/

Ұлы Абай өткен 112 жылдан соң

755 рет қаралды
1

Бүгін бүкіл қазақтың пірі, мақтанышы – ұлы Абайдың, Хакім Абайдың туған күні, жарық дүние есігін ашқан күні.

Абайдың жеке тұлғасы ақындық деңгейінен, хакімдік, ойшылдық деңгейге дейін көтерілген. Ол елім, жерім деп күңіренген. “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деп елдік тұрғысынан ой қозғаған. Бүгінде бәзбіреулер жерден жеті қоян тапқандай, “қазақ ұлттық рух деңгейіне көтеріле қойған жоқ, қазақ рушылдық, тайпалық деңгейінде қалып қойған” деген тантыған ойларына Абай осы бір ауыз сөзбен-ақ жауап бере білген. Абай қазақтың тоғышарлығын, жалқаулығын, күншілдігін сынайды. Халқының ертеңі үшін қиналады.

“Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма! ” дейді. Ол мыңнан ерек, жүзден дара болды. Сол үшін өзін түсінетін, өзін тыңдайтын  ортаны іздеді. Көзіқарақты жанды Семейге жер аударылып келген орыс революционерлері арасында кездестірді. Семейдегі кітапханада орыс ойшылдарының еңбектерімен танысты. Шығыс шайырларын оқыды. Бүкіл әлемді орыс арқылы көргеннен кейін ол орыс тілін үйренуге шақырды.Бірақ ешкімді орыс болуға, орыс құндылығының негізінде әлемді тануға үгіттеген жоқ.

«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрi орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек. Оның себебi олар дүниенiң тiлiн бiлдi, мұндай болды. Сен оның тiлiн бiлсең, көкiрек көзiң ашылады. Әрбiреудiң тiлiн, өнерiн бiлген кiсi оныменен бiрдейлiк дағуасына (талас-тартыс) кiредi, аса арсыздана жалынбайды.
Орыстың ғылымы, өнерi – дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi. Бiрақ, осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар тағы қазақты аңдысам екен дейдi» (Абай Құнанбаев Шығармалар, Жазушы баспасы, Алматы – 1968 ж, 174 бет). Яғни, Абай «орыстың тiлiн бiл» дегенде, «орысқа құл бол, өз мәдениетiңдi мансұқта, тiлiңдi тәрк ет» деп тұрған жоқ. Керiсiнше, «өзгенiң тiлiн бiлсең, сен онымен тең дәргейде сөйлесе аласың» дейдi. «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек». Ұға бiлген кiсiге бұл жолдарда «отаршы елден сақтану үшiн де, оның залалын бойына дарытпауың үшiн де оның тiлiн үйренген жөн» деген астар жатқан жоқ па? Өкiнiшке қарай, бiздiң әпербақандар дәл осы жолдарға емес «Орыстың ғылымы, өнерi – дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi» деген жолдарға үңiледi. Соны ұран ғып әкеткен де, Қара сөздiң бүкiл-бүтiн мәйегi тұрған жоғарыдағы жолдарды ысырып тастайды. Әрине, Абайдың заманында, яғни осыдан 1,5 ғасыр бұрынырақта қазақ үшiн орыстың бiлiмi шалқар теңiз, телегей мұхит болғаны ақиқат. Абайдың көзi Семейдегi кiтапханада ашылды. Орыс тiлi арқылы әлемдi таныды. Демек, ол ұрпағына бұндай өсиет қалдырмай қайтсiн. Егер, бiздi отарлаушы ел Ресей емес, Англия болса, ол ағылшын тiлiне бас ұрар едi. «Оның тiлiн үйрену – жауыңа қарсы қарудың бiрi» дегендi Абай жақсы түсiнген. Ал, бiз осы бiр сөздiң бодауына тiлiмiздi құрбан қылуға дайынбыз.

“Азаттық” радиосының интернет сайтында Абайдан қалған жалғыз тұяқ Данияр Ақылбаевпен сұхбат өткізген Казис Тоғызбаев (Тогусбаев) Абайдың осы тәмсілін еске сала отырып, “Данияр Ақылбаевтан орыс тіліне деген көзқарасыңыз қалай?” деп сауал қояды. Егер Данияр Ақылбаевпен қазақтілді журналист сұхбат өткізер болса, “Қазақ т ілінің қазіргі мүшкіл халіне не дер едіңіз? “Қайран елім, қазағым, қайран жұртым” деп күңіренген Абай ұлтының бүгінгі рухсыздығын көрсе, қалай ашынар еді? Бабаңыздың алдында ана тілін білмейтіндігіңіз үшін ұялар ма едіңіз?” деген сауал қояр еді. Өкінішке қарай, Казис Тогусбаев орыс тілінің сойылын тағы да соғады. Сөйтіп өзінің ертеңгі болашағы үшін қам жейтіндігін байқатып алады.

Ұлы Абай өткен 112 жылдан соң, қазақ рухсыздықтың құрбанына айналды. Абай бұрынғы қазағымен жылап көрісетіндей дәрежеге дейін құлдырадық.

“Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның” дегеннің кебін бүгін де киіп отырмыз. Қазақ өзінің қағынан жериді, ана тілін мансұқтайды, өзін-өзі кемсітеді. “Қазақ болу – мақтаныш” деп кеуде кергеннің орнына, одан ұяламыз. Егер өзіңді өзің пір тұтпасаң, өзіңді өзің сыйламасаң, ұрпағың ез, болашағың бөз болатынын ұмытпаған абзал.

Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. маргиналдар билікті жаулап алса, енді, эх, милый дүние-ай, деп күңіреніп кет бергенен басқа нең қалды, сорлы, бейшора қазақ!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі