/

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы:  Түрік еуразияшылығы: транзиттік әлеует

187 рет қаралды
фото: автордан

Орталық Азия мен Кавказдағы ықпал және Ресеймен бәсекелестік

XXI ғасыр – халықаралық саясаттағы көпвекторлы стратегиялардың өркендеген, геосаяси теңгерімнің үнемі өзгеріп отыратын кезеңі. Жаһандық жүйеде биполярлы құрылым әлсіреп, аймақтық державалар мен көпөлшемді стратегиялардың рөлі артуда. Солардың бірі – Түрік еуразияшылығы, яғни Түркияның көпөлшемді, теңқұқылы байланыстар орнатуға бағытталған сыртқы саясаты.

Түрік еуразияшылығы тек транзиттік әлеуетті пайдалануды ғана емес, экономикалық, дипломатиялық және мәдени компоненттерді біріктіріп, Түркияны Еуразиядағы стратегиялық хабқа айналдыру мақсатын көздейді. Бұл саясат Анкараның Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалын күшейтумен қатар, Ресеймен бәсекелестік жағдайында икемді теңгерім орнатуға мүмкіндік береді.

  1. Геосаяси контекст және көпвекторлы сыртқы саясат

Түркия тарихи тұрғыдан Еуропа мен Азия арасында орналасқандықтан, оның стратегиялық мәні ежелден жоғары. НАТО мүшесі ретінде Түркия Батыс қауіпсіздік архитектурасының құрамдас бөлігі болса да, сыртқы саясатында көпвекторлы, прагматикалық бағыт ұстанады.

Түрік еуразияшылығы – бұл сыртқы саясаттағы тәуелсіздік, дипломатиялық тепе-теңдік және аймақтық ықпалды арттыру стратегиясы. Ел біржақты Батыс немесе Ресейге тәуелді болмай, экономикалық және саяси серіктестердің кең ауқымымен теңқұқылы байланыс орнатуды мақсат етеді.

  1. Транзиттік әлеует: оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс

Түркияның транзиттік әлеуеті оны Еуразияның негізгі логистикалық және экономикалық хабына айналуына жол ашады. Бұл әлеует төрт негізгі бағыт арқылы айқын көрінеді:

Оңтүстік бағыт: Таяу Шығыс пен Орта Азия арасындағы дәліздер, Баку–Тбилиси–Жейхан (BTC) құбыры және «Түрік ағыны» энергетикалық жобалары. Бұл бағыт Түркияның энергетикалық тәуелсіздігі мен аймақтық ықпалын күшейтуде.

Солтүстік бағыт: Қара теңіз арқылы Солтүстік Кавказ және Ресеймен сауда-көлік байланысы. Солтүстік дәліз Түркияға Еуропа мен Ресей нарықтарына шығуға жол ашады, сонымен қатар теңіз арқылы стратегиялық логистика мүмкіндіктерін ұсынуда.

Батыс бағыт: Еуропа нарығына тікелей сауда дәліздері мен теміржол инфрақұрылымы. Бұл бағыт экономикалық интеграция мен сыртқы инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Шығыс бағыт: Орталық Азия мен Кавказ елдеріне бағытталған сауда және логистика дәліздері, «Жібек жолы» жобасы арқылы экономикалық интеграцияны нығайтуға жол ашады.

Бұл төрт бағыттың үйлесімі Түркияны көпөлшемді транзиттік, экономикалық және стратегиялық хабқа айналдырып, сыртқы саясаттың тиімділігін арттырады.

  1. Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалдың күшеюі

Орталық Азиялық Азияда Түркия тарихи, мәдени және тілдік байланыстарын пайдалана отырып, аймақтағы ықпалын күшейтуде. Атап айтсақ бұл білім беру, мәдени жобалар және ғылыми серіктестік арқылы түркітілдес халықтар арасындағы интеграцияны дамытуда, экономикалық жобалар арқылы инфрақұрылым мен сауда дәліздерін кеңейтуде, қауіпсіздік саласында бірлескен бағдарламалар арқылы аймақтық тұрақтылықты қолдау бағыттары бойынша әріптестік салалрын қамтиды.

Кавказда энергетикалық жобалар (BTC, TANAP) арқылы Түркия аймақтық хаб ретіндегі рөлін нығайтуды, әскери және дипломатиялық қатынастар арқылы стратегиялық серіктестік орнатуды, Әзербайжан және басқа көрші мемлекеттермен көпвекторлы ынтымақтастық арқылы аймақтық шешімдерге ықпал ету жаңа мүмкіндіктер дәлізін ашуды мақсат етіп қояды.

Орталық Азия мен Кавказдағы саясат Түркияға Ресейдің дәстүрлі ықпал аймағында теңқұқылы ойыншы болуға мүмкіндік береді.

  1. Ресей-Түркия қатынастарының векторлары

Түркия мен Ресей қарым-қатынасы күрделі әрі көпқырлылығымн ерекшеленеді. Энергетика және сауда саласында ынтымақтастықтың тереңдігіне қарамастан (мысалы, «Түрік ағыны», энергетикалық транзит жобалары), Кавказ, Сирия және Қара теңіз аймағында стратегиялық мүдделер қайшылығы айқын сезіледі.

Түрік еуразияшылығы Ресеймен бәсекелестікте тиімді тепе-теңдікке сүйенеді: бір жағынан, экономикалық ынтымақтастықты дамыту болса, екінші жағынан, Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалын күшейту арқылы Ресейдің аймақтық үстемдігіне балама болу стратегиясы сыртқы саясаттың басымдықтарының біріне айналуда. Бұл тепе-теңдік Түркияға аймақтық саясатта стратегиялық тәуелсіздік пен дипломатиялық маневр жасау мүмкіндігін береді.

  1. Мәдени және дипломатиялық компонент

Мәдени дипломатия Түркияның Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалын нығайтуға бағытталған. Түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени кеңістігіне сүйене отырып, тіл, білім, медиа жобалары арқылы интеграциялық әлеуетті кеңейту жоспарлары, жұмсақ күш (soft power) арқылы халықаралық және аймақтық беделді күшейтуге деген ынта, аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастыққа серпін беру бағытындағы ықпалдастық осының айқын көрінісі. Мәдени және дипломатиялық құралдардың Түркияның транзиттік және саяси әлеуетін толықтырып, аймақтық көшбасшылыққа жол ашатындығы сөзсіз.

Түрік еуразияшылығы – XXI ғасырдағы көпөлшемді, прагматикалық, және стратегиялық сыртқы саяси тұжырымдама. Оның көпөлшемділігі мен кешенділігі ықпал ету аймағы мен салаларының кең көлемді қамтитындығы айқын. Оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс транзиттік әлеуеттің үйлесімі Түркияны Еуразияның экономикалық және логистикалық хабы етсе, Орталық Азия мен Кавказдағы ықпал Түркияға Ресеймен бәсекелестік жағдайында теңқұқылы ойыншы болуға мүмкіндік береді. Мәдени дипломатия және экономикалық интеграция Түркияның халықаралық аренадағы беделін күшейтеді. Сондықтан да болар Түрік еуразияшылығы – халықаралық саясаттағы тұрақты, сенімді және стратегиялық маңызды позицияны қалыптастыратын кешенді бағдар болып табылады.  

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар