///

Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ: Алматы Жаңа жылдық отшашудан бас тарта ма?

81 рет қаралды
Отшашу. Көрнекі сурет. Азаттық сайтынан алынған

Әлеуметтік желіде Жаңа жылдық отшашудан бас тарту туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Алматы билігі “мұндай жоспарды қарастырып жатырмыз, әзірге түпкілікті шешім қабылданбады” деп мәлімдеді. Мәселе тек қауіпсіздік емес, экологияда да болып отыр. Алматы әлемдегі ауасы ең лас қалалар рейтингісін бастап тұрған шақта бұл мәселе төңірегінде пікірталас қыза түсті.

«КӨЗ АЛДЫМДА ОТШАШУДАН ӨРТ ШЫҚТЫ»

Алматылық экоблогер Меруерт Салықова экологиялық өмір салтына көшкелі бері Жаңа жылды да барынша «минималист стильде қарсы алатын отбасылардың біріне айналдық» дейді. Ол отбасымен бірге Жаңа жылда отшашу атпайды, аста-төк дастарқан жаймайды тек қонақтар жейтін тағам мен салат түрін дайындайды. Жылтыр, пластик сыйлықтардан да бас тартқалы көп болған. Мұның бәрі артық шығын, табиғатқа зиян дейді.

«Әкімдіктің отшашу атқаны жеткілікті деп ойлаймын. Соны тамашаласақ та жетіп жатыр. Бізде тұрғындар көрінген жерден пиротехниканы ата береді. Бұл дұрыс емес. Өзім көп қабатты тұрғын үйде тұрамын. Бір жолы Жаңа жылда балконға шығып едік. Көрші үйден біреулер шығып пиротехниканы атып, ол дәл қарама-қарсы үйдің балконына тиіп, көз алдымызда өрт шықты. Ол үйде ешкім жоқ екен. Есіктерін бұзып кіріп әйтеуір өртті сөндірді. Осы сияқты нәрселерге жол бермеу керек деп санаймын», дейді экоблогер.

Меруерт Салықова. Жеке архивтен алынған сурет

Ресми мәлімет бойынша, кейінгі бес жылда Алматыда пиротехникамен байланысты оннан астам өрт болған. Қазақстан бойынша былтыр Жаңа жыл кезінде пиротехниканың салдарынан 63 адам жарақаттанған, оның 22-сі – бала. Ең көп оқыс оқиға Алматыда тіркелген.

Отшашу мен пиротехника қауіпсіздік қана емес, сонымен бірге экологиялық мәселе. Жаңа жыл кезінде онсыз да түтінге тұншығатын қалада маска тақпай жүру мүмкін емес. Мұны «Қазгидромет» дерегі де растай түседі.

Қазгидрометтің «Тамшы» арнасына берген мәліметінше, 2024 жылғы 31 желтоқсан мен 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында Алматының Түрксіб, Жетісу аудандарында азот диоксиді шамадан тыс мөлшерде (РШК – рұқсат етілген шекті концентрация) тіркелген.

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, сол күндері қар жауып, секундына 7 метр жылдамдықта жел соққан. Метерологиялық жағдай ауадағы лас заттарды сейілтуге әсер еткен.

ОТШАШУ АТУ КЕРЕК ПЕ?

Алматыда Жаңа жыл жақындаған шақта әлеуметтік желіде отшашудан бас тарту туралы бастама көтеріліп жатыр. Қолданушылар қаланың онсыз да түтінге бөгіп тұрғанын, отшашудан кейін мүлде ауа жоқ болып қалатынын айтты.

«Алматылықтар, келісіп алайық 31-і салют ату жоқ! Онсыз да демалатын ауа жоқ» деп жазды Threads желісінде nurkaayeva есімді қолданушы. 

Жазбаға пікір қалдырған қолданушылардың басым бөлігі оны қолдады.

«Иә, сол салютты атпаса да, Жаңа жыл келеді. Онсыз да көк түтінде отырмыз. Ақшаны босқа шашпай балаларыңа сыйлық әперіңдер. Біз, міне 4-5 жыл болды, тарсылдақтарды алмаймыз, көршілер де атпайды» деді қолданушылардың бірі.

«Одан да ет алсаңдаршы. Көк базардағы бағаны көрдіңіздер ме? Сиыр еті 4500-5000 теңге» деп жазды mina.nyshanbayeva есімді қолданушы.

Дегенмен «тек 31-і күні ғана түтін болып кететіндей» деп қолданушылардың бірі ұсынысты жаратпағандай сыңай танытты.

Отшашу. Көрнекі сурет. Азаттық сайтынан алынған.

Алматылық баспагер Раиса Қадер 16 желтоқсанда Instagram желісінде Алматы әкімдігін отшашудан бас тартуға шақырды.

«Салюттың төмендегідей теріс әсері бар: жүрек-қантамыр ауруы бар адамдарға, қарттар мен балаларға; посттравмалық бұзылысы бар және шамадан тыс мазасыздыққа ұшыраған адамдарға [кері әсері бар]; үй жануарлары, сыртқы жануарларды қатты дыбыс үрейлендіріп, жарақаттайды, өліміне де соқтыруы мүмкін. Қала ауасын одан сайын ластап, қоқысты көбейтеді» деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде салютті қолдағандар да кездеседі.

Zakon.kz сайты 4,7 мыңнан астам оқырман арасында отшашуға қатысты сауалнама өткізген. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі Жаңа жыл кезіндегі фейерверкке қарсы шыққан. Олардың үштен бірінен астамы (35 пайыз) отшашуды денсаулыққа зиянды және жарақаттауы мүмкін деп айтқан. 23 пайызы отшашуды қолдайтынын, 29 пайызы бәрібір екенін айтқан

«[Отшашуға] керемет қараймыз, тым болмағанда жылына бір рет қуануға болады ғой. Жылдағы жалғыз бір күн сұрғылт емес, түрлі-түсті болуы керек қой» деп жазды lyubov11031987 есімді қолданушы аталған парақшаның комментарий бөлігінде.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Airkaz.org жобасының авторы Павел Александров ауаның ластануына отшашудың әсері аз деп санайды.

«Отшашудың әсері қысқа. Тіпті жаңа жылдық ауыр 2-3 сағаттан кейін ауа қалыпты нормасына келеді» деді ол «Тамшы» арнасына.

Ал экобелсенді Ботагөз Садыбекова Жаңа жыл кезінде ауаға қаншама қауіпті заттар таралатынын, салютті қызықтаған жұртқа ол қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. 

«Бұл жерде қаншама химиялық реакция жүреді. Ол атылған сәтте ауаға қаншама қауіпті зат таралады. Айталық, жасыл түс беретін барий тыныс алу жолдарын, демікпені одан сайын күшейтеді. Қызыл түс беретін стронций өкпеге әсер етеді. Көк түс беретін мыс ауада ұзақ сақталады. Ол ауыр металл болып саналады. Ауаға тарайтын ауыр металдар арасында қорғасын да бар. Жүйке жүйесіне қауіпті. Калий перхлораты қалқанша безіне әсер етеді. Салют атылған кезде PM 2.5 ұсақ бөлшектер бірнеше сағат ішінде еселеп көбейеді. Қыста ауаға бөлінген химиялық заттардың қоспасы ұзақ уақыт бойы сейілмей тұрады. Тез кетіп қалмайды. Су топырақтарға да шөгеді. Бұған қоса, қатты дыбыс құстар мен жануарлар үшін үлкен стресс. Бір мезетте айналаны тарсыл-гүрсіл басқанда олар бағыт-бағдарынан адасады, өліп қалуы да мүмкін» дейді экобелсенді.

Садыбекованың айтуынша, отшашуға балама көп, мысалы дрон ұшыруға, лазер шоу ұйымдастыруға болады.

ALMATY AIR INITIATIVE ДЕРЕГІ

Алматы қаласының ауа сапасына мониторинг жасайтын Almaty Air Initiative қор өкілдері отшашу бойынша нақты зерттеу жүргізбегенін, бірақ ғылыми дерек бойынша, пиротехника қолданылған кезде PM2.5 деңгейі қысқа уақытқа фондық мәннен 6-20 есе жоғарылауы мүмкін екенін айтты. Айтуларынша, деректерді dashboard.air.org.kz платформасынан көруге болады.

«Салюттар ауа сапасына өте қысқа уақытта, бірақ жоғары қарқынмен кері әсер етеді. Жарылыс кезінде ауаға PM2.5 және PM10 ұсақ бөлшектері, сондай-ақ улы газдар бөлінеді. Бұл бөлшектер өкпеге терең еніп, қанға өтуі мүмкін. Алматы сияқты таумен қоршалған, қыста желсіз әрі температуралық инверсия жиі болатын қалада бұл ластаушы заттар ауада сағаттар бойы сейілмей, смогтың қоюлануына әкеледі. Нәтижесінде фейерверктердің бір түнгі әсері денсаулыққа бірнеше күндік қалың смогпен салыстырмалы деңгейде зиян келтіруі мүмкін» дейді олар.

2025 жылы Алматының ауа сапасы туралы дерек. Оған сүйенсек, биыл ең лас ай Қаңтар айы болған. Almaty Air Initiative платформасынан алынған скриншот

Қор өкілдерінің сөзінше, отшашу кезінде атмосфераға мынадай ластайтын заттар бөлінеді:

  • PM2.5 және PM10 ұсақ бөлшектері – тыныс алу жүйесіне еніп, жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырады;
  • ауыр металдар (барий, мыс, қорғасын, хром, стронций, алюминий, марганец) – тіпті аз мөлшерде улы және қоршаған ортада жиналады;
  • күкірт және азот қосылыстары (SO₂, NO₂) – тыныс жолдарын тітіркендіріп, екінші реттік ластағыштардың түзілуіне ықпал етеді;
  • перхлораттар – топырақ пен суды ластап, эндокриндік жүйеге кері әсер етуі мүмкін;
  • көміртегі оксиді (CO) және көмірқышқыл газы (CO₂).

Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай заттар бронхоспазм, демікпені өршітуі мүмкін, аллергиялық реакциялар туындатады, жүрекке түсетін салмақты арттыруы ықтимал. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтар үшін бұл аса қауіпті.

Қор платформасындағы мәліметке қарағанда, ауа сапасы жағынан ең лас ай қаңтар айы саналады. Дегенмен қаңтардағы лас күн 1 қаңтар емес – 14-15 қаңтар күндерін көрсетіп тұр. Бұл күндері қалада бір текшеметр ауада 125 микрограмм PM2.5 тіркелген. Платформада нақты бір күні қай сағаттарда көп лас заттар тіркелгенін білу мүмкін емес.

2024 жылдың желтоқсан соңы мен 2025 жылдың қаңтар айындағы Алматыдағы ауа сапасы. Almaty Air Initiative платформасынан алынған скриншот

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Әкімдік «Тамшы» арнасына берген түсініктемесінде қазіргі кезде отшашуға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр деп айтты.

Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы қаласының ауа ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін жүйені қалыптастыру үшін «Арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» мәслихат шешімінің жобасы әзірленген. Осы жоба аясында Алматы қаласының аумағында фейерверктерді пайдалануға тыйым салу мәселесі қарастырылып отыр.

«Сонымен бірге Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларының жобасы ведомствоаралық келісудің негізгі кезеңдерінен өтті. Жоба бойынша қоғамдық кеңестің, сараптамалық кеңестің қорытындылары, реттеушілік әсерді талдау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта жоба әділет министрлігінде келісу сатысында тұр. Одан кейін Алматы қаласының мәслихатына бекітуге енгізілетін болады» деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

ОТШАШУДЫҢ ЗИЯНЫ ҒЫЛЫМИ ТҮРДЕ ДӘЛЕЛДЕНГЕН БЕ?

Осыдан шамамен 8 жыл бұрын Тайвань ғалымдары Яньшуэе аумағындағы салют ату кезінде фейерверктің ауаға әсері жөнінде ғылыми зерттеу жүргізген. Олар ауа сапасын бақылайтын 8 станцияға датчик орнатып, ауадағы PM2.5 бөлшектерді, сол бөлшектердің химиялық құрамын (калий ионы, хлор, нитрат, магний және тағы басқа), ауа райы жағдайын (жел, ылғал, температура) өлшеген. Олар отшашуға дейін – бір, отшашу атылған кезде – бір, салюттан кейін тағы бір рет ауадағы зиянды заттарды өлшеген.

Нәтижесінде отшашу фестивалі кезінде аталған аумақта PM2.5 деңгейі кәдімгі күндерге қарағанда 6-7 есе күрт ұлғайып, денсаулыққа өте қауіпті деңгейге жеткен.

Осы сияқты зерттеулер кейбір қалаларды пиротехниканы біртіндеп шектеуге итермелеп жатыр.

Ақпаратқа қарағанда, Қытайдың көптеген қаласында (мысалы, Чжэнчжоу) отшашуды жиі атудан бас тартқаннан кейін мереке күндері ауа сапасы айтарлықтай жақсарған. АҚШ-тың кейбір штаттары пиротехниканы қолдану күндерін шектеп, тұрғындарды оған балама жолдарды іздестіруге шақырған.



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар