///

Бақытбек Бәмішұлы. Метро (әңгіме)  

107 рет қаралды

Таңмен таласа тұрған Ақат терезе пердесін сырғыта ашқанда Алатау басынан енді ғана көтеріліп келе жатқан алтын күннің нарттай құйылған нұрлы шапағы тұла бойын түгел шарпыды. Ол құлашын кере созып, әлгінде ашқан желдеткіштен енген майда самалды, түнімен жауып, таңда айығар жаңбырдан соңғы Алматының жұмсақ ауасын кеудесін толтыра жұтып, кең тыныс алды. Тоғызыншы қабаттан анау, арғы, алыс бөктердегі Көктөбе биігіндегі көкпен бой салыстырған антеннаға көз жіберді. Оның жоғарғы ұшы зеңгір көкті көктей өтіп, кең аспанға сіңіп кетіпті. Мына етектен ана төскейге дейін қаншама жер. Осы ұланғайыр өлкедегі таңғы Алматы сап-сары ала түкті қалы кілемнен жаратылғандай. Зәулім құрылыс, түрлі әсем ғимараттармен бой таластырған алуан түсті еңселі, биік ағаштардың қызылды-жасылды жапырақтарының арасынан самғай, шарықтай, қуанышты екпінмен ұшқан құстардың әуені көңілді тербейді. Күннің жібек сәулесі жүзін сүйіп, ару самал аймалап, тұнық ауа, таза ауа бойын сергітіп, жаңа бір тыныспен, жалынды жүрекпен жұмысқа аттанды.

Мінгені Мазда-626 авто көлігі. Таң асқан сәйгүліктей ойнап басады. Райымбек даңғылына түскенде тізгінді босатып қалып, тақым қысса лып етіп ыршып, ала қашып, ағылып жатқан жүздеген, сабылысып жатқан мыңдаған автокөліктерді «әп-сәтте озамын, басып озамын, бас газды» дегендей желіктіреді. Кеше кешкісін өңеш-қолқасын тазалап алайын деп АИ-92 бензиннің орнына АИ-95 құйып қойған еді, бүгін тежеуірге аяғының ұшы ілінсе секіретіндей күш бітіпті. Автованға шығып, газды аямай басып, жүйткітсе құмардан шығатындай-ақ құйқылжиды. «Асықпа, сәйгүлігім, асық па, әлі-ақ ұшатын күлік мінемін» дейді онан әрмен ойы шалқып, қиялы қалқып, арманына қанат біткен Ақат көңілі көлдей толқып. Машинаның алдынан да, артынан да, оңынан да, солынан да әйнектен әйнекке шағылысып, жалт-жұлт етіп жарқылдаған нұрлы шапақтар, құдды аспан әлемінің күндізгі жұлдыздар арасымен зулап келе жатқандай әсер береді…

Қасынан жұдырықтай қара сұр тойота мінген біреу түнде ұшқан жарқанаттай суылдап жанасып өтте шықты. «Япырмай, асықпа деймін. Абайлап жүрші, шырағым. Қанша озып кетемін дейсің. Барасың да қызыл жарыққа қадаласың» деп маңғазданып, байсалды мінез танытып, іштей бір әннің әуеніне салып, «жап-жасыл жанған жарықтан қорқам, жалп етіп сөніп қалама-ау» деп әндетіп қояды. Астындағы қылшық-жүні жалт-жұлт етіп, жараған көк жорғадай көк мазда да еркіне жіберсе бұдан қалыспайды. Мың салса бір баспайтын, кәртейген, бірде тобығы шығып қисайып жатса, бірде сырғасы тайып ақсап қалатын, ал бірде айдалада жүрек-қолқасының сіңірі үзіліп кетіп ит әуреге салып қоятын, әкесі жарықтықтың қырық жыл қой бағып жүріп, жыл-жыл сайын жүз саулықтан жүз жиырма, жүз отыздан қозы алып, қызыл партияның хатшысың қызыл кеңірдек болып тартысып, қолпаштауы арқасында тақымына зорға тиіп, қаншама жыл мәпелеп мінсе де әбден арқа-басы жауыр болып, жабағы жүнді тайлақтай болған шағында мұраға қалған жигулидің орнын басқан жүйрік. «Темір болса да адамның өзіне деген махаббатын, жылы мейірімін сезеді» деп бағдаршамға кідірген жерде панелдің көзі-басын жұмсақ матамен сүртті. «Бензин мен майды көп жей бер ме, бір күні майға қақаласың, бензинге шашаласың, шақтап ішіп-же, ол да қара табандардың табан ет, маңдай теріне келген дүние» деп қалжыңдап арқасынан қағып-қағып қояды.

Фурманов көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысынан жеткенде кілт солға бұрылды. Кент «Фурманов» деді ішкі ойы. «Ілгергі болашақта, көп ұзамай Алматы қаласына сіңірген еңбегі шамалы Фурманов атауы да өзгерер. Кеше ғана Коммунистическая еді, ал бүгін Абылайхан».

Райымбек даңғылы құданың құдіреті, ескі күре жолдың сілемін бойлап ұзынынан ұзақ сұлап жатыр. Хас батыр өз өсиеті бойынша ақ түйесі шөккен жерге жерленген. Бейіт басына мәрмәр тастан үлкен күмбез орнатылып, гранит тастан түйе мүсіні қойылған, жанына медет тілеген жандардың тәу етіп келер киелі орны. Райымбек даңғылынан сәл төмен, елу метр қашықтықта, жер асты «Райымбек» метро бекеті бар. Метро бекетіне Фурманов көшесінің астынан өтетін жер асты жолымен барады. Ақат көлігін жолдың шығыс бетіндегі тегін автотұраққа қойды. Ертең қонышынан басқан біреу алдына шлагбауым тартып, ақылы тұраққа айналдыратынын да іші сезеді. «Тұрақ тұрмақ тегін тесік қалмай бара жатыр». Кабинада отырып, үйден жуынып-шайынып, таңғы асын ішіп шықса да көліктің күнқағарының артындағы айнасын түсіріп, шашын тарады, бәт-әлпетін түзеп, сыланды. Қол сағатына қарады, жеті сағат он бес минут. Жұмыс сегізде басталады. Ерте келу, кешікпеу – әдеп. Әдеті. Арнайы киімін ауыстырып киюге де мол жететін уақыт. «Жер астында жүргенде қысы-жазы киетін аяқ киім табиғат мезгіліне сай болса» деп қояды. Жаздыгүні аяғы базданып кеткенін айтқанда еңбек қорғау инженері «шылғауыңды үнемі ауыстырып, аяғыңды жиі жуып, тұр» деген. «Намазға жығылу керек» деген мұртсыз, шоқша сақалды электромеханик,– «күніне бес мәрте жуып тұрасың». Ақат мырс етіп күлді. «Ал, күт мені, жануарым» деді де мазданы қашықтықтан бекітіп, метроға қарай баяу аяңдады.

Баспалдақпен төменге түсіп барады. Жаңа автокөлікпен келіп еді, енді жер асты пойызымен зулайды. Бұл көлік кептелісінен запы болған халықтың, қала тұрғындарының жиырма жыл күткен, зарықтырған көлігі. Көз қуанышы. Уақыттан кешігемін-ау, кептелістің кесірі тиеді-ау, жаңбырға малтығып, жауынның астында қаламын-ау дейтін жүйкесін жеген ойлардың барлығынан ада етіп, ой-санасын кеңташ еркіндік сенімі билеп, сергіп, беймарал, бейбіт күйге бөлейді. Метро жер үстіндегі қарбалас, үнемі асығып, мұрнына су жетпей күйіп-жанып, өртеніп, күйгелектеніп жүретін тірлік тегершігін бейғам қалыпқа түсіретін тыныштық мекені іспетті. Анада Батай деген ескі танысы сұрайды, жолығатын жер таппағандай, театрдың туалетінде кезігіп қалып, доп-домалақ тықыр басын бір сипап қойып, көзі күліп:

– Қайда істеп жүрсің?– деп. Кездескен жерінің аурасы аса ұнамады ма, Ақат та есесін жібергісі келмеді.

– Қылуетте,– деді қуланып. Ойына «о дүние» дегендей суық сөз орала кеткен Батайдың көзі бажыраң ете түсті.

– Қылуеті несі? Қайдағыны айтып.

– Шошып қалдың ба?

– Шошымасам да бір түрлі естіледі екен. Қылует деген ене?

– Қожа Ахмет Иасауи, Бекет Ата әулиелерден естігенің бар ма еді?

– Әулие болып кеттің бе?

– Болмасақта соған жете қабыл. Метрода…

– Түу солай демейсің бе, қыңырайып, қисық симей.

– Кездескен жерің мынау болса, онда қандай түзу сөз болуы мүмкін.

– Жаңа ғана метромен келдім. Көліктің көсемі, жанның рахаты екен ғой.

– Әулиелер соны білген ғой.

Ақаттың есіне осы бір оқиға оқтын-оқтын оралып тұрады. Әсіресе түн ішінде пойыз тоқтаған мезетте, тоннель ішімен техникалық жабдықтардың жағдайын тексеріп келе жатқанда анау аңқиған, аңырайған апанның аузындай үңірейген үңгірлерді көргенде кенеттен есіне түседі. Тылсымы жұмбақ, тереңдігі шексіз тұңғиыққа қарай бойлап бара жатқандай жанын үрей иектейді. Алға қарай адымдаған сайын аруақтар әлеміне жақындағандай күй кешеді. Қалтарыс, қараңғы қуыстардан арса-арса ақ сүйектерінен от шашып, қу денесін салдыр-күлдір сүйретіп о дүниенің адамдары шыға келердей тұла бойы тітіркеніп, түршігеді. Әлде ненің түрлі дыбыстары, әлде кімнің сөйлеген сөздері, күңгір-күңгір кеңестері естілгендей болады. Есіне өмірінің соңында қылуетте ғұмыр кешкен қазақтың екі әулиесі оралады: Бірі – Түркістандық Қожа Ахмет Иасауи, екіншісі – Маңғыстаулық Бекет ата – Пір Бекет. Сопылықтың ең жоғарғы дәрежесіне жетіп ұшатын қасиетті игерген пәруәрдігер. Өзін де құдды жер астының, қылуеттегі адамдай сезінеді. «Иә, аруағыңа бас Қожа Ата, құдіретіңе бас Пір Ата, қолдай көр» дейді. Сонда, құданың құдіреті алып апан іші жарық сәулеге, жасыл нұрға толып, жүрегі тынышталып, қорқыныш сезімі жойылып, беймарал қалыпты күйге түсіп, бойына қуат қосылып, жаны жадырап, қызметін тиянақты атқарып шығады.

Қыс іші, кешкі беймезгіл уақыт болатын. Адамдардың ағыны тасыған өзендей арнасынан асып молаятын кез. Вагондарда ине шаншар жер жоқ. Тікесінен тік, сығылысып, қысылып тұр. Ана бір арбалы адамның ғана айналасын кең ұстауға тырысады. «Тап осы кезде, адам аяғы көбейген кезде жүрмей-ақ қойса болмай ма екен» деп біреулер іштей тыжырынады. «Бастырылып қалмаса екен» деп ал біреудің шын жаны ашиды. Пойызда кім жүрмейді. Жас нәрестесін алдына алып, әлуәйлап отырған жас ана да бар.

Аяқастынан ағызып келе жатқан пойыз, жұлынын үзіп жібергендей лоқ етіп тоқтады да қалды. Бейғам жұрт біріне-бірі соғылысып, бірінің үстіне бірі құлап, вагон іші лезімде ду-шу болып барып тиылды. Жолаушылар сабырлы екен. Лезде у-шуды басып, жайбырақат күйге енді. Автоматты түрде көмекші батареялар іске қосылып вагондар ішіне жарық берілді. Ал пойыздың қозғалатын түрі жоқ. Машинист пойыз диспетчерімен байланысқа шықты. Сыртан келетін негізгі электр желісінде апат болған. Тоқ беретін екі бірдей электр желісі істен шыққан. Желідегі барлық пойыз тоқтаған. Жолаушылардың дүрлікпеуін, қобалжымауын өтініп, сабырлылыққа шақырды. Солай болса да вагондар ішінде лық толған адамдардың тынышы бек кетті. Әр вагонның желдеткіштерін ашқанымен ауа жетіспеушілігі байқалады. Жолаушылар әбігерге түсті. Терлеп-тепшіп, пысынап, ыстықтай бастады. Вагон іші қапырықтанып, ысыды. Біреу қолымен, біреу қол желдеткішімен, әлде кім газет-журналмен бет-аузын қаққыштап беймаза.

– Есікті ашшы, есікті. Ауа кірсін.

– Қапалап өлетін болдық!

– Әй, мұнысы не? Тірідей тоннельде көмейін деді ме?

– Айттым, осы пәлеге түспейік деп. Қашанда бір баратын жер ғой деп. Метро – музей. Көр деп жанды қоймады. Ажалымыздан бұрын апаратын болды ғой,– деп зар қақты бір кексе әйел. Біреу желдеткіштен басын сыртқа шығарып алып ауа жұтқан болады. Оған біреу ұрсып, етегінен тартып жатыр.

– Әй, түсші былай, алақандай тесікті сен бітеп алғанда басқамыз немен тыныс аламыз.

Вагон ішінің қапырығы үдей түсті. Есіктерді ашуға болмайды пысықсыған біреу секіріп кетіп арандап қалуы мүмкін. Әр жерден жас баланың жылаған дауысы, қиналған адамның ыңылы, қыңқыл-сыңқыл естілді.

Пойыз болса екі бекеттің ортасында тоннелдің ішінде қалған. Бес-он минуттық арақашықтықпен бірінің артынан бірі іркес-тіркес келе жатқан пойыздар бір бекеттерге жетіп үлгірсе, бірі бекет басында, ал бірі бекетке тұмсығын іліп үлгірген. Тоннель қуысы толған кептеліп қалған пойыз құрамдары. Оларды жылан іннен суырғандай қылып автономды қызмет атқаратын локомотивпен депоға бір-бірден сүйреп шығарғаннан басқа амал да, тәсіл де, жол да жоқ. Электр қуатын қалыпқа келтіргенше ең әуелі пойыздардағы адамдарды эвакуациялап, жақын бекеттерден тысқа шығару басталды.

Ақат болса тоннелдің ішінде қалған пойызда келе жатқан еді. Ол өз диспетчеріне нұсқаулық бойынша пойыздағы жағдайды толық баяндады да, машинистінің кабинасына кірді. Ол пойыздың екі бекет арасындағы ара қашықтықты есептеді де «Біз шамамен жақын бекеттен үш жүз метр қашықтықта тұрмыз. Жолаушыларды сол бағытқа қарай эвакуациялау дұрыс» деді. Пойыз қозғалысының бас диспетчері бұл шешімді жедел құптап, адамдарды тоннельмен аса сақтықпен тездетіп шығаруға бұйрық берді. Машинист микрофонын қолына алып, нұсқау беріп, локомативтің тек төтенше жағдайда ашуға тиіс алдыңғы бекітулі есігін ашты. Ақат дулығасының маңдай шамын жағып, үркердей болып, үдірейіп тұрған жолаушыларға қарап:

– Тоннель арқылы тысқа шығуға бұйрық келді. Асықпаймыз, саспаймыз! Ата-баба, Ата Бекет аруағына сыйынып, а құдайлап вагоннан шығайық,– деп бірінші болып тоннельге түсті. – Асықпай түсіңіздер, бір-бірден жайлап түсіңіздер,– деп және дауыстады. Сонан соң артынан іле-шала төрт сатылы баспалдақты асықпай басып шыққан жігіттің қолынан ұстап түсіріп, – былай, жиналып тұра беріңдер,– деп оны рельстің сыртына қарай бағыттады. Машинист адамдарға асықпауды, кимелемей, шұбап шығуды үнемі айтып, үздіксіз ескертумен болды. Есерсоқтау ма біреу әлгі арбалы адамның үстінен қарғып аттап есікке қарай ұмтылды. Жұрт: «Ұятсыз, арсыз, әдепсіз» деп оны тілдеп жатты. Құдайға қарған екі азаматтың бірі арбалы жолаушы, екіншісі оның арбасын көтеріп вагоннан шықты. Адамдардың жүзінде еш қандай қорқыныш, қобалжу, үрей болмады, керісінше пойыздан түсе сала қол телефондарының жарығын жағып, жан-жағын суретке түсіріп мәз. Тоннельге жиырма-отыз адам жиналды-ау деген кезде Ақат,

– Ал енді артымыз асықпай, аптықпай вагоннан шұбап түсе береміз, алдымыз аяғымыздың астына қарап, сүрініп кетпей, абайлап, аса сақтықпен алға жүреміз,– деп жиналға жұртты баяу қозғалып, бекетке қарай бастап кетті. Айналасы бір он, он бес минуттың ішінде айтқанды тыңдап, айдауға көніп келе жатқан тәртіпті жолаушылар аман-есен тоннельден перронға түгел көтерілгенде жамыраған қозыдай сыртқа қарай шапқылады. Ол қуанышты көңілді жандардың тырағайлап, балаша қуанып шапқаны еді.

Ақаттың аяғы эскалаторға ілінгенде қасынан көк көйлегін көлбіретіп, қалқып ұшқан қаршығадай бір бойжеткен желіп өтіп бара жатты. Артынан қарап қалған Ақаттың ақындығы ұстап кетті. Көкейіне өлең жолдары құйыла қалды:

Әне кетіп барады,

Шамдай шашып арайын.

Эскалатор тоқтай гөр,

Қуып жетіп алайын.

«Мә, мынауың өлең ғой» деді ол өзіне-өзі сөйлеп. Енді оны метромен қосып, әдемі бекеттердің безендірілуімен қабыстырып ары қарай жалғастырып әкеткісі келді. Пойыздар қозғалысын реттейтін орталықтандырылған сервердің аппараттарын тексеріп, бақылап жүргенде де әсем бір әннің ырғағымен ыңылдауын қоймады.

– Әй, әнші көкейіңде бірдеңе тұр-ау, деймін, бізбен де бөліссеңші, – дейді аппараттың тамырын тыңдап тұрған серіктесі.

– Шикі, шикі, – дейді Ақат жымиып.

Кешкісін үйге келген соң қара шайын қанып ішіп алды да үстелге отырды. Көз алдына метро бекеттерінің безендірілген бейнесі, зымыраған пойыз, аяқтарын еріне, еркін басқан мөлдір қара көзді қыздар елестеді.

«– Метродағы махаббат».

«– Тап солай». Ол компьютердің перне тақталарының әрбір әрпін сатырлатып тере бастады. Өлең шумақтары түзілді.

«– Ал оқы»,– деді ол,– дауыстап оқы».

Метрода бекеттер,

Сарайындай хандардың.

«– Иә, Алматының метро бекеттерінің бет-әлпеті айдай көрікті, ешбір елдің метросынан кем түспейді, әр бекет өз атауына сай өнер туындысы. Айта қалын! Ал, ары қарай».

Бір қыз көріп сол жерден,

Ханшама деп таңғалдым.

«– Һім, сосын?».

Зымырайды уақыт,

Зуылдайды пойыздар.

«– Дау бар ма?».

От шашады әйнектен,

Мөлдір қара мойылдар.

«– Әрине, осы тебініңнен түспе. Әсіресе метроның жер астындағы таңғажайып тартымдылығына екпін бер. Онда жаңбыр жаумайтынын, онда қыс та болмайтынын айт. Тіпті аптап ыстықта, мамыр, маусым, тамызда, жүргендейсіз аңызда деп соқ. Ол жерде, ай да, күнде болмайды. Ол жерде сіз ай да, күн борласыз деп жырла» деп Ақат алақанын жайып, сілтеп тұрған оң қолының қимылын тыйып,

«–Тоқта-тоқта! Осымен тоқтай ғой, осы ойың керемет қой!»,– деді де көзін жұмып сәл ойланып,

«– Бағанағы «қуып жетіп алайын» деп емекситін жерің бар еді ғой?». – Ол қайтадан келіп үстел басына отырды. Өлеңнің келесі шумағын жалғастырды.

Метрода көрінген,

Періште қыз бағалы.

Қай бекеттен түсіп ед,

Қай бекетке барады?

«– Иә-иә, осының дұрыс, осыны сабақтай түс, эскалаторда түсіп бара жатқанын көріп едің ғой, енді сен шығып бара жатқанда, ол түсіп келе жатады, сол сәтте сол бейне күн шыққандай көрінеді де лезімде батады. Метро бекеттері мәрмәр тастан соғылған салқын бақ қой. Пай-пай! Сол бақтардың ішінде бірін-бірі өмір бойы іздеген қаншама тағдырлар табысты дегейсің. Мына бір бір-бірімен жұптасқан қос рельс қалайда қосылады бір жерден. Сол сияқты үмітін үзбеген тағдырлар табысып, қосылып жатады. Мүмкін, бұйрық, талай солай болса одан қалай қашып құтыласың. «Абай» ма, әлде «Алмалы» бекетінде кездесіп, мүмкін «Жібек жолы», мүмкін «Сайран» бекетінде жолығып, танысып, табысар». Өз ойына Ақат өзі бас изеп құптап, өлеңінің соңғы шумақтарын аяқтады.

Елес сынды ханша қыз,

Таныс және бөтенсің.

Қай бекеттен жарқ етіп,

Шыға келер екенсің.

Кездесерміз бір күні,

Бекеттердің бірінде.

Сөйлесерміз үн-түнсіз

Ғашықтардың тілінде.

Бекеттің кезекшісі үлкен лауазым. Бекет қозғалысын басқарудың барлық қызметі соның мойнында. Ол бүкіл қызметті жеке кеңседен басқарады. Онда басқару, бақылаудың барлық байланыс құралдары, мониторлар, басқа да қажетті жабдықтары орналасқан. Осының бәріне даяшылық жасайтын Ақат. Сондықтан ол бөгде адамдар кіруге болмайтын кеңсеге еркімен, қалаған уақытында кіріп-шығады. Бұлар ауысыммен қызмет жасайтын төрт адам. Қызметтері аса жауапты. Әлде кім жұмысынан ақау шығарса пойыз қозғалысы тоқтайды. Дәрігерлер адам жаны үшін қалай қызмет жасаса, Ақаттар пойыздың іркіліссіз қозғалысы үшін сондай қызмет көрсетеді.

Түс мезгілі. Ақат бекет кезекшісі кеңсесіне кіргенде ол арнайы ас бөлмесінде отыр екен.

– Кел, Ақат, кел, қандай жаңалығың бар,– деді қызмет киімі өзіне құйып қойғандай жарасатын келісті келіншек. Өзі де домбыра шертіп, ән салатын өнерпаз болғандықтан Ақатпен әңгімесі үйлесетін. Техникалық сұрақтарды ысырып қойып, өнер саласына ауысатын. Талай сұңғыла еңбек адамдарының арасында өріп жүреді емес пе? Ол Ақаттың «Метродағы махаббат» өлеңін жаттап алып, жайып жіберді. Ал бір инженер ән шығарып, «Метродағы махаббат» метро қызметкерлерінің танымал хит әніне айналып кете барды.

***

Түн іші. Пойыз қозғалысы қалай тоқтайды, тоннельдегі техникалық құралдардың қызметін тексеру, бақылау, жөндеу жұмыстарын бастауға бас диспетчерден рұқсат берілген мезетте аттанысқа сақадай сай тұрған жұмысшы-қызметкерлер дереу іске кірісті. Ақат, қасында көмекші. Тоннель бойлап ондағы өзіне тиесілі техникалық тетіктерді тексеріп келе жатқан-ды. Бір заматта қарсы алдарынан шамасы жүз метр жерден әлде не ағараңдап көлденең өткендей болды. Әуелде бүкшеңдеп, жүгіріп өте шыққан адам ба деп қалды. «Төрт аяқтап шапқылайтын адам бола ма, Маугли емес».

– Байқадың ба?

– Байқап қалдым.

– Не?

– Құр елес пе деймін.

– Қайдағы елес. Сен де айтады екенсің.

– Осы тоннельді қазғанда талай адамның бас сүйегі шықты дейтін.

– Е, солар тіріліп кетіп, шапқылап жүр екен ғой.

– Тоннельге түссем кей кезде есіме қайдағы-жайдағы бірдемелер көзіме елес болып көріне береді.

– Қорқасың ғой?

– Қорықпаймын. Жалғыз емеспін ғой. Жайдан-жай қиялданасың да.

– Әй, бұл елес емес-ау?

– Енді не болуы мүмкін?

– Соның байыбына мен де бара алмай келемін. Жүр жақындайық.

– Әне кетті, әне кетті, Ақат.

– О, пәлі мынау ит қой.

– Ит болғанда ала ит екен.

– Кәндектен зор, ә.

Ақат рациямен диспетчерге хабарлады.

– О, жасаған, ит тұмсығы өтпейтін жерде ит жүргені, қалай?! – Қапелімде диспетчер де сасып қалды. – Әй, ол қалай кіріп кеткен?

«– Ит білеме ме?!».

Диспетчер екі бекет, сол аралықтағы тоннельдегі бүкіл қызметкерлерді ит ұстауға жұмылдырды.

– Айғайлап, үркітіп, қорқытып, шошытпаңдар! Құтқарушылар, ит аулаушылар келгенше көзден таса қылмаңдар! Өздерің абай болыңдар! Байырқалап, алдап-сулап ұстауға тырысыңдар! – Алдап-сулауға ит көнсе. Көнбек түгіл адамды жақындатар емес. Қарасын көрген жерден зытады. Қай жерге барып, қай қуысқа тығылсам, мына пәлелерден көз көрмес, құлақ естімес жерге жасырынып қалсам деп ойлайды. Әр неден әбден запы болған бұралқы ит.

Екі бекеттен бір-біріне қатар жатқан екі тоннельмен төрт бригада шықты. Әр кім қолына іліккенді ұстаған. Біреуінің қолында жіп арқан. Шамасы шалмалап ұстамақ. Біреуінің қолында швабра таяқшасы. Тап бергенде тап тұмсықтан асатып, талдырмақшы. Біреуі қолына қанар (мешок)! алған. Басына кигізе салмақ ойы бар. Ал мына бір әйелдің қолында бір кесек нан, бір жапырақ шұжық… Бекет диспетчері де қызметкерлер өздері де бірі-біріне нұсқауды беріп келеді.

– Көзден таса қылмаңдар! Таппай қаламыз!

– Тоннель аралық өткелде қалып қоймасын!

– Ауа соратын шахтаға өтіп кетпесін!

– Перронның астын мұқият қадағалаңдар.

– Әй, көшік-күшік деп еркелетіп шақырыңдар!

– Е, саған еркелейді.

Итпен екі бекет аралығында кезікті бұлар. Иттің алды-артынан шығып, қаумалап келіп, қамап ұстауға шақ қалған. Кәндектің шегінерге жері қалмады. Екі қапталы бетон қабырға. Алды да, арты да қабақтарынан қар жауып, бар ыза-запыраны бетіне шығып, ентігіп, өкпесін қолына ұстаған қосаяқтар. «Сеніме, бәлем!» дейді. Қолына түссе қылқындырып өлтіретін. Ала ит айбат шегіп бетон жастанып ырылдай бастады. Қорыққанда бүгіл денесі дірілдеп адамдар жақындаған сайын ырылы күшейді. Ол бар күшін жинады. Тура қарсысында тұрған адамға қарай тайсалмай тіке шапты. Анау басын тасалап үлгіргенше ит оның тақымының астынан сып етіп өте шықты да зытыды.

– Ойбай, бекетке кетті, бекетке…

– Алдынан шығыңдар.

Бірінші талпыныс нәтижесіз болды.

– Перрон астына кіріп кетпесін. – Біреу рация, ал біреу жай айғайлап, әркім әр түрлі жорамал айтып, жінігіп жүр. Бәрінің көкейінде бір мақсат: таң атпай мына «диверсанттың» көзін құрту. Көріп қалғандары қандай ғанибет болған. Әйтпегенде бір жерде тығылып жатып, пойыздар шұбаған шақта жол бойына тұтқиылдан кенет шыға келсе не болды. Машинист байқап қалса жедел тежеу тетігін басары сөзсіз. Қаншама адам зардап шегеді… Ал көрмей қалса шы? Мұның зиянын айтып жеткізе алмайсың.

– Ау бар ма? Ау құрайық.

– Әй, бұл балық емес қой саған.

– Енді қайтіп ұстайсың?

– Атып алмаса ұстатпайды.

– Кім атады?

– Неңмен атасың?!

– Пойыздар қозғалысы басталар уақыт жақын қалды. Тоннельде босатып, сыртқа шығып үлгеру керек.

– Ұрып өлтірейік!

– Ұрып өлтіресің бе. Атып өлтіріп, асып жейсің бе еркің, – деп шыжақ қақты диспетчер.

– Обал ғой.

– Ой, обалыңның…

–  «Бір иттің өлімі бүкіл қозғалыстың тағдырын шешеді. Қандай аяушылық болу керек». Қалайда тоннель жедел босатыңдар! Уақыт тапшы.

Осындайда уақыт та қашқан иттей зымырайды.

– Құтқарушылар, ит аулаушы мамандар қайда?!

– Неге кешікті?!

– Келіп қалды,– деген бекет диспетчерінің дауыс зорайтқыштан айтылған дауысы тоннель ішін жаңғыртты…

2025 жылы 19 қазанда Париждегі Лувр мұражайына ұры түсіп, жеті минутқа жетер-жетпес уақытта сегіз түрлі аса бағалы зергерлік бұйымды алып кеткен.

Қорғанысы Лувр музейінен мың есе мықты, айналасы толған бейне камера, метродан шығар ауыздың бәрі қабат-қабат күзет, қаба-қабат қадағалаушы, қабат-қабат есік, ит түгіл ине өтер тесіксіз, күндіз-түні бақылаудағы метро тоннельіне енген ит аңызға айналды.

***

– Пісімілә-пісмілә. – Ақат қолындағы сайманын еденге тастай салып, кісі бойы биік темір шкафты ұстап, сүйеніп тұра қалды. Темір шкаф кәдімгі теңіздегі қайықтай ырғалады. – Сұбыхан алда, сұбыхан алда! – Бөлменің төрт бұрышынан топырақ саулады. Сықырлап, шықырлаған дауыстар естілді. Әлде не шарт етіп сынды. «Жер сілкінісі дабылы» қосылды. Сол-ақ екен жалп етіп жарық өшті. Қаз-қатар тұрған шкафтардағы барлық аппараттардың қызыл көздері жанып, салдыр-гүлдір өшіп жатыр. Көрші бөлмеде жүрген серіктесі жүгіріп кірді.

– Ақат… Ақат не істейміз? Ақат қайдасың? Жер сілкініп жатыр. – Ол институтты биыл бітірген бар-жоғы жиырма бір жастағы жас маман еді. Оның қасында Ақат тіс қаққан, көкшулан кәрі қасқыр.

– Саспа, солай тұра бер.

– Ақат, біз жер астындамыз ғой.

– Иә, жетпіс метр тереңдікте жүрміз.

– Қайтіп шығамыз, Ақат?!

– Шықпаймыз! Төбеңнен бомба түссе де тығылатын жерің осы!

– Осында қаламыз ба?

– Қаламыз. Тірі қаламыз. Міне, тірі қалдық қой. Жер астындағы бізге мынадай қатты сезілгенде, үстіміздегілер не күйде екен?

– Жер бетінде бұдан да қатты сілкінді ме, Ақат?

– Кемінде екі бал жоғары. Сейсмологтар солай дейді. Жер асты қауіпсіздеу. – Ақаттың жас серігінің қорқынышы сейіліп, оның қасына жақындады. Диспетчер бекеттің дауыс ұлғайтқышымен тоннельдерде қанша, бекеттерде қанша адам барын сұрап, шұғыл ең жақын бекеттерге жиналып, бір тәртіппен сыртқа шығуын талап етті.

– Ақат, эвакуация жасаңдар деп жатыр.

– Саспа, бауырым, бір сілкуден аман қалдық. Қайталануы мүмкін. Жүр, асықпай сыртқа беттейік. – Ақат байсалдылық танытып осылай десе де жүрегі лоблығып, жарылған, сынған, бүлінген дүние бар ма дегендей әлсін-әлсін төбеге қарап,  жан-жағына жалтақтап, «япыр-ай, шығар ауыз, есіктер бітеліп қалмаса екен» деген іштей қобалжуын жұмысқа жаңа келген жас инженерден жасырды.

– Эскалатор істеп тұр ма?

– Қайдағы эскалатор. Қорықпа. Жер астында қалмаймыз. Осындай кезде пайдаланатын жасырын жасалған баспалдақтар, басқа да шығу жолдары бар. Бекет диспетчері бізге қай бағытпен шығуға болатынын айтады.

– Ақат аға.

– Ау?

– Ол жолдар да жабылып қалса қайтеміз? – Ақаттың ойының үстінен дөп түсті. «Ол жолдар жабылып қалса қайтеміз?! Әлгінде аузынан жазып «осында қаламыз» дегеніне өкінді. Енді бәрі де кеш. Өкінді де қойды не? Байқап сөйлеу керек еді. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Осында қалып қойса қайтеді? Құдай аузына салды ма? Ақат  өзін сондай жек көріп қалды.

– Әй-ии, сен де… Құдай бетін ары қылсын. Бітелмейді.

– Неге?

– Бұл метро 9 балға шыдайды. Тоғыз!!! – Ақаттың даусы қатты шықты.

–  9 бал болған жоқ ие?

– Болған жоқ!

Бекет перронына оншақты адам жиналып үлгіріпті. Бұлар сыртқа шыққанда Алматыда ұлы дүрбелең басталып кетіпті. Көше толған көшкен ел, қайшалысқан машина, жаяулар сеңдей соғылысады. Әр жерде топтасып, ұйлығысқан, ары-бері сабылысып, жан ұшырып жүгірген адамдар…

Пальтосын желбегей киген қартаң кісі  баяу жылжыған машинаға жабысып алыпты.

– Мені ала кетші, – деген дауысы анық естілді.

– Қайда?

– Қайда болса сонда…

Қалалықтардың дені, әсіресе зәулім биік үйде тұратындар аман қалғандықтың бақытын сезініп, үйлерін тастап шығып, саяжайға, айдалаға, ауылға қарай үдере, үрке көшкен…

***

Жылжып жылдар өтті. Ақат та аз жылда метроны меңгерген тәжірибелі маманға айналды. Техниканың жаңа жетістіктерін үйренді. Жасампаздық көрсетті. Небір қызықты да, қилы оқиғаларды басынан өткерді. Метро да жылдан жылға өсіп, өркендеп, құлашын кеңге жайып келеді. Ол Алматы қаласының екінші тынысына, жер асты қан тамырына айналды. Кейбір күні метро түсіне кіреді…

Түннің бір уағында метрода келе жатып оянып біраз отырып, қайта жастыққа бас қойып еді ұйықтап кетіпті. Есік сәл-пәл ашылғандай болды. Кім болуы мүмкін деп қарамақ болған, есік айқара шалқасынан ашылды да әкесі көрінді. Үстінде жазғытұрым болғанда үнемі киіп жүретін кең етек, қызғылт сұры пальтосы бар. Кең иықты, денелі, қызыл сары жүзі жайнап кіріп келе жатыр. Оң қапталында жетектеген қара көк түсті үлкен чемоданы бар. Артқы жағында ақ түбіттен тоқылған шәлісін оранып, қара көк торғыннан өзі пішіп, тіккен шапанын киген шешесі еріп келе жатыр екен. Қолына ұстаған, ұстамағаны белгісіз күрең түсті екі орындықтың арасында дәлізден бір қырынынан көрінді… Ұйқылы ояу. Жастықтан басын көтермеді. Әлгі көрген түсін ұмытып қалмайын деп бірнеше рет есіне түсірді де өзі жори бастады.

Жарықтықтар бұрын түсіне кірмейтін. «Мен олардан медет тіледім бе? Араларына он алты жыл салып о дүниеге өтсе де бірін-бірі тапқан екен ғой. Аруақ қайда болса да табады дейтін. Әкем марқұм дене-пішіні мол кісі еді, менің жүрегімде сақталып қалған бейне сол қалпын өзгертпепті, азбапты, жүзі жарқын екен, о жақта да жағдайлы болғаны ғой. Сүйреткен үлкен чемоданы дүние-мүлік, қазынасы. Анам да жылы киінген. Екі орындық ненің белгісі екен?»…

Жуықта метрополитен директоры мерекеге орай Ақатқа «Алғыс хат» ұсынып тұрып:

– Темір жолда отыз жыл, метрода он жыл үзіліссіз жұмыс істеп, пойыздар қозғалысы мен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ақаусыз атқарған қызметіңізді, өндіріске жаңа техника мен технология енгізуде көрсеткен күш-қайрат, білім-жігеріңізді алқау парызымыз. Еңбек адамы, тәжірибелі маман әр қашан мақтанышымыз, алға ұстар ардақтымыз,–  деді. Ақат адал еңбектің бақыт құсы алақанына қонғандай марқайды.

Ал бүгін жұмысқа асығып келеді. Астында ауыздықпен алысқан хаки түсті Santa fe автокөлігі. Алматы көшесінде бірен-саран еді. Екінің бірі мінетін болыпты. Ол он жыл мінген Toyota-50-ден орнықты. Toyotа  ұшқалақтау, жеңіл еді. Мынау салмақты, байыпты, баяу қозғалады.

Ақат машинасының басын батысқа, қала сыртына қарай бұрды. Алматының шалғайын кеңіткен су жаңа шағын аудандар арасымен жүйткітіп келеді…Таңертең қаладан шығу оңай. Кептеліп тұрған қарсы жолдағы көліктер іркіліссіз зытыған бұларға қызыға да, кіжіне де қарайды. Жол тағдырын жіпке тізеді. Егер мега полистің шет аумақтарына метро баратын болса көліктерін қала сыртында-ақ қалдырып метромен орталыққа жетсем деп армандайды. «Арманды аспаннан іздеме, алақаныңнан ізде» дейтін әкесі жарықтық. Әрине, армандар орындалады.

Бүгін қаланың батыс аудандарын орталықпен қосатын метроның екі бекеті пайдаға берілмек.  Ақат соған асығады. Он жыл  метрода қызмет еткен кәнігі қызметкердің жаңа бекеттерде қызмет етуге құлшынған қуанышты көңілі асықтырып барады.

2025 жыл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар