//

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?

51 рет қаралды
Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: Threads желісінен алынған. Алматы, 10 қараша 2026 жыл.

Сәулетші Айдар Ерғалидың айтуынша, бір ауданнан жылына орташа есеппен жиналған жаңбыр суы үш мектептің дәретханасын бір жыл бойы сумен қамтамасыз етуге жетуі мүмкін.  Алайда Алматыда жаңбыр суын жинау, тазарту және қайта пайдалану жүйесі қаншалықты дамыған?

ЖАҢБЫР ЖАУДЫ, КӨШЕЛЕРДІ ТАҒЫ СУ БАСТЫ

Алматыда жаңбыр жауса, кей көшені су басып, көлік қозғалысы қиындайды. 10-11 қарашада қалада жаңбыр жауып, кейбір ауданды су басты. Тіпті метро станцияларының кіреберісіне су кірді. Алматылықтар қарапайым жаңбырдан кейін де қала көшелері өзенге айналады, бюджеттен қаржы бөлінгенімен, нәтиже жоқ деп налыды. 

«Арықтарды бітеп, жөндеу жұмыстарын жүргізді, көшелерді абаттандырды. Бюджет ақшасын жұмсады. Енді жай жаңбыр жауып еді, нөсер де емес, дауыл да емес, жай жаңбыр. Нәтижесі масқара. Тротуарларды су басып, ағып жатыр, жаяу жүргіншілердің жүруі мүмкін емес. Көліктер адамдарға бастан аяққа дейін су шашып өтеді», — деп жазды Алматы тұрғындарының бірі Threads желісінде. 

Жаңбыр көшелердегі суағар торларға да сынақ болды. Алматылықтардың бірі жариялаған видеода торлардың тегіс емес көшеде сәл жоғарылау тұрғаны, ал жаңбыр суы төмендеу жерде ағып жатқаны көрінеді. 

Су мамандары бізге берген сұхбатында мұның бәрі жобалау және салу кезінде кеткен қателік екенін, қаланың еңіс жерлері ескерілмегенін айтты. 

«Кейбір жерде науа асфальттан биік жатыр. Су секіріп бармайды ғой. Еңіс сақталмаған. Дұрыс салынбаған», — дейді су маманы Қайрат Оспанов. 

Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бірнеше ауданда түнде су жиналғанын растап, «коммуналдық қызмет күшейтілген режимде істеп жатыр» деп хабарлады. Бірақ жаңбыр суынан биігірек жатқан суағарлар туралы жазбаларға реакция білдірмеді.  

КЕДЕРГІНІ РЕСУРСҚА АЙНАЛДЫРА АЛАМЫЗ БА? 

Бір қарағанда, бұл — коммуналдық мәселе. Алайда оның астарында қаланың инженерлік инфрақұрылымы мен су ресурстарын басқару мәселесі жатыр.

Сәулетші Айдар Ерғали жаңбыр суын жинап, қайта пайдалану Алматыдағы су тапшылығын азайтудың бір жолы деп есептейді. Оның айтуынша, қалада жылына бір шаршы метр аумаққа шамамен 600 литр жауын-шашын түсуі мүмкін. Осы судың бір бөлігін жинап, тазалап, техникалық мақсатта пайдалануға болады. Мысалы, оны көше жууға, ағаштарды суаруға немесе ғимараттардың дәретханаларына пайдалануға мүмкіндік бар.

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?

Ерғалидің сөзінше, қызының ғылыми жобасы аясында «4-Орбита» шағын ауданынан жылына орташа есеппен жиналатын жаңбыр суының көлемі есептелген. Сәулетші бұл су үш мектептің дәретханасын бір жыл бойы сумен қамтамасыз етуге жетуі мүмкін дейді.

«Жалпы қала бойынша аспаннан түскен барлық судың 30 пайызын жинап өңдей алсақ, ол бүкіл қала тұтынатын судың 50 пайызын қамти алады. Сенбейтін адам өзі санап көрсін, оған керек мәліметтің бәрі желіде ашық тұр», — дейді сәулетші.

Жаңбыр суын пайдалану үшін Алматыға жаңбыр суын жинайтын, реттейтін, тазартатын инфрақұрылым керек. Ал ондай инфрақұрылым бар ма?

ҚАЛАНЫҢ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

2022 жылы әкімдік қаладағы арық жүйесіне жүргізілген инвентаризация нәтижесінде 1525 шақырым арық желісі барын хабарлаған. Оның 1101 шақырымы жұмыс істеп тұрған, ал 424 шақырымы жөндеуді немесе қайта жаңғыртуды қажет еткен. Сонымен бірге тағы 100 шақырым жаңа арық салу қажеті сол кезде айтылған еді.

Сол жылдағы мәлімет бойынша, қалада арық суын қабылдайтын 16 коллектор бар делінген. Алайда олардың төртеуі ғана жұмыс істеген. Қалғандары қараусыз қалып, батпақ пен қоқысқа толған. Оларды қалпына келтіру жоспарланғанымен, қазіргі жағдайы туралы жаңартылған мәлімет жоқ.

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: қалада арықтар бір-бірімен жалғанбаған, кейбірі қоқысқа толып кетеді

Ал 2026 жылғы шілдеде жарияланған дерекке сәйкес, арық желісінде 124 проблемалық учаске анықталған. Оның 80-інде жөндеу аяқталып, 28 учаскеде жұмыс жалғасқан, тағы 16 учаске кезекте тұр.

Дегенмен мамандардың сөзінше, ашық арық жүйесі мен жерасты жаңбыр канализациясы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Қаланың арық жүйесі көбіне суды жер бетімен ағызуға арналған. Олар бір-бірімен жалғанбаса, бітелсе немесе өткізу қабілеті жеткіліксіз болса, су көшеге жайылып, жиналып қалуы мүмкін. Ал жерасты жаңбыр канализациясы суды қабылдағыш торлар арқылы жинап, жер астындағы құбырлар мен коллекторлар арқылы арнайы бағытқа бұрады. Мұндай жүйе судың үлкен көлемін қысқа уақытта өткізуге, оны жинақтап, қажет болған жағдайда тазарту құрылыстарына жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан мамандардың пікірінше, арықтарды тазалау мен жөндеу маңызды болғанымен, бұл толыққанды жаңбыр канализациясын алмастыра алмайды. Қалада жаңбыр суын қабылдайтын, тасымалдайтын, тазартатын және қауіпсіз жерге ағызатын өзара байланысқан инфрақұрылым болуы қажет.

Қазақстанның 2025 жылғы Су кодексінің 99-бабында нөсерлік кәріз жүйесі жаңбыр мен еріген қар суын қабылдап, бұрып қана қоймай, тазартуы да керегі көрсетілген. Мұндай жүйеге көше және қала ішіндегі желілер, коллекторлар, сорғы станциялары, тазарту құрылыстары мен су жинайтын нысандар кіреді.

«ДРЕНАЖДЫҢ БҮКІЛ ҚАЛАНЫ ҚАМТУЫ ШАРТ ЕМЕС»

Қалаға осындай жаңбыр канализациясы керегін су мамандары көптен бері айтып келеді, алайда қазір Алматы билігінің оған қатысты ұстанымы белгісіз. Біздің сұрақтарымызға Алматы әкімдігі әзірге жауап бермеді.

Су мамандарының айтуынша, қазір қаланың кейбір аумағында коллектор, торлар сияқты жаңбыр суына арналған кәріз жүйесінің элементтері бар, бірақ оны толымды жүйе деп айту қиын. Торлар мен коллекторларға, арыққа жиналған су өзендерге бағытталады. 

«Дренаж жүйесін салуға өте қомақты ақша керек. Оны жұрт арық жүйесімен шатастырады. Арық жүйесі сол қалалық дренаж жүйесінің кішігірім бөлігі болуы мүмкін, бірақ дренаж жүйесінің өзі — өте күрделі құрылым. Оны метромен салыстыруға болады. Ол толықтай жердің астында, көптеген құдық, құбыр мен резервуардан тұратын күрделі нысан. Оның құбырларының үлкендігі сондай, ішінде емін еркін көлікпен жүруге болады», — дейді сәулетші Айдар Ерғали.

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: Жапониядағы Сирако жерасты су қоймасы

Дегенмен сәулетшінің сөзінше, ондай нысанның бүкіл қаланы қамтитын алып нысан болуы шарт емес.

«Мысалы, бір ықшамауданға бір тәуелсіз жүйе салынса болады. Оны орналастыратын  жер керек. Оған мектеп алаңдары өте ыңғайлы. Әрбір ауданда мектептер бар, олардың әрқайсысының дерлік алаңы бар. Сол алаңның астына ірі су резервуары мен су тазарту стансасын салуға болады. Ол су айналадағы үйлер мен басқа нысандарға техникалық су жеткізеді де, жазғы уақыттарда көгалдарды суаруға жұмсалушы еді. Ал төтенше жағдай кезінде ол су қоймаларының мәнісін ойлай беріңдер. Жер сілкінгенде немесе өрт кезінде ол өте пайдалы нысан болушы еді», — дейді Айдар Ерғали.

ЖАҢБЫР СУЫ ЛАС ПА? 

Дренаж жоғының зардабы  елдімекендерді су басудан ғана білінбейді дейді сәулетші. Ол бергі жағы ғана. Алматыда жауын-шашынның бір бөлігі өзендерге түседі. Сәулетші бұл экологияға зиян дейді.

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: Үлкен Алматы өзеніне құйылып жатқан жаңбыр ағыны

Жаңбыр суы көшеден аққаннан кейін оның құрамына шаң-тозаң, көлік майларының қалдықтары, шиналар мен тежегіштер тозғаннан пайда болатын бөлшектер және қоқыс араласуы мүмкін. Сондықтан көшеден жиналған суды бірден суаруға немесе басқа техникалық мақсатқа пайдалануға болмайды. Алдымен оның құрамын зерттеп, қажетті тазарту тәсілін таңдау керек.

Жаңбыр суын дұрыс жинап, тазартса, ол техникалық мақсатта пайдалануға болатын ресурсқа айналады. Сәулетші мұндай суды тиімді пайдалануға сұраныс қалыптастыру үшін алдымен орталықтандырылған суға көзқарасты өзгерту керек деп есептейді. Оның пікірінше, краннан келетін судың бағасын көтеру жаңбыр суын жинау мен қайта пайдалану жүйелерінің дамуына түрткі болуы мүмкін.

НӨСЕР СУЫ ТҰРМЫСТЫҚ КӘРІЗГЕ ТҮСІП ЖАТЫР МА?

Тағы бір мәселе — жаңбыр суының тұрмыстық кәріз жүйесіне араласуы.

Су саласының маманы Қайрат Оспановтың айтуынша, кей жерде жаңбыр суы кәріз құдықтарының саңылаулары мен техникалық ақаулар арқылы тұрмыстық кәрізге түседі. Оның мәліметінше, Алматының кәріз тазарту құрылыстарына әдетте тәулігіне шамамен 400 мың текше метр су түседі, ал жобалық қуаты — 640 мың текше метрге жуық. Жауын-шашын мол күндері бұл көлем бір миллион текше метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан оның пікірінше, жаңбыр суын жинап, тазартатын бөлек ғимарат керек. Сонда оны әрі қарай техникалық су ретінде пайдалану жағы да шешілер еді. 

Жазда Алматының кәріз жүйесіне арналған жиында Алматы әкімдігінің өкілі қаланың үлкейіп келе жатқанын, қалалық кәріз суын тазарту ғимаратына (КОС) салмақ көп түсіп жатқанын алға тартып, қалада қосымша қуаты тәулігіне 320 мың текше метрлік кәріз суын тазарту ғимараты салынады деп айтқан. Сол кезде су маманы Қайрат Оспанов «КОС-қа тек жаңбыр кезінде салмақ түсетінін» айтып, одан гөрі жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін салу тиімдірек болады деген. Ал әкімдік өкілі бұл сұраққа нақты жауап бермеді. 

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: жөнделіп жатқан құдық

Тұрақты даму орталығының жетекшісі Вера Мустафина да нөсер суының тұрмыстық кәрізге араласуы сарқынды судың құрамын сұйылтып, биологиялық тазарту тиімділігіне әсер етуі мүмкін дейді.

«Жеке жаңбыр канализацияның жоғы неге соқтырады? Барлық канализация желілері толады. Тазарту мекемелеріне бір жарым есе көп су түседі. Біріншіден, ол су салыстырмалы түрде таза, жаңбыр суымен араласқан. Ал бактериялар, аэробты кезең ол тиімсіз бола бастайды, себебі органикалық заттардың концентрациясы азырақ. Екіншіден, канализация желілері мұнша көлемдегі суға арналмаған», — дейді ол.

ӘЛЕМ ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Жаңбыр суын басқарудың бір мысалы — Нидерландтың Роттердам қаласындағы Benthemplein су алаңы. Күнделікті уақытта ол спорт және демалыс кеңістігі ретінде пайдаланылады. Ал қатты жаңбыр кезінде арнайы бассейндеріне су жиналып, қаладағы су бұру жүйесіне түсетін салмақты уақытша азайтады.

Сингапурда жаңбыр суы шатырлардан, көшелерден, арықтар мен каналдардан жиналып, су қоймаларына бағытталады. Ол жерде тазартылғаннан кейін ауызсуға да пайдаланылады. Табиғи тұщы су тапшылығына байланысты билік жаңбырдың әрбір тамшысын тиімді пайдалануға бағытталған арнайы инфрақұрылым жасаған.

Берлиннің Потсдамер-Плац ауданында ғимараттардың шатырынан аққан жаңбыр суы жерасты қоймаларына жиналады. Кейін ол жасыл желекті суаруға, дәретхана шаюға және жасанды тоғандарды толықтыруға жұмсалады. 

Алматы жаңбыр суын неге игілікке айналдыра алмай отыр?
Сипаттамасы: Потсдамер-Плац айдыны. Orderinchaos, CC BY-SA 4.0, via Wikimedia Commons

Ал Копенгагенде қатты жауын кезінде суды көшелерден қауіпсіз бағытқа бұру, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде уақытша жинау және жер асты туннельдерін пайдалану тәсілдері қарастырылған.

Бұл тәжірибелердің бәрін Алматыға сол күйінде көшіру мүмкін емес. Бірақ ортақ қағидасы бір: жаңбыр суын тек әкетілуге тиіс артық су емес, басқаруға және белгілі бір жағдайда қайта пайдалануға болатын ресурс ретінде қарастыру керек.

АЛМАТЫНЫҢ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?

Алматының 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жоспарына сәйкес, 2027 жылы еріген қар және нөсер суын жинап, кейін техникалық мақсатта пайдалану тетіктерін әзірлеу және енгізу көзделген. Құжатта бұл шара орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне түсетін жүктемені жеті пайызға дейін азайтуы мүмкін деп көрсетілген.

Сол құжатта батыс және шығыс бағыттардағы арық желісін салу мен қайта жаңғыртуға 6,2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Алматыдағы жаңбыр суы мәселесі тек көшелерді су басумен шектелмейді. Ол арықтар мен жаңбыр кәрізінің жағдайына, су сапасына, кәріз тазарту құрылыстарына түсетін салмаққа және су ресурстарын тиімді пайдалануға тікелей қатысты. Қала үшін ең алдымен жаңбыр суының толық қозғалыс картасын жасау маңызды: ол қай жерден жиналады, қандай арыққа немесе коллекторға түседі, қайда бұрылады, қай жерде тазаланады және қай нүктеден табиғи ортаға жіберіледі? Жаңбыр суын игілікке айналдыру үшін алдымен оның қайда кетіп жатқанын білу керек.

Мақпал Мұқанқызы

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар