Соңғы бірнеше айдан бері Ақтөбе қаласында жаңадан салынатын мыс өңдеу зауытына қатысты айтарлықтай қоғамдық пікірталас жүріп жатыр. Тұрғындар бұл жобаның орналасуы мен экологиялық қауіпсіздігіне қатысты алаңдайды.
Биыл мамырдың 25-інде «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағында Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Ауқымды өнеркәсіптік жоба Ақтөбе облысы әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен, қытайлық Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group инвестициясы және «Phoenix Industrial Group» ЖШС серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
100 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба 250 жұмыс орнын ашып, ЕАЭО және ЕО елдеріне мыс өнімдерін экспорттайды. Жылына 25 000 тонна тазартылған мыс катанкасын өндіруге арналған жаңа зауыт еліміздің өңірлерінде жиналған мыс сынығын терең өңдеумен айналысады. Ақтөбені мыс өнеркәсібінің өңірлік хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен – 100 млн АҚШ доллар. Кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов осы іс-шарада бұл жоба жыл басында Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарында жүргізілген келіссөздердің нақты нәтижесі әрі аталған арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын алғашқы зауыт екенін атап өтті. Сондықтан бұл бастама өңір экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді деді.
«АҚТӨБЕНІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТТАН ҚҰТҚАРЫҢЫЗ!» ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Алайда тамыз айында Ақтөбе қаласының экобелсенділері мен тұрғындары мыс зауытын салуға қарсы екенін айтып, әлеуметтік желілерде пікір білдіре бастады (скрин).
Тамыздың 21-інде тұрғындар өңірде мыс зауытының салынуына қарсылық танытып, ел Үкіметіне, Ақтөбе облысының әкімдігіне және Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне петиция жолдады. Онда «Ақтөбені экологиялық апаттан құтқарыңыз! Жаңа улы өнеркәсіптердің іске қосылуын тоқтатыңыз! Ақтөбе қазірдің өзінде экологиялық күйреу алдында тұр. Біздің қаламызды өнеркәсіп шығарындылары жылдар бойы тұншықтырып келеді. Ақтөбе ұзақ уақыттан бері тарихи тұрғыдан хром мен бор қосылыстарымен ластанған аймақта тұр» деп дабыл қақты. Тұрғындар қалада 8500-ден астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққанын айтып отыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының шегінде үш жаңа өте қауіпті нысан ашу жоспарланып жатқанын, бұл шаһардың экологиялық ахуалын мүлдем қиындататынын жеткізді. Біріншісі, мыс қалдықтарын өңдеу зауыты («Phoenix Industrial Group» ЖШС) – тұрғын үйлерден небәрі 2-3 шақырым қашықта орналасқан, 100 жыл пайдалануға арналған алып кешен. Ол жылына 6500 тонна қалдық пен зиянды шығарындылар шығарады. Екіншісі, солтүстік өнеркәсіптік аймақтағы мұнай қалдықтарын өңдеу зауыты («Самрук XXI» ЖШС) жылына 14 500 тонна мұнай қалдықтарын шығарады. Үшіншісі, қаланың оңтүстігіндегі мұнай қалдықтарын өңдеу зауыты («Алау и К» ЖШС) жылына 3600 тонна мұнай қалдықтарын шығарады. Бұл нысандар іске қосылғанда қоршаған ортаға қандай зиян келтіретінін санамалап көрсеткен ақтөбеліктер талаптарын да қойды (скриндер).
Ақтөбе облысының әкімдігі тамыздың 26-сында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы аумағында мыс өңдеу бойынша индустриялық кластер құру жобасына қатысты жазған жекелеген БАҚ пен экологиялық белсенділердің жарияланымдарына байланысты өңірдің ұстанымын түсіндірді.
Әкімдіктің мәліметінше, «жоба жоспарланып отырған қызметті скринингтен өткізу кезеңінде, яғни толыққанды мемлекеттік экологиялық сараптаманың алдындағы экологиялық бағалаудың бастапқы сатысында тұр. Инвестордың ақпараты бойынша осы рәсім аясында жарияланған көрсеткіштердің бір бөлігінде құжаттарды дайындау барысында мердігер ұйым жіберген қателіктерге байланысты деректер кездескен. Қазіргі уақытта материалдар нақтыланып, скринингке қайта ұсынылады. Осыдан кейін ғана жоба кешенді мемлекеттік экологиялық сараптамаға өтеді». Сараптама кезінде шығарындылар, тазарту жүйесі, су пайдалану және қалдықтарды басқару сияқты мәселелер тексерілмек. Сонымен бірге тұрғындар үшін екі қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланған.
Инвестор барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өңір өкілдеріне, яғни журналистер, эко-белсенділер мен салалық сарапшыларға арнап Қытайдағы өндірістік нысандарға сапар ұйымдастырған. Қазақстандықтар қытайлық зауыттарда қолданылатын технологияларды, оның ішінде инвестор мәлімдеген көпсатылы тазарту мен шығарындыларды бақылау жүйесін көрген.
Экобелсенділер не дейді?
Біз осы орайда аспан асты еліне барып келген ақтөбелік экобелсенді, «Актобе дыши» қоғамдық қорының жетекшісі Евгений Лазарчукке хабарласқан едік. Ол Қытайда зауыт алдында берген сұхбатын тыңдауды ұсынды. Экобелсенді Қазақстанда Қытай зауыттарындағыдай қатаң талап жоқ екенін, керісінше, елде қымбат жабдықтарды іске қосқанша, айыппұл төлеген оңай екенін атап өтті. Евгений Лазарчук облысқа өндіріс орны қажет болғанмен, мыс өндіру зауытын тұрғын үйлер маңынан қашықта орналастыру керек дейді (скрин).
Мұрат ЖАКИЕВ, «Ғылым және инновация» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ БҰЛ ЗАУЫТҚА ҚАРСЫ.
Одан басқа, халық саны артып келе жатқан соң, көлік те көбейді. Қоғамдық көліктер мен жанар-жағармай стансалары мен олардың қоймалары бар. Осылардың бәрі қоршаған ортаға әсер етіп тұр. Барлығы белгілі бір мөлшерде қалаға міндетті түрде әсерін береді.
Оның үстіне мыс зауытын орнатсақ, ауаны одан әрі ластай түседі. Біріншіден, зауыттың орналасатын орны дұрыс емес. Мыс зауытының орны ретінде әуежайдың арғы жағындағы жер белгіленген. Ал оған іргелес саяжай учаскелері, Бауырластар тұрғын алабы (жилмассив) бар. Бұл зауыттың технологиясын толыққанды білмейміз және қандай шикізаттан өндіретінін білмейміз. Екіншіден, желдің соғатын бағытын есептемеген.
Әр зауыт өздерінің шығарындыларын жеке-жеке есептейді. Мысалы, бір зауыт мың тонна, екіншісі мың тонна деп есептейді. Бірақ ешкім олардың барлығын қосып, жалпы әсерді, жиынтық жүктемені есептемейді. Жалпы Ақтөбе қаласының экологиялық банкі толып та тұрған шығар?! Оның үстіне тағы да зауыт салсақ, жағдайды қиындатады. Қалада обыр, астма, аллергия көбейіп келеді. Бүгіндері мыс зауытын салуға қарсы петицияға мыңдаған кісі қол қойды.
Оны ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін инвестициялық штабқа және Президент аппаратына жолдадық. Себебі мыс өнеркәсібі жобасы осы инвестициялық штабтан келіп тұр. Бұл жоба республикалық инвестштабтан келгесін, әкімдік кері қайтара алмайды. Бірақ жергілікті халық бұл зауытқа қарсы. Әкімдік халықтың ойына қарсы шыға алмайды деп ойлаймын. Себебі тұрғындар бұл өндіріс жайдан-жай ұнамайды деп айтып тұрған жоқ. Зауытқа қарсы барлық аргументті ұсынып тұр. Бізге бұл жердің зауыт салуға қалай таңдалғаны түсініксіз. Мүмкін арнайы экономикалық аймақ болған соң таңдаған шығар. Бірақ желдің бағыты, орналасу орны зерттелмегендіктен, осындай шу шығып жатыр. Жалпы 2024 жылы облыстық әкімдікке қоршаған ортаның жағдайына жаңа технологиялармен мониторинг жасау жөнінде ұсыныс айттық. Табиғатты басқару басқармасы (табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы) әлі қолдамай отыр. Былтыр да осы ұсынысымызды айтқан едік.
Айман Сексенова, экологиялық консультант, тұрақты даму және ESG саласының маманы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты және «Байтақ» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫ АДАМДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІНЕН БОЛМАУЫ КЕРЕК
– Менің ойымша, бұл мәселеде біржақты «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп айтуға болмайды. Бізге инвестиция, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары қажет. Бірақ экономиканың дамуы адамдардың денсаулығының есебінен болмауы керек. Жобаның арнайы экономикалық аймақта орналасуы оның автоматты түрде экологиялық қауіпсіз екенін білдірмейді. Мұнда тұрғын аймақтарға дейінгі қашықтық, су ресурстары, желдің бағыты, санитарлық-қорғау аймағы және қазіргі өнеркәсіптік жүктеме сияқты факторлардың барлығы ескерілуі тиіс.
Мен үшін басты сұрақ – «салу керек пе, жоқ па?» емес, «бұл қаншалықты қауіпсіз және оның қауіпсіз екенін біз дәлелдей аламыз ба?». Мен шығарындылар, қалдықтар, су тұтыну көлемі және тазарту технологиялары бойынша ашық әрі нақты ақпарат болғанын қалаймын. Экологиялық қауіпсіздік инвестордың уәдесімен емес, тәуелсіз бағалаумен және тұрақты мониторингпен дәлелденуі тиіс.
Петицияға қатысты айтарым – тұрғындардың өз пікірін білдіру құқығын қолдаймын. Адамдар өздеріне жақын жерде не болып жатқанын білуге және өз сұрақтарына нақты жауап алуға құқылы.
Мен өнеркәсіптік дамуға қарсы емеспін. Бірақ экономикалық тиімділік алдын ала есептеліп, ал экологиялық тәуекелдерді кейін талқылайтын жағдайға қарсымын.
Ақтөбедегі экологиялық жағдай күрделі. Оны тек ауаның сапасымен байланыстыруға болмайды. Бізде өнеркәсіптік жүктеме, жинақталған қалдықтар, ластанған аумақтар, су ресурстарына қатысты мәселелер және коммуналдық инфрақұрылымның проблемалары бар. Сондықтан мәселе туындағаннан кейін ғана бақылау жүргізу емес, тұрақты әрі жүйелі экологиялық мониторинг қажет.
Ақтөбе дамуы керек. Бірақ экономикалық өсудің құны біздің балаларымыздың денсаулығы болмауы тиіс. Мен үшін экологиялық саясаттың негізгі қағидаты осы: экономика мен экология бір-біріне бәсекелес болмауы керек – олар қатар дамуы тиіс.
ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРДЫҢ ЖАУАБЫ ТЫМ ҚЫСҚА ӘРІ САУАЛДАН АУЫТҚЫП КЕТТІ
Біз қаланың экологиялық ахуалы мен жергілікті халықтың денсаулығына алаңдаушылық білдірген тұрғындардың пайым-пікіріне құлақ түріп көрдік. Сәйкесінше, «Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасы» инвестициялық жобасын зерделеу мақсатында, тиісті мекеме-ведомстволарға сұрақтар жолдадық. Онда Ақтөбе облысының, оның ішінде облыс орталығының қазіргі экологиялық ахуалына, ауаға зиянды заттар концентрациясының таралуына, мыс зауыты салынарда мемлекеттік экологиялық сараптаманың жүргізілуіне қатысты және басқа да сауалдарды қамтыдық.
Мәселен, Ақтөбе қаласының әкімдігіне мыс өнеркәсібі жобасына қатысты бірнеше сауал жібердік. «Зауыт тәулігіне және жылына неше текше метр су пайдаланады? Су қайдан алынады? Өндірістік ағынды су қайда жіберіледі? Ақтөбе қаласының ауызсу қорына немесе жерасты суларына әсері бола ма? Мыс зауыты іске қосылғанда электр қуаты мен ауыз суға жүктеме артпай ма? Яғни тарифтер көтерілмей ме?» деген секілді басқа да сауалдар бар. Десе де, біздің сауалдарымызға Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасынан қып-қысқа ғана жауап келді.
– Өңірде «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында «Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group» компаниясының мыс сымқатан мен кабель-өткізгіш өнімдерін өндіретін өндірістік кешен салу жөніндегі инвестициялық жобасы іске асыру жоспарлануда. Жобаның бірінші кезеңіне шамамен 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 250 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 20 мың тонна, екінші кезеңінде өндірістік қуаттылықты 50 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Аталған жоба Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group және «Phoenix Industrial Group» ЖШС арасындағы әріптестік шеңберінде Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, биыл 25 мамырында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағында Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасының іргетасын қалау рәсімі өтіп, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған, – деген ресми жауапта басқарма басшысының орынбасары Д. Букеев.
ИНВЕСТОРЛАР КОРПОРАТИВТІК ТАБЫС САЛЫҒЫНАН БОСАТЫЛАДЫ
Ашық дереккөздерге жүгінсек, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы № 3 қаулысымен құрылды. Бұл аймақтың негізгі бөлігі қаланың оңтүстік бөлігіндегі «Оңтүстік айналма жол» айналма тасжолының бойында Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайын қоса алғанда 858 гектар аумақта орналасқан. Экономикалық аймақ 2049 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. АЭА құрудың негізгі мақсаты – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету. Осы ретте айта кету керек, инвесторларға жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Біріншіден, корпоративтік табыс салығынан босатылады, екіншіден, АЭА аумағында сатылатын тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі – 0%, үшіншіден, жер және мүлік салықтарынан, сондай-ақ жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Төртіншіден, АЭА аумағында орналастыруға немесе пайдалануға арналған тауарлар үшін кедендік баж салығынан босату; бесінші – квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту; алтыншы – АЭА аясында жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету және жер телімін жалға беру (АЭА жұмыс істеген мерзімі, кейіннен басым құқықпен сатып алу мүмкіндігімен).
Мысалы, Ақтөбедегі «Решимость и единство действий» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Мандрыкин зауыттың іске қосылуы арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сәйкес келмейді деген пікірде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Т. Базарбаева, «Топырақ экологиясы» зертханасының меңгерушісі Г. Мұқанова, бас ғылыми қызметкер Б. Шимшиков ақтөбеліктердің 21 тамыздағы петициясын (П-2026-00000840) талқылап, пікір білдірді:
– Петицияда келтірілген Ақтөбе қаласы мен оның айналасындағы аумақтардың тарихи тұрғыдан ластанғаны туралы фактілер шындыққа сәйкес келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экологиялық экспедициясы тарапынан 2024-2025 жылдары жүргізілген зерттеулер де бұл жағдайды растайды. Ақтөбе облысындағы топырақтың ластану деңгейін зерттеу нәтижесінде ауыр металдардың, әсіресе, Хромтау және Ақтөбе қалаларында жоғары мөлшерде жинақталғаны анықталды.
Мысал ретінде кейбір деректерді келтірейік: зауыттың санитариялық-қорғау аймағында (СҚА) топырақ құрамындағы хром мөлшері 25 165 мг/кг, СҚА-дан 100 м қашықта – 16 863 мг/кг, 500 м қашықта – 7 029 мг/кг, ал 1000 м қашықта 3 238 мг/кг құрайды. Яғни топырақтағы хром мөлшері шекті жол берілетін концентрациядан (ШЖК) 100-400 есе жоғары. Топырақта басқа ауыр металдар салыстырмалы түрде аз мөлшерде жинақталғанымен, олардың концентрациялары да ШЖК-дан асып түседі.
Ақтөбе қаласында жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың салынуы онсыз да күрделі экологиялық жағдайды одан әрі ушықтырады. Осыған байланысты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын орналастыру жөніндегі жоспарларды қайта қарау қажет деп санаймыз. Мыс қалдықтарын қолданыстағы мыс балқыту зауытында қайта өңдеу тиімдірек. Ал мұнай қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорындарын мұнай өндірілетін аудандарда орналастыру экономикалық тұрғыдан тиімдірек болады.
Біз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экология департаментіне де тиісті сауалдар жолдадық. Департаменттің мәліметінше, өңірдің экологиялық жағдайы мемлекеттік мониторинг нәтижелері мен уәкілетті органдардың бақылау іс-шаралары негізінде тұрақты бақылауда.
«Ақтөбе қаласында атмосфералық ауаның сапасына жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында атмосфералық ауа құрамындағы негізгі ластаушы заттардың, оның ішінде қалқыма бөлшектердің, күкірт диоксидінің, көміртек оксидінің, азот диоксидінің, азот оксидінің, күкіртсутектің және басқа да заттардың концентрациялары бақыланады. Департамент тарапынан атмосфералық ауаның ластану фактілерін анықтау мақсатында экологиялық бақылау іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіледі. Атап айтқанда, ластаушы көздер орналасқан аумақтарға шығу жүзеге асырылып, атмосфералық ауаға аспаптық өлшеулер жүргізіледі. Өлшеу кезінде жел бағыты мен ықтимал әсер ету аймақтары ескеріледі. Өлшеу нәтижелері бойынша ластаушы заттардың, оның ішінде күкіртсутек, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді және меркаптандардың шекті жол берілетін концентрацияларынан асу фактілері анықталған жоқ.
Мыс зауытына қатысты сұрақтар бойынша: «Phoenix Industrial Group» ЖШС-нің өтініші бойынша департамент тарапынан қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалауды (ҚОӘБ) жүргізу қажеттілігі туралы қорытынды берілді. Сонымен қатар, қазіргі кезеңде департамент жоспарланып отырған қызметке толыққанды құқықтық және экологиялық бағалау жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Себебі өтінішке жобаны жан-жақты қарау үшін қажетті жобалық құжаттама қоса берілмеген. Осыған байланысты, сіздің өтінішіңізде көрсетілген сұрақтар ҚОӘБ рәсімін одан әрі жүргізу барысында және жобаның тиісті материалдары ұсынылған кезде қаралатын болады. Жоспарланып отырған қызметтің жол берілетініне қатысты түпкілікті бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі» делінген экология департаментінің ресми жауабында.
«Казгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалына да сауалдар жолдаған едік. Соған сәйкес Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасына жүргізілген мониторингтің нәтижесі жөнінде ақпарат берді. Филиалдың мәліметінше, шаһар аумағындағы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 6 бақылау бекетінде жүргізілерді. Олардың үшеуі сынаманы қолмен іріктеу бекеті болса, үшеуі – автоматты станция. Қала аумағында ауа құрамындағы 14 ластаушы зат бойынша мониторинг жүргізіледі. 1) Қалқыма бөлшектер (шаң); 2) РМ-2,5 қалқыма бөлшектер; З) РM-10 қалқыма бөлшектер; 4) күкірт диоксиді; 5) көміртегі оксиді; 6) азот диоксиді; 7) азот оксиді; 8) күкіртті сутек; 9) формальдегид; 10) хром; 11) бензол; 12) этилбензол; 13) толуол; 14) ортоксилол.
Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасын мониторингілеу нәтижелері бойынша соңғы 10 жылдағы атмосфера ауасының ластану деңгейі төмендегідей (скрин).
«Қазгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалының дерегінше, Хромтау қаласында, Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында, Темір ауданындағы Шұбаршы және Кеңқияқ ауылдарында орналасқан автоматты бақылау станциялары арқылы атмосфералық ауаның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 4 негізгі ластаушы заттың концентрациясы анықталған. Атап айтқанда, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот диоксиді және күкіртсутек. Аталған автоматты бақылау станциялары 2022 жылы орнатылған. Осы елді мекендердегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі бойынша соңғы 3 жылдағы мониторинг нәтижелері (скрин)
«Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ХАБАРШЫСЫ» деген ресми академиялық журналдың 2024 жылғы №4 санында «Ақтөбе облысының өнеркәсіп жағдайында топырақтың ауыр металдармен ластануын картографиялық әдістер негізінде бағалау» деген ғылыми мақала жарияланған екен. Бұл еңбектің авторлары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары Е. Кәкімжанов, К. Қырғызбай, Б. Шимшиков, Т. Базарбаева мен С. Жұматаев. «Ақтөбе облысындағы топырақтың ластануы тау-кен өнеркәсібінің белсенді қызметіне байланысты туындаған күрделі экологиялық мәселелердің бірі болып қала береді.
Топырақта ауыр металдар мен олардың туындыларының жинақталуы экожүйелердің бұзылуына, жер құнарлылығының төмендеуіне және халық денсаулығының нашарлауына әкеледі. Мақалада топырақ ластануының негізгі көздері, улы заттардың миграциялану механизмдері, ластанған аумақтарды мониторингтеу және ремедиациялау әдістері қарастырылды» – деп мақаланы қорытындылаған ғалымдар зерттеудің мән-мазмұнын түсіндіреді (скрин). Ғалымдар мәселені тиімді шешу жолдарын ұсынады.
Ясипа РАБАЕВА
Парақшамызға жазылыңыз





