Фото: istockphoto.com
Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 2026 жылдың 1 маусымына дейінгі аралықта қазақстандықтар тарапынан түскен 316 223 өтініш толық орындалды. Нәтижесінде балалардың нысаналы жинақтарынан жалпы сомасы 57,88 миллион АҚШ долларына жуық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына аударылды. Азаматтардың басым бөлігі бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған: бұл бағытта 36,94 миллион долларға 201 245 өтініш орындалды. Тұрғын үй мақсатындағы ең танымал таңдау — қаражатты «Отбасы банкіндегі» салымға аударып, одан әрі жинақтау болды (36,23 млн доллар). Сондай-ақ ипотекаға бастапқы жарна құю және баспананы түпкілікті сатып алу үшін де аударымдар жасалды. Ал білім беру ақысын төлеу бағыты бойынша 20,94 миллион доллар көлемінде 114 978 өтініш мақұлданды. Мұнда ата-аналар көбіне Қазақстан мен шетелдегі жоғары оқу орындарының ақысын толық немесе бөліп төлеуді, сонымен қатар «Келешек» сияқты арнайы білім беру жинақтау салымдарын толықтыруды таңдаған. Заң бойынша, егер бала 18-ге толғанда шоттағы ақшаның бір бөлігі ғана пайдаланылса, қалған қалдық жинақтау шотында 10 жыл бойы қауіпсіз сақталып тұрады.
Бағдарламаның тиімділігі жыл санап артып келеді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әр баланың шотына кезекті рет 130,71 АҚШ доллары есептелді (бұл көрсеткіш 2024 жылы 129,38 доллар, ал 2023 жылы 100,52 доллар болған еді). Балалар 18 жасқа толғанға дейін бұл қаражат Ұлттық қордың активтерінде қалып, инвестициялануын жалғастыра береді. Инвестициялық табыстың жыл сайын қосылуы есебінен бағдарламаға басынан бастап қатысып жатқан (үшінші жыл) баланың шотында қазірдің өзінде 370 доллар 56 цент бар. Ал екінші жыл қатысушыларда 263 доллар 93 цент, бірінші жыл қатысып отырғандарда 130 доллар 71 цент жинақталған. Ата-аналар баласының бағдарламаға қатысу мәртебесін kids.enpf.kz сайтында ЖСН арқылы, сондай-ақ eGov.kz пен eGov Mobile немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшаларынан тексере алады.
Егер баланың 2025 жылғы есептелген қаражаты көрінбей тұрса, мобильді қосымшалардағы құжаттар тізімін жаңарту қажет. Ол үшін eGov Mobile қосымшасында: «Цифрлық құжаттар» — «Отбасы» — «Құжаттар тізімін жаңарту» — «Ұлттық қордан есептеулер» жолын таңдау керек. Ал Kaspi.kz сияқты банк қосымшаларында: «Мемлекеттік қызметтер» — «Барлық құжаттар» — «Құжаттар тізімін жаңарту» — «Ұлттық қордан есептеулер» батырмасын басу қажет. Айта кететін тағы бір маңызды жайт, биыл 18 жасқа толған немесе толатын жастардың мәліметтері ата-анасының жеке кабинетінен автоматты түрде өшіріледі. Себебі бұл сәттен бастап қаражатқа иелік ету құқығы тікелей азаматтың өзіне өтеді. Сондықтан 18 жасқа толған жасөспірімдер БЖЗҚ сайтындағы немесе электрондық үкіметтегі жеке кабинеті арқылы өз жинақтарын дербес бақылап, ақшаны тұрғын үй немесе білімге жұмсау үшін уәкілетті оператор арқылы АҚШ долларымен шот ашып, онлайн-өтініш беруі тиіс.
Парақшамызға жазылыңыз
