Алматының Жетісу ауданындағы Құлагер шағынауданында жаңа қалалық кітапхана ашылды. Кітапхана туралы ұсынылған ақпаратқа сәйкес, оның қорында 14 мыңнан астам кітап бар, ал оқу кеңістігі бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге есептелген.
Жаңа нысан Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарайды. Кітапхана қала әкімдігінің қолдауымен «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында ашылған.
Кітапхананың жалпы аумағы – 551 шаршы метр. Қорында көркем шығармалар, балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық және оқу-әдістемелік басылымдар жинақталған.
Оқырманға компьютерлік зал, тыныш оқу орындары мен коворкинг аймағы ұсынылады. Балаларға бөлек кеңістік бөлінген. Сондай-ақ кездесу, пікірталас, үйірмелер мен шығармашылық іс-шара өткізуге арналған орындар қарастырылған.
Кітапханада көру қабілеті төмен және зағип оқырманға арналған жабдықтар да бар. Олардың қатарында Брайль қарпімен жұмыс істеуге арналған құралдар, экрандағы мәтінді дыбыстайтын бағдарламалар және қолжетімді интерфейстер көрсетілген.
Балаларға арналған интерактив оқу кешені арқылы электрондық оқулықтарды, білім беру базаларын және танымдық ойынды пайдалануға болады. Кешен мемлекеттік білім беру ресурстарына да қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жаңа кітапхана Құлагер тұрғындарына кітап оқумен қатар, білім алуға, бірлесіп жұмыс істеуге және мәдени іс-шараға қатысуға арналған қоғамдық кеңістік ретінде қызмет көрсетеді.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
