////

Анна Стативкина: Экологиялық акциядан жүйелі өзгеріске аяқ басамыз

74 рет қаралды

Биыл 23 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Орталық Азия елдері «Жасыл мектеп» өңірлік платформасын қолдады. Платформа климат өзгерісіне бейімделген білім беру жүйесін қалыптастыруды, мектеп инфрақұрылымын климатқа төзімді, энергиялық тұрғыдан тиімді мектеп инфрақұрылымын қалыптастыруға жағдай жасау, балалар мен жастардың экологиялық бастамаларын қолдауды көздейді.

Жоғары деңгейдегі сессияны Қазақстан Үкіметі ЮНИСЕФ-пен серіктестікте өткізді. Мектептің негізгі алаң ретінде таңдалуы да осы міндетпен байланысты. Климат өзгерісі баланың оқу ортасына, денсаулығына және күнделікті дағдысына әсер етеді. «Жасыл мектеп» сол тәуекелдерге білім, инфрақұрылым және басқару арқылы жауап беруді ұсынады. Осы орайда Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Анна Стативкинамен сөйлестік.

– «Жасыл мектеп» мектептерде бұрыннан өткізіліп жүрген экологиялық акциялар мен экологиялық сабақтардан нақты қай тұста ерекшеленеді? Мектеп өмірінде қандай жүйелік өзгеріс болуы керек?

– Негізгі айырмашылық – жүйелі тәсілде. «Жасыл мектеп» жекелеген экологиялық сабақ, ағаш отырғызу акциясы немесе пластик жинау шарасы түрінде қалмайды. Климаттық және экологиялық қағидаттар оқу мазмұнына, мектептің күнделікті тіршілігіне, инфрақұрылымына және басқару үдерісіне кіріктіріледі.

ЮНИСЕФ тәсілі өзара сабақтас бірнеше бағытты қамтиды: климаттың өзгеруі мәселелерін оқу бағдарламаларына енгізу, мұғалімдерді даярлау, балалардың практикалық «жасыл» дағдыларын қалыптастыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, балалар мен жастарды экологиялық шешімдер қабылдауға қатыстыру, басқару, қаржыландыру және мониторинг тетіктерін қалыптастыру. Бағыттар өзара байланысқанда мектептегі экологиялық жұмыс жекелеген шаралар жиынтығынан ұзақ мерзімді жүйеге көшеді.

Тұжырымдаманың өзегінде бүкіл мектепті және тұтас білім беру жүйесін қамтитын тәсіл жатыр. Оқушы сабақтан алған білімін мектеп ортасынан көреді, педагог оны тәжірибемен ұштастырады, мектеп басшылығы ресурсты пайдалану мен инфрақұрылымға қатысты шешімдерді сол мақсатпен үйлестіреді.

– Мектептің «тірі зертханаға» айналуы іс жүзінде қалай көрінеді? Оқушы су үнемдеу, энергия тұтыну немесе қалдықтарды басқару тәжірибесін күнделікті ортада қалай меңгереді?

– «Тірі зертхана» ұғымы оқушының сабақта алған білімін мектептің күнделікті өмірінен көріп, тәжірибеде қолдануын білдіреді. Бала су мен энергияны неге үнемдеу керегін түсінеді, сол қағиданың өз мектебінде қалай орындалып жатқанын бақылайды, жобаларға қатысады, кейін меңгерген тәжірибесін отбасына және қауымдастыққа алып барады.

Оқу үдерісі пәнаралық әрі интерактивті сипат алып, сынып шеңберінен шығады. Экологиялық сауат күнделікті әрекетпен ұштасқанда тұрақты дағды қалыптасады. Мектеп ортасы сол білімді бекітуге жұмыс істеуге тиіс: энергияны үнемдеу, суды ұқыпты пайдалану, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу, таза ауа мен қауіпсіз санитариялық жағдай оқушы көріп жүрген нақты тәжірибеге айналады.

Білім, мінез-құлық, мектеп ортасы және басқару бір бағытта жұмыс істеген кезде орнықты үлгі қалыптасады. «Жасыл мектеп» тұжырымдамасының мәні осындай тұтастықтан көрінеді. Өңірлік платформа климаттық білім беруді, климатқа төзімді әрі энергия тиімді инфрақұрылымды, жастар бастамаларын, басқару және мониторинг тетіктерін бір арнаға тоғыстырады.

– Бағдарламаның нәтижесін қалай өлшеуге болады? Оқушының білімі мен дағдысы, мектеп ортасы және ресурстарды пайдалану көрсеткіші қандай деңгейде бағаланады?

– Нәтижені бірнеше деңгейде қатар бағалау қажет. Жүйелік өзгерісті өткізілген сабақ санына немесе электр энергиясын үнемдеу көлеміне қарап жеке бағалау жеткіліксіз.

Бірінші деңгей – балалардың оқу нәтижелері. Климаттың өзгеруі мен қоршаған орта туралы білім, практикалық дағдылар, экологиялық мәселелерге көзқарас және алған білімін күнделікті жағдайда қолдана білу қабілеті ескеріледі. ЮНИСЕФ бағалауда жобаларға, бақылауға, өзін-өзі бағалауға, портфолиоға және балалардың практикалық климаттық бастамаларға қатысуына сүйенуді ұсынады. Мұндай өлшем оқушының ақпаратты меңгеру деңгейімен қатар, білімді өмірде пайдалану қабілетін де көрсетеді.

Екінші деңгей – мектеп ортасы мен инфрақұрылымының жағдайы. Ғимараттың энергия тиімділігі, желдету жүйесі мен ауаның сапасы, қауіпсіз су мен санитарияға қолжетімділік, климатқа төзімділік, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды басқару жүйесі және қауіпсіз экологиялық ортаның өзге параметрлері қаралады.

Үшінші деңгей – ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсердің өлшенетін көрсеткіштері. Жаңғыртуға дейінгі және кейінгі энергия тұтыну, су пайдалану көлемі, қалдық мөлшері, сұрыптау үлесі, мүмкіндік болған жағдайда шығарындылар мен пайдалану шығындарының қысқаруы есепке алынады.

– Жекелеген мектептердегі сәтті тәжірибені ел көлеміне тарату үшін қандай басқару, қаржыландыру және мониторинг тетіктері қажет?

– Жүйелік деңгейде климат мәселелерінің оқу бағдарламалары мен педагогтер даярлығына қаншалықты кіріктірілгені, қаржыландырудың тұрақтылығы, ведомствоаралық үйлестіру, дерек жинау және мониторинг тетіктерінің болуы бағаланады. Осындай негіз қалыптаспаса, жекелеген мектептердегі жақсы тәжірибені кең ауқымда тарату қиын.

Энергия тиімділігі бойынша жұмыс нақты деректен басталуға тиіс: энергия көздері, тұтыну көлемі мен сипаты, жұмсалатын шығындар талданады. Қалдықтарға қатысты олардың түзілуін азайту, бөлек жинау, қайта өңдеу және компосттау қарастырылады. Жиналған ақпарат мектептің қай тұста ілгерілегенін және қай бағытқа қосымша инвестиция қажет екенін көрсетуі керек.

Бағалау білім беру, мінез-құлық, инфрақұрылым және экологиялық әсердің сандық көрсеткіштерінің жиынтығына сүйенеді. Негізгі тиімділік көрсеткіштерінің, яғни KPI-дің нақты жиынтығы мектептердің бастапқы жағдайы мен ұлттық басымдықтарды ескере отырып, ел және бағдарлама деңгейінде белгіленуге тиіс. ЮНИСЕФ мұндай көрсеткіштерді білім беру саласындағы қолданыстағы мониторинг жүйелеріне енгізуді ұсынады. Сонда дерек есептілік шеңберінде қалып қоймай, шешім қабылдауға, қаржыландыру басымдықтарын айқындауға және тиімді тәжірибені кеңейтуге қызмет етеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар