Фото: istockphoto.com
Қазақстанда паспорттың жаңа дизайны әзірленіп жатқанын Tengri Travel хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі жаңартылған құжаттың қашан пайда болатынын, қазақстандықтарға қолданыстағы төлқұжатты ауыстыру қажет пе екенін және оны рәсімдеу құны қанша болатынын айтып берді. Былтыр желтоқсанда әлеуметтік желіде қазақстандық жаңа төлқұжат делінген сурет тарап, қызу талқыға түскен еді. Сол кезде министрлік жаңа дизайн расында дайындалып жатқанын, алайда желіде тараған кескіннің ресми жобаға қатысы жоқ екенін түсіндірді. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматының жаңа паспорт макеті дизайн саласындағы маманмен бірлесе әзірленіп жатыр. Жұмыстың аяқталу мерзімі әзірге белгісіз, ал құжат эскизі жарияланбайды.
ІІМ мәліметінше, төлқұжаттың жаңа дизайны бекітіліп, айналымға енгізілгеннен кейін бұрын берілген құжатты міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Қолданыстағы үлгідегі төлқұжат мерзімі аяқталғанға дейін заңды күшін сақтайды. Бұл қазақстандықтарға жаңа құжатты арнайы рәсімдеп, ол үшін ақы төлеудің қажеті жоқ екенін білдіреді.
Айта кетейік, Қазақстанда төлқұжатты рәсімдеу немесе ауыстыру құны бет санына және өтініш берушінің жасына байланысты. 2026 жылы базалық мемлекеттік баж мөлшері келесідей: ересектерге арналған стандартты 36 беттік паспорт — 34 600 теңге, кеңейтілген 48 беттік нұсқасы — 51 900 теңге, ал 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік құжат — 17 300 теңге.
Парақшамызға жазылыңыз
