10–13 тамыз аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында әлем кітапханашыларын біріктіретін ірі кәсіби жиын – Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының 90-шы Дүниежүзілік кітапханалық-ақпараттық конгресі, яғни IFLA WLIC 2026 өтіп жатыр. Биыл конгресс Libraries Powering Transformation («Кітапханалар – трансформация қозғаушысы») тақырыбына арналған.
Қазақстан кітапханалар одағы IFLA-ның ресми мүшесі ретінде халықаралық жиынға еліміздің кітапхана саласы мамандарының қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Биыл Пусанға Қазақстаннан 40-қа жуық маман барған. Осылайша, қазақстандық кітапханашылар ТМД елдерінен келген делегациялар арасында саны жағынан ең ірі топтардың бірін құрап отыр.
Конгресте кітапхана саласының бүгінгі өзгерісі мен алдағы бағытын айқындайтын бірқатар мәселе талқыланады. Соның ішінде ұлттық кітапханалар мен ұлттық библиографияны дамыту, библиографиялық және метадерек стандарттарын жетілдіру, каталогтаудың жаңа үлгілерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – цифрлық ортадағы кітапхана қызметі. Ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кітапхана ісінде пайдалану, жаңа технологияларды дәстүрлі кітапханалық қызметпен ұштастыру мәселелері де халықаралық мамандар талқысына түсіп жатыр.
Қазақстандық кітапханашылар үшін мұндай кәсіби алаңға қатысудың маңызы тәжірибе алмасумен ғана шектелмейді. Конгресс әлем кітапханаларында қолданылып жүрген жаңа тәсілдермен танысуға, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс орнатуға және халықаралық стандарттардың Қазақстан кітапханаларында қолданылу мүмкіндігін зерделеуге жол ашады.
Қазақстан кітапханалар одағының IFLA құрамындағы жұмысы да отандық кітапхана саласының халықаралық кәсіби кеңістікпен байланысын күшейтеді. Бұл қазақстандық кітапханалардың әлемдегі технологиялық және кәсіби өзгерістерден тыс қалмай, жаңа тәжірибені ұлттық кітапхана жүйесінің ерекшелігіне бейімдеп дамытуына мүмкіндік береді.
Парақшамызға жазылыңыз
