/

Қызыл ағаш

1408 рет қаралды
2

Қызыл ағаш…. 2010 жылдың 11- наурызы! Апат… Топан су… Қырмызыдай құлпырып, қызғалдақтай жайнап енді көктемге қол созған шағында Қызылағаш ауылы жойылды…қаншама жан, қаншама мал қаза болды. «Жеті су жеті өзені жылаған күн» (Ғалым Жайлыбай). Естігенде естен тандық… Ел болып етегіміз жасқа толды. Қазақ халқы қара жамылды. Елбасы халыққа көңіл айтты. Қызылағаш ауылын су апатынан кейін қалпына келтіруді үкіметке міндеттеді. Шейт болғандар отбасы мен жергілікті тұрғындарға моральдық-материалдық, қаржылай қамқорлық көрсететіндігін жеткізді…
Бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінен құйылған көмек-жәрдемдер Қызылағашқа келіп жатыр… Шәйт болған адамдардың бірін Алматыға әкеліп, алыс сапарға аттандырдық. Алайда… алайда Қызылағашты бір көрмей көңіл орынына түсер емес… Талдықорғанға аттандық. Тағдырдың таңдауына түскен ондаған қандастармен жүздестік. Бейнетаспаға, фотоға түсірдік. Көңіл-күйін көрдік. Көкейдегісін, сөзін, ләмін жазып алдық… Көңіл айттық. Құрбандарға құран бағыштаттық. Алматыға қайттық… Осы жыр туды.
Қарлы-боранды, қақаған суық пен көк тайғақта көр қараңғы түнде аш-жалаңаш мұз кешіп, аман қалғандар мен қапыда қаза болған Қызылағаштың Батыр халқына арнаймын!

Бақытбек Бәмішұлы,
ақын-жазушы,
филология ғылымдары кандидаты,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Таудан түскен цунами

(немесе Қызылағаш қазанамасы)

Жеті суда…Фото0003
Жеті өзен жылаған күн –
Қауым.
Жар!
Жазбай мұны жаным дерті ауырлар.
Торы айғырдың үйіріндей тоғыз жүз
Тоқсан үйі алыс-жақын елден келген бауырлар!…

…Бір Тәңірдің шуағына боянған,
Тәуелсіздік, елім сергек оянған.
Ата жұртқа жайған құшақ Оралған,
Орындалып көкейгесті ой-арман…

Қаптал жігіт қасында тұр қағылез,
Жолықпапты, болбыр біреу бағына ез.
Сөйлегенде сөздің түбін түсірер,
Іркілмейтін, шіркін дейтін нағыз жез.

Жасы бәлкім елулерде шамасы,
Ұшқыр қиял, ұзын ақыл, санасы.
Жігіт екен мұңы басым жүректе
Жазылмаған желтоқсанның жарасы.

Қызметі орталықта, ауданда,
Болыпты өзі сұм соғыста Ауғанда.
Бауыр десе езілетін бауыры,
Қаймығатын сыпаты жоқ жаудан да.

Байқұшақов Мұрат деген танысып,
Оралғанмын деген бұ да жарысып.
Қарқ-қарқ күліп, иығынан қағысып,
Анда болған кәдімгідей «қан ішіп».

Түс пе көрген, әлде, сағым, елес пе,
Құса сарай ашылады кеңессе.
Шыға келді екеу ара ақ джиппен,
Қызғалдақтар жапқан сауыр–белеске.

Қызыл дала, қызыл төскей, қызыл бет,
Қызыл кілем жапқан сынды құдырет.
Қызыл гүлді танауына әкеліп,
Деді Оралған:
– Қыздарың да, қызыл бет.

Ондай қызға жарасады қызымет,
– Болса-болар, жетет мұнда қымыз, ет.
Сара апамыз кіндік қаны тамған жер,
Басыңды иіп, ең әуелі тағзым ет!

Таласады тауыменен аспан, көк,
Жұматайлар күрең төбел атпен кеп,
Жыр толғайтын, күндіз-түні мына төс,
Бес жүз бие байлаған жер Тастанбек.

Жер тарихын жеткізбесем дос паң дер,
Ана-а бір бел – Сал Біржанды тосқан бел.
Жазираны жалын – шаңға жаптырып,
Сан күлікті көрінеді қосқан көл.

Жер тынысты, ел ырысты, баталы,
Ерлерімен шетке кеткен атағы.
Абыз атаң аунап-қунап жататын,
Мына тауың аталады Қапалы.

Сөзден сызып, іске қойсақ лепті біз,
Көк тіреген жоқта емес иектіміз.
Жетісуым: Сарқан, Басқан және Іле,
Ақсу, Көксу, Қаратал мен Лепсіміз.

Дегендейін от боп бүгін жаншы бір,
Оралғанның көкейінде тамшы дір,
Дір-дір етті теңіз көңіл.
Ал Мұрат:
– Әне,– деді,
Жыр дүлдүлі – Жансүгір.

Ақсу, Бүйен қос өзені арынды,
Сол өзеннен суарып ал жарыңды.
Суы оның тегін емес, тапқан су,
Жыр – Құлагер – Ілиястай дарынды.

Мынау, Ораш, Қызылағаш, мекенің,
Қос-қосынан болсын күлік жетегің.
Қажет болсам, ызбандарсың, соткіңмен,
Құстай ұшып, өкпемді ұстап жетемін!

Түстігіміз жайқалған ну, Көктеңіз,
Қасиеті сол теңіздің көп теңіз.
Ал, Ореке, қаңтарайын тізгінді,
Қызғалдақтай қаулап-қаулап көктеңіз!

– Тәуба, осы жұртты аңсап көшкеміз,
Жаңғырды жол, жау шиырлап өшкен із.
Жағың түспей сен де көрме жамандық,
Саған да жоқ, өкіметке өкпеміз!

Қалған бізден болған заман қарын мұң,
Қадіріне жеткендерміз қара ұнның.
Берем жанды,
бірлігіме,
Қазағым:
«Жаным,– деген, садақасы арымның».

Қайран елім, қасыреттен оңалған,–
Ұшты, құшты жерді сүйіп Оралған.
Басы айналды,
көзден жасы моншақтап,
Ақ сәлдедей бақтан басқа оралған…

Бойжеткеннің күлкісіндей сыңғыры,
Қыл мойнында алтындаған шынжыры.
Мөлдіреген қаса арудың жасындай,
Дәмді Ораш жұтты болмай қынжылы.

Кәде-сыйы камзол жауып шешесін,
Ерулікке кілем-кілше төсесін.
Орта құрсақ Ораш емес
қайтарды,
Күміс ерін тарту етіп есесін!

Бес-он тиын бергені бар үкімет,
Тоң мойынға кеңседегі түкірет.
Іштей тілеп, амандығын ел-жұрттың,
Деп,– отырат, пітір беріп,– шүкір ет.

Қандай іске маман керек, еп керек,
Ең әуелі қазағыма ет керек.
Малға жайлы, ыңғайлы деп өріске,
Сатып алды екі ауызды үй шеткерек.

Сатып алды екі байтал, бес-он қой,
Ден сау жүрген әр бір күнің екен той.
Мал біткен соң, жан біткен соң басыңа
Қызылағаш нақ ұжымақ мекен ғой.

Жазық жерде жарты гектар шаппасы,
Сонда жиі бұрылады ат басы.
Жаға жыртып, ала жаздай су үшін,
Ал тамыздан жарқылдайды тартпасы.

Әжептәуір қарасы мол ірі қара,
Арғы бетте шектеулі еді бір бала.
Атын қойды Отанбек деп ұл туды,
Сара деді туып еді қыз бала.

Үшіншінің Нұрсұлтан ед есімі,
Бөлек болды өзгелерден кесімі.
Орта толды ағайынды алтау-ды,
Түгел келді артта қалған бес іні.

Жалқаулыққа өте шықты өш жастық,
Жарты кесе көрген күндер сөкті асқып.
Тойына тай,
тілеуіне қой керек,
Малды жанды жағалайды көп бастық.

Ағып өтіп адам басы санағы,
Талай ақ құрт жеген еді сананы.
Аймағына Көк паспортын көрсетіп,
Той жасады Қазақстан адамы.

Өтті жылдар…
«Орман ағаш ектің,– деп,
Табан тіліп, бір аз бейнет шектің»,– деп.
Айтпаса да, ойда барын айтады:
«Оу, Ореке, озып бізден кеттің» деп.

Сөзде ісі жоқ Орекеңнің бір тоға.
Бір трактор, бір қолында бір соқа.
Жазғытұрым жер жыртады күн-түні,
Күздік кіріс алып мінер бір «шоха».

Той жасады тағы бір күн Оралған,
Осы емес пе, дәулет пен бақ оралған.
ҚазҰУ-ды бітіріп кеп Арманы,
Келін түсті оң жағына Оралдан…

… Ойламаған жерден бүгін түс көрді,
Түнде тұрып жын соққандай тістенді.
Қара жылан қылқындырып мойнынан,
Жаны шығып кете жаздап үш бөлді.

Бұл жалғаннан бар аларың бес күн бе,
Қожырайтын кезі болар естің де.
Күні бойы мең-зең жүрді мал бағып,
Түсі жайлы тіс жармады ешкімге?

Кешіріліп, бәрі-бәрі ұрыстың,
Кеңігенде кеуде – дала, тыныстың.Фото0007
Ұзақ келіп ұзағынан күттірген,
Тойлар шақта Ұлы күнін Ұлыстың.

Қар жауды де араласып жаңбырмен,
Табылар ма жазып қойған тағдырға ем.
Ат басындай алтының да дәрменсіз,
Таусылады өткен күн де ән-жырмен.

Іште иті, сыртта боран абалап,
Құбылаға бет түзейді адал, ақ.
Айдаған мал кірмей жылы қораға,
Жүр Оралған, боқтап, ұрсып, сабалап…

Көңіл шіркін, көк теңіздей толқыды,
Отыра алмай олай-былай жортыды.
Жұрттың көбі үрейленген, қорқулы.
Жер тайғанақ, көк мұз еді жол тіні.

Анадан да,
мынадан да еш көмек,
Қашу керек,
қашпау керек,
не істемек?
Жайма-шуақ кезіңде де,
сезімге,
тым болмаса, әй, дейтұғын сес керек!

Айтты-айтпады, құлағына ілмеді,
Ілгенімен осы болды білгені?
Тесті оның көп су, көлсу көкейін,
Көп су арты мәңгі бақи түн бе еді.

Ауылнайдың көбелегі көрші еді,
– Қандай екен, сұрашы,– деп көл шебі.
Заринаға телефонын ұсынды,
– Бізге мүлде жауап қатпас ол тегі.

– Амансың ба, Заринамын, әй, Әсет,
– Су басады, дей ме жұртты?…
– Қай өсек?!
– Мал-жаныңды әкетіпсің қалаға,
Шындық жатпас, болмай тұр-ау жай өсек.
Жаяу-жалпы кетіп жатыр ел шуап,
Аш-жалаңаш, емес мезгіл кең, шуақ.
Бұзылыпты буған суың бұлқынып,
Аламын деп отырмысың сен суап?!

Бөгет кетті деп жатыр ғой жырылып,
Бар ма, бізде тірі қалар бір үміт?
Сенің қатын-балаң адам болғанда,
Өл дейсің бе, халқыңа сен қырылып?

– Сенбес болсаң білгеніңді қыла бер!…
Шырқырады өкпе тұстан құлагер.
Бақ бермеген,
бас бермеген, халқым-ай,
Көк тиынсың,
су алып өл,
қуарып өл,
мейлі-мейлі,
құлап өл!…

Кесті ме жол,
қара мысық,
сұр мысық,
Қайт-қайт,– дейді, қашқан елге бір пұшық.
Жанұшырып жосқан жұртта баға жоқ,
Төске қарай мұзды тіліп, тырмысып…

Таптық тартыс,
Тарттық сазай жекеден.
Табиғатты талап итше, кекеген,
Бұзды ашу буындырған бұғауды,
«Жеті суда жылаған күн жеті өзен».

Сайды бөгеп, ағын суды тұйықтап,
Ақша ажалға арбалған ес ұйып қап.
Желкесінен тайпа жұрттың басты сел,
Жарым жұрты жатқанында ұйықтап.

Бетін жыртып Сара апамыз жоқтайтын,
Сонда қайғы қақырайтын, тоқтайтын.
Қазақ бұрын ақымағын, апыр-ай,
«Езуіңді тілейін» деп боқтайтын.

Тілінді езу,
бөгет кеткен ырылып,
Кетті гүлдер,
бәйшешектер бүріліп.
Қайғы бұлты айықпаған қашанда,
Қарамаса халқына хан бұрылып.

Тарс-тұрс,
сатыр-сұтыр…
кеткендей
тау жарылып,
толағай тау кетпендей
аударылып
келе жатыр,
жарқ-жұрқ,
гүрс-гүрс,
дүрс-дүрс,
қара құстан тепкендей!

Көзден ғайып, сіңді түнге жарқын бақ,
Естігенге ертегідей ажал келед қарқылдап.
Пілдей-пілдей тасты-тасқа соққанда,
Су жанады су ішінен жарқылдап.

– Су!
– Су!
Шу-шу тірі жанның ұққаны!
Ал топанның аласұрып ұшқаны:
Пулеметтің ауызынан нәлеттің,
Оқтай шапшаң ширатылып шыққаны.

– Су!
– Су!
Шу-шу есі жоқ ел өрмелеп,
Қарлы боран соқты оларды кермелеп.
Барды жайпап сайқал топан барады,
Түйнектеліп,
иректеліп,
дөңгелеп!!!…

Қалды жұртта сасқан елден мүгедек,
Қарт Мәді де үлгірмеген түрегеп.
Айқайлайды: – Қарайлама, тастаңдар,
Балаларға болыңдар!,– деп ие деп.

Отанбегі қу шешені көтеріп,
Жетті бетке жұртқа ілесіп неше өліп.Фото0009
– Су!
– Су!
Шу-шу жер менен көк айқасқан,
Шығар екен су астынан неше өлік?

Ал Оралған қос құлынын құшақтап,
Босағаға барған еді үш аттап.
Енді есіктен шыға берген сәтінде,
Қарын орып кескендей-ақ пышақтап,

Қос сәбиін жұлып алды, ширатып,
Үлгірмеді, құлыным,– деп тіл қатып.
Сарт еткізіп босағаға жаншыды,
Алқымнан су, ақыл-ессіз тұр қатып…

Мына халық неткен сіңір, сірі еді,
Жарылмады еш бірінің жүрегі!
Ақ ажалын соқыр түнде қарсы алған,
Ал Оралған мың құрбанның бірі еді…

Тұсында Одақ түспейтұғын Қызыл Ту,
Жайпап елді өте шықты қызыл су.
Сел шайнады,
тас қайнады,
жер бетін,
Ә, дегенше басып қалды қызыл бу.

Қара жерден қайнап жатыр қан шығып,
Үзілді бек қанша ғұмыр жаншылып.
Тірлік бар деп тіл қатады ілінген,
Бәйтеректің бұтағына тамшы үміт…

Тоңы жібіп,
Түйсіне ме мына ми?
Ер үстінде шылғи қаңқа қияли.
Алла емес!
Қызыл ағаш топаны–
Адам тапқан,
Таудан түскен Цунами!!!

…Бүгін барсаң бір ауылдың жұрты бар,
Үйіндіде үйір-үйір жылқы бар.
Адам іздеп белшесінен батпақтан,
Алты алаш сол жерде жүр жылты бар!…

Иіскеп үнсіз иесін ит жәудіреп,
Бұзау ұлып ойран жұртта жанды жеп.
Күні-түні Қобыз-Ана зарлайды,
Сағы сынып, салы кеткен жау жүрек.

Жайқалған құрақ жағадағы қуарған,
Жеткізбейді қусам-дағы қу арман.
Жалмады,– деп, қапияда,– қарт ана,
Жайып шашын, жоқтайды елін су алған.

Бір кәпірді, сөгіп жатыр бір ұлық,
Келгендер жоқ, өлгендерден тіріліп.
Мылжыңы мол, болмаған соң мәз ісі,
Бөгеттердің кеткен екі езуі де жырылып…

Алатаудан,
Атыраудан,
Алтайдан,
Сары Арқа,
Қаратау мен жарты айдан,
Ұшан теңіз жеткен көмек,
Көңіл сөз,
Тірілерім соған ырза, марқайған!…

…Аспанды да,
Жерді дейміз меңгердік,
Шүрегей құрлы қауқарсыз жеңді менмендік.
Меңзеңбіз мүлде,
Жын соққан жандай мәңіріп,
Көңілді не деп айтуға батпай сенделдік!

Ақсаттың құдай,
алашты неге жетеден,
Азапты тарттық ақырет жапқыр жекеден.
Жесірдей зарлап,
жетімдей боздап жеті бел,
Өлімді ана,
бөлінді бала шешеден…

Шаршатты басты,Фото0006
Шамадан асқан жалғандар.
Қасырет бұлтын қараңғы түнде жарғандар!
Жүзіңе түзу қараудың өзі қиын-ай,
Қапыда басқан,
Апаттан аман қалғандар!

Кінәні өксіп,
өзіңе жауып көнерсің,
Кеудеңе зерлеп қайғыңды қара көмерсің.
Қайысты қасаң,
қайыстай елің қан жұтып,
Көзімнен ұшқан,
көкейден кетпес көгершін.

Апаттан Қызыл ағашта аман қалғандар,
Арманды асыл қиылған қыршын жалғаңдар!
Кесіліп мұзға,
Шешініп сызға,
Жан қиып,
Тарихқа атын қанымен қызыл жазғандар!
Арманды асыл жалғанға мынау жалғаңдар!
Жалған бар!
Жалғаңдар!

…Жазмыштан озып,
бақиға жолын салған бар,
Жайқалған гүлдер,
осында оттай жанған бар!
Бас иіп барсаң,
Тоқтап өт,
Қызыл ағашқа!
Табылмай мұнда,
астында топан қалған бар!
Ей, Адамдар!

Бақытбек Бәмішұлы,
20.03.2010. 24.03.2010.
Алматы-1

Суретте: Топан су зардабын шекен 78 жастағы Мәді Шәкерұлы отбасымен және келіні Маржан Қаламқанқызы ұлы Айбаба;

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бұл жыр шындықты дер кезінде нақты көрсеткен тарихи ескерткіш екен.

  2. Қызылағаш тұрғындарының жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері