Фото: istockphoto.com
Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша 59 пункттен тұратын арнайы медиа жоспар әзірледі. Үкімет отырысында балалардың бос уақытын ақпараттық сүйемелдеу шаралары туралы бірінші вице-министр Қанат Ысқақов баяндады.
Оның айтуынша, 30 бейнеролик жасалып, олар республикалық телеарналардың эфирінде 50 реттен көп көрсетілген, одан соң қоғамдық орындарда орналастыру үшін өңірлерге берілген. Сонымен қатар, осы жазғы маусымда қазақстандық телеарналарда балаларды цифрлық және қаржылық сауаттылыққа үйрететін, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен спортты ілгерілететін 9 жаңа жоба іске қосылады. Жалпы алғанда, алдағы жазғы науқан аясында министрлік мұражайлар мен театрларда 1,5 мыңнан астам мәдени-ағарту жобаларын ұйымдастырады, Бурабай ауданында алғашқы республикалық шығармашылық лагерь ашылады және «Жасыл ел» жасақтарында 34 мыңнан астам жас уақытша жұмысқа орналастырылады.
