/////

Үш ауысымды мектептер білім сапасына қалай әсер етеді?

2870 рет қаралды
фото: Көрнекі сурет

Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан Әл-Фараби атындағы №31 Тұздыбастау мектебінде бастауыш сынып оқушылары үш ауысымда оқиды. Мектеп жетіспеушілігінің кесірінен оқушылар аптасына 6 күн сабақ кестесімен оқиды.

“Бала санының көптігіне мектеп басшылығы емес, мектеп санын көбейтпеген мемлекет кінәлі”

Сандуғаш Түсен – 4 баланың анасы. Үлкен ұлдары қаладағы мектептердің бірінде оқиды. Кіші қызын аудандағы №31 Тұздыбастау мектебінің бірінші сыныпқа дейінгі даярлық сыныбына берген. Жоғары сыныпқа көшкенде кіші қызын да қаладағы мектепке беретінін айтады. Сандуғаш “ауыл мен қала мектебінің айырмашылығы бар екенін, бала санының көптігі де білім сапасына әсер етпей қоймайды” деген пікірде.

Сандуғаш Түсен

“Қызым осы мектепте 0 сыныпта оқиды.  Сабақ екі-ақ сағатта өтеді. 10-да басталса, 12-де бітеді. Екі сағатқа бола, қалаға тасу кішкене қиындық тудырады. Үлкен ұлымыз қалада оқиды. Алматының іргесіне тиіа тұрса да, ауыл мектебі мен қала мектебінің айырмашылығы жер мен көктей. Жабдығынан бастап, интерактивті тақтамен қамтамасыз ету, тақта деген [заттарға] жоғарғы жақтан қаржы бөлінеді ғой. Кейбір сыныптарда жазу тақталары да болмайды. Сондықтан білім сапасы жөнінен, материалдық-техникалық базасы жөнінен қала мектептері кішкене көш бастап тұр деп ойлаймын”,-дейді ата-ана Сандуғаш Түсен.

Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан Әл-Фараби атындағы №31 Тұздыбастау мектебі 3 тілде білім береді. Үш ауысымда 279 бала бастауыш сыныбында оқып жатыр. Бастауыш сыныптың сабағы сағат 12:15-ке дейін бітеді. Осы уақытта қызын мектептен алып кетуге келген әке Жанаттың кіші қызы орыс сыныбында оқиды. Жанаттың айтуынша, бала санының көптігіне мектеп басшылығы емес, мектеп санын көбейтпеген мемлекет кінәлі дейді.

Жанат Тұрмағамбетов

“Толыққанды білім берілмесе, балалар қиналады. Себебі орын жетіспегесін, оқу бағдарламасы да қысқартылған. Мұғалімдер таңнан кешке дейін жұмыста. Таңғы 8-де келсе, түнгі 12-ге дейін осында. Бұл қалай болғаны? Әкімдік құрқол отыр. Негізі бұл олардың міндеті. Олар талап етіп, мектептің керек екенін айту керек. Десе де, қимыл жоқ. Білім сапасына сөзім жоқ. Айтарым, сол әкімдік тарапынан көмек пен ұйымдастырудың жоқтығы. Олар орта білім жүйесіне көмектеспейді. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен мәселе”,-дейді ата-ана Жанат Тұрмағамбетов.

Ескі ғимарат, үш ауысымда оқыған балалардың жағдайы

Екі қабатты мектеп ғимараты 1930 жылдары салынған. 80-жылдары күрделі жөндеу жұмыстарын көрген. Ғимарат тым ескі. Іргетасы өткен ғасырда салынған бұл мектеп екі ғимараттан тұрады. Үлкен ғимарат 900 орынға, ал кіші ғимарат 120 орынға арналған. Ал қазіргі таңда 2500-ге жуық бала білім алып жатыр. Мектепте 227 мұғалім жұмыс істейді. Жоспардағы бала саны қазір екі есе көп болса да, тәртіппен қозғалып, дәлізде сөмкелерін жерге тастай сала, бірі киімін іліп жатса, екіншісі сырт киімін алып киіп жатыр. Бүгінгі күні 1-11 сынып арасында 108 сынып-комплект, ал мектепалды даярлықта 8 топ бар. Мектеп үш ауысымда оқытып жатса да, келген баланы қабылдамаған күніміз болған емес дейді мектеп басшылығы.

Анаргүл Күлембекқызы

“Жылдан жылға оқушылар саны өсіп келе жатыр. Биылғы жылға 260 баланы жоспарлап отырмыз. Сәуір айынан бастап бірінші сыныпқа қабылдау басталды. Сайтта ата-аналар өз сұранысын береді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бірінші сыныпқа келушілер саны 200, 190, 180 болса, бүгінгі күні 250-260-қа жетіп отыр. Жоспарымызда 260. Нақты қабылдағаннан кейін бірінші қыркүйекте белгілі болады. 300 болса, мен таңғалмаймын,”-дейді мектеп директоры Анаргүл Күлембекқызы.

Тұздыбастау ауылына сырттан көшіп келетіндер көп. Қоныс аударушылардың көптігінен ауыл тұрғындары да, мектепке ауысқан балалар саны да көп. Көбіне бұл елді-мекенге Райымбек, Кеген аудандарынан, Шымкент, Жамбыл облысынан көшіп келіп, ауылда тұрақтанады. Бұл да оқушы санының артуына тағы бір себеп екенін мектеп директоры атап өтті. Сонымен қоса, оқушы саны көптігінен кадр тапшылығы да бар екені тілге тиек етті.

“Сабақ таңғы сегіз бен кешкі жетіге дейін өтеді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде қиын. Кесте құру барысында екі ауысым арасы уақыт берілген. Жарты сағат көлемінде сынып жуылып, желдетіледі. Соған қарамастан, ата-аналар бұған разы емес. Олардың айтуынша, аз уақытта кабинетті желдету мүмкін емес және бұл – бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін”.

Айта кететін жайт, мектеп өзге мектептердегідей бес күн емес, алты күн оқытады. Бірақ барлық сынып емес, тек бастауыш сынып пен мектепалды даярлық топтары ғана. Бірінші сыныпқа келген оқушыларға алдымен 4 қазақ сыныбы ашылады. Кейін орыс және ұйғыр сыныптары ашылады. Аралас мектепке көбіне орыс сыныбына келушілер көп көрінеді.

Үш ауысымды мектептің шешімі – “Жайлы мектеп” жобасы

Талғар ауданында жалпы саны 43 мектеп бар. Оның алтауы үш ауысымда оқытады. Бұл мектептер қазақ, орыс және ұйғыр тілінде білім беріп жатыр. Мектеп жоспарда көрсетілген бала санынан екі есе баланы артық қабылдап отыр. Аудандық білім бөлімінің айтуынша, Талғардағы мектеп мәселесін шешу үшін мемлекет “Жайлы мектеп” жобасын қолға алған. Жоба аясында Тұздыбастау мектебіне 1500-ге жуық орындықты жаңа мектеп 2024 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілетіні жоспарланып отыр. Мектеп басшылығының айтуынша, “Жайлы мектеп” жобасы жайлы ақпарат берілмеген, дегенмен жобадан хабарсыз емес.

Рүстембек Тұрғынбайұлы

“Бізде үш ауысымда оқып жатырған 6 мектептің ішінде 5 мектептің мәселесі шешімін табады. Ал үш ауысымда оқып жатқан Кеңдала ауылындағы №42 мектеп 2025 жылы [мәселесі шешіледі]. Яғни, келесі жылы толық 100% толығымен шешімін табады. Қазір үш ауысымда оқытып жатқан Талдыбұлақ ауылында №34 орта мектеп, Жаңалық ауылында №15 мектеп, Жалғамыс ауылында бар №37 мектеп, сонымен бірге Тұздыбастау ауылындағы екі мектеп: №13, №30 мектептер биылғы жылы шешімін табады”,-дейді Талғар ауданы бойынша білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстембек Тұрғынбайұлы.

Жолай “Жайлы мектеп” жобасы негізінде салынып жатқан екі мектептің құрылысын көрдік. Құрылысты Самұрық-Қазына акционерлік қоғамы жүргізіп жатыр екен. Ондағылар тек басшылықтың рұқсатымен ғана құрылыс алаңына кіргізетінін айтты. Құрылыс сыртында жоспарға сай берілетін мерзімі жазылған баннер ілініп тұр. Ендігі мақсат – осы мектептің құрылысы толық аяқталып, белгіленген уақытында балаларға есігі ашылатын күнді бақылау болады.

Әдемі Ғазизова, 

Дина Айтбекова.

Алматы-Тұздыбастау-Талғар-Алматы

Бұл жоба Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен дайындалды. “Мінбер” ұжымы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты, және де ол ақпарат USAID-тың, немесе АҚШ үкіметінің ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

USAID – әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және дамуға бастайтын қозғаушы күш. Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар