Оштағы отты кім тұтатты?

895 рет қаралды

post [Blog]

Қырғызстандағы жағдайды сараптауда шетелдік басылымдар оған ұлтараздық сипатын беруге тырысады. Ал Орталық Азиядағы белсенді интернет қолданушылар керісінше, мәселе билікті бөлісе алмай жатқан топта деп санайды.

The Economist басылымы «Қырғызстандағы қақтығыстың астарында не жатыр» деген тақырыпта мақала жариялады.

«Өзбектер Қырғызстан халқының бар болғаны 15 пайызын ғана құрайды. Бірақ олардың дені елдің оңтүстігіне шоғырланғандықтан, Ош, Джалал-Абад аймағында сандары басым»

дей келе қақтығыстың орын алуына оның территориялық ауқымы себепші болды деген болжам жасайды. Себебі Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ферғана алқабы үш елдің (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) территориясының түйіскен тұсы.

«1920 жылы Сталин үш елдің шекарасын бөліп берген», – дейді «The Economist». Нәтижесінде, Қырғыз Советтік Республикасының бір шетіне өзбек халқы енді, ал Өзбек Советтік Республикасының бір шетіне тәжік тұрғындары кірігіп кетті. Кеңес Одағы тұсында бұл жайт респубикалар арасында бір идеологияны насихаттауға жәрдемдесті. Алайда, Совет Одағы күйреген сәтте тәуелсіз мемлекеттер қалыптасып, шекара маңындағы аймақтарда ұлтаралық ши шыға бастады.

«Ұлтаралық қақтығысты тудыруға саясат да себеп болғаны анық» деп санайды батыс басылымына түсінік берген мамандар. Себебі Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбек тұрғындарының дені елдің саясатына араласпайтын. Әскерге де, әкімдікке де, билікке де көтеріле алмайтын. Жалала Абад, Ош өңірлерінің тұрғындарының белсенді бөлігі, яғни қырғыз ұлтты азматтар бұрынғы президент Құрманбек Бақиевті қолдайтын. Сондықтан уақытша үкіметті мойындамады. Өз кезегінде осы уақытқа дейін саясатта рөлдері төмен болған өзбектер уақытша үкіметті іштей қолдады.

«Қырғызстанда орын алған оқиға – Орталық Азияда соңғы 20 жылдың ішінде болып отырған ең ірі ұлтаралық қақтығыстың бірі. 1990 жылдың маусым айында Ошта қырғыз бен өзбек ұлтты азаматтар арасында жанжал туындап, 100-ден аса адам мерт болған. Ол кездері қырғыз елін басқарған Асқар Ақаев Совет әскерін енгізу арқылы тез арада тоқтатқан» дейді Economist өткен оқиғамен сабақтастырып.

New York Times басылымында осы мәселеге қатысты жарияланған мақалада «Қырғызстандағы қақтығыс ұлтқа емес, тапқа бөлінуден басталды» деген сарапшының пікірін келтіреді. «Бұл өрттің өршуіне ұзақ уақытқа созылған ұлтаралық араздық себеп болды дей алмаймын» дейді Колумбия Университетіндегі Орталық Азия аймағын зерттеуші профессор Александар Кулей.

New York Times-қа пікір білдірген ғалым: «Қырғыз бен өзбектің арасында айырмашылықтан гөрі ұқсастық көп. Екеуі де мұсылман, әрі түбірі бір түркі тілдер тобына жататын тілдерде сөйлейді.

Бұл жолғы қақтығыстағы ең маңызды ерекшелік экономикаға келіп тіреледі. Қырғыздар – көшпелі халық болса, өзбектер –отырықшы, бақташылықты кәсіп еткен».

Профессор Кулей келтірген мысалды әрі қарай тарқататын болсақ, Маркс теориясына келіп ұрынамыз. Яғни, ұлтқа емес, тапқа бөліну байқалады. Қырғызстанның оңтүстігіндегі экономикалық ахуал жақсы емес екені белгілі. Өзбектердің дені өзінің жеке шаруашылықтарымен айналысты. Яғни, биліктің тауып берген жұмысына малданбай өз нанын өздері тапқан. Профессордың сөзін NYT басылымы негізгі ой етіп көрсеткен.

Қырғызстандағы саяси жағдайды зерттейтін келесі бір маман Брюсь Паниер «Radio Freedom Liberty» радиосына берген түсініктемесінде:

«1990 жылы болған қақтығыстарды қайта сараптау аса маңызды. Ол уақыттан бері қырғыз бен өзбек халқы санының арасында елеулі өзгерістер байқалды. Бірақ бұл жайт қақтығысқа түрткі болды дей алмаймыз. Әйткенмен осындай кішкентай нәрселер оттың тұтануына себеп болды», депті.

Алайда Foreign Policy саяси журналындағы мақалада Эрика Марат «Ұлтаралық қақтығыстың туындауына елді әртүрлі басшылардың басқаруы себеп болды» деген ойда.

Асқар Ақаев билікте болған кезде, этникалық топтарға үлкен артықшылықтар жасады. Өзбек тілінде білім беретін оқу орындары да пайда болды. Сондықтан аз ұлттар Ақаевтың саясатын қолдады. Ол биліктен кеткен соң, Құрманбек Бақиев этникалық топтардың мәселесіне мүлдем назар аударған жоқ. Осылайша қоғамда қарсы топ қалыптаса бастады.

Шетелдік сарапшылардың пікірлері ұлтаралық жанжалдың астарына үңілу болғанымен, интернеттегі белсенді қолданушылар

«Оштағы қазіргі жағдайдың ұлтаралық мәселеге еш қатысы жоқ. Мұны Бақиевтің бандасы істеп отыр» деген пікірде.

Global Voices әлемдік блог порталындағы жазбаларда және twitter микроблогында (#frekg,# kg, #osh ілмектерінен) сағат сайын осындай пікірлер жарық көруде.

«Қырғызстанның оңтүстігіндегі қарапайым халықты бір-біріне қарсы қойып қойды. Түн ішінде әлдебір снайперлер келіп, үйдің төбесінен өзбектерді де, қырғыздарды да ата бастады. Өз кезегінде екі ұлт бір-біріне оқ жаудырып жатқандай сипат енгізді. Нәтижесінде дүкендер өртеліп, үйлер қиратыла бастады»

Шетелдік басылымдардағы пікірлердің ауаны әзірге осындай. Дені мәселені ұлтараздық сипатқа беруге тырысады. Алайда ресейлік кейбір сарапшылар бұның астарынан үлкен саяси ойын жатқанын ашық айтуда.

Ескерту: Сілтемелердің дені ағылшын тілінде. Жазбаны дайындау барысында Registan.net деректері пайдаланылды

Асхат Еркімбай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі