//

Су жағасындағы люкс: Қостанайда Marriott қонақүйіне бюджеттен 274 млн теңге жұмсалмақ

221 рет қаралды
Болат Сағындық

Қостанай облысында Тобыл өзенінің жағасында халықаралық Courtyard by Marriott желісінің төрт жұлдызды қонақүйі салынып жатыр. Құны шамамен 10 млрд теңге болатын жоба өңірдің жаңа «визит картасы» ретінде ұсынылмақ, алайда қонақ үйдің құрылысына қажетті соманың бөлігі салық төлеушілердің қалтасынан төленбек.

Қонақүй құрылысы Мичурин ауылдық округінде жүргізіліп жатыр. Дайындық жұмыстары 2025 жылдың жазында басталып, ресми рұқсат сол жылдың қазан айының 28-ші жұлдызында берілген. Жобаны іске асыру мерзімі – шамамен 20 айға созылмақ. Егер жоспар орындалса, қонақүйде қонақтарды қабылдау 2027 жылдың қыркүйек айында бастау алады. Жобаға сәйкес, кешеннің жалпы аумағы 15,5 мың шаршы метр. Қонақүйде 142 нөмір, 600 орындық конференц-залы, спа-орталығы, фитнес-зал және бірнеше мейрамхана қарастырылған. Сондай-ақ, ғимараттың жоғарғы қабатында панорамалық скай-бар ашу жоспарланып отыр.

Қауіпті аймақтағы құрылыс

“Marriott International негізінен халқы 600-800 мың адамды құрайтын үлкен қалаларды таңдайтын. Қостанай қаласы шағындау болғанымен қала тұрақты түрде даму үстінде. Сондықтан осы қонақүй бұл қалаға керек” ,- деп Forward Consulting LTD компаниясының басқарушы серіктесі Алексей Лукаш өз пікірін білдіре кеткен.

Қонақүй құрылысы тек халықтың ғана қызығушылығын оятқан жоқ. Былтыр қарашада қонақүй алаңына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та барып қайтқан. Алайда қонақүйдің орналасқан жері қоғамда бірнеше сұрақ туғызды. Қонақүй салынып жатқан аумақ 2024 жылғы көктемгі тасқын кезінде су астында қалған. Сол кезде жақын маңдағы нысандар, сауда орындары соның ішінде “Апельсин” супермаркеті су астында қалған. Тобыл жағалауы су басу қаупі жоғары аймақтардың қатарына жатқанымен де, жергілікті билік өкілдері құрылыс барлық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын мәлімдейді.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Қайрат Әбішевтің мәліметінше, қонақүй Тобыл өзенінің су қорғау аймағында орналасқан. Алайда ғимарат жағалаудағы қорғаныс жолағынан тыс салынады деп мәлімдейді. Сонымен қатар, жер инвестор-Тобол Сити компаниясына Қазақстан СІМ инвестициялар комитетімен жасалған келісімшарт аясында берілген. Жоба өңірдің инвестициялық бастамалар тізіміне енгізілген. Негізінде көптеген мәліметтер жабық күйінде қалып отыр. Әкімдік өкілдері инвестициялық жобаға қатысты ақпараттың құпия сипатқа ие екенін атап өтті.

Инфрақұрылым – мемлекет есебінен

Қоғам назарын аудартқан негізгі мәселе – қонақүйге тартылатын инженерлік желілер. Қостанай облысы әкімдігінің тапсырысымен су құбыры мен кәріз жүйесін жүргізуге тендер жариялаған.


Тапсырыс беруші – Қостанай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жобаның бастапқы құны 279,4 млн теңге болса, нәтижесінде келісімшарт шамамен 273,9 млн теңгеге жасалған. Бұл қаражат толықтай бюджет есебінен бөлінеді. Тендер 1 сәуір күні аяқталған. Жеңімпаз «Изомир» ЖШС. 273,9 млн теңгеге жобаны аяқтауға келіскен. Жоба аясында су жүйесі қалалық желілерге қосуды, кәріз жүйесі қолданыстағы инфрақұрылымға бағыттауды және Тобыл өзені арқылы су асты құбырын жүргізуді жоспарлап отыр. Алайда, конкурстың өтуін қарастырып көрсек, біраз күмән тудырады. Тендерге 12 компания қатысып, барлығы бірдей баға ұсынған.  Оның үстіне жеңімпаз компания өтінімді ең соңында, 31 наурыз күні сағат 19:21-де, ұсыныстар қабылдау аяқталуына бірнеше сағат қалғанда берген.

Жеке инвестор және мемлекеттік қолдау

Қонақүй құрылысын Тобол-Сити ЖШС жүргізіп жатыр. Компания 2023 жылғы 29 қарашада Қостанайда тіркелген. Компанияның негізгі қызметі – мейрамханасы бар қонақүй қызметтерін көрсету. Компанияның құрылтайшысы әрі басшысы – Бахытжан Тлеубаев. Ол Қостанай облыстық мәслихатының VII шақырылымының бұрынғы депутаты.

Бахытжан Тлеубаев Қостанай облысының Амангелді ауданында 2003 жылы тіркелген «Нурай-Н» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының құрылтайшысы болып табылады. Компания дәнді және бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады. Салық төлемдеріне қарағанда, бұл бизнес өте табысты жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары компания бюджетке жыл сайын ондаған миллион теңге тұрақты түрде аударып отырған.


Кәсіпкердің тағы бір активі – 2015 жылы Ақмола облысында тіркелген «Алтын Дән КЗ» ЖШС. Компания астық сақтаумен айналысады. Мұнда да қаржылық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары: әр жылдары кәсіпорынның салық төлемдері 70–80 млн теңгеге дейін жеткен. Сонымен қатар кәсіпкерге «Намен» шаруа қожалығы да тиесілі.

Бұл жағдай жобаның қаржылық моделіне қатысты сұрақтарды күшейте түседі. Себебі, ірі әрі тәжірибелі инвестор жүзеге асырып жатқан жобаға мемлекет тарапынан инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп отыр. Сонда жағдайы жақсы бизнесті салық төлеушілер есебінен субсидиялау қаншалықты дұрыс?

Айсұлу Даңғылқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мұхтар Шаханов дүниеден озды

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған