Қыркүйектің 10-нан бастап еліміздің барлық кинотеатрында болған оқиға желісімен түсірілген «Қара алтын» мотивациялық бизнес-драмасы көрсетіле бастады. Мұнай қоры бойынша әлемде 11 орында тұрған ел болғанымызбен 35 жыл ішінде мұнай тақырыбында үлкен экранға арналған толықметражды фильм түсірілмеген екен. Тек 2025 жылы Сергей Литовченконың сценариімен режиссер Дархан Төлегенов «MŪNAI» деген атпен сериал түсіріпті.
Драма туралы әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірлердің қарасы қалың. Көрермен фильмнің мазмұнын өзінің таным-түсінігіне қарай әрқилы талдап, жан-жақты бағалап жатыр.
Біз жаңа фильм туралы сыншы, мәдени сарапшы Әлия Бөпежанова мен киносценарист Қанат Рамазаннан сұрадық.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдени сарапшы:
ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ ЖАҢА, ЖАСАМПАЗ КЕЙІПКЕР
Көркем әдебиет, кеңірек аядан алғанда, көркем өнер – қоғамдағы тарихи-әлеуметтік, мәдени үдерістер мен өзгерістердің көркем айнасы. Көркем өнерімізде тәуелсіздік кезеңіндегі идеялық-тақырыптық жаңғырулар қарқынды екеніне қарамастан, жеке пікірімде, бүгінгі қазақ қоғамындағы күрделі үдерістерді бір қырынан ғана қарастыру, яғни ауыспалы мағынасындағы «зар замандық» сипат, қарапайым тілмен айтқанда, еңсе басатын шарасыздық психологиясы әлі де басымдау.
Осыдан да болар бүгінгі күрделі де қызғылықты заманымыздың көркем бейнесі жетіспейді. Жаңа идеялар мен жаңа кейіпкерлер жетіспейді, бәлкім, жасампаз, жаңа кейіпкер жасау тәжірибесі жетіспейді. Өзгеше қисындағанда, суреткер ретінде перспективаны сезіне білу үлкен проблема болып отыр. Бұл қалың бұқараға әсер ету коэффициенті жоғары кино өнеріне де бек қатысты…
Біздер көп іздейтін осы – жаңа, жасампаз кейіпкер-қаһарманды, «жаһандану кезеңіндегі ұлттық болмыс» иесін күні кеше үлкен экраннан көргендей болдық. Ол – белгілі режиссер Мұрат Есжанның бірнеше пластты қатар алып жүретін «Қара алтын» көркем фильміндегі басты кейіпкер Қасым Исағалиев. Белгілі актер Қуандық Қыстықбаев өте сәтті сомдаған бұл кейіпкер – ісі өрге домалап тұрған кәсіпкер.
Оның елімізде ең алғаш жеке мұнай компаниясын құруы және осы үлкен тәуекел жолындағы табандылығы, ұшқырлығы, небір қауіп-қатерлермен бетпе-бет келе отырып мақсатына жетуі – өз мұратына деген адалдығының айқын көрінісі. Оның мұраты – елінің мұраты, нағыз бақыт-береке де осында. Бұл – фильм авторларының көрерменіне, жас ұрпаққа жеткізер бір идеясы.
«Заманаға иленбеген», рухы мықты, асқаралы мақсат қойып, оған жеткен бұл жаңа кейіпкер-қаһарманның елсүйгіштік, отансүйгіштік жанкештілігінің қан-қазыналық (генетикалық) негізі бар. Мұнда ұрпақ жалғастығы, әке аманатына адалдық табиғи сипатта шыққан. Осы бір орайлардан алғанда, «Қара маржан» – режиссер Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілда шығармашылық тандемінің бүкіл қазақ сүйіп көрген «Абай жолы», «Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» туындыларының — өзіндік аясы мен кеңістігіндегі бүгінгі жалғасындай сезіледі.
Фильмдегі бас кейіпкердің прототипі — белгілі кәсіпкер Медғат Құлжанов екенін көзқарақты көрермен түсініп-біліп отырары анық.
Анықтамасында – Қазақстандағы алғашқы жеке мұнай компаниясының құрылуы туралы нақты оқиғаға негізделген мотивациялық бизнес-драма; сюжеті құрылыс кооперативінен «болашағы жоқ» деп есептелген кен орнын игеруге көшуді, британдық инвестор тартуды және қазақ даласынан лондондық сахнаға дейінгі жолды қамтитыны көрсетілген фильмде бас кейіпкер британдық композитор Карл Дженкинске арнайы тапсырыс беріп, «Шәкәрім» симфониясын жаздырады, оның қазақстандық және әлемдік премьераларын ұйымдастырады – қандай да жақсылық, жасампаздықтың түп-бастауы – адами-имани қасиеттер мен ізгі білім мен рухани қуатта.
Бүгінгі заманның жетістіктері де, заманауи да жасампаз кейіпкерлері де аз емес. Оларды көру үшін көркем өнердегі қауымының өз микроәлемінен макроәлемге шығуы – ұлтымызды бүгінгі ашық әлемнің құрамдас бөлігі орайында таныта түседі. «Қара алтын» кинодрамасының салған соқпағы үлкен даңғылға бастай бергей!
ФИЛЬМДЕ БИЗНЕСТЕН БИІК МАҚСАТ БАР
Жаңа фильм туралы біздің сұрағымызға жауап берген ендігі спикеріміз киносценарист («Нурикамал», «Әмеңгер», «Құшақташы, мама» фильмдерінің сценарий авторы) Қанат Рамазан «Жігіт болсаң бопсаға шыда» дейтін сөз бар қазақта. Мен үшін бас кейіпкердің өз ұстанымына адалдығы мотивация болды, – дейді.
– Әлемдік кинода оқиға желісі бас кейіпкердің баяндауымен өрбитін фильмдер көп. Бас кейіпкердің басынан өткен оқиға өте күрделі, тым көп болған жағдайда, оқиғалардың қатпары қысқартуға мүмкіндік бермейтін жағдайда, ештеңені назардан тыс қалдырмау үшін режиссерлер осындай құрылымдық ерекшеліктерге барады.
Бұл тұрғыда Мұрат Есжан оқиғаны өте әдемі өрбіткен. Себебі, фильмнің басынан аяғына дейін жалықтырған жоқ. Кадрлардың алмасуы, түрлі детальдардың көптігі және олардың параллель сахналармен қатар өрілгеніне кино маманы ретінде, шынымен, риза болдым. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық топтың фильмге жанын салғаны көрініп тұр.
Ал енді бас кейіпкердің баяндауы қаншалықты сәтті шыққан дегенге келсек, 15 жыл бойы «кассалық фильмдердің» қазанында қайнап жүрген адам ретінде жеке инвестордың қалтасынан шыққан ақшаның құнын білемін. Сондықтан, сценарий жазғанда киноға ақша салып отырған адамның «табыс тапқанын» бірінші орынға қоямын. Ол үшін алдымен фильмнің идеясы мен құрылымына назар аударамыз. Яғни, біз сценарий жазғанда эмоциалық фон жасаймыз, өз басым, тоқсан минуттық фильмнің әр минутына жеке үңілемін, терең құрылымдық анализ жасаймын, қай сөзді фильмнің қай минутында көрерменге сату керек екенін білемін.
Бұл үлкен құрылымдық стратегиялық анализ. Демек, бүгінгі заманның киногерлері көрерменге эмоция сатады және сол эмоцияны фильмнің хронометражына асқан дәлдікпен өлшеп енгізеді. Осы өлшемдерден қате кетсе қиын. Мұны неге айтып отырмын, өйткені «Қара алтын» фильмінде структуралық тұрғыда әлсіз жерлер де бар сияқты көрінді. Бас кейіпкердің өмірін осындай тәсілмен баяндау өте қызықты кітап оқып шыққандай әсер қалдырады.
Бірақ, құрылымдық жағынан ұзақ болып кетуі, эмоция сыйлайтын сәттердің шашырап жатуы, бас кейіпкердің адам ретіндегі шарықтауы мен құлдырауы терең көрсетілмеуі деген сияқты дүниелер көрерменді жалықтырып алуы мүмкін. Маған бас кейіпкердің сынып түскен сәті, үшкі күйзелісі, жанартаудай атылатын эмоциясы жетпей қалды. Сондықтан, оқиғаны дәл осы тәсілмен баяндау үлкен тәуекел. Мұраттың осы тәуекелден қорықпағаны көрініп тұр.
Жабық көрсетілімнен кейін залдағы халық 10 минут тұрып қол соқты, бұл менің де жүрегімді тербеді. Ендігі тілегім, бұл тек интеллигенцияға арналған фильм болып қалмай, әр қазақтың жүрегін қозғайтын дүниеге айналса екен. Билетті көбіне қарапайым адамдар сатып алады ғой…
– «Мақта қыз» ертегісі, «Шәкәрім» симфониясы, мұнай компаниясын ашу туралы арман үш линия арқылы сіздіңше режиссер не айтқысы келді?
– Мақта қыз ертегісінің шынайы болмысын ашқан осы «Қара алтын». Яғни, ертегінің өзі осы фильмге арналғандай әсер берді. Фильмнің көркемдігіне көркемдік қосқан ең ұтымды, көрермен айтып жүретін тұсы да осы – Мақта қыз оқиғасы. Жалпы, Мұрат Есжан ешкімге ұқсамайтын стильмен келді киноға. Оның кейіпкерлерінде ұстамдылық бар, тереңдік бар, стиль бар. «Шәкәрім» симфониясы да бөлек линия болып өмір сүрді фильмде. Бұл өте маңызды. Осы арқылы біз кейіпкердің тек бизнесті, баюды ойлайтын адам емес, ұлттың рухани мұрасы да жүрегінде жүрген азамат екенін шын сезіндік.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда киноны көру керек депсіз, басты және қосалқы себептерді атай аласыз ба?
– Жалпы, бизнес мотивация жанрындағы қазақ тіліндегі алғашқы фильм. Шетелдің мотивациялық жүз кітабын оқығанша, «Қара алтынды» көрген әлдеқайда пайдалы. Себебі, мұндағы кейіпкердің жаны қазақ! Оның жетістікке жету жолы да қазаққа жақынырақ! Одан кейін, қазақтың қарапайым қара домалақ баласының да алмайтын қамалы жоқ екенін нақты дәлелдеген фильм. Жылдар өткен сайын құнын жоймайтын, қайталап көрсете беретін, жарқырай түсетін бір фильмдер болады ғой, «Қара алтын» сол тізімге кіреді деп ойлаймын. Сондықтан, оның табысты болғанын қалар едім. Себебі, осындай фильмдер талғам қалыптастырады.
– Фильмнің шынайы оқиғаға негізделгеніне иландыңыз ба?
– Фильм біткен соң тағдыры осы «Қара алтынға» арқау болған Медғат деген ағамызды көрдім. Ризашылығымды айттым. Бірақ, көркем фильм деген сөздің өзі оқиғаны көркемдеу үшін түрлі әдістер қолданылатынын білдірмей ме… Мұраттың бұл оқиғаны әшекейлегені, әсірелегені түсінікті. Бәріміз солай жасаймыз. Мұндағы ең басты нәрсе туындының көрерменге берген ғибраты.
Дайындаған Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ
Парақшамызға жазылыңыз


