/

Қалың қалай қазақ сарбазы?

1201 рет қаралды
9


«Саламатсыз ба, мама! Қал-жағдайыңыз есен бе? Ауырмай, сырқамай жүрген боларсыз? Ақбота қалай?   Алматының күн-райы сол мен білетін құбылмалы күйде шығар?  Менің әскердегі өмірім бір қалыпты күйде өтіп жатыр. Сізге сүйінші хат жолдайын деп, қолыма қалам алдым.  Осы айдың 30-күні Конституция күніне орай Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында өтетін әскери шеруге баратын болдық. 2000 сарбаздың арасынан сексенін ғана іріктеп алды.  Астанаға Алматы арқылы жол жүреміз. Сізді көру мүмкіндігі туып тұр. 17-сі күні таңғы сағат 05: 25 –те Алматының вокзалында боламыз…»

Сөзіміздің әлқиссасын бала кезден бірге өскен досым әрі құрдасым,  Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал елді-мекеніні қарасты №40/398 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатқан Данышпаев Данияр есімді сарбаздың анасына жолдаған сүйінші хатымен бастағап отырмыз.

Әңгіме төркіні, еңселі елдің ерлері, қазақ жерінің қалқаны мен қорғаны болған  азаматтардың әскери өмірі жайында өрбігелі отыр.   Қазақ – даңқты, қайсар Бауыржанымен мақтанса, орыс ұлты айласы мен амалы бір арнада тоғысқан Суворовты үлгі тұтса керек. Біздің Баукең:  «Солдаттың анасы – Отанның анасы» десе, көршілес елдің қолбасшысы: «Әскери машықта азаптансаң, ұрыста қиналмассың» деп сөз саптайды.  Осы сөздің шындығын, мән-мағынасын тереңінен түсініп, пайымдау, жалпы қазақ армиясының бүгінгі қал-ахуалын білу үшін  Алматы қаласы, Түрксіб ауданына қарасты №71/170 әскери бөлімінің мойеры, офицер Тұрмағанбетов Саматты сұхбатқа тартқан едік.

«Ауқымды жері бар қазақ елі ең алдымен өзінің қорғанысына баса назар аударады.  «Сақтансаң сақтаймын» демекші біз қай уақытта болмасын еліміздің шекарасын, тұтастығын қамтамасыз етуіміз керек. Ал сол ауызбіршілікті қадағалайтын қазақтың айбынды армиясы.  Статистикаға сүйенсек бүгінде біздің сарбаздардың саны 70 мыңнан астам.  Сол 70-ке Республикалық Ұлан, Ішкі әскер, ҰҚК Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрілігінің жалпы саны 34,5 мың әскерін қосып қойыңыз.  Еліміз екі алыптың қақ ортасында орын тепкен, мұнын өзі амалсыз қорғануды қажет ететін фактор.

Мәселенки, Қытай Халық Республикасы әскерлерiнiң жалпы саны 2 млн.500 мың адам және әскери бюджетi 35 млрд. доллар көлемiнде болса, Ресей әскерлерi 1 млн. адамнан астам (әскери бюджетi 25 млрд. көлемiнде). Естеріңізде болар былтыр Қазақстан армиясы Орта Азиядағы ең үздік армия болып табылды.

2007 жылы Қазақстанның әскери бюджетi тұңғыш рет миллиард долларлық межеден асып түсiп, 1 млрд.220 миллион долларды құрады. 2007 жылғы ресми деректерге қарағанда, Қазақстанның әскер саны 74 мың адам болса,  ал көршілес  Өзбекстанның әскерлерi — 68 мың адам (әскери бюджетi — 302 млн.доллар). Түркiменстанда 50 мың әскер (116 млн.доллар), Тәжiкстанда 15 мың әскер (52 млн.доллар), ал айырқалпақты Қырғыздарда 11 мың әскер (40 млн. доллар) бар.

Ал, қару-жараққа келетін болсақ ол өзінше бір бөлек дүние. Қазақ армиясы қаруға бай, жараққа жағдайлы деп айтуға тұрады. Қазақстан армиясында 930 танк, 140 БРДМ, 506 БМП, 84 БТР, 505 сүйретпелi артиллериялық қондырғы, 163 САУ, 26 “Нона” қондырғысы, 147 реактивтi қондырғы, сондай-ақ, ТМД-ның 4 елiнде ғана бар әлемдегi теңдессiз С-300 маркалы зениттiк үш дивизия (4-мотоатқыштар, 3-механикаландырылған және 206-резервтiк дивизиялар), 5 жеке мотоатқыштар бригадасы, 2 десанттық бригадамен, реактивтi артиллериялық бригада, 3 зениттiк ракеталық бригада, артиллериялық бригада және бес авиабаза бар делiнген» деп ой түйіндеді ағам.

– Ел Конституциясын тек біздің ел ғана өзгеше атап өтеді, оған өзіңіз де куәгерлік етесіз аға. Дүркіреп шеру жасадық. Қару-жарақ пен құрал-сайманымызды сайладық, көліктерімізді майладық,  сайдын тасындай жігіттерді қайрадық.  Шеру дүйім жұрттың көңілінен шықты. Сарбаздардың сабы мен бабы үйлесіп жатты. Көздің жауын алатын көріністі көзбен көріп, санамен тоқыдық.  Десекте, осы шерудің елге берер қандай үлгі, насихаты бар. Осы жайлы бір ауыз ой айта отырсаңыз?

– Бұл,  ата- заңымызды ұлықтау, қадырын түсініп, құрметтеудің бір белгісі.  Қаз дауысты Қазыбек би Қалмақтарға қазақты қалай сипаттап еді. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз».  Мінекей, қазақ қандай дархан халық болса дәл сондай айбарлы, жігірле халық.  Өзгеге соқтықпайтын, өзін басындырмайтын бағаналы ел. Бұл шеру арқылы біз қазақ армиясының бүгінгі жағдайын,  әл-ауқатын, сарбаздарымыздың сақадай сайлығын таныттық. Ал ең бастысы жасөспірім жеткіншектерге  патриоттық сезімді ұялату. Ұлттық рух пен қайсар мінезді қалыптастыру.  Ер азаматтарымыз парадты көрген болса, содан ой түйген болса шеру өз нәтижесін бергендігі деп білемін» дейді майор шенді офицер. Ағамыздың сөзінің жаны бар. Найза-қалқан мен жебе-шоақпардың заманында «әкеге қарап ұл өсер» десек, қазір амалсыздан «парадқа қарап ұл өсер» дейтін күнге жеттік. Ал сол айбынды деген қазақ армиясында әттеген-ай дегізетін жайттер де жоқ емес. Айбыны аздау сарбаздардың мерт болуы, дәрежесі жоғырылау, ауызекі тілде «денбел» деген лауазымы бар сарбаздардың «духтарды» ұрып жығуы,  тәртіптің қаталдығына қол сілтейтің кейбір сарбаздардың айлап «самаволкаға» шығуы, астан уланып жатқан жауынгерлердің жағдаяты сол бір шерудің сән-салтанатына кір келтіріп тұрғандай. Бұл бүгінгі қазақ армиясының үлкен трагедиясы.  Үйінде қара жамалып, баласын жоқтап отырған ақжаулықты аналарымызды жұбатып қашанға отырамыз. Жұбатудың жолын іздегенше, жұбатуға жеткізбейтін істің амалын тапсақ нетті. Үміттен үрей басым.

Бір үйдің еркесін ер ететін әскери өмір әрбір азаматтың отан алдындағы парызы. «Екі жыл дегенім, екі айдай болама» деп әндеткен  өнер әлемінде жүрген бірқатар азаматтар да бұл жолдан сүрінбей өтіп, отан алдындағы борышын абыроймен өтеген.

Лұқпан Жолдасов:

«Сібірдің аязы адамды аямайды»

Әскери борышымды 1984-86 жылдары Сібірде өтедім. Шынымды айтсам, май тоңғысыз Маңғыстаудан барған мен үшін Сібірдің қырық градус аязына шыдау өте қиын болды. Бара салысымен құлағым мен мұрнымды оңдырмай үсіртіп алдым.

Сібірдің ауасы дымқыл болады ғой, мен сияқты ыстық жақтан барғандарға жақпайды. Аязға әрең шыдап жүргенде, «сибирская язва» деген ауруға шалдығып, тоғыз ай госпитальда жаттым. Әйтеуір аман-есен жазылып шығып, сапқа қайта оралдым. Кейін музыкант жігіттердің басын қосып, кішігірім оркестр құрдық. Аға сержант дәрежесіне дейін көтерілдім. Әне-міне елге қайтамын деп күн санап жүргенімде «самоволкаға» шығып шенімнен айырылып қалғаным бар.

Қанша қиындық көрсем де, әскери міндетімді өтегеніме өкінген емеспін. Екі жылдың ішінде біраз ысылып, өзімнің еркек екенімді сезініп қайттым. Қанша дегенмен, әскер ер-азаматты шынықтыратын жер.

Жалпы, азаматтардың әскерге барған-бармағанында тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Айтыскер Мэлс Қосымбаев бір айтыста: «Алпамыс пен Ер Тарғын да әскерге бармаған» деп еді. Сол сияқты ел қорғау үшін міндетті түрде әскерде болу керек деп ойламаймын. Оның үстіне, онда екінің бірін ала бермейді. Құдай бетін аулақ қылсын деп айтайын, егер бір жағдай бола қалса, қолға қару алып, ел-жерімізді қорғауға дайынбыз.

Жанболат Ербатыр,

«Кәрі қасқырларға духтың рухы жетпейді»…

1992-1994 жылдары Қызылорда қаласынан қырық жігіт боп Ресейдің Калуга деген қаласына аттандық. Қазақтың қара домалақ ұлдары орыс тіліне шорқақ. Жарғы да, әскердегі бұйрықтар да орысша. Елден барған қырық жігіттің арасында орысшаны білетіндері бірең-сараң. Соның бірі мен. Өзге ұлттың сарбаздары сайрап тұрғанда, өз ұлтыңның ұлы мүдіріп жатқаны кімге керек. Орыс тілін меңгергендер боп ұйымдасып, қолдан келгенше басқаларға үйреттік. Тілді білмейтін әлгі жігіттер араға үш ай салып өзбек, татар, дұнған ұлтының азаматтарына үйрететін болды. Тіл мәселесін осылай шештік.  Әскерде болған әрбір азамат, «дедовщина» деген ұғымды біледі.  Бұл ұғым бізден де тыс қалмады.  Саны жағынан «кәрі қасқырлар» аз болғанымен сапалары мықты.  Оларға «духтың рухы жетпейді» деген сөз осыдан шықса керек. Бір қызық оқиғамен бөлісейін. Әскерде ән айтатын жігіттер аз болады. Егер «мен ән айтамын» деп жар салсаң, саған әлгі «кәрі қасқырлар» түнімен тыным бермейді. Мен алты ай бойы қолыма гитара ұстамай жүрдім. Бірақ өз арамыздағы жігіттер менің ән салатынымнан хабардар еді. Бір күні бір бұрышта жігіттер боп жиналып әндетіп тұрғанбыз, тұтқұйылдан жау келгендей артымыздан бір атамыз шыға келді.  «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, біз сасып гитараны жерге қойып үнсіз қалдық.

Түнгі сағат үш. Рота ұйқы үстінде. Екі «черпак» сарбаз мені оятып: «Ербатыров, сені дедтер шақырып жатыр. Каптеркаға жүр» деді.  Бойымды үрей билеп, «Киініп алайын ба әлде жүре берейін бе?» деп жауап қаттым. «Өзің біл, жылдам жүр!» деп оларда суықтық танытты. Киініп «аталарыма» жол тарттым. Каптеркада дастархан жаюлы.  Енгезердей «кәрі қасқырлар» ащы су ұрттап тойлатып жатыр. Арасындағы біреуі: «Ербатыров, отыр, дастарханнан дәм тат» деп мені інісіндей көріп аяғандай болды. Отырғаным сол еді, қолыма гитараны ұстатты. «Бағана курилкада дауысыңды естідім, тамаша ән айтады екенсің, шырқап жіберші» деп бір «атам» қолқа салды. Әр облыс әкімдерінің алдында өнер көрсетіп жатқанымдай бар дауысыммен ән салдым. Олар қол соғып «жұп болсын» деп тағы ән сұрады. Өз кезегімде менде жасқанбай әндете кеттім. Сонымен не керек, үрейленіп жүрген «аталарым» ертеңгі күні бауыр еті бір ағаларым боп кетті. «Қорыққанды емес, сыйлағанды сыйла» демекші бір әннен кейін қорқып жүргендердің көзіне өнерлі боп түсіп сыйласып кеттік. Ал оған дейін жарғыда баяндалмаған талай қызықты да, шыжықты жайттарды бастан өткердім. «Тәртіпке бағынған құл» болмайды дегендей, тәртіпті болуды әскер үйретті. Екі жыл уақытым текке кетті деп ешқашан айтпаспын.

Қайрат Мырзахан «Melo‘Men» тобы:

«Қара сумен нанның қадірін әскерде түсіндім»

2004- 2006 жылдары Қапшағай қаласындағы №32/363 әскери бөліміне қарасты, Әуе Десант Әскерінде (ВДВ) отан алдыңдағы борышымды өтедім. Талай жігіттің арманы болған бұл әскери шеп қатаң тәртіпті талап етеді. Тепсе темір үзетін, екі иығына екі адам мінгендей кең иықты жігіттердің де бірталайы Әуе Десант Әскерінен шектетілген. Табандылық пен қатар қайсарлық қанында болмаса әскерде әлек боласың. «Құмырсқа жолыңды, Аяз би әліңді біл» демекші адам қай кезде де көрпесіне қарай көсілу керек. Әскерде басынан сипап, ыстық тоқашпен қарнынды тойдыратын анаң болмайды. Бір үзім нанға зәру болып, қарнымыз ашып, нанның қоқымын таласып жеген  кездерде болған. Қара су мен нанның қадірін алғаш әскерде түсінгенмін. Әскердегі өмір қаншалықты қиын болса соншалықты қызық. Әуе Десант Әскерінде болған соң тікелей міндетіміз парашютпен ұшақтан секіру. Ал бұл оңай дүние емес. Талай жаттығулармен табанды еңбектің арқасында бұған да бейімделесің. Осыған байланысты бір қызық оқиғаммен сіздерді құлақдар етейін. Әдеттегідей әскердегі күйбең тіршілік. Сарбаздар парашютпен ұшақтан секіруге дайындық үстінде. Араларында менде бармын. Жалпы санымыз 25-30 шақты. Аға сержант парашюттеріміздің дұрыс әзірленгендігін тексеріп, дұрыс еместерін жөндеу үстінде. Кей сарбаздар білгішсініп басқалардың қатесін әшкерілеуде. Сонымен көптен күткен уақытта келіп жетті. Басқаларын қайдам өз басым әуеде құстай қалықтауды тағат таппай күтіп жүргенмін. Бір ұшаққа бір топ жігіт болып мініп кеттік. Ұшағымыз жерден 1000 метр қашықтықта. Жерге қарасан Қапшағай қаласы алақандай болып көрініп тұр. Жігіттердің біразы қалтақтап, қобалжуда. Әрине, әуеде бақандай 3 минут құстай қалықтау оңай дейсің бе? Құста қанат бар, ал бізде парашют. Ол парашюттың ашылуы екі талай. Қаз-қатар тізілген сарбаздар аға сержанттың «секір» деген бұйрығын күту үстінде. Бойым аласа болған соң, мен көштің соңында тұрмын.  Айтпақшы қалтамда фотоаппарат бар. Өзім іштей үрейленіп тұрсамда әуеде өзімді түсіріп алғым-ақ келіп барады. Аға сержанттың айтуы бойынша парашют 3 секундтан кейін ашылады екен. Ал біз әуеде 3 минут қыранның кейпіне енеді екенбіз. Бұл аз уақыт емес. Фотопаппаратты алып өзімді түсіруге уақыт жетеді деп, өзімді-өзім рухтандырып қоямын. Сонымен не керек, ұшақтан жерге секірдім. Алланың қалауымен парашютім уақытылы ашылды. Сол сәтте лезде қолымды қалтама салып фотоаппаратымды суырып, өзімді түсіре бастадым. 3 минуттың көп болғаны соншалық қасымнан ұшып бара жатқан «полчандарымды да» суретке түсіріп қоямын. Уақыт зыр етіп өтіп, әуедегі фотосессияда тәмам болды. Парашютіммен бірге әскери бөлімнен шалғай орналасқан бір жерге келіп қондым. Дереу 29 келі парашютті арқалап бөлімшеге қарай жүгіре жөнелдім. «Ах-ух» деп айтеуір жеттім. Фотоаппараттағы суреттерді бүкіл рота болып көріп, әуедегі әсерді айтып бір қарық болдық . Жалпы, бұдан бөлек өз бөлімшемнің әншісі болдым. Клубта болатын мерекенің барлағына барынша ат салысып жүрдік. 2004 жылы «Жас Ұлан» фестивальнің лауреаты атанып, бөлімшемді бір қуантқаным бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әскер ер азаматтың шыңдалатын ортасы.

Біздің де айтарымыз осы.

Руслан Есмағамбетов

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Қазақ Әскері – Қазақ елінің бірден-бір арқа сүйері ғой. Әскер жайлы әңгіме болса болды жігіттер жағының арқасы қозып, қандары ойнай бастайды. Меніңше әрбір азаматқа әскерге бару міндетті болуы керек. Қазір бұл сала да қаптаған қағазбастылықтың астында қалды ғой. Оның үстіне жемқорлық та шаш-етектен. Дегенмен Құдайға шүкір, анау қару-жарақтарды көріп қуанып қалдым. Маған осы әскеріміздің өзі сәл аз құсап көрінеді…

  2. Егер біреу “әй” десе біз “шәй” дей алсақ болды ғой әйтеу. Дегенмен қазақтың тәуелсіздігін көре алмайтын жар астына жасырынған дұспандар анталап тұрғанда қорғасынмен қырқысудың бетін ары қылсын Жаратқаным!

  3. Қайлай айтсақ та әлемді билеген түркілердің ұрпағымыз!!! Енді сол бабалардың асқақ рухы біздің қазақ сарбаздарынан да табылары анық. Қазақтың нар жігіттері жайлы, нар жігіттер ғана жаза алады. Оригинал кезіндегіде бастапқыда сатираның дәмі бар еді…))) Құрылымы жақсы жазылған.

    • Шынтуайтына келгенде Көкборінің ұрпағы қашанда жан алыспай беріспейді ғой. Иә, оригиналында аздап күлкі мен мысқыл бар еді. Келесі жазбамды кутініз енді)))

  4. Ай жарайсың бауырым, бірақ неге техника,кару-жарак туралы әскери құпияны жария еттің?)))

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дос Көшім, саясаттанушы: Президенттің басым дауыспен жеңіске жетуі – авторитарлық жүйенің қалыптасқан қағидасы. Өйткені Президент өзгелерден оқ бойы озық болуы керек

Қазақстанда 2022 жылдың 20 қарашасына кезектен тыс сайлау өтті. 81 пайызбен атқарушы Президент Қ.К. Тоқаев басым