Украинаға соғысқа жіберілген қазақстандықтар: Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілген жоқ

72 рет қаралды
фото: Яндекс карта

Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа жіберілетінін мәлімдеген Қазақстан азаматтары биліктен көмек сұрады. Олардың туыстары 7 қазанда Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналып, балаларын елге қайтаруды талап етті. 8 қазанда заңгер Мейірман Шекеев 14 қазақстандықтың Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілетінін хабарлағанымен, СІМ бұл ақпаратты растаған жоқ.

CMN.KZ басылымының мәліметінше, қазақстандықтар интернеттегі жұмыс туралы хабарландыруларға сеніп, құс фабрикасында, фермада немесе күзет агенттігінде еңбек ету үшін Ресейге барған. Алайда олардың айтуынша, елге барғаннан кейін әскери келісімшарттарға алдау арқылы қол қойдырылған. Кейін жастарға Украинадағы соғысқа қатысу немесе түрмеге қамалу туралы талап қойылған.

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған. Кейбір азаматтар өздерінің Луганск маңындағы аумақта жүргенін, ұрыс қимылдарына жіберілу қаупі барын айтқан.

Tizgin.kz жариялаған ақпаратқа сәйкес, 7 қазанда соғыс аймағында қалған жастардың ата-аналары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналды. Олар журналистерге балаларының Ресейге жұмыс іздеп барып, кейін әскери құрылымдарға тартылғанын жеткізген.

Мәселен, 2025 жылдың сәуірінде Ресейге кеткен Арап Қуаныш бірнеше айдан кейін байланысқа шықпай қалған. Туыстары оның қазір қайда екенін білмейді.

Ата-аналармен бірге министрлікке барған заңгер Мейірман Шекеев Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездескенін хабарлаған. Оның айтуынша, Президент пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолданған өтініштерге байланысты тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр. Заңгер мәселені жедел шешу үшін СІМ, ІІМ, ҰҚК және Президент Әкімшілігі өкілдерінен арнайы комиссия құруды ұсынған.

8 қазанда Мейірман Шекеев Instagram парақшасында алғашқы 14 азаматтың Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілетінін мәлімдеді.

«Өтінішіміз бойынша Ресейдегі балалардың мәселесі тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің бақылауына өтті. Бүгін алғашқы 14 бала Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетін болды», – деп жазды заңгер.

Алайда сол күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. 24KZ мемлекеттік телеарнасының 8 қазандағы хабарлауынша, министрлік 14 азаматтың елшілікке жеткізілетіні жөніндегі мәліметтің ресми түрде расталмағанын мәлімдеген.

«Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс», – деп мәлімдеді СІМ.

Министрлік мұндай мәліметтер жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды жаңылыстырып, негізсіз үміт тудыруы мүмкін екенін ескертті. Ведомствоның хабарлауынша, қақтығыс аймағында жүрген азаматтардың мәселесі бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейдегі жұмыс жалғасып жатыр.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің Telegram арнасында шетелдегі қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ведомствоның басты басымдықтарының бірі екенін мәлімдеген.

СІМ азаматтарды елге қайтару үшін олардың аты-жөні, туған күні, болжамды жүрген жері және еңбек шартының талаптары туралы толық әрі нақты ақпарат қажет екенін ескерткен. Бұл мәліметтерді азаматтардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алу маңызды екені айтылған.

Министрлік туыстардан өтініш қабылдауға арналған арнайы жедел желі жұмыс істейтінін де хабарлады. Сондай-ақ қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен шараларды әзірлеу үшін Ресей тарапымен консультациялар жүргізіліп жатыр.

ҚР СІМ ресми сайтында жарияланған 2 қазандағы ақпаратқа сәйкес, Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесуде қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтардың жағдайы талқыланған. Тараптар азаматтарды елге қайтаруға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге уағдаласқан.

Осылайша, 8 қазандағы жағдай бойынша Ресейдегі 14 қазақстандықтың елшілікке жеткізілетіні туралы ақпарат ресми түрде расталмады. Сыртқы істер министрлігі азаматтарды қайтару мәселесі бақылауда екенін және Ресей тарапымен жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар