//

Шайдоровтың өткен өмірі: 16 жастағы сәтсіздік

82 рет қаралды

Фото: Сали Сабриов

Қоғам белсендісі Николай  Энелане Миша туралы бір үзік ойын жариялады.

-Әділдік жоқ. Оны ешкім дайын күйінде әкеліп бермейді. Оны өзің жасап аласың.

Михаил Шайдоровтың өткен өміріне үңілсеңіз, нағыз ер-азаматқа тән сынақтардың тізбегін көресіз. 21 жастағы жігіттің тағдыры кино секілді. Өйткені әр кезеңі маңдай тер, жарақат пен көз жасы және «үмітті ақтай алмадым ба?» деген ішкі наламен өрілген.

Әкесі Станислав Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионы. Ол ұлының өз жолын жалғауы үшін отбасылық көлігін сатып жіберген. Шайдоровтар қолдан келгеннің бәрін ұлының болашағына арнады. Бұл Қазақстан спортына тән классикалық оқиға. Миша «Рамстор» сауда орталығындағы мұз айдынында жаттықты. Кезінде Денис Тен де солай шыңдалған. Елімізде мұз тапшылығы бар екені жасырын емес.

Бірақ бір сын сағат болды. Сындырып жіберуі мүмкін сәт. Алайда Миша сынбады.

2021 жыл. Жасөспірім Шайдоровты ересектер арасындағы әлем чемпионатына апарды. Небәрі 16 жастағы бозбала. Ол кез пандемия еді. Дайындық ауыр өтті. Бұлшық етін созып алды. Әлі толық қалыптаспаған жас дене ересектердің өзі шыдай бермейтін жаттығуларға тап болды.

Соған қарамастан, «елді жерге қаратпаймын» деп мұз айдынына шықты.

Нәтиже 32-орын. 59,14 ұпай. Стокгольмдегі сәтсіз дебют.

Жарақат бар. Тәжірибе аз. Пандемия қысымы бар. Себебі түсінікті. Бірақ…

Сол сәтте шенеуніктер жүрекке емес, қағазға қарады. «Нәтиже жоқ» деген желеумен Шайдоровты ұлттық құрамадан шеттетті. Жалақы тоқтады. Қолдау тоқтады. Ал ол кезде 16 жастағы жасөспірімге бұл ауыр соққы. Қалпына келуді де өзі көтерді. Өз қаржысына.

Қағаз жүзінде бәрі заңды шығар. Бірақ адамдық өлшеммен қарасақ, жас баланы жалғыз қалдырды.

Алайда сол «қажетсіз» спортшы бір жылдан кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс алды. Күтпеген сенсация. Кешегі «сәтсіз» жігіт бәріне жауап берді. Кейбіреулер кейін «біз әрқашан сендік» деп сұхбат беріп жатты. Мұндайды көргенде күлкің келе ме, әлде қынжыласың ба — өзіңіз шешіңіз.

Бес жыл өтті.

Стокгольмдегі 32-орыннан кейінгі бес жыл.

Сол бозбала бүгін Олимпиада чемпионы атанды. Сұңғақ бойлы, тісіне брекет тағылған, жүзі ашық жігіт бәріне дәлелдеді. Ең алдымен өзіне. Отбасына. Жаттықтырушыларына. Ал кезінде сырт айналғандарға уақыттың өзі сыншы.

2021 жылы спорт саласын Ақтоты Райымқұлова басқарды. Ұлттық Олимпиада комитетін Тимур Құлыбаев басқарды.

Ол жылдары бәрін пандемияға, қаржыға сілтеді. Даулар, бюджет тартыстары, күңгірт әңгімелер… Спортшының тағдыры бірінші орында болмады.

Бәлкім, сол жеңіліс керек те болған шығар. Үлкен чемпиондық міне ауыр соққыдан кейін қалыптасады.

1994 жылы шаңғышы Смирнов Олимпиадада алтын алған.

2026 жылы Шайдоров алтын алды. Бұл спортшыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың, ата-аналарының еңбегіне берілген әділеттің белгісі іспетті.

Бізде чемпиондар көбіне қолдаудың арқасында емес, тынымсыз еңбек пен толассыз жаттығу арқасында өседі.

Енді талай адам бұл медальға «ортақтасқысы» келеді.

Бірақ шындық біреу: сол кезде отбасы тағы да бірдеңесін сатып, қарыз алып, демеуші іздеп, тісін тістеп алға жүрген.

Қазақстан жақсы ел. Халқы кең жүректі. Трибуналардағы көк тулар соның дәлелі.

Бірақ спортты держава ету үшін тек ұран жетпейді. Инфрақұрылым керек. Қаржы керек. Жүйе керек. Ең бастысы адамдық керек. Балалар спорт мектебіндегі бүлдіршіннен бастап Сурдлимпиада қатысушысына дейін құрмет пен қамқорлық керек.

Аударған: Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Заңгер Гүлмира Біржанова: Мемлекет БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек

сурет ашық дереккөзден алынды “Медиа қолдау” ұйымының жетекшісі, журналистер құқығын қорғаушы заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстандағы