//

«Оral winter fest 2026»: өткен мен бүгіннің тоғысуы

70 рет қаралды

Қыс қырауы қылышын сүйретіп, ақ ұлпа қар жер-жаһанды мамық көрпеге ораған шақта Орал қаласы айрықша бір серпілісті бастан өткерді.

 «Оral winter fest 2026» ауқымды қысқы спорт фестивалі өтті. Ұлттық мұра мен заманауи спортты шендестірген тағылымымен жұрттың ыстық ықыласына бөленген шараны көрмекке келген адам саны 4 мыңнан асып жығылды. Бұл жай ғана жарыс емес, бұл ұлт рухының жаңғырығы, ұмыт қалған өрнектердің қайта жаңғыруы, қарлы дала төсінде қайта тірілген көшпелі өркениеттің сарынындай болды.

Қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттау, ата дәстүрді жаңғырту һәм салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған игі шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өткізді.

Екі күнге созылған фестиваль аясында құсбегіліктен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Қыранның қанаты мен қыран баптаушының жүрегі қатар сыналатын бұл дода бабадан мирас болған саятшылық дәстүрдің бүгінгі жалғасы. Құсбегінің қолындағы бүркіт еркіндіктің бейнесі, ал оның самғауы халықтың асқақ арманы іспетті.

Сонымен қатар тазы жарысы ұйымдастырылып, қазақы саятшылық мәдениеттің тағы бір айшықты қыры айқын көрініс тапты. Дәстүрлі садақ ату мен жамбы ату сайыстары да фестиваль шырайын кіргізді.

Фестиваль тек спорттық сайыстармен шектелген жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары күні бойы коньки теуіп, арнайы биіктіктен сырғанау алаңдарында уақытын қызықты өткізді. Атқа міну, түрлі шаналармен серуендеу мүмкіндігі де қарастырылды. Қысқы табиғаттың құшағында өткен бұл думан шын мәнінде көпшілікке арналған мазмұнды демалыс алаңына айналды.

Сән-салтанаты келіскен шараның ашылу рәсімі «Нұр-ер» ат спорты кешенінде өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Қазақстан Республикасы Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, спорт ардагерлері мен ұлттық спорт жанашырлары, қала тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысының орынбасары фестивальдің тағылымдық мәніне терең тоқталды.

– Бұл фестиваль ұлттық мұрамыз бен заманауи спортты тоғыстырған бірегей алаң. Қысқы спорт түрлерін дамыту, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу және дәстүрімізді дәріптеу басты мақсатымыз. «Oral winter fest» алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің брендіне айналады деп сенеміз, – деді Қайыржан Ермекұлы.

Шара барысында ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасы Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызының 70 жас мерейтойына орай иығына шапан жабылып, ел алғысы білдірілді. Құсбегіліктен ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанға да сондай құрмет көрсетілді. Бұл ұлт өнеріне қызмет еткен азаматқа көрсетілген ізеттілік, дәстүр сабақтастығының айғағы.

Фестивальдің алғашқы күні ұлдар мен қыздар арасындағы шаңғы жарысы өтті. Еліміздің 9 облысы мен 3 қаласынан келген құсбегілер де жарысты бастап кетті. Облыс көлемінде алғашқы рет ұйымдастырылған ауқымды фестиваль аясындағы балғын шаңғышылар бәсекесінде ұлдар екі шақырым, ал қыздар бір шақырым қашықтықта сынға түсті.

Жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Қорытындысында Бекет Құрманғазы «Ең үздік техникасы үшін», ал Қазболат Ерманов «Ең жас қатысушы» аталымымен марапатталды.

Қыздар арасында Кәусар Құрманғазы үшінші орынға ие болса, Ксения Кудрявцева екінші орынды иеленді. Ал бірінші орынды Яна Гагарина жеңіп алды. Ұлдар арасында Кирилл Голубев үшінші орыннан көрінсе, Данила Гранев екінші орынға табан тіреді. Ал Никита Берковский жарыс жеңімпазы атанды.

Қысқы табиғат аясында өткен бұл фестивалдің бірінші күні осылай қорытындыланды.

Екінші күні

«Oral winter fest» думанының дүбірі сенбі күні де басылмады. Керісінше Жайық жағасын жаңаша бір күйге бөледі. Кеше мен бүгінді кестелеп, уақыттың қос тарауын бір арнаға тоғыстырған бұл мереке көне сарын мен жаңа лепті қатар өрді.

Жамбы ату алаңында ат тұяғының дүбірі естілген сәтте, көрерменнің көкірек түкпірінен бабалардың үні жаңғырып қоя берді. Көкпардың шаңын жұтқан, адырнаның үнін тыңдап өскен көшпенді жұрттың рухы қайта тірілгендей болды. Садақ керген саусақтарда тек мергеннің машығы емес, ұлттың жады, ұрпақтың аманаты тұрғандай. Жамбыға тиген әр жебе өткеннің елесін емес, бүгіннің сенімін көздегендей әсер қалдырды. Сол бір сәтте көрермен қауым уақыт жібін кері тартып, көшпенді әлемінің кеңістігіне еніп кетті.

Ал мұз үстіндегі автодрифт мүлде басқа сарын. Қара жердің емес, ақ мұздың үстінде сырғанаған темір тұлпарлар жаңа заманның екпінін танытты. Дөңгелек ысқырығы мен қозғалтқыш гүрілі ғасырлар қойнауынан жеткен ат дүбіріне жауап беріп тұрды. Бұл техниканың тегеуріні, бүгінгі ұрпақтың батылы мен бағы. Мұз бетінде ирелеңдеген іздер уақыттың өз таңбасындай: бірде бұралаң, бірде түзу, бірақ бәрібір алға бастайтын жол еді.

Сөйтіп «Oral winter fest» тек ойын-сауықтың емес, уақыттың да мерекесіне айналды. Ол жебенің ұшында дірілдеген тарих пен мұзды тіліп өткен доңғалақтың табында жатқан болашақты бір арнаға сыйғызған думан. Кеше мен бүгінді жалғаған көпір секілді, көңілге көп ой, жүрекке көп жылу ұялатқан кеш болды.

Елді думанға бөлеген екі күндік фестиваль тек автодрифт пен жамбы атумен және құсбегілердің сайысымен шектеліп қалған жоқ. Қарлы алаң мен мұзды айдын үстінде өткен сан алуан сайыстар елдің еңсесін тіктеп, рухын серпілтті.

Мұз үстіне керлинг тастарын сырғанатқан спортшылдарға демеу болған көрермен демін ішіне тартып, әр қозғалыстан тағдыр таразысын көргендей күй кешті. Әйелдер арасында өткен керлинг додасында үшінші орынды Ғабдел Гаухар иеленсе, екінші орын Жанна Қазтуғановаға бұйырды. Ал табандылық пен тактикалық шеберлікті қатар ұштастырған Төлеген Гүлжанат жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Ерлер арасында Мұратбек Аманов қола жүлдені қанағат тұтты, Мұрат Ибатов күмісті еншіледі. Ал Арман Кеншелеков мұз айдынның шын шебері екенін дәлелдеп, алтын медальға қол жеткізді.

Тазы жарысы даланың дүбірін қайта тірілткендей әсер қалдырды. Құмай тазының қар үстіндегі ізінен көшпелі жұрттың көне сарындары аңғарылғандай. Бұл сында үшінші орынды Айболат Төлегеновтің «Сырттан» атты тазысы иеленді. Екінші орын Жомарт Ғаппаровтың «Айқас» атты жүйрігіне бұйырды. Ал «Көкжал» атты тазы иесі Эльдар Бегалиев мәре сызығын бірінші болып кесіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Дәстүрлі садақ ату сайысы шежірелі өнердің шынайы көрінісі болды. Әйелдер арасында Зульфия Қапашева үшінші орынды қанағат тұтса, Зина Валерий екінші орынға табан тіреді. Ал нысананы жаңылмай көздеген Әсемгүл Ғалымжанова алтын жүлдені иеленді. Ерлер арасында Думан Сегізбаев қола медаль алса, Қанат Тұрсынов күміс жүлдеге қол жеткізді. Садақтың адырнасын сеніммен тартқан Рустам Аманғалиев жеңіс биігінен көрінді.

Жамбы ату ат үстіндегі мергендіктің айшықты үлгісі. Бұл сайыста Аңсар Шапағат үшінші орынды иеленді. Айкөркем Қайратова екінші орынға көтерілді. Ал жамбыны дәл көздеп, ептілік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен Арман Жұлқалиев бірінші орынды қанжығасына байлады.

Садақ ату бәсекесінде де тартыс жоғары болды. Айдана Тастаева үшінші орын алса, Есенаман Ақжігітов екінші орынға ие болды. Ал мергендігімен ерекшеленген Иса Уалиахмет алтын жүлдені жеңіп алды.

Шаңғы жарысы қысқы фестивальдің шын мәніндегі тынысын айқындаған дода болды. Әйелдер арасындағы 6 шақырымдық қашықтықта Екатерина Джетибаева үшінші орынға табан тіресе, Айлана Қанатқызы екінші орынды иеленді. Ал қар үстінде қалықтаған Ксения Кудрявцева мәреге бірінші болып жетті. Ерлер арасында Илья Козловский үшінші орынды місе тұтты, Дәулет Батырхан екінші орынға көтерілді. Ал Святослав Грицкевич шапшаңдық пен төзімділіктің үлгісін көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Фестивальдің шымылдығын сахара рухын қайта тірілгендей күй кештірді. Өйткені қыстың аязы мен боранына бой алдырмай, саятшылықтың сарқылмас салтын арқалаған құсбегілер ел намысын таразыға салды. Бұл жай ғана жарыс емес, текті өнердің тамырына қан жүгірткен, бабадан қалған аманаттың бағасын айқындаған күн еді.

Саятшылар додасы сірескен тыныштықты серпіп, сайын даланың сағымындай толқыды. Шырға салғанда да, қолға қондырғанда да, тіпті көк жүзін тілгілеп кептерге түскен мезетте де бап пен бақ қатар шапты. Құстың қанаты иесінің пейілі, құстың қырағылығы құсбегінің сабыры секілді. Күннің алай-дүлей мінезі де өнердің өрісін тарылта алмады. Көрермен көңілі көкжиек, құсбегілердің шеберлігі сол көкжиекке қонған қырандай асқақ еді.

Қорытындысында Бүркіт сынын Бағдат Кеуенов (Түркістан облысы) жеңіп алды. Екінші орынға Архат Хамитжанов (ШҚО) үшінші орынға Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) табан тіреді.

Ителгі баптағандар жарысында Бақдаулет Бабажан (Жамбыл облысы)  топ жарса, екінші орынға Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы) үшінші орынға Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы) тұрақтады.

Ал Қаршыға салғандар сайысында тағы да  Бақдаулет Бабажан (Жамбыл облысы) топ жарса, Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) екінші, Мамет Ернарбек (БҚО) үшінші орын иеленді.

Түгелбай Бисен,

Фотолардың авторы: Мейірбек Тажқұранов

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар