Қазақстанда онлайн-қысымға ұшыраған әйел журналистерге көмектесетін платформа іске қосылды

70 рет қаралды

Қазақстанда кәсіби қызметіне байланысты кибербуллингке, онлайн-қудалауға, қоқан-лоқы мен әлеуметтік желілердегі қысымға тап болған әйел журналистерге көмек көрсететін Aiel-qorgan.kz платформасы іске қосылды. Жаңа сайтты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Қазақстандағы әйел журналистерге қатысты онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу: онлайн зорлық-зомбылыққа ден қою орталығы» жобасы аясында әзірлеген.

Қордың мәліметінше, журналистерге қарсы жасалатын онлайн-шабуылдар сөз бостандығы мен медиа қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндай қысым журналистің кәсіби беделіне әсер етумен шектелмей, оның жеке өміріне, психологиялық жағдайы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Онлайн-қудалауға тап болған әйел журналистердің көбі мұндай жағдайда қайда жүгіну керегін, қысым фактілерін қалай тіркеу қажеттігін және өз құқықтарын қандай жолмен қорғауға болатынын біле бермейді.

Осыған байланысты әзірленген Aiel-qorgan.kz сайты ақпараттық әрі практикалық көмек көрсететін платформа болмақ. Онда журналистерге арналған түсінікті нұсқаулықтар, әрекет алгоритмдері, цифрлық қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдар және құқықтық, психологиялық әрі ақпараттық қолдау алу жолдары жарияланады.

Сайтта қандай ақпарат болады?

Платформада онлайн зорлық-зомбылықтың түрлері, шабуыл кезінде жасалатын әрекеттер, цифрлық қауіпсіздік шаралары, пайдалы нұсқаулықтар, мониторинг нәтижелері және қолжетімді көмек тетіктері туралы материалдар орналастырылады.

Жобаның негізгі мақсаты – әйел журналистердің цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейту, онлайн-қатерлерді дер кезінде анықтауға және шабуылдарға дұрыс әрекет етуге көмектесу.

Сайт онлайн-қысымға тап болған немесе цифрлық қауіпсіздігін алдын ала күшейткісі келетін әйел журналистерге, редакторларға, блогерлерге, медиа қызметкерлері мен басқа да БАҚ өкілдеріне арналған.

Сонымен қатар платформаны редакциялар, медиа ұйымдар, құқық қорғаушылар, цифрлық қауіпсіздік сарапшылары, журналистика оқытушылары және журналистерді қорғау мәселесімен айналысатын мамандар пайдалана алады.

Редакциялармен бірлескен жұмыс жүргізіледі

Жоба аясында қазақстандық редакциялармен ынтымақтастық орнатуға ерекше назар аударылмақ. Платформада серіктес БАҚ өкілдерінің тәжірибесі мен кейстерін жариялау, сондай-ақ редакциялардың нақты қажеттіліктеріне бейімделген қауіпсіздік стратегияларын әзірлеу жоспарланған.

«Біздің міндетіміз – онлайн-шабуылға тап болған әйел журналистің жалғыз қалмауына жағдай жасау. Оның қолында нақты әрекет алгоритмі мен көмек алу мүмкіндігі болуы және өзінің қауіпсіздігі маңызды екенін сезінуі қажет», – деп мәлімдеді «Әділ сөз» қоры.

Жоба Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы Елшілігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.

Aiel-qorgan.kz платформасы Қазақстанда онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру және әйел журналистерді қорғауды күшейтуге бағытталған жұмыстың бір бөлігі болмақ.

Сайт: Aiel-qorgan.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар