Александр Чепурин посткеңестік елдерге орыс тілін екінші мемлекеттік тіл етуді ұсынды

3503 рет қаралды

imagesРесей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің Шетелдегі  отандастармен жұмыс департементінің  директоры Александр Чепурин  осы аптаның соңында «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында орыс тілінің посткеңестік елдердегі жағдайына тоқталды. Оның пікірінше, орыс тілі Украина мен Балтық жағалауы елдерінде және Орталық Азияның  кейбір мемлекеттерінде қолданыстан ығыстырылып жатқан көрінеді.

УКРАИНАДА МЕМЛЕКЕТ ҚҰРАУШЫ  ҰЛТ КІМ?

Александр Чепуриннің алғашқы көз сұғы – славян мемлекетінің бірі, соңғы кездері Ресеймен жайы жараса бермейтін Украинаға қадалған екен. Дипломат Украинадағы мемлекет құраушы ұлт ретінде орыстарды  атап көрсетеді. «Ондағы халықтың басым  көпшілігі отбасында, тұрмыста орыс тілін қолданады. Бірақ, орыс тілінің ресми мәртебесі жоқ. Жыл сайын жоспарлы түрде оның қолданылу аясы тарылып барады. Орыстілді мектептер жабылып, жастардың орыстілді жоғары оқу орындарында түсуіне мүмкіндіктер жасалмай отыр» деген ол ары қарайғы өз ойын Балтық жағалауы елдерінде тілдік саясатпен жалғастырады. «Орыстілді тұрғындарының саны басым Латвия мен Эстонияда осы уақытқа дейін шоғырлана орналасқан халықтың өз тілінде сөйлеу құқы жүзеге аспай отыр. Орыс тіліне көрсетіліп жатқан қысымның салдарынанн ондағы орыстілді халық орыстарды күшпен ассимиляцияға ұшыратуға деген талпыныстар жайында байбалам салуға мәжбүр болып отыр» деген ол орыс тілін ығыстыру ісінің Орталық Азияға да жеткендігін айта отырып, биылғы жылдың 7 қазанында Тәжікстанда «Тәжікстанның мемлекеттік тілі туралы» заңның өмірге келгендігін айта отырып, онда Конституцияда көрсетілген орыс тіліні ұлтаралық қарым-қатынас тілі деген мәртебесі алынып тасталғанын жеткізеді.

ҚАЗАҚСТАНДА ОРЫС ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ  САҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ

Ресей Федерациясының сыртқы істер министрінің лауазымды  шенеунігі орыс тілінің жағдайы жақсы мемлекеттер ретінде – Қырғызстан мен Белоруссияны атайды. Қырғызстанда орыс тілі реси тіл статусына ие болса, Белоруссияда мемлекеттік тіл дәрежесінде.

Қазақстан бұл екі категорияның ешқайсысына жатқызылмаған. Демек, Қазақстан орыс тіліне жақсы жағдай жасап отырған мемлекеттер қатарынан да, оны ығыстырып жатқан елдер қатарынан да көрінбейді.

Біздіңше, оның себебі Қазақстандағы орыс тілінің  ресми статусының айқын еместігінен болса керек. Қазақстан Конституциясының 7-бабында «Орыс тілі – мемлекеттік және ресми органдарда қазақ тілімен тең дәрежеде ресми түрде қолданылатын болады» делінген. Демек, орыс тіліне ресми тіл дәрежесі де беріліп отырған жоқ. Бірақ, одан деңгейі төмен де емес. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮ сессиясы қарсаңында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «орыс тілінің барлық саладағы мәртебесі сақталатын болады. Елдегі орыс тілінің жағдайының дәуірлеп тұрғанына қарамастан, жексенбілік мектептер мемлеккеттік тұрғыдан қолдауға ие болады» деп шегелеген еді. Демек, Қазақстандағы қазіргі орыс тілінің ахуалы орыс дипломатының аузына ілінбей отыруының мәнісі осында.

РЕСЕЙДІҢ  ДЕГЕНІ БОЛА ҚОЯР МА ЕКЕН?

Ал, Ресейдің өзінде орыс тілінің проблемасы туындауы мүмкін. Өйткені, 90 субьектіден тұратын Ресей  Федерациясы ондағы 15 құрамдас республикалардағы  титульды ұлттардың тілінің тамырына балта шауып, «Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі туралы» заң  қабылдап, өзге тілдің дамуына мүмкіндік қалдырмай отыр. Енді 15 субьектінің суверенитетіне шүйлігіп, аймақтарды бір-біріне қосу арқылы, федеральдық құрылымды жоюды көздеп отыр. Алайда, бұл ондағы халықтың тілегі бойынша жасалып жатқан жоқ. Сол себепті де, Ресейдің жақын аралықта 15 бөлшекке бөлініп кету қаупі барлығы айқын. Ресей бұл қауіпті сезінгісі келмейді. Сөйтіп, өздерінің империалистік, шовинистік пиғылдарын өз аумағынан асырып, баяғыда қара үзіп кеткен посткеңестік елдердің тізгінінен айрылмауды мақсат етуде. Сол себепті де дипломат бұрынғы Кеңестік елдердің орыс тіліне ресми не мемлекеттік дәреже беруді ұсынып отыр. Чепурин бұл ретте шеттегі диаспора өкілдерінің қолтығына су бүркіп, олардың өз құқықтарын өздері талап ету қажеттігін көлденең тартады. Алайда, оның бұл ұсынысы тәуелсіз мемлееттердің ішкі ісіне қол сұғу болып жүрмесе неғылсын.
Есен  БАЙНҰР

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар