//

Қазақстанда ҰБТ өткізу форматын өзгерту ұсынылды: тестілеу жылына бір рет өткізілмек

74 рет қаралды

Сурет: freepik.com

Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне қатысты жаңа бастама ұсынылды. Қазіргі таңда 2027 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бір рет қана өткізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі – Аида Балаева ҰБТ жүйесін реформалау бағытында министрлік тарапынан бірқатар ұсыныстар әзірленгенін мәлімдеді.

“Біз білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді”, – деді ол.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, талапкерлер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ны бір рет қана тапсырып, сол нәтижемен грант конкурсына қатысады. Бұл шара тестілеу нәтижесінің маңыздылығын арттырып, іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, ресми отырыста білім алушылардың дайындық деңгейін бағалау мақсатында алдын ала сынақ тестілеу форматы сақталатыны атап өтілді. Бұл талапкерлерге бір рет өткізілетін негізгі емтиханға жүйелі түрде дайындалуға мүмкіндік береді.

Сурет: Primeminister.kz

Министрдің сөзінше, жаңа бастама аясында педагогикалық мамандықтарға түсушілерге қойылатын талаптарды күшейту де көзделіп отыр. Атап айтқанда, үміткерлер ҰБТ нәтижесімен қатар қосымша ауызша емтихан тапсыруы мүмкін. Бұл олардың кәсіби бейімділігін, сыни ойлау қабілетін және коммуникативтік дағдыларын жан-жақты бағалауға көмектесе алады.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламасы арқылы шартты түрде қабылдау тәжірибесін қайта қарастыру ұсынылды. Ресми деректерге сәйкес, мұндай негізде қабылданған студенттердің едәуір бөлігі кейінгі жылы да белгіленген шекті балл деңгейіне жете алмай қалып жатады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына бірнеше рет өткізіліп, талапкерлерге тест нәтижесін жақсарту үшін қайта тапсыру мүмкіндігі берілген. ҰБТ өткізу тәртібін өзгертуге бағытталған бұл жаңа бастама білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және талапкерлерді іріктеу үдерісінің әділдігін қамтамасыз етуге негізделіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам жоғары оқу орындарына дайындық деңгейі жоғары, бәсекеге қабілетті талапкерлерді тартуға ықпал етуі мүмкін.

                                                                                                Әсем Тугилова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар