Қазақстандағы жастар мен тәжірибелі мамандар неге шетелге кетіп жатыр? Ауыл халқының қалаға миграциясының себептері қандай? Елде жұмысшылардың құқықтары қаншалықты қорғалады? Әлеуметтанушы Айман Жүсіповамен сұхбатымыз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша 156 мың қазақстандық шетелде тұрақты жұмыс істейді деген деректі келтірді. Былтыр елден 13 мыңға жуық адам көшіп кетті. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жұмыс күші миграциясының себебі не? Жастардың және тәжірибелі мамандардың шетелге кетуінің негізгі себептері қандай болуы мүмкін?

− Әртүрлі әлеуметтік зерттеулердің деректері көрсеткендей, миграцияның басты себебі – халықтың табыс деңгейі. Қазіргі таңда елде инфляцияның жоғары деңгейі байқалып отыр, сол себепті көптеген адам өздерінің табысын арттыру мүмкіндіктерін іздеп шетелге кетеді. Сонымен қатар өмір сапасы мен жұмыс орындарының қолжетімділігі де маңызды рөл атқарады. Көптеген адамдар кәсіби өсу мен мансаптық дамуды қалайды. Миграцияның өсуіне әсер ететін тағы бір маңызды фактор – денсаулық сақтау жүйесінің сапасы.
– Соңғы деректерге сүйенсек, 2024 жылы ауыл халқының көші-қон сальдосы минус 111 мыңнан асты (ауылға көшіп келушілер мен көшіп кеткендер арасындағы айырма). Ал 2023 жылғы мәлімет соңғы 12 жылда 2,7 миллион адамның ауылдан қалаға қоныс аударғанын көрсетеді. Қаладан ауылға көшкендер туралы деректер аз. Бұл жағдай ауыл мен қала арасындағы жұмыссыздық деңгейінің айырмашылығын және оның күрделілігін аңғартады. Осы айырмашылық жұмыс табу мүмкіндігіне қалай әсер етеді?
− Иә, халықтың ішкі миграциясы көбіне республикалық маңызы бар қалаларға бағытталады. Себебі бұл қалаларда табыс табу мүмкіндігі көп. Мысалы, экономикадағы платформалар арқылы жұмыспен қамту, әсіресе жастардың көбіне айналысатын курьерлік қызмет тек ірі қалаларда ғана бар. Жалпы алғанда, жастар оқуын аяқтағаннан кейін Астана, Алматы немесе Шымкент сияқты ірі қалаларда қалуға ұмтылады, себебі бұл олардың болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тікелей байланысты Осылайша, жұмысқа орналасу мүмкіндігі мен табыс деңгейі – бұл мәселенің негізгі факторы.
− Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, ерлер әйелдерге қарағанда шамамен 36 пайызға көп табыс табады. Бұл − еліміздегі жұмыс орнындағы гендерлік теңдіктің өзекті екенін көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстандағы гендерлік теңдік туралы не айтасыз? Әйелдер мен ерлердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері арасында қандай айырмашылықтар кездеседі?
−Жұмысқа орналасу мәселесіне келер болсақ, ерлердің кәсіби өсу мен мансаптық алға жылжу мүмкіндіктері, сөзсіз, жоғары екенін атап өткен жөн. Бұл гендерлік стереотиптер мен қоғамдағы рөлдердің бөлінуімен байланысты. Мысалы, үй жұмысы, балалар мен ата-ананың қамын ойлап, олардың жағдайын жасау көбіне әйелдердің мойнына түседі, бұл көп жағдайда олардың уақытын көп алады және еңбекке араласу деңгейіне әсер етеді. Сол себепті жұмыс берушілер әйелдердің демалысқа шығу мүмкіндігін ескеруі мүмкін. Сонымен қатар әйелдер үшін декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралу психологиялық тұрғыдан да қиын процесс болуы мүмкін. Сондықтан жұмыс берушілер көбіне ерлерді таңдайды, және қабілеттері бірдей болса да, олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктері мен табысы әдетте жоғарырақ болады.
− 2024 жылы ресми жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымы әдістемесі бойынша) 4,7 пайыз болды, оның ішінде жастар да бар. Олардың жұмысқа орналасуы қоғамның дамуы үшін өзекті мәселе екенін ескерсек, қазіргі таңда Қазақстанда жастардың жұмыс табу мүмкіндігі туралы қандай пікір білдіресіз? Жастарға жұмыс табу мүмкіндігін арттыру үшін қандай бағдарламалар мен бастамалар бар?
− Елімізде жұмысқа орналасу проблемасын шешу үшін әртүрлі бағдарламалар әзірленген. Алайда, бұл бағдарламалардың тиімділігі әлі де күмән тудырады. Олардың ішінде «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы, теориялық және практикалық оқытуды біріктіретін дуалды білім беру жүйесі бар, ол әлі дамудың бастапқы сатысында, бірақ негізгі қиындықтар өндірістік кәсіпорындардың және жұмыс орындарының аздығына байланысты. Сонымен қатар елде тегін техникалық және кәсіптік білім беру (ТиПО) жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, бизнесті және кәсіпкерлікті үйрету сияқты бірнеше бағдарлама бар. Дегенмен мәселе бұл шаралардың тиімділігіне келіп тіреледі. Сонымен қатар мәселені жүйелі түрде қарастырсақ, бұл шаралардың жастар үшін қаншалықты тартымды екенін ойластыру қажет.
− Қазақстандағы білім мен жұмыс нарығы арасындағы сәйкессіздік бар. Елімізде ол қалай көрініс табады?
− Қазақстанда еңбек нарығының талаптары мен білім беру жүйесі арасындағы сәйкессіздік проблемасы бар. Бұл бағытта жасалған бірнеше бағдарлама ғана бар, соның ішінде «Серпiн» бағдарламасы ерекше. Ол елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшу бағдарламасы аясында жүзеге асырылады: оңтүстік өңірлердің жастарына солтүстік өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігі беріледі, болашақта олар осы өңірде жұмысқа орналасуы үшін. Одан бөлек, бүгінгі таңда оңтүстікте халық саны артып, солтүстікте керісінше депопуляция байқалады. Сондай-ақ, мұнай саласында мамандар дайындау да сұранысқа ие сала. Яғни мамандарды дайындауда ойланып жасалған тәсілдер бар, бірақ жалпы алғанда елде бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Кәсіпкерлер өз өңірлерінде мамандар жетіспейтінін бірнеше рет айтқан. Осылайша, еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы тиімді өзара әрекет, кадрларды нарық сұранысына сәйкес жүйелі түрде зерттеу және жоспарлау – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі болып отыр.
− Қазақстандағы жұмысшылардың құқықтары мен жұмыс орындарының әлеуметтік қауіпсіздігі жайлы не айтуға болады? Кәсіподақтардың тәжірибесі не көрсетеді?
− Елде еңбек құқықтарын қорғау мәселесі өзекті болып отыр. Бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда кәсіподақтар еңбек құқықтарын жеткілікті деңгейде қорғай алмайды. Біздің фокус-топтарымызда респонденттер кәсіподақтарды көбіне жолдамалар немесе жеңілдіктер алу мүмкіндігімен байланыстырады, бірақ оларды еңбек құқықтарын қорғаудың толыққанды институты ретінде қабылдамайды. Соңғы жылдары қызметкерлердің жұмыс берушілерге қарсы жеке тәртіппен сотқа жүгіну жағдайлары көбейді. Бұл да кәсіподақтардың әлсіз екенін және азаматтардың олардың көмесіне сенімінің төмен екенін көрсетеді. Жастар, өз кезегінде, көбіне кәсіподақ институты туралы ақпараттандырылмаған. Жалпы алғанда, Қазақстанда еңбек құқықтарын қорғау деңгейі әлі де төмен болып отыр.
Нағашыбаева Жұлдызай
Болатхан Балжан
Артықбаева Нұржайна
Ілияс Айханым
СДУ Журналистика мектебінің
2-курс студенттері
Парақшамызға жазылыңыз
