Біздің күнделікті тұтынатын тамақтарымыз да денсаулыққа қолайлы емес. Қырық градус аязға бейімделетін тамақты біз жазда да жей береміз. Мысалы, қазы-қартасы бар майлы ет тағамды жазда да жейміз. Бірақ ол кезде сонша калория қажет емес. Тамақ мәдениетіміз де сондай: шашлык жейміз, қойдың етін, палауды жейміз. Жас ұлғайған сайын асқазанның қорыту мүмкіндігі де азаяды. Мына кішкентай баланың зат алмасуымен жиырма жастағы адамның зат алмасуын салыстыруға болмайды. Кішкентай балалардағы майдың түрі – ол ақ майға жатады. Ол тез жанып кететін май. Үлкен кісілерде «қоңыр май» дейді. Ол бірден жана қоймайды. Ол негізінен суықтан сақтайтын құрылыс материалы ретінде қабылданады. Және энергия ретінде ол жұмсалмайды. Кішкентай балада ол бірден жанып кетеді де, одан энергия қалыптасады. Сол сияқты уақыт келеді, организм өзі үнемдей бастайды ғой. Энергия көп емес, үнемді режимге ауысу керек.
Атом электр станциясының қуаты шамамен елу жылға жетеді дейді. Сол сияқты адамдағы жүректің, бауыр, бүйрек, мидың ресурсы уақыт келе өзінің бір межесіне жетеді.
АДАМДАРДЫ НЕГАТИВ ШАРШАТАДЫ. СОЛ ҮШІН ЖАҚСЫ ОЙ ОЙЛАП, ЖАЗЫП ОТЫРУ ДА МИДЫ САУЫҚТЫРУДЫҢ ӘДІСІ
Жаман нәрсені қабылдауға көп күш түсірудің қажеті жоқ. Біз әйелім екеуміз үйге келіп, балаларымыздан «бүгін қандай жақсы нәрселер болды?» деп сұрайтын болдық. Біреу ұрып кетсе, соғып кетсе, дәптерін жыртып қойса, су төгіп алса, киімі жыртылып қалса, құлап қалса, ауырып қалса, оның барлығы есте тұрады. Ал «бүгін қандай жақсылық болды? Саған кім күлді? Апайың сені мақтады ма? Бестік алдың ба? Спорттан бір қосымша жетістіктерің болды ма? Қуанатын нәрселер болды ма? Күшті тамақ жедің бе, тойдың ба?» деген сұрақтың бәріне адам ойлану керек.
Егер сізден қазір: «Таңертең қандай жақсы нәрселер болды?» деп сұраса, біраз ойланасыз. Ал жаман нәрсе бірден еске түседі. Өйткені негативті эмоция әсерлігі жағынан күштірек болады.
Жақсы нәрсені айтқан кезде, намаз оқитын кісілер есіме түседі. Өзім намаз оқымасам да, әкемді, достарымды көремін. Олар: «Әр намазымда сені қосып қоямын» – дейді. Бұл – тек жақсылық тілеудің механизмі. Діндерде де, құлшылықта да «анау өліп қалсыншы» деп сұрамайды ғой. Барлығы жақсылық тілейді. Демек, позитивті ойды қайталау – адамның рухын да, психологиясын да сауықтыратын тәсіл.
Енді бес уақыт намаз оқитын кісілер бар, оқымайтын кісілер бар. Бірақ альтернативті механизм ретінде күнде дәптерге: «бүгін қандай тамаша нәрселер болды?» деген сұраққа жауып жазып отырса, ол да бір әдіс.
МЕДИЦИНА – АУРУ АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН САЛА. АЛ САУ АДАМДАРМЕН АЙНАЛЫСАТЫН ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – ОЛ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ
Медицина – ауру адамдарға арналған сала. Ал сау адамдармен айналысатын әлеуметтік сала – ол денсаулық сақтау жүйесі. Егер адам бақытты болса, өміріне ырза болатын болса, еш жері ауырмаса, медицинаны іздемейді.
Бірақ өмірдің әр кезеңінде медицина сау адамдармен де байланысады.
Мысалы, босану – табиғи процесс, сау әйел босанады. Бірақ дәл сол сәтте қауіп көп: қан кету, плацентаның ажырауы, баланың шықпай қалуы. Сондықтан медицина араласпаса болмайды. Сол сияқты вакцина да – алдын алу. Бұрын бір үйде он төрт баланың он екісі түрлі инфекциядан өліп қалатын. Қазір вакцинаның арқасында адамзат саны соңғы 100 жылда сегіз есе артты.
Денсаулық сақтау жүйесі тек ауруды емдемейді, оны ерте анықтайды. Мысалы, әйелдерге сүт безі қатерлі ісігі немесе жатыр мойны ісігі бойынша скрининг жасалады. Бұл – сау адамның да медицинамен кездесетін жері. Сонымен бірге қарапайым тұрмыстық кеңестер де осы салаға жатады: қанша калория жеу керек, қанша уақыт телефон қарау зиян, құлаққапты қанша қолдануға болады, тіпті дәретханада кітап оқыған дұрыс па дегенге дейін.
ӘЙЕЛДЕР АНЕВРИЗМАМЕН, АЛ ЕРКЕКТЕР СТЕНОЗ, ИНФАРКТ, ИНСУЛЬТПЕН ЖИІ АУЫРАДЫ
Менің тәжірибемде:
- 2000-ға жуық ми аневризмасы,
- 1000-ға жуық артериовеноздық мальформация,
- 2000-нан аса қан тамырларының тарылуы,
- төрт жүзден астам менингиома ісігі кездесті.
Бұлар – тек Президенттік іс басқармасы жүйесінде жасаған операцияларым. Ал соңғы төрт жылда Өзбекстанда 220-дан аса күрделі операция жасадық.
Статистикаға қарасақ, әйелдер аневризмамен көбірек ауырады. Ал стеноз, инфаркт, инсульт ер адамдарда жиірек кездеседі. Ерлер 50–60 жасында жүрек ауруынан ертерек қайтыс болады. Әйелдер ұзақ өмір сүріп, жетпістен асқанда ми ісігіне шалдығуы мүмкін.
Егер жүйе жұмыс істемесе, «маңдайына жазылған екен» деп айта салуға болады. Бірақ егер ол дұрыс істесе, адамның өмірін сақтайды. Мысалы, соңғы бір сұхбатымда айттым: біз тұздың мөлшерін регламенттеуіміз керек. Өйткені осындай ұсақ нәрселердің өзі халық денсаулығына тікелей әсер етеді.
ҚАЗАҚСТАНДА БІР АДАМ КҮНІНЕ ОН СЕГІЗ ГРАММҒА ДЕЙІН ТҰЗ ТҰТЫНАДЫ. АЛ ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕ БЕС ГРАММНАН АРТЫҚ ҚОЛДАНУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Өткенде бір журналист қыз «Қазақстанда бір адам күніне он сегіз граммға дейін тұз тұтынады» деген ақпаратты айтты. Ал Еуропа елдерінде бес граммнан артық қолдануға жол бермейді. Аргентинада болғанымда, дастарханға тұз қойылмайтынын, егер қойса айыппұл салынатынын естідім. Өйткені тұздың салдарынан қан қысымының көтерілуі, атеросклероз, басқа да аурулардың жиілеуі кездеседі. Бұл – мемлекет деңгейінде шешілетін мәселе.
Екінші үлкен фактор – артық салмақ. Ол қант диабетіне алып келеді. Қан қысымымен қосылса, тамырлардың тарылуы жүз пайыз жағдайда орын алады. Ал тамырдың тарылуы – инфаркт, инсульт, «диабеттік аяқ», атеросклероз. Яғни бәрі бір-бірімен байланысты.
Үшіншіден – экология және жасырын қауіптер. Соңғы кезде Каспийде балық қырылды, оның алдында итбалықтар қырылды. Бұл адам денсаулығына да әсер етуі мүмкін. Дәл қазір байқалмаса да, бес-он жылдан кейін қырылған балықтардың салдары адамдарға да жетеді. Себебі табиғаттағы ең сезімтал жануарлар бірінші болып зиянды қабылдайды.
Бірақ мұндай деректер көбіне ашық көрсетілмейді. Себебі коррупциялық механизмдер бар: мұнай төгілсе, зауыт қалдық жіберсе немесе әскери қалдықтар суға түссе, оны жасырып қалуға тырысады. Ал шын мәнінде, дер кезінде тоқтатса, адам денсаулығын қорғауға болар еді.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Әйнел Әмірхан
фото: OY-DETOX