Хиджап кисең оқудан қаласың, кимесең «ақіретте сұраласың»

1104 рет қаралды
7

Біраздан бері қазақ қыздарының білім мекемелеріне хиджап киіп баруы турасында пікір таластар өрби бастады. Біреулері арабтық мәдениет деп қарсы пікір ұстанса, екіншілері бұны құба-құп көреді. Әлеуметтің арасында өзекті әңгімеге айналған осы тақырып аясында, біз азаматтарымыздың айтар ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Қандай себеппен екені белгісіз, «толық аты-жөнімді айтудан қорқамын» деген Алматы қалалық Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Айгерім:
«Біздің мектепке ондай шектеу қоймайтын шығар. Яссауи атамыздың атымен аталады. Менің мектепте хиджап киетін достарым бар. Олардың өзгелерден еш айырмашылғы жоқ, бәрімізбен де араласады. Оқу үлгерімдері де жақсы. Мен де Ислам дініне сенемін, бірақ, хиджап кимеймін, ашық шашық киімдермен жүрмеймін» – дейді.

Құдайберді Бағашар, дінтанушы:

Есті қыз етегін қымтап ұстайды

1 BagasharИслам дінінде тәрбие негіздері бала ес біліп, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата бастаған жастан басталады. Он үшінде отау құрғызғанына қарағанда, қазақта да бала тәрбиесі ерте қолға алынған. «Есті қыз етегін қымтап ұстайды», «Қызға қырық үйден тыйым» деген аталы сөздер осыны қуаттайды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде мектеп жасынан-ақ оқушылардың бұзылып, ерте жыныстық қатынасқа баруы, аборт жасатуы, темекі, сыра, арақ, есірткі секілді түрлі нашар қылықтарға әуестеніп, тіпті қылмыс жасап, жасөспірімдер колонияларын толтырып жатқаны, осындай келеңсіздіктердің салдарынан қатты депрессияға ұшырап, өз-өздеріне қол жұмсап жатқан көрсеткіш жоғары. Бұның бір ғана дәлелі, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тұрғысынан Қазақстан әлемде 5 орында тұр. Ал мұсылман елдерінде бұндай азғындықтарға жол берілмеген. Өйткені, олар дінді қадірлейді, тәрбиені қатты қадағалайды. Құранның «Нұр» сүресінің 31-аятында ««Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әсемдіктерін көрсетпесін. Орамалды бұғақтарын да жабатындай етіп тақсын…» деп ескертілген. Яғни, қыз бала тәрбиесінде бастарына жаулық салу оларды сырт көздің сұғынан, жат пиғылдылардың түрлі жамандықтарынан сақтайтындығы білдірілген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әй, Әсма, балиғатқа толған қызға алақаны мен жүзінен тыс мүшелерін бөгде жанға көрсетуге болмайды» деген хадистері дінімізде балиғат жасына толған қыз балаға белін, кіндігін, омырауын ашпау, ашық-шашық киінбеу, әурет жерлерін сырт көзден жауып жүру міндеттелетіндігін ұқтырады. «Тоғызыңда қандайсың, тоқсаныңда сондайсың» демекші, жас кезде алған тәрбие өмір бойы жалғасатынын ұмытпауымыз керек. Осы орайда, менің жеке пікірім, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзін имандылыққа, адамгершілікке, ұяттылыққа баулып жүрген қыздарымыздың бұл талабын қолдап, дінді ұстануына рұқсат беруіміз керек. Бұл тұрғыда қажет болса, Білім министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір жақты келісімге келсе, құба-құп болар еді.

Жарас Сейітнұр, Психолог:
Халифат құрайық деулері де мүмкін

Жарас СДіни наным-сенімге, күтпеген жерден тыйым салып, әкімшілік жолмен қыр көрсетуге болмайды. Қоғамдық пікірмен санасуы керек. Азаматтарды психологиялық тұрғыдан даярлау қажет. Біреу бүгін мына заңды, ертең тағы біреуі басқалай бір ережені шығарса қалай болады? Кез-келген заңнамамен тәртіптік ережелерді шығарарда қоғамдық ортада талқылау өткізу керек. Әкімшілік тарабынан күш көрсету наразылыққа әкеліп соғады. Сонан кейін олар жасырын, құпия әрекеттерге баруы мүмкін. Тіптен, мемлекет мұндай мүмкіндік бермесе, халифат құрайық деулері де мүмкін. Адам психологиясында тыйым салған дүниеге қарсылық деген бар. Адамның бойында 3 жастан бастап қырсықтық сезімі пайда бола бастайды. Менмендік деген нәрсе күшті болады. Сондықтан, әр адамның «менімен» санасуымыз керек. Діни басқарма мен білім беру мекемелері келісімге келуі керек. Мен дін жолына берілген адамдарды жақсы білем. Олар бұндай мәселеге өте сезімтал қарайды және өткір қабылдайды. Олардың уәждері де кей жағдайда орынды. Көбінде олар былай ойлайды, «менікі дұрыс, мыналардың істеп жүргендерінің бәрі шайтанның ісі» деп, психологиялық қорғаныш сезімдері басты рөл ойнай бастайды. Онан сайын, «әлем біздерді түсінбейді, біздер таңдаулылармыз» деп бөлектене береді.

Ахатов Уәлихан Ақыпбекұлы, заңгер.ҚазҰУ-дың Заң факультеті деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары:

Құқықтарыңды білгенде, міндетіңді ұмытпа!

АхатовҚазақстан Республикасы Конституцияның 1 бабына сәйкес, өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет деп санайды. Оның ең басты қазынасы адам құқықтары мен бостандықтары. Конституциямыздың екінші бөлімі адам құқықтар мен бостандығына және міндеттеріне арналған. Осындағы 30 баптың 24-і азаматтарымызға құқық береді. Ал, қалған 6 бабы орындауға тиісті міндеттеріне жатады. Осы құқықтар негізінде азаматтарымыз ар-ұждан бостандығымен қатар дінге сену еркіндігіне ие бола алады. Біздің азаматтарымыз өздерінің құқықтарын жақсы біледі, алайда, көбінесе міндеттерін ұмыт қалдырады. Мектеп дегеніміз – мекеме, мекеменің өз ішкі тәртібі болады. Оны кез-келген азамат сыйлауы керек. Қайталап айтайын, адамдар өздерінің құқұықтарымен бостандықтарын алға тарта бермей, міндеттерін де орындауы керек. Өз құқықтарыңды білгенде, міндетіңді ұмытпа!
Енді менің ойымша, біздің халықтың көпшілігі ислам дініне сенеді. Жастар арасындағы Ислам дініне деген құштарлық арта түсті. Бұл – қуанарлық жайт. Дін адамды тәрбиеледі, шариғат бойынша әйел адамдар ұятты жерлерін жауып жүруі керек қой. Толықтай оранып алу міндет емес, қазақы дәстүрге сай киінсе болар еді…

RS:
«Алла деген ар болмас, Хақтың жолы тар болмас» – деп толғады, күміс көмей Бұқар жырау. Жыраудың жырына сабақтастыра, «Бір Аллаға сиынып, кел балар оқылық…» – деп, тебіренді ағартушы Ы. Алтынсариын. Арысы жыраудың, берісі ағартушының айтқан ақлияты неліктен ақихатын таба алмай жүр? Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез… (Абай)

Тоғым Сұлтан

Парақшамызға жазылыңыз

7 Comments

  1. Ахатов Уәлихан Ақыпбекұлының айтпағы не екен? Құқық дегеніміз түсінікті, ал міндет деген құқықты бұзуға итермелейтін болғаны ма? Дұрыс заңдарда құқық пен міндеттер бір арнаға тоғысса керек.

  2. Хижапқа қырын қарау-діннің өркен жаяр арнасын бұзыу! Осы тақырып аясында “Түркістан” газетінің (14,10,2010ж) санында толық қанды материал жарық көрді. Ханда, қарада сол жақтан оқысын!

  3. Қазақтың ұлттық киімдерін, яғни, әйелдерге арналған бас киімдерді бүгінгі заман талабына сәйкестірсе тамаша болар еді. Дизайнерлердің құлағына алтын сырға! ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚША ҚҰЛШЫЛЫҚ, ҚАЗАҚҚЫ КИІМ КЕРЕК!

  4. Хиджап кию, кимеу ол адамның жеке шаруасы. Ұнайма, кигісі келе ме? Кисін. Біздің оған араласатын еш хақымыз жоқ. Меніңше бұл біреудің наным – сенімі мен дініне тіл келтірумен бірдей. Сондықтан ол мәселені әр адам өзі шешсін.

  5. Қазақша құлшылық қазақта онсыз да жетіп артылады. Бізге шынайы, мұсылманша құлшылық керек. Бүркеніп жүру-әрбір мұсылман әйелінің міндеті. Имани қазақ та мұны жақсы білген, ешқашан тәнін жалаңаштамаған. Бүгінгінің қазағы да соны елеп- ескеру керек.

  6. Қазақы құлшылық деген пасық ойды қайдан шығардыныздар! Алла жалғыз, һақ дін де біреу! ол- Ислам! Қазақ байқұыс сол баяғы өз-өзінен мін іздеп, бірін бірі айдайды. Қазақ қызының хиджап кигені- иманын бекіткені. Ешбір занда хиджап кисе, оқудан не жумыстан шыгару керек деген тармак жоқ! Я, биз заңға бағынатын демакратиялы елміз. Ендеше сол демакратияшыл бәзбіреулер неге заңда туйенің табанындай етіп жазылған мемлекеттік тіл қаза тілі, немесе қоғамдық жерде шылым шегуге болмайды. Ондай жағдайда оқудан не жумвстан қудаланады деген тармақтарды байқауға мұршалары жетпей жүр. Кез келген білім ордасының дәретханасы көк түтіннен көз аштыомайды. Заңшыл азаматтар осыдан бастаса қайда қалыпты…Қатын-қалаш, қыз-қырқынның етегіне жармаспай….

  7. Қазақ әлмисақтан ислам дінін мойындаған халық. Біз Алланың құлы, Мұхаммедтің с.ғ.с үмметіміз, жаңа бастаған да жоқпыз. Тек атеистік қоғамды алға тартқан кеңес өкіметі дінді жою арқылы қазақ ұлтын жоқ қылып жіберуді мақсат тұтқан. Күн көсемнің өз бұны тіке өзі бақылаған. Бірақ ол кезде этика, эстетикалық тәртіп қатал еді. Теледидардан сүйісетін кино деген атымен жоқ еді. Ал қазіргі 16-22 жастардағы қазақ ұл қыздарының әдепсіз қылыққа баруы осы тәртіппен бақылаудың жоқтығыннан. Көшеде бір-бірінің ернін жұлып жердей жабысқан қазақтың ұл-қызын көргенде, ішің қан жылайды. Отырса омырауы, тұрса кіндігі жарқыраған қазақ келіншектерін көргенде ше? Неге бұлай болып кетті! Қайын атасының атын түгілі, қайын сіңілісінің атын атауға болмайтын қазақтың иба- әдебі қайда кетті? Келін боп табалдырық аттамастан бұрын атасының ФАМИЛИЯ-сын алған соң, әрине! Алдымен Батыр Баукең атамызша осы ов пен ев тен құтылуымыз керек. Момыштың ұлы болған Баукең атамызға, кеңес өкіметі бермесе де Халқының Батыры болды. Батыр атамыздан үлгі алған Зейнеп жеңгеміз нағыз қазақ келінінің тірі символы! Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Хиджаб па шапан ба әйтеуір абыройын жауып, ақыл санасын әзәзілге бұрмаса иншалла ҚАЗАҚ-аруақты халық қой АЛЛА ТАҒАЛА өзі жар болар! Айқай ұранмен 20 жылды өткіздік, не өзгерді? Тілііміз әлі шұбар, дініміз дүбәрә. Тілді мемлекеттік деп ат қойып айдар тақтық та көлеңкеге тастадық, Қалған 10 жылда бәрі қазақша сайрайды деген ертегіге, өкіметтің өзі басында байқамай сауатсыздықпен айтып қалып, енді соған шынымен өздері де сеніп қалған сыңайлы. 70 жыл орысша тәрбиеленсе, енді дүбара, шұбар тілді ұрпақты(20 жылда бір буын ұрпақ өсті) тәрбиеледік. Оған енді әлемдегі белгісіз секталарды қоспағанда, Бір Ислам дінін, бір қалада 3-4 бағытта насихаттап жүрген мұсылмандарды не деп түсінесің? Теледидар көруге болмайды, мектепке баруға тағы не, болмайтын бір болмайтын шарт міндеттер. Бір қарасаң намаз оқиды, шариғат айтады дұрыс сияқты бірақ, 18 дегі баланың сапситып сақал қойып, пәнидің ісіннен, қызығыннан бас тартып софылануын қалай түсінесің. Алла өзі кешірсін бірақ мұсылмандықты бұлайша қырық құбылтқан діндарларға мен сенбеймін. Еуропалықтарды ерсі заң шығаруға мәжбүрлеген де, осындай ислам дінін өз пайдасына жаратып бұрмалағандардың іс-әрекеті ме деп қаласың. Адам құндылықтары деп жарты әлемге жар салған еуропа, бекер мұндай қадамға барған жоқ. Менімше бізде көбінде іс насырға шапқанда ғана аттандайтын әдетпен байқамай, не білседе тымпи ойнап бәлелі жерге бармағын тықпай тың тыңдап отырған сияқты. Әдетте заң қабылдағанда Ескі құрлықты үлгі тұтатын біз артыннан байбаламдап жүрмейік. Ауырудың емін іздегенше ауырмаудың жолын ізде демекші, қыздарымыз шашын қимай, ұзын кең қолтық киім киіп, бразилиялықтарға еліктемей қазақы әдеттен аспаса, ұлдарымыз ата болмай сақал қоймаса, атам қазақтың салтын ұстап, ұрпағын нағыз қазақ болдыруды ойласа хиджаб пен сәлдені орын орнымен қолданса, Алатаудың басыннан қары кетпесе, Сарыарқаның төсін құлан көктесе, Көкшенің сексен көлі суалмаса, Аралдан қайтадан су аумаса, Атыраудың мұнайы бітпесе, Арамдар мұратына жетпесе , Алтайтың ақиық қыраны аспанда самғап барша қазақ ҚАЗАҚША сөйлесе…….. Шіркіііііін басқа арман бар ма??????

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі